Ә.Кекілбаев
Болашақ жұбайға қойылатын талапшылдық пен ұрпақ күтімінен басталатын ұлт саламаттығы жолындағы күреске тек әйелдер, қыздар, келіншектер, аналар, әжелер белсене араласқан күнде ғана қалған балалар, жігіттер, күйеулер, әкелер, аталар т.гел қатысатын күллі ұлттық, адамзаттық қозғалысқа айнала алады.
Қай мәселеде де бір-біріміздің мұң-мұқтажымызды дұрыс түсініп, бірге қамдастыра білсек қана, қазіргідей аса жауапты тарихи кезеңде керексіз кикілжіңдерден аулақ тұра аламыз.
Азамат үшін өз өмірін өрелі мақсат жолында сарп етуден артық мұрат жоқ.
Азматтық белсенділік — ол тек елдің ең алдымен білегін түрініп шыға келетін елгезектік емес, ол — бүгінгі күн пәрменінен ертеңгі келешектің көкейтесті мүддесін тапжылтпай танып барып қайратқа жүгініп, әрекетке жүгіретін қапысыз көрегендік. Мұндай өресі биік күресте сара ақылмен қоса салқын сабыр таптырмас қару.
Ұрпақтың ұрпаққа қалдырар ең асыл мұрасы — өзі бастан кешкендерден түйген азды-көпті рухани тәжірибесі. Одан қол үзген қауым — өзінің келешегінен күдер үзген қауым.
Әділет аяққа басылған жерде араздық өрбиді.
Төңірегіне сенбейтін кісі — алдымен өзіне сенбейтін кісі. Өзіне сенбейтін кісі төңірегіндегілердің юойынан ешқандай жақсы сипат, жақсы қасиет көрмейді. Себебі, олар төңірегінен дұшпаннан басқа ештеңе іздемейді.
Өзіне сенетіндер бейқам келеді. Бейқамдық пен аңғалдық — аузы күйе қоймаған адамшылық.
Көңіл сабасына түспей, өмір сабасына түспейді.
Ақиқаттың мекені — жүрек.
Қазіргі замандасымыздың іс-әрекетін тек оның орнында өзім болсам, қайтер едім деген тұрғыдан қарастырсақ қана түсіне аламыз.
Бағалай білмегенге бақ тұрмайды, қуана білмегенге құт қонбайды; бағына білмеген қауымға басшы бітпейді, бірлік содан азып, береке содан тозады. Ол екеуі жоқ жерде тәуелсіздіктің тасы өрге домаламайды.
Тойымсыз нәпсі тек жеке адамның ғана емес, күллі адамзаттың тағдырын зобалаңға ұшыратар бірден-бір топалаң.
Ар қиналмай жан қиналмайды.
Надандық деген ештеңені білмеу, ештеңені сезбеу емес, заманның өзгеріп кеткенін аңғармау, үйреншікті ізбен далақтап шаба беру.
Өзіне сену деген — еңбегіне сену деген сөз.
Сабырсыздық ауыз күйдірмесе, абырой алып бермейді.
Қай мәслені де, ең алдымен, біздің тәуелсіздігімізге қандай ықпал ете алатындығымен бағалауымыз керек.
Моральдық негіз жасау үшін әрқайсымыз өз мүмкіндігімізді өзіміз пайымдап, өз тағдырымыздың жауапкершілігін өз қолымызға алуға тәуекел ете білуіміз керек. Праволық негіз жасау үшін жаңа экономикалық қарым-қатынастарды әрбір азаматтың іскерлік қабілетін түгел ашуына жағдай туғызатындай мүмкіндіктер орнату қажет.
Дәл мынандай заманда өзіңді ойламау — обал. Өзіңді ғана ойлау — күнә.
Арлы адам — ең күшті адам, өйткені ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойынсұнбайды. Сондықтан оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін. Өкінішті болуы мүмкін емес.
Есептесек, уақытты есептейік.
Дүниедегі ең қатерлі кесапат — үйреншікті дағдының дегенінен аса алмау.
Көнбістік — рухани мүгедектіктің бір сатысы.
Өзіне сенбейтін кісі, төңірегіндегілердің бойынан ешқандай жақсы сипат, жақсы қасиет көрмейді.
Қуана білмегенге, құт қонбайды, бағалай білмегенге бақ тұрмайды.
Ізденіс пен ізгілік, мейірбандылық пен кішіпейілділік бағаланбай қалуы мүмкін емес.
Қиянатқұмарлық түбі қиянатқа ұрындырады.
Кісілік деген — өнер емес, ғылым.
Пайдакүнемдік мораль адамды қоғамның саналы мүшесінен гөрі айтқанды екі етпейтін тіл алғыш, көзсіз көбелекке, осы заман тілімен айтсақ, не тапсырсаң да тапжылтпай орындап беретін роботқа айналдыруды көздейді.
Атағың бар болғаннан гөрі, ұятың бар болғаны дұрысырақ.
Атасыздық — отансыздық, отансыздық — опасыздық, опасыздық — имансыздық.
Жақсыны тану үшін де парасат керек.
Жұмыстың ауыр, жеңіл болуы өзіңнің оған қандай маңыз беруіңе байланысты.
Өсер ел өнегелі ұлдарын әке тұтады.
Әркім өзін өзі түзей алса ғана күллі ел түзеледі. Тығырықтан шығудың одан басқа жолы жоқ.
Өз мінін өзі түзей алмас, өз осалдығын өзі жеңе алмас қауым өзгенің озбырлығын да жеңе алмас.
Өзін өзі сыйлайтын адам өзгенің үстінен сөз айтпайды. Ал өзін өзі сыйлай алмайтын адам өзгені сыйлап қайтеді?!
Анасын қадірлемеу қандай хайуандық болса, ана тілі тағдырына енжарлық та адамгершілікке жатпайтын өрескелдік. Бұл отаншылдықпен тікелей байланысты. Елінің тәуелсіздігін ойлайтын адам тілінің кемелденуінен де қолғабысын аямауға тиісті.
Қатты жабылған есік қайтадан ашылғанмен, жұмсақ, жайлы ашылмайды.
Біреуге талап қоймас бұрын өзіңе қатаң талап қоя білуге үйренген лазым. Бұл, әсіресе, жас қауымға керек.