Әке мен бала

Әке мен бала

Ы.Алтынсарин

Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп баласына айтты:
−Анау тағаны, балам, ала жүр, − деп.
Бала әкесіне:
Сынып қалған ескі тағаны алып неғылайын, − деді.
Әкесі үндемеді, тағаны өзі иіліп алды да жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты; онан біраз жер өткен соң, шие сатып алды. Сонымен шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір-бірлеп алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре берді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі; артында келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып аузына салды; аздан соң және бір шие, онан біраз уақыт өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жеді. Ең соңында әкесі тоқтап, баласына шиені орамалымен беріп тұрып айтты:
− Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір ғана иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп, бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең, көптен де құр қаласың, − деді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *