Белоктарды топтастыру

Белоктарды топтастыру
Белок молекуласы пішіні жағынан екі топқа бөлінеді: глобулярлы (шар немесе эллипс тəрізді); фибрилярлы (талшық тəрізді) белоктар (1-сурет). Глобула, яғни шар тəрізді белоктарда бір немесе бірнеше полипептидтік тізбектер жасуша ішіндегі кеңістікте тығыз құндақталып, жиырылып шар тəрізді құрылым береді. Олар суда ериді. Бұларға көптеген белоктар, солардың ішінде ферменттер жатады. Талшық тəрізді белоктар суда ерімейді, молекуласы ұзын жіп тəрізді, полипептидтік тізбек бір осьтің бойында созылып орналасқан. Көпшілік талшық тəрізді белоктар кұрылымдық жəне қорғаныштық қызмет атқарады. Олардың нағыз өкілдері — шаштағы, жүндегі α-кератин, жібектегі фибрион жəне сіңірдегі коллаген. Осындай белоктар қатарына бұлшық еттің жиырылыпсозылу жүйесін қамтамасыз ететін актин, миозин т.б. жатады.
Осы екі топқа жататын белоктардың бір-бірінен айырмашыл ығы олардың құрамындағы амин қышқылдарына байланысты. Талшықты белоктардың құрамында гидрофобты аминқышқылдары басым (фенилаланин, изолейцин, валин, метионин, тирозин, триптофан) жəне олардың радикалдары бір-бірімен оралып жатқан тығыз тізбектің сырт жағынан орналасқан, олардың суда ерімейтіні негізінен осыған байланысты. Глобулярлы, шар тəрізді белоктарда да радикалы гидрофобты амин қышқылдары көп болуы мүмкін, бірақ олардың полипептидті тізбегі қомақталып жинақталған кезде олар глобуланың ішкі жағында орналасады да, сумен жақындаспайды.
Химиялық табиғатына қарай, жоғарыда айтылғандай, белоктар жай қарапайым-протеиндер жəне күрделі-протеидтер болып екіге бөлінеді.
Қарапайым белоктар тек амин қышқылы қалдықтарынан тұрады, ал күрделі белоктардың құрамында белоктың бөлігінен басқа жанама, табиғаты белок емес бөлігі болады.
Осы екі топ өзара топшаларға, яғни шағын топтарға бөлінеді. Протеиндерді əртүрлі ерітінділердегі ерігіштігіне байланысты топтарға бөледі.
Альбуминдер – бейтарап тұздармен, мысалы, аммоний сульфатымен немесе натрий сульфатымен толық қанықтырылған кезде тұнбаға түседі. Протеиндердің өкілдері суда еритін альбуминдер, табиғатта кеңінен тараған белок. Əсіресе, адамның қан плазмасының құрамында көп, оның үлесіне плазмадағы жалпы белок мөлшеріне шаққанда 50% тиеді. Альбумин молекуласы теріс зарядталған. Құрамында глутамин қышқылы болғандықтан, оның қышқылдық қасиеті бар. Екінші бір кең тараған өкілі — глобулин. Глобулиндер көптеген өсімдіктердің дəніндегі белоктың негізін құрайды, əсіресе, бұршақ тұқымдас, майлы өсімдіктердің дəнінде көп болады. Глобулин сəл қышқылдық қасиеті бар немесе бейтарап белоктарға жатады. рН = 6-7,3. Глобулин қанда көп кездеседі.
60-80%-дық этил спиртінің ерітіндісінде еритін қарапайым белок — проламиндер. Бұлар тек қана астық тұқымдас өсімдіктердің дəнінде кездеседі, онда олар қор ретінде жиналады. Бидай мен қара бидай дəнінде – глиадин деген белок, ал арпа дəнінде – гордеин, жүгеріде – зеин деген спиртте еритін белоктар мөлшері өте көп болады. Бұл белоктар тобында ауыстырылмайтын амин қышқылдары тапшы.
Сілті ерітіндісінде (0,2-2% NaOH) еритін белоктар – глютелиндер. Бұларда өсімдіктерде тараған. Бидай дəнінде болатын осы топшаға жататын глютелин, ал жүгеріде – оризенин деген белоктар болады.
Протаминдер – ең шағын молекулалы белоктар, м.м. — 12000 шамасындай, күшті негіздік қасиеті бар, құрамында аргинин қалдығы көп, гистондар сияқты ДНҚ-мен байланысты. Ол спермада (еркектің ұрығында) болады жəне реттеушілік емес, тек құрылымдық қызмет атқарады.
Сілтілік қасиет көрсететін белоктар — гистондар. Олар əлсіз қышқылдарда (0,2 немесе HC1) ериді, аммиак пен спирт əсерінен тұнбаға түседі.
Негізінен бұл белоктар жануарлар мен өсімдіктер жасушаларының ядроларында кездеседі жəне хроматин құрылымын да маңызды рөл атқарады. ДНҚ-ның кеңістіктік құрылымын тұрақтандыруға қатысады жəне генетикалық мəліметтің ДНҚ-дан РНҚ-ға берілуіне жан-жақты тосқауыл қояды.
Күрделі белоктар құрамындағы жанама тобының табиғатына қарай бірнеше топшаларға бөлінеді. Олар: липопротеидтер, фосфопротеидтер, гликопротеидтер, хромопротеидтер, нуклеопротеидтер, металлопротеидтер.
Липопротеидтер табиғатта көп тараған, барлық тірі ағзаларда кездеседі. Олар барлық жасуша мембраналарының ең басты құрамы болып есептеледі. Липопротеидтер бос күйінде қан плазмасында жəне лимфада кездеседі жəне ол липидтерді, кейбір гормондарды бір орнынан екінші орынға ауыстырып апара алады. Электрофорездік қозғалғыштығы бойынша α–липопротеидтерге жəне β–липопротеидтерге бөлінеді. Фосфопротеидтер құрамында ортофосфор қышқылы бар, олардың ағзаның қоректенуінде маңызы зор. Сүт құрамындағы – казеин, жұмыртқа сарысын- дағы – виттелин, балық уылдырығындағы – ихтулин осы фосфопротеидтерге жатады. Гликопротеидтер құрамының белок емес бөлігі – көмірсулар.
Гликопротеидтер жануарларда, өсімдіктерде, микроағзаларда кездеседі жəне олар əртүрлі қызметтер — каталитикалық, тасымалдаушы т.б. атқарады.
Хромопротеидтер – боялған күрделі белоктар, олардың құрамында бояулы заттар болады. Нағыз өкілдері: родопсин, гемоглобин, миоглобин, пероксидаза, каталаза, флавиндік ферменттер жəне цитохром жүйесіне жататын ферменттер.
Нуклеопротеидтердегі жанама топ нуклеин қышқылдары. Нуклеопротеидтердің молекулалық массасы үлкен болып келеді. Дезоксинуклеопротеидтер жасушаның ядросында, ми тохондрияларында кездеседі, ал рибонуклеопротеидтерге – рибосомалар мен информосомаларды жатқызуға болады. Вируст арда да өзінің химиялық табиғаты жағынан – нуклеопротеидтер. Нуклеопротеидтердің белок биосинтезінде жəне тұқым қуалаушы информацияны сақтауда маңызы зор.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *