М.Әлімбаев

. М.Әлімбаев. 1923 жылы Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы Маралды аулында туған. Мұғалім әкесінің, екі ағасының арқасында сауатын ерте ашады. Бес жасында кітап оқи бастайды. Мұғалімнің баласы болғандықтан оқытушы болуды мақсат еткен. Он бес жасында педучилищеге түсіп, оны аяқтаған. Педагогикалық трактаттарды көркем әдебиетпен бірдей көріп, іңкәрлана оқыған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Университет бітірген. Мұзафар – ұстаз, тәлімгер, қаламгер.
Балалар баспасөзінде 1948 жылдан 1989 жылға дейін жемісті, ізденісті қызмет атқарған. «Балдырған» журналын 28 жылдан астам уақыт басқарған. Балалар баспасөзіндегі ондаған жылдарға созылған қызметі, әсіресе 1958 жылдан тұңғыш рет шыға бастаған «Балдырған» журналында бас редактор болуы балалар әдебиетінің ерекшелігін, өзгешелігін, талап-тілектерін, мұң-мұқтажын зерттеуге себепші болды. Балалар әдебиетін қалыптастыру және дамыту мәселелерімен тікелей шұғылданып, белсенді атсалысады. Осының бәрі ақынның бүлдіршіндерге рухани азық беруге өз үлесін қосуға мүмкіндік тудырды, творчестволық ізденісіне жол ашты.
Ақынның алғашқы сыншылары – бауырлары. Бүлдіршіндерге дегенінің бәрін солар үшін жазған, алғашқы нұсқаларын соларға тыңдатқан, мектепке барған соң соларға оқытқан, соларға сынатқан, жаттай алмаса, не ұқпаса, солардың ыңғайына қарай өңдеген, қысқартқан. Кәдеге жарамағандарын лақтырған. Ақын әр жастағы баланың ақыл-ой тұрғысынан қабылдағыш қабілетін, белгілі бір өлеңге лайық түр қандай болуын бауырлары мен балаларының қылығына қарап зерттеп үйренгендігін айтады. Балабақша бөбектерімен, мектеп оқушыларымен кездесулер, ата-аналар комитетіндегі мүшелік – осының бәрінің шарапаты ақын қаламына тиген.
Қырық жыл бойы балалар басылымдарында қызметте болу – Мұзафар ақынды балаларға арнап шығарма жазуға итермеледі. «Балдырған» журналын 28 жылдан астам уақыт басқарған. Көп жылғы балалар әдебиетіне еткен еңбек М.Әлімбаевты балалар поэзиясының бірден-бір жасаушысы, классигі қатарына көтерді. Оның балажан жүрегі сәбилерге арнап талай-талай тілге орамды, оқуғажеңіл, ойнақы жырларды тудырды. Мұзафар – тумысынан дерлік ұстаз, тәлімгер, қаламгер. Ол өзі мұғалімнің баласы, кішкентайынан бала оқытуды армандап, педучилище бітірген, қолында бастауыш мектеп мұғалімінің аттестаты бар.
1948 жылдан 1986 жылға дейін жемісті, ізденісті қызмет атқарған. «Детская литература» баспасы 1978 жылы көп ұлтты кеңестік балалар әдебиетінің көрнекті өкілдері шығармашылығына арнап «Вслух по себя» атты екі томдық шеберханалық кітап шығарды. Аталмыш кітапқа Қазақстаннан бір ғана М.Әлімбаев «Вечно самим собою недовольный…» аталатын мақаласымен қатысты. Мұның өзі М.Әлімбаевтың қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі екендігін айғақтайды. 1985 жылы М.Әлімбаевтың «Аспандағы әпке» жыр жинағына Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Кейінгі жылдары М.Әлімбаев балалар әдебиетіне ақын, жазушы, аудармашы, теориялық тұжырымдар айтар әдебиетші, зертеуші, тәрбие туралы ойын бөлісер педагог болып атсалысты. Әлімбаев қазақ балалар әдебиетін өркендетуге өз шығармаларымен бірге, әдебиетке жас дарындар тәрбиелеу арқылы да араласты. М.Әлімбаев аударған В.Маяковский, Ю.Тувим, С.Михалков, А.Барто, Қ.Мұхаммади, А.Қыдыров, Т.Махмуд, С.Баруздин т.б. өлеңдерін кішкентай оқырмандар сүйіп оқиды. М.Әлімбаев өлеңдері оқулықтарға тұрақты енген, мектеп және балабақша репертуарынан оның көптеген шығармаларын ұшыратамыз.
Ақынның балаларға арнап жазған кітаптары «Менің ойыншықтарым», «Жұмбақтар», «Биікке — биікке», «Шынықсаң шымыр боларсың», «Орақ – олақ», «Балдәурен, шіркін, балалық», «Ақсерек те көксерек», «Аспандағы әпке» деп аталады. Автордың отыздан астам өлеңі балдырғандардың сүйікті әніне айналған. Олар радио мен теледидар арқылы жиі орындалады. Ақынның шығармалары жиырмадан астам тілге аударылған. М.Әлімбаев балалар әдебиетіндегі көптеген саланы қазақ өлеңі үшін бірінші болып ашқан. «Арфа», «Медуза», «Баобаб ағашы», «Пони», «Ақсақалдың ақ батасынан», «Диалог өлеңдері», «Шнықсаң шымыр боласың», «Жаттығу – жанның тынысы», «Жаңбыршы», «Логарифтер», «Адас атаулар», «Қарама-қарсы қызық сөз», «Метаграммалар», «Шарадалар», «Сайқымазақ — клоун», «Инебалық» т.б. сондай тұңғыштар.
Бір тақырыптағы ізашалықты айтқанда көтерілген тақырыптың сонылығы өзінен-өзі шығармаға көркемдік қасиет дарытады, сған кепілдік береді дегеннен аулақпыз. Ал М.Әлімбаев жаңа тақырыптағы да, «жауыр» тақырыптағы да өлең-жырларын қашан да көрікті, ойлы етіп жазуды мақсат тұтады және сол мақсатқа қол жеткізеді де. М.Әлімбаев өлең-жырларын қашан да көрікті, ойлы етіп жазуды мақсат тұтады және сол мақсатқа қол жеткізеді де. «Сен мұндай сөздерді білесің бе?» және «Халық тағылыматынан» атты цикл өлеңдері үлкен жаңалық болып саналады. Мәселен «Дерһам» өлеңін алайық:Місе тұтпа дерһамды, Кеңге салма арқаңды…Дерһам – титтей, титімдей…Ізде үлкен мен шалқарды.Сөз зергері Мұзафар сөзбен сурет салады, оның балаларға арналған өлеңдерінің көбі өте бейнелі, сурет салуға лайық.Айдың беті аппақ,Аяның беті сатпақ.Неге олай?Ол былай:АйАунамайды жерге,Шомылады көлге.дейді «Ая мен ай» өлеңінде.
М.Әлімбаевтың өлең тақпақтары жаттауға жеңіл, ойда сақтауға оңтайлы. Мәселен, «Он саусақ» өлеңін оқып көрелік:Жалғыз саусақ тіпті деҰстай алмас жіпті де.Екі саусақ бірікті,Ине қолға ілікті.Үш саусағым орамдыЖүгіртеді қаламды.Өнерлі екен он саусақҚала салсақ, жол салсақ.«Мен дала бардым» өлеңін де мысалға келтірейік:Мен дала бардым,Қыр гүлін берді.Көл суын берді,Күн нұрын берді. М.Әлімбаев «Жақсы шығарма жас талғамайды» деген қағиданы ұстанады. «Жазған жырларымды жеті жастағы бала да, жетпіс жетідегі қария да оқыр болса екен!» — деп тілейді, соған талаптанады ақын. Бір заттың екінші затқа қандай ұқсастығы бар? Не несімен ұқсайды? Соны аңғару, өлең-жыр жазуға себепші болады.
Бірде ақын көк шағылды кешіп серуен құрады. «Көгал – жердің кілемі» деген бір жол тіліне оралады. Содан «кілемді біреу тоқиды ғой, ал жер бетіндегі кілемді тоқитын не?» деген сауал қояды. Сол сауалға жауап іздейді. Серуен соңында он екі жол ойша өлең әзір болады. Күн –Кілем тоқиды,Нұрмен тоқиды,Гүлмен тоқиды.Ол – Асыл зер кілем,Жалпақ кең кілем,Жерге тең кілем.Ол –Сен де сыярлық,Мен де сыярлық,Ел де сыярлық кілем.Ақын өлеңді «Күн тоқыған кілем» деп атайды. Соңғы шумақтағы идея, ой -бейбітшілікті, татулықты сақтайық, халықтарға жер үсті кең дегендік.
Ақынның өз көзімен көргені көбіне өлеңге арқау болады. Інісі Әнуардың Асқар деген кіші ұлы сурет салып отырады. Бір кезде «Жол жғалды, ата, жол қайда кетті, ата?» деп жылайды. Сөйтсе, парақтың ортасына көк қарындашпен көл салыпты. Күрең қарындашпен бір бұрыштан жол тартыпты. Жолы байқаусызда көлге келіп тіреліпті. Сөйтіп жол жоғалған. Ақын «Асқар, асықпа, жол қазір табылады» — деп көлдің арғы жағалауынан күрең қарындашпен жолды алып шығады. «Міне, көрдің бе, сенің жолың көлге шомылып шықты» дейді. «Алақай, алақай, жол табылды!» деп Асқар мәз болады. Арада бірнеше күн күн өткенде «Жол қайда жоғалды?» деген өлең жазады. «Жоғалды ма жол оңай?Суға кетті-ау, обал-ай!Іздеп жүрсек жан-жақтан,Сүңгіп шықты ар жақтан.»деп өлеңін аяқтайды ақын.
Мұзафар ақынның өзі куә болған көріністерінен жазылған қатарына жататындар: «Кітап та – жеміс ағашы», «Адалдық», «Мысық пен құмыра», «Қисыбай», «Пернебек пен Көбелек» және т.б. жүздеген өлеңдер. Ақын әр заттан, әр құбылыстан, әрбір ой-пікірден, әрбір көзқарастан поэзияны таба біледі. Өлең кейде өмір мұқтажынан туады. Мәселен, қазақта әлі де спорт жөнінде лең өте аз. Ал соның ішінде таңертеңгі денешынықтыру жайында өлең атымен жоқ. Ақын қолына жаттығулар тізілген кітап ала отырып, қолдан өлең тудырады. Кейін суретті кітапша болып басылған өлең «Шынықсаң, шымыр боларсың» деп аталды. Қандай тақырыптар қаламға оралмай жүр? Ақын соны іздеп тауып, жаңа жырлар жазуға, кемтікті толтыруға ынталы.
Шығармашылықтың тағы бір қайнар көзі – халық арасындағы аңыз-әңгімелер, әзіл-оспақтар, ертегі, хикаялар. Ақынның бірсыпыра шығармалары халықтық ертегі, аңыздардан алынған. Мысалы, «Мейман», «Жақсыбай батыр мен Елпекбай», «Аштың аңы жүрмейді», «Сараң», «Көк сиырды көтерген келіншек», «Бүркіт пен жапалақ» сияқты туындыларын атауға болады. Халық творчествосына еліктеп шығарған аңыздарының қатарына «Шөже мен Алшынбай», «Еріншектер елінің Ертеңбайы», «Қос керуен», «Күлдіргілер», «Кім ұтылды, кім ұтты» т.б.
Танымдық мәні бар нәрселерді кішкентайларға поэзиялық шығарма арқылы ұсынған жемістің пайдасы бар. Ол үшін ақын-жазушы аса білімдар, жан-жқты хабары бар адам болуы керек. Ақын ғылыми-көпшілік кітаптарға, оқымыстылар еңбегіне үңілгенді ұнатады. Солардан өлеңге нәр табады. М.Әлімбаевтың өлең-жырларының басты тақырыптары – еңбексүйгіштік, білім құмарлық, қаһарман ата-бабалар жолын ардақтау, солардың ерліктеріне еліктеу, Отанды сүю, оны қорғауға әзір болу, жер жүзі халықтарын, еңбекші балаларын бауыр тұту. Ақын ауыз әдебиетімен тілі шыға танысқан деуге болады. Анасы Зейнеп халық өлеңдерін құлағына ерте құйған. «Солардың пайдасын мен күні бүгінге дейін көріп жүрмін. Мысалы, өтірік өлеңдерді, жұмбақ-жаңылтпаштарды халықтық нұсқалардан үйрене отырып жаздым» дейді ақын. (М.Әлімбаев. Балаға жыр арнауды бақытым деп… Қазақ совет балалар жазушылары. А.Жалын. 1987. 43-б.) Ақын өлеңдерінде мақал-мәтелдік, афоризмдік жолдар, тұтас орамдар жиі ұшырасады. Спорт – күштің қайнары,Спортшылар жайдары.— — —Қалың ну – халық саулығы,Көк орман – Отан байлығы тәрізді жолдар пікірдің айғағы. М.Әлімбаевтың өлең-жырлары халық өлеңдеріндей, мақал-мәтелдеріндей нығыз, ықшам, қысқа болып келеді. Мәселен, «Орманда» деп аталатын өлеңінің көлемі бас аяғы екі-ақ жол:Отын жардық жұмылып,Орман кетті жылынып.«Еңбек еткен адам тоңбайды, рахатқа батады, ешкімге емінбейді» деген идеяны еркін жеткізген. Көктемнің келбетін жалғыз-ақ шумаққа сыйғызады:Көлкіген су айнала,Малтығып тұр тал, қайың.Қарайды айдын – айнағаШымшық қағып таңдайын.«Тату бол» өлеңінде «бейбітшілік берекесі» деген үлкен ұғымды да шағын көлемге сыйғызады:Достар болса достық атын ақтаған,Алыс жол да – жақын жол.Қара бала, ақ балаТуыстардай тату бол!
Автордың көптеген өлеңдері әдетте, 4-8 жолдан әрі аспайды. Оның есесіне өлеңдегі ой-идея салмақты, туындының бітімі айшықты. «Бал араның жыры» өлеңінде былай дейді:Баратыным – қыр,Қонатыным – гүл.Теретінім – нәр,Беретінім – бал.Мұзафардың поэзиясында жағымды юмор, әзіл-қалжың бар. «Піл мен құмырсқа» өлеңі — сондай өлеңдерінің бірі. «Өтірікшілердің айтысынан», «Қайда кеткен қарындаш», «Бас пен қол», «Ұмытшақ», «Әдет қой» сияқты өлеңдері қалжыңға суарылған.
Қазір қазақ балалар әдебиетінің ірге тасын қалаушылардың бірі деп танылған М.Әлімбаевтың үздік туындылары оқулықтарға, мектеп және балабақша репертуарына тұрақты енген. Оның 60 шақты балалар жырына ән жазылып, айтылып жүр. Бірде ақын төменгі сынып оқушыларының айтуына лайықты мұғалім жайында ән жоқтығын байқайды. Әрі ойланып, бері ойланып «Мұғалім ол біздің» деген жыр жазады. Оған композитор Ибрагим Нүсіпбаев тәп-тәуір ән жазады. Білімнің кілтіндей«Әліппе» ұстатқан.Оқуға іркілмей,Тоқуға ұстартқан.Қамқоры ұл-қыздың –Мұғалім ол біздің.Қиынға төзугеҮйреткен қашан да.Жаманнан безуге,Жақсылық жасауғаҚамқоры ұл-қыздыңМұғалім ол біздің.Анам да сыйлайтынАтамның тұстасы.Папам да сыйлайтынАқылдың ұстазы.Қамқоры ұл-қыздыңМұғалім ол біздің.Қазір бастауыш мектеп оқушыларының сүйіп оқып, жаттайтын өлеңдерінің бірі – осы «Мұғалім ол біздің» ән-өлеңі. Мектептерде жиі айтылып жүр.
М.Әлімбаев өлеңдері негізінен мектеп жасына дейінгі балдырған мен бастауыш сынып оқушыларына арнап жазылды. Сонымен ақын шығармашылығы төмендегі ерекшеліктерден тұрады:
Біріншіден, ақын шығармашылығы жанрлық жағынан бай. Ақын шығармаларында өлең, тақпақ, ертегі, өлең-ойын, санамақ, қайсысы қайсысына ұқсайды, синоним сөздер, өтірік өлең, айтыс, мазақтама, ән өлеңдері, жұмбақ, лотогрифтер, қарама-қарсы қызық сөздер, адас атаулар, метограммалар, шарадалар, жаңылтпаштар т.б. секілді «ішкі жанр» үлгілері ұшырасады. Мұның өзі ақынның ізденіс аясын, білім өресін аңғартатын дәлел болса керек.
Екіншіден, сол мол жанрлық үлгіні аңғартатын өлеңдерден шынайы балалар ақынының кішкентай оқушы танымы, қабылдау мүмкіндігіне саналы бейімделуін аңғарамыз. Өлеңдері мейлінше қарапайым, бірақ ойлы, мақсатты, тәрбиелік нысанасы айқын. Әр сатыдағы оқущылардың жас мөлшеріне сай лексиконды таңдап ала отырып, қандай күрделі ойды да аз буынға сыйғыза айтып бере білу де — осы бейімделудің көрінісі. «Күз нышандары» атпен берілген, небәрі екі жолдан тұратын өлеңдер барынша қарапайым. Қарапайым бола тұра, ең кішкентай оқушының өзіне табиғат маусымының негізгі белгілерін, сурет-характерін нақты жеткізіп беріп отыр. Сондай-ақ, тұрақты үш буынмен жазылған «Қар мен жел» өлеңі де бала танымына лайықталып жазылған.
Үшіншіден, М.Әлімбаев поэзиясының тақырыбы аса бай, әрі соның көбі қазақ оқырмандары үшін соны, тың. Мәселен, спорт жөніндегі цикл өлеңдер, стюардесса, монтер, корректор, сылақшы, студент т.б. Көптеген өлең тың тақырыпты болуымен бірге, танымдық мәні зор. Ақын көптеген саланы қазақ өлеңі үшін бірінші болып ашқан. «Оның шығармалары тақырып байлығымен оқшаулана көзге түседі. Тіпті талай-талай тақырыптарда М.Әлімбаев ізашар, тұңғыш түрен салушы десек әділ» — дейді сыншы Бақыт Сарыбалаев. Мәселен, стюардесса туралы өлеңді қазақ тілінде бірінші болып жазған – Мұзафар. «Арфа», «Медуза», «Баобаб ағашы», «Пони», «Ақсақалдың ақ батасынан», «Диалог өлеңдері», «Шынықсаң шымыр боласың», «Жаттығу – жанның тынысы», «Жаңбыршы», «Адас атаулар», «Қарама қарсы қызық сөз» — т.б. да сондай тұңғыштар.
Төртіншіден, ақын өлеңдері оқиғалы, сюжетті болып келеді. Сол шағын сюжетте характер ашарлық конфликт өре біледі автор. Бұл — өлеңнің ойнақы, динамикалы болып шығуына септеседі. Мұндай ерекшелікке ақын жырларынан көптеп мысал келтіруге болады.
Бесіншіден, М.Әлімбаев ел аузындағы елеулі ертегі, аңыздарды тере жүріп, жаңғырта жырлайды, халық шығармашылығындағы ғажап үлгілер дәстүрімен өзі де жанынан аңыз, ертегілер, күлдіргі жырлар тудырады. «Қос керенау», «Кім ұтылды, кім ұтты?», «Жақсыбай батыр мен Елпекбай», «Алшынбай мен Шөже» т.б. өлеңдер осының дәлелі.
Алтыншыдан, өлеңдерінің құрылысынан, бунақ-бунақ, ырғағынан балалар ақынының қолтаңбасы аңғарылады. Бірыңғай үш буынмен жазылған «Қар мен жел» өлеңін алсақ та, осыған көз жеткіземіз.
Жетіншіден, ақын өлеңдері – юморлы. Шуақты әзіл әрекідік уытты күлкіге ұласып жатады. Өлеңдерінде детальды ойнату, контрасты көріністі юмормен сөйлетудің ұтымды сәттері байқалады.
Сегізіншіден, ақын сөзге үнемшіл. Сөзге үнемшілдік өлең техникасын жете меңгерген шеберлікке тән. Ерігу не? Білмеймін.Зерігу не? Білмеймін.Неге десең, ешқашанЕрінуді білмеймін. (Жұмыс)Сөз үнемдеуден туған өлеңнің бір үлгісі – осындай.
Тоғызыншыдан, ақын өлеңдерін ғылым мен техниканың соны жаңалықтарына сүйене отырып жазады. Бұған ақынның бала психологиясын, таным процесін жете зерттеуі себеп деп ойлаймыз. М.Әлімбаев стюардесса еңбегінің мәнін ашып, оны «Аспандағы әпке» деп баламалапты.
Оныншы ерекшелік, ақын өлеңдерінде тәрбиелік ой екінші бір құбылыспен астастырыла айтылады. Бұл – ойды оқушыға сіңімді жеткізудің тәуір жолы дерлік. Әрі көркемдік шарт та. «Кітапты жел парақтады» аталатын өлеңінде ой былай жеткізіліпті:Кітапты жел парақтады,Парақтады қарап тағы.Өршеленді, жалақтады,Парақтады, парақтады.Түсіне алмай, алақтады…Түсінуге зерде керек,Құр парақтау неге керек?Осы өлеңдегі оқушыға айтылар мораль әрі қарапайым, әрі ойлы, табиғи… Немесе «Көктем кімге көңілді, кімге көңілсіз?» деген өлеңінде де бала кейіпкер көктемгі табиғат көркіне тебірене тұрып та:Жолдастарым не білді?Сол көктемнің өзі деБолмайды екен көңілді«Екілік» алған кезіңде…деп түйіпті ойын. Алдыңғы өлеңмен салыстырғанда, осы шумақта ұтымды екі сәт бар. Біріншіден, көктемгі табиғат пен бала көңілі астастырылған, салыстырылған. Екіншіден, көңілсіз көріністі басқа емес, бала кейіпкердің өзі мойындап тұр. Егер, өлең түйініне айналған мораль кейіпкер атынан берілмей, автор атынан баяндалар болса, сіңімсіз шығар еді. Ақын орайын тапқан.
Он біріншіден, ақынның «Қайсысы қайсысына ұқсайды?» деген тақырыппенен жазылған циклдық өлең топтамасы формалық сонылық болып табылады. Әрқайсысы екі, не төрт жолдан тұратын ықшам өлеңдер. Топтама кішкентай оқушылардың тіршілік сырына көңілін оятып, көзқарасын қалыптастыратын ыңғайлы, ықшам, тиімді өлеңдер. Бұл да — ақын ізденісін байқататын бір ерекшелік. «Мақал – халықтың даналығы, халықтың жадына түйгені. Автордікі – нақыл… Егерәкім, түбінде мақал-мәтелге айналып кетіп жатса, дауым жоқ…» деген екен ақын. Шынында, М.Әлімбаевтың мақалға, халық даналығына айналып, ауыздан-ауызға көшіп кеткен сөздері баршылық.
Ақынның өрнекті нақыл, қанатты сөздері мен балаларға арнап жазған поэзиясының жанды бір күретамыры халық педагогикасымен өзектестігі. Жазушының нақылдарынан, балаларға арналған шығармаларынан ұлттық педагогиканың ұстындары бой көрсетіп тұрады. М.Әлімбаев жас буынға арнап көркем шығарма жазумен ғана шектелмейді. Ол балалар әдебиетіне толассыз кадр тәрбиелеген «Балдырған» журналын өз қолымен ұйымдастырып, ширек ғасыр шымыр басшылық жасады. «Балдырған» балалар әдебиеті үшін оқушы мен жазушы арасындағы алтын көпір іспетті болғанын айту керек.
Аталмыш журнал арқылы ақын кішкентай оқушыны ғана тірі сөзге тәрбиелеп қойған жоқ, оларға шынайы көркем шығарма сыйлайтын жас таланттар тәрбиешісіне де айнала білді. Жалпы қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Ж.Смақов, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, О.Әубәкіров, Н.Серәлиев, Е.Өтетілеуов, Н.Айтов, Қ.Толыбаев сынды бірқатар қаламгер иелерінің Мұзафар ағамен бірге қызмет істеп, қанаттаса шеберлік шыңдаған таланттар екені мәлім.
Төлеген Айбергенов балаларға арнаған тырнақалды туындысының қалай дүниеге келгендігі жайлы былай сыр шертеді: «… бірде «Балдырған» журналына келді. «– Мұз-аға, балаларға өлең жазып көрмеппін. Балаларға жазу қиынның қиыны секілді» дегені келген бетте. Бір сағаттай балалар поэзиясы жайлы сыр айттым. Бір жұма өткенде балаларға арналған өлең әкеліп тұр. Санамақ. Кілтін таба қойған. «Аққуда бар қос қанат» деп келетін еді». (А.Егеубай. Мұзағаңды танымайтын қазақ жоқ. Ана тілі. №42. Қазанның 23-і. 9-бет.) Сөйтіп, «Балдырған» балалар журналы әдебиеттің Кіші академиясына айналған. Оның негізін қалаған Қазақстанның халық жазушысы – М.Әлімбай. Ақын аға жас талаптың тұсауын кесумен шектелмей, оның шығармашылық жолын ұдайы қадағалап, беталысын бақылап, сын мақала жазып, бағдар сілтеп отыратын жақсы қасиеті бар. Қ.Ыдырысов, М.Жаманбалинов, Қ.Мырзалиев, Ж.Смақов, Ә.Дүйсенбиев, Қ.Баянбаев, Е.Өтетілеуов, Е.Елубаев, С.Оспанов т.б. іні қаламгер жөніндегі мақалалары осындай тәрбиелік мәнге ие.
2. Ә.Дүйсенбиев. Ә.Дүйсенбиев 1931 жылы 25 қазанда Алматы облысы Жамбыл аданының Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетін 1964 жылы бітірген. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында 1956-1958 жылдар аралығында редактор болған. 1958-1970 жылдары «Балдырған» журналының жауапты хатшысы болған. 1970-71 жылдары Қазақстан Республикасы Телеизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде 1971-79 жылдары «Жалын», «Жазушы» баспаларында аға редактор болып қызмет істеген.
Ә.Дүйсенбиевтің балалар өмірін арқау еткен өлеңдері баспасөзде 50-жылдардан бастап жарияланды. Тұңғыш кітабы «Парадта» 1955 жылы жары көрді. Кейі н балаларды адамгершілікке, гуамнизмге тәрбиелейтн, Отан, ана, қоғам, бейбітшілік, достық, ізгілікті суреттетін «Сыйлық»(1956), «Не деу керек?»(1957), «Бәтеңке, шұжық, балқаймақ»(1959), «Ана жүрегі»(1961), «Гүлзар»(1962), «Ауыл әендері»(1965), «Аққулы айдын»(таңдамалы, 1976), «Жаңбырлы жаз»(1982) т.б. өлеңдері мен поэмалары, «Ақ қозы»(1972, 1987) ертегі-повесі басылды. Шығармалары бірнеше тілдерге аударылды. Көптеген өлеңдеріне ән шығарылды. М.Ю.Лермонтов, А.В.Кольцов, Дж. Родари, Мэрис Керим,Я.Колас, С.Маршак, А.Барто, С.Михало, М.Жәлел, Тоқтағұл т.б. туындыларын аударды.
Ә.Дүйсенбиев — «Не деу керек?», «Елка жыры», «Ақ мамам» т.б. балалар сүйіп оқитын өлеңдердің авторы. Ә.Дүйсенбиевтің «Шірік алма», «Автобуста», «Күшті болсам мен егер», «Не деу керек?», «Жалқау», «Білгіш», «Бәтеңке, Шұжық, Балқаймақ», «Менікі де, сенікі де, оныкі де — біздікі» туындылары да — бүгінгі талапқа толық жауап беретін дүниелер.
Апаң сенің базардан
Алма сатып әкелді.
Ең үлкенін, жақсысын
Саған таңдап әперді.
Не деп барып жеу керек?-
деп басталатын «Не деу керек?» өлеңі бүгін де, ертең де, арғы күні де сәбилерге әдеп әліппесін үйрете береді. Ақын өлеңдері балалар бойында гуманистік сезімді оятуға, оларды ізгі мінезге тәрбиелеуде пайдалы қызмет атқарып келеді.
Ә.Дүйсенбиев өлеңдері жанрлық жағынан бай. Ертегі-поэма, санамақ, тақпақ т.б молынан ұшырасады. Халық поэзиясы көне формасының жаңа мазмұн алып дамуына «Бес саусақ» өлеңін мысалға келтірге болады:
Балаларым, тұрыңдар,
Сөзге мойын бұрыңдар.
Бас бармақ,
Жатып алдың талайдан,
Бұзаларды бақ, айнам.
Кешке үйге келгенде,
Құйып берем ақ айран.
Бірде М.Әлімбаев «Балдырған редакциясында бас редактор ретінде бір мәселені қозғайды. «Бауырсақ қайдан келеді?» деген сауалға қала балабақшасында тәрбиеленіп жүрген бес жасар бала- қазақ сәбиі «ақ бауырсақ алма сияқты ағашта өседі» деп жауап беріпті. «Ауыл тірлігінің қыр-сырына қала балаларын қанықтыру үшін «Балдырған» беттерінде әдеби-көркем туындыларды көптеп жариялау – басты парызымыздың бірі» — деп ескертеді ақын. «Малшылар еңбегі жаынан оқиғалы сурет-кітапшаны қолға алайын»- деп Ә.Дүйсенбиев өзіне міндеттеме артады. Кейін «Бәтіңке, шұжық, балқаймақ» туады.(М.Әлімбаев естелігінен алынып отыр). Ертегі-поэма төмендегіше басталады:
Бәтеңке,
Шұжық,
Балқаймақ,
Дүкенде тұрып ұрысты,-
Ұрыс-ерістің сыры — қайсысымыз халыққа керекпіз? – деген ауалдың төңірегінде өрбиді. Олар төрешілерге жүгінеді. Кк төбет Шұжықты, ала мысық Балқаймақты, тышқан тістңқышуын қандырадыдеп бәтіңкені жақтайды. Дау шығып, атыс үшейе түседі. Ең соңында олар ақ сиырға жүгінеді.
Сиыр сөйлей жөнелді,
Бір төңкеріп көздерін:
— Мына менен, әуелі,
Шыққансыңдар өздерің.
Шытынама, Балқаймақ,
Сені сүттен беріп ем.
Ал, Бәтіңке, айқайлақ,
Жасалғансың теріден.
Сен де, Шұжық, безілдек,
Шығасың ғо етімнен,
Енді өзім, өзім» — деп,
Екіленбе бетіңмен.
Сөйте тұра өзімді,
Мақтамаймын, таспаймын.
Әрқашанда сөзімді
Бақташыдан бастаймын-
деп үшеуін ертіп, бақташы еңбегін көзбен көру үшін фермаға кетеді.
Ертегі-поэмада тәлімдік бірнеше сипат бар. Шығарма, алдымен, өзімшілдікті сынайды. Өз көкірегін қағып, менмендік танытқан Бәтіңке, Шұжық, Балқаймақ әрекеттері осыны маңзейді. Екінші, Көк төбет, Аламысық, Тышқан төреші ретінде алынған. Әркім өз керегіне қарай сыңаржақ бағалаған. Соңғысы, Ақ сиырдың аналық пейілі аңғарылады.
Ә,Дүйсенбиев әр өлеңінде баламен сырласудң қарапайым жолын тауып сөйлейді. Оның өлеңдерінің өміршең болатын себебі де осыдан.
Ә.Дүйсенбиевтің туындыларынан жалаң үгіт, насихат байқалмайды. Ақын өз өлеңдеріне тәрбиелік сипат беріп, айтар ойын астарлап, ишаралап жеткізеді. Мысалға «Шірік алма» өлеңін алайық:
Жеп тұр Әсет алманы,
Інісін еске алмады.
— Маған да аздап бер — дейді,
Әсет оған бермейді.
-Кәкәй, жеуге болмайды,
Айта көрме ондайды.
Шірік алма — деп қоды,
Сөйтті де өзі жеп қойды.
Бұл өлеңде бала характері алдыңғы планға шыққан. Дидактикалық өлеңдерден арылудың бір жолы — өлеңді бала мінезіне құру болатын болса, Ә.Дүйсенбиев — бұл істі оңтайына келтірген ақын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *