Мәнерлеп оқытудың тарихы туралы қысқаша шолу.
1960-1970 жылдар аралығында Ы.Алтынсарин атындағы институттың мектепке дейінгі тәрбие бөлімінде және Қаз.ССР ағарту Министрлігінде оқу-тәрбие жұмыстарының мазмұнын дамытып, жаңа оқу-әдістемелік құралдар шығарып, дидактикалық материалдар жасалды. Республика ғалымдары ауылдық жердегі балабақшаларда адамгершілік, еңбекке баулу, ана тілін (қазақ тілі) оқыту, сөздіктер пайдалану, ерте жастан оқыту мәселелерін зерттеді. “Мектепке дейінгі балаларды психологиялық және педагогикалық тұрғыдан тәрбиелеу” бағдарламасы Ы.Алтынсарин атындағы институттың мектепке дейінгі тәрбие секторының ғылыми қызметкерлері В.И.Андросова мен Б.Б.Баймұратовтың монографиясы негізінде жарыққа шықты.Бала тәрбиесінде үлкен орын алатын мәселенің бірі – балалардың тілін дамыту. Ы.Алтынсарин атындағы институтта мектепке дейінгі тәрбие бөлімі сөйлеу мәдениетінің мазмұны мен әдісі, дұрыс сөйлеудің грамматикалық түрлері, тілдік байланыстарды дамыту бағыттарында жұмыс істеді. Сондай-ақ өлең оқыту, сөйлей білуді меңгерту әдістері де зерттелді. Республикадағы тіл дамыту сабақтарын ерте жастағы топтарда ауыл балаларын қала балаларымен қатар бірдей дәрежеде меңгерту зерттеле бастады. Бұл мәселеде республикаға еңбек сіңірген мұғалім, педагогика ғылымының кандидаты, доцент Б.Б.Баймұратова үлкен зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ол өз еңбегінде, әсіресе, қазақ балаларының тілін дамыту, ана тілін оқытуды ұйымдастыру әдісі, қазақ балабақшаларында көркем сөйлеуге баулу мәселесін қарастырған. “Бағдарламаның” қазақ тілінде шығуына байланысты, 1964 жылы Б.Баймұратовтың “Біздің кітап” деген тәрбиешілерге арналған оқу құралы жарық көрді. 1974 жылы бірінші “Біздің кітап” 2–4 жастағы балаларға арналған 1978 жылы “Балалар әдебиетінің хрестоматиясы” жарық көреді. Бұл кітаптарда халық шығармалары, қазақтың классик және совет жазушыларының, ақындарының шығармалары балалардың ана тілін меңгере отырып, тіл дамытуы үшін пайдаланылды.
Ана тілін (қазақ) әр жастағы балалалар топтарында Х.Қожахметованың “Мәнерлеп оқу” оқулығы үлкен қызығушылықпен қолданылды. Бұл “Бағдарламада” (1971) балабақшада ана тілін мәнерлеп оқу әдісін кең қолдану көрсетілген болатын. 1970-1980 жылдар аяғында республикада алты жасар балаларды мектепке дайындаудың эксперимент (сынақ) жұмыстары жүргізілді. Бұл – оқулықтар мен бағдарламаларды дайындауға деген ынтызарлықты туғызды. Б.Б.Баймұратованың жетекшілігімен ғылыми зерттеу институттында мектепке дейінгі тәрбие ісіне арнап бірнеше оқулықтар жазылды. Сонымен 1960-1970 жылдары балабақша тәрбиесінде жаңа бағдарламалар жасалып, балалардың жан-жақты дамуына қатысты көптеген іс-шаралар атқарылды. Республика көлемінде бағдарлама бөлімдерінде көрсеткендей ұлттық шығармаларды оқыту (қазақ халық ертегілері, халық қолөнері, ұлттық ойындар, ән, би т.с.) балаларды оқытып, тәрбиелеуде айтарлықтай жақсы нәтижелер беріп, интернационалдық тәрбиенің дамуына әсер етті. Республикада (Б.Баймұратова, Л.А.Давиденко, Р.Жумагожина, М.Т.Турскелдина және т.б.) қазақ тілі мен әдебиеті, музыка, денешынықтыру пәндері бойынша оқу-әдістемелік құралдар ұлттық балабақшалардағы тәрбиешілерге көмекші құрал болды. Мұның бәрі республикадағы балабақшалардағы оқу-тәрбие жұмыстарының сапасы жағынан жақсы дәрежеге көтерілгенін көрсетеді. Болашақта мектепке дейінгі педагогиканы дамыту, кенжелеп қалған ғылым саласына үлес қосу болашақ жас ғалымдардың үлесі дей тұрғанмен де, балабақшалар бүгінгі таңға дейінгі жарияланған ғылыми-әдістемелік еңбектерді басшылыққа ала отырып, өздерінің алға қойған мақсат-міндеттерін айқындап, құқықтарын, қызметтерін жетілдіру үстінде. Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиелеу мен білім беру жүйесін шығармашылық тұрғыдан жаңартуға көңіл бөлінуде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандарты мен оқу-әдістемелік кешендердің дайындалуы осының айғағы. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына сәйкес Қазақстан Республикасы үкіметінің 1999 жылғы 22 қарашадағы № 1762 «Балаларды міндетті мектепалды даярлау мәселелері» туралы қаулысына сәйкес «Мектепалды даярлығы» бағдарламасы 1999 жылы жарық көрді. Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен жоғарыда аталған бағдарламаға сәйкес мектепалды даярлығына арналған оқу-әдістемелік кешендер «Алматы кітап» баспасында даярланды. Әмина Әмірова министрліктің тапсырысын орындауға атсалысқан авторлардың бірі. Ғалымның міндетті мектепалды даярлыңына арнап жазған «Сауат ашу» №1, 2, дәптерлері, «Сауат ашудан» әдістемелік нұсқауы, хрестоматиясы, дидактикалық ойындары 2004 жылы баспадан жарық көріп, бүгінде республиканың барлық мектепке дейінгі ұйымдары мен мектеп жасындағы даярлық сыныптарында қолданылып келеді. Бұл оқу-әдістемелік кешендердің жоғары орындарымен арнаулы кәсіптік білім беру мекемелерінде болашақ мамандарды даярлауда «Тіл дамыту мен мәнерлеп оқу әдістемесі» пәнінде толық талқылануы, ертеңгі маманның мүмкіндігіне, онымен жұмыс істеу мүмкіндігіне ықпалын тигізеді деп ойлаймыз.
Зерттеуші С.Желдербаеваның «Мәнерлеп оқу» деген кітабында балаларды мәнерлеп оқуға жаттықтыру жұмыстарының түрлері келтіріледі. Атап айтсақ:
— мұғалім әңгімелесу үлгісінің бірнеше түрлерін магнитофон таспасына жазып алып тыңдатуына болады;
— сөйлеу техникасына жаттықтыру, дыбыстау мүшелерінің қызметін дұрыс түсіндіру. Ол үшін мұғалім әрине, сөйлеу техникасына нелер жататынын білуі тиіс. Сөйлеу техникасына мыналар жатады: тыныс алу (ауаны ішке жұту мен сыртқа шығару), дауыс, дикция.
Шығарманы мәнерлеп оқу деңгейіне жеткен оқушы шығарманың сұлу, тұтас бітіміне енеді, сол арқылы кейіпкер бойындағы ізгілік, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді тани алады. Мұның өзі баланы биік адамгершілікке бастайды. Демек, бастауыш сыныптарда оқу сапасын қалыптастыру және дамыту – оқушының жеке тұлғалық бітімінің айқын көрсеткіші. Баланы дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп оқуға баули алсақ пәндік құзыреттілікке қол жеткізгеніміз.