Тарихи жырлар қазақ хандығы дәуірінен бастап, одан кейінгі ел басына төнген қауіп пен қатерді баяндайды. Тәуелсіздік жолындағы күрестегі қаһармандардың ерлік ісін дәріптеу тарихи жырдағы өлең, тарихи аңыздар айырықша ықпал еткен. Батырлық жырларда эпосқа ертегі, мифтер араласса, тарихи жыр аңыз бен тарихи өлеңдерді бойына сіңіріп, шын мәнін де өмірде болған тарихи адамдардың ерлігін баян етеді. Қазақта батырлар жыры мен тарихи жырдың көбірек туған кезі ХІҮ – ХҮІІІ ғасырлардың арасы секілді. Осы аталған кезеңдерде бүгінгі қазақ халқының көне тарихында бірнеше елеулі оқиғалар болып өтті. Бұл тарихи фактілер батырлар жыры мен тарихи жырдың тууына әсер етеді. Қазақта батырлық пен тарихи жырдың тууына әсер еткен екінші бір жағдай – қазақтар мен қалмақтардың арасындағы қарым-қатынастар, көп заманға созылған күрестер еді. Тарихи деректерге қарағанда ХҮІІ ғасырдың қарсаңында қалмақтар күшті мемлекетке айналады. Қалмақтың шонжарлары қазақтардың шұрайлы жерін, мал-мүлкін тартып алуды, қазақ елін құл етуді мақсат етеді.Халық басқыншыларға қарсы қазақ халқының ерлік күресін, батырлық күшін, жеңісін суреттеп жырына қосты.