Өзімшілдік

Өзімшілдік

Ы.Алтынсарин

Бір байдың қызына шешек шығып, бетінде тыртық қалғандықтан, ешкім алмай, аяғында екі көзіне ақ түскен, бір соқырға беріпті. Сол кезде Үндістан жағынан көздің ағын сылып жазатын бір дәрігер келгенін естіп, әлгі байдың бір досы байға келіп «Сондай дәрігер келіпті, күйеуіңіздің көзін емдетіңіз» десе, ол «күйеуімнің көзі ашылған соң, қызымның бетіндегі тыртығын көріп шығарып жібереді ғой. Қызым байдан шыққаннан да, күйеуім соқыр қалпында қалғаны артық», — депті. Сонда досы: «Күйеуінің көзін аямаған кісі досының көңілін аяй ма? Енді достықтаан айырылайық», — депті.
Атымтай жомарт бір күні көп мал сойып, қаладағы кәріптерге тамақ, киім берген соң: «Қала кедейін тойғызсам да, дала кедейі бар шығар», — деп даладан іздеп келе жатса, үстінде қырық жамау шекпені бар бір адам отын алып жүр екен. Атымтай соған келіп: « Бүгін Атымтай кәріптерге киім, тамақ беріп жатыр, соған баруыңызға болмас па екен?» дегенде әлгі жарлы айтыпты: « Сен Атымтайдың жіберген адамы болсаң, оған сәлем айт! Адал еңбекпен қатын-баласын асырап, артылған еңбегімен өзінен төмен кем-кетікке жәрдем қылуға әлі жетіп, соған әбден құмарланып кеткен адамға Атымтайдың керегі жоқ. Мен бүгін қатым-баламды тойғызарлық отын жинап алдым. Енді анау отырған ақсақ шал үшін отын жинап жүрмін. Дені сау адамды Атымтай асырап, тіленшілікке салып жібермесін. Кем-кетікке қарассын! Атымтай малмен мырзалық қылады, мен еңбек теріммен мырзалық қыламын, қайсымыз мырза екенімізді Атымтай өзі сынасын», — депті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *