Әдеп
Ы.Алтынсарин
Бір жұрттың бас әкімі екінші бір байға жолығысып, сөйлесіп тұрғанда, қасынан бір жарлы мұжық өтіп бара жатып иіліп, бас ұрып сәлем берді дейді. Оған қарсы әлгі үлкен әкім-төре онан да төменірек бас ұрып, сәлем алды. Қасындағы бай:
−Тақсыр, осынша жұрттың үстінен қараған әкімсіз, осы бір мұжыққа неге сонша бас ұрасыз? – деп айтты дейді.
Сонда әкім:
−Ешбір ілім-білім үйренбеген мұжық сонша иіліп әдепшілігін көрсеткенде, мен онан әдепсіз болып қалайын ба? – деді дейді.