АҒЗАЛАРДЫҢ ХИМИЯЛЫҚ ҚҰРАМЫ
Жердің биомассасын құрайтын ағзаларда Д. И. Менделеев таблицасының 70-тен астам элементтері табылған. Оттегі, көміртегі, сутегі, азот, кальций, фосфор, калий, күкірт, хлор, натрий, магний, мырыш, темір, йод, мыс, молибден, кобальт, селен элементтері тірі ағзада үнемі кездеседі. Олар тірі ағза жасушасының негізін қалайтын қосылыстар: белоктар, көмірсулар, нуклеин қышқылдары, липидтер, ферменттер, гормондар мен витаминдер құрамында болады.
Сандық мөлшеріне қарай ағзадағы элементтер 4 топқа бөлінеді:
І-топ –макробиогенді элементтер:
— оттегі, көміртегі, азот жəне сутегі, олардың ағзадағы мөлшері 1%-дан жоғары.
ІІ-топ – олигобиогенді элементтер – кальций, фосфор, калий, хлор, күкірт, магний, темір. Ағзадағы мөлшері – 0,01%-дан жоғары.
ІІІ-топ – микробиогенді элементтер – мырыш, марганец, кобальт, мыс, бром, йод, молибден, т.б. бұл элементтер мөлшері 0,001% — 0,000001% аралығында.
ІV-топ – ультробиогенді элементтер – литий, кремний, қалайы, кадмий, селен, титан, ванадий, хром, никель, сынап, алтын, жəне т.б. Ағзадағы мөлшері 0,000001%-дан аспайды.
Егер тірі жəне өлі заттардың химиялық құрамын қарасақ, тірі ағза негізінен жеңіл элементтерден, ал өлі заттар ауыр элементтерден тұрады, себебі тірі ағзалардың құрамына қажет суда жақсы еритін газ тəрізді, сұйық жəне қатты қосылыстар үшін жеңіл элементер ғана жарамды. Тірі ағзаның құрамына кіретін молекулаларды биомолекула деп атайды, демек олардың құрылымы жəне өзара əрекеттесуі тіршілік негізіне жататын процестерді қамтиды.
Тірі ағза жасушасының негізін құрайтын қосылыстар: белоктар, нуклеин қышқылдары, көмірсулар, липидтер (май жəне май тəрізді заттар), су, минералды тұздар (2-кесте).
Осы органикалық қосылыстардың алуан түрлі құрылымы мен қасиетін білу үшін олардың құрамына кіретін ең қарапайым органикалық заттардың кластарын бір-бірінен ажырата білу қажет.