Белоктарды бөлу жəне тазарту əдістері
Белоктардың құрылымы мен атқаратын қызметін зерттеу үшін биологиялық материалдардан белоктарды бөліп алу қажет. Алдымен биологиялық материалдарды (шикі затты) гомогенді күйге дейін ұсақтайды. Ұсақталған биологиялық материалда белок макромолекуласының жоғары құрылымын ұстап тұрған байланыстар үзіледі, белок молекуласында гидрофобты, гидрофильді топтар саны өзгереді. Бұл белоктың ерігіштігіне əсерін тигізеді. Кейбір белоктар суда ериді, басқа біреулері тұздардың сұйық ерітіндісінде немесе су мен спирт қоспасында ериді. Тіпті ешқандай еріткіштерде де ерімейтін белоктар да бар.
2–519
Ұсақталған белоктарды жасуша құрылымдарынан бөлу үшін гомогенизаторлар, кварц құмымен келіде ұнтақтау (бұл жануарлар жасушалары үшін), ультрадыбыс, шарлы диірмендер (өсімдік жасушалары үшін) қолданылады. Жасуша құрылымдарынан тазартылған белокты диализ əдісін қолданып, бос жүрген кіші молекулалардан тазартады. Белоктарды диализдегенде молекулалар мен иондар жартылай өткізгіш мембрана арқылы оңай өтіп, еріткішке көшеді. Ал коллоидты бөлшектер мөлшері үлкен болғандықтан, жартылай өткізгіш мембрана арқылы өтпейді. Еріткішті жиі-жиі ауыстыру арқылы белоктың коллоидты ерітіндісін бөгде заттардан осылайша тазартады.
Белокты тұнбаға түсіріп шөктіру үшін көбінесе аммоний сульфаты тұзының концентрлі ерітіндісі, сілтілік металдардың жəне ауыр металдардың тұздары (мыс, сынап, қорғасын, күміс, т.б.) қышқылдар мен гидроксид, спирт ерітінділері (метанол, бутанол т.б.) қолданылады. Алынған белоктар қоспасын жеке дара белоктарға немесе фракцияларға бөледі. Түрлі фракцияға бөлуді хроматографиялық əдіс көмегімен жүргізеді. Хроматографиялық əдістің түрлі модификациялары қолданылады: адсорбциялы, газды, сұйықтықты, гельді, капилярлы, ион алмасу жəне т.б. Сонымен қатар, биохимияда ғылыми зерттеулердің мүмкіндігін арттыруға ерекше үлес қосқан рентген-құрылымдық анализ, электронды микроскопия, таңбаланған атомдар əдісі, инфрақызыл жəне ультракүлгін анализ, электрофорез, молекулярлы елек əдісі, масс спектрометрия, ультрацентрифуганы пайдалану, магниттіоптикалық айналудағы дисперсиялық əдістер, электронды парамагнитті резонанс, ядролық магнитті резонанс жəне т.б. əдістерде қолданылады.
Қазіргі кезде бірқатар автоматты биохимиялық анализаторлар, лабораториялар құрылып жұмыс істеуде. Осындай автоматты жүйелер анализін басқаруда жəне алынған хабарларды өңдеуде ЭЕМ қолданылады.
Белок молекуласы өте сезімтал, əртүрлі жағдайлардың (қышқылдың, сілтінің, органикалық еріткіштердің, температураның) əсерінен өзінің табиғи қасиетін жоғалтып, денатурацияға түседі, сондықтан да белокты бөліп алу төменгі температурада (+40) жүргізіледі. Алынған белок ерітіндісінде жеке белок емес, белоктар қоспасы болады.
Жеке белокты бөліп алу үшін əртүрлі əдістер қолданылады, əдістерді таңдап пайдалану тəжірибелік жолмен алға қойылған мақсатқа сəйкес, ең алдымен, бөліп алынатын белоктың физикалық жəне химиялық қасиеттеріне байланысты болады.