Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш

Ыбырай Алтынсарин

 

Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш

Атасы он жасар ұл баласымен далада келе жатып, баласынан сұрайды:
−Анау өрмекшіні көремісің, не істеп жүр?
−Көремін, өрмек тоқып жүр.
− Анау құмырсқаны көремісің?
− Көремін, аузында бір нанның талшығы бар, жүгіріп кетіп барады.
− Жоғары қара, көкте не көрінеді?
−Жоғарыда қарлығаш ұшып жүр, аузында кесе тістеген шөбі бар.
Сонда атасы айтты: олай болса, шырағым, ол кішкентай жәндіктер саған ғибрат: өрмекші маса, шыбынға тұзақ құрып жүр, ұстап алған соң өзіне азық етерге. Құмырсқа бала-шағаларына тамақ аулап, бір нанның талшығын тапқан соң өзі жемей, аузына тістеп, қуанғаннан үйіне жүгіріп қайтып барады; қарлығаш балаларына ұя істеуге шөп жиып жүр. Жұмыссыз жүрген бір жан жоқ. Сені де Құдай -тағала босқа жүруге жаратпаған, жұмыс жасауға әдеттенуге керек деді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *