Әдебиет танытқыш

Әдебиет танытқыш

А.Байтұрсынов

Біздің анық көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы нәрселердің бәрі не табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрсе, не адам ісінен шыққан жасалынды нәрсе. Орман, теңіз, тау, өзен, бұлақ – бұлар табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрселер, үй, кірпіш, бақша, арық, құдық – бұлар адам ісінен шыққан жасалынды нәрселер. Табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрселердің бәрі табиғат дүниесі болады; адам ісінен шыққан жасалынды нәрселердің бәрі өнер дүниесі болады; өйткені жасалынды нәрселердің істеліп шығуына адам ақылы, әдіс-амалы, шеберлігі, өнер күші кіріскен.
Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі:
1. Ақылға. 2. Қиялға. 3. Көңілге.
Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу суреттеп ойлау, көңіл ісі – түю, талғау. Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек. Мүддесін тілмен айтып жеткізу қиын екендігін, оған өте шеберлік керек екендігін мынадан байқауға болады: орыстың ақыны Пушкин жазған өлеңдерінің кейбіреуін 13 рет түзеткен. Орыстың асқан ойшысы, сөз өнерпазы Лев Толстой шығарған сөздерін баспаға беріп қойғаннан кейін де талай түзетіп, талай өзгертеді екен. Бұл ойындағы, қиялындағы, көңіліндегі нәрсені тілмен айтып жеткізу өте қиын екендігін көрсетеді. Сөз өнері жүзінде асқан өнерпаздар мүддесін тілмен айтып жеткізе алмай, сондай қиналғанда, өзгелерге ондай іс оңай болып табылар ма? Сондықтан сөзден жасап сөз шығару деген жұмыс әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді.
Тіл қисыны дегеніміз – асыл сөздің асыл болатын заңдарын, шарттарын танытатын ғылым. Лебіз ғылымының мақсаты асыл сөздердің асыл болатын заңдарын білдіріп, түрлерін танытып, әдебиет жүзіндегі өнерпаздардың шығарған сөздерінің үлгі-өнегелерімен таныстырып, сөзден шеберлер не жасағандығын, не жасауға болатындығын көрсету.
Сөзден әдемілеп әңгіме шығару үй салу өнеріне ұқсас… Сөзден құрастырып пікірлі әңгіме шығару үшін жұмсалатын зат – сөздер. Топырақтан иленіп кірпіш жасалған сияқты. Дыбыстан құралып, сөз жасалған, кірпіштен қалап түрлі үй жасау сияқты, сөзден бірігіп түрлі әңгімелер айтылады. Үйдің түрлі болып шығуы – балшығынан, кірпішінен, әсіресе қалауынан болатыны сияқты, әңгіменің түрлі болып шығатыны тілдің дыбысынан, сөзінен, әсіресе сөздің түзілуінен. Балшық жаман болса, кірпіші жақсы болмайды, кірпіші жақсы болмаса, үй жақсы болып шықпайды. Бұл рас. Бірақ кірпіш жақсы болса да, қалауы жаман болса, онан жақсы үй шықпайды. Сол сияқты тілдің дыбысы жаман болса, дыбыстың қосылуы жақсы болмаса, сөз құлаққа жағымды болып шықпайтыны рас. Бірақ тізуі жаман болса, дыбысы жақсы сөздерден де жақсы әңгіме шықпайды.
Сондықтан мәнісінің зоры кірпіштің қалауында, жобаның жасауында болған сияқты, әңгіменің әдемі болып шығуы сөздің тізілуі мен әгіме айтушының пікірлеуінде… тіліндегі сөзден құрастырып қисынын келтіріп, жақсылап бір нәрсе шығару үшін сөз өнерінің ғылымын жақсы білу керек. Дыбыстың, сөздің, сөйлемнің сыр-сипатын тану, заңдарын білу – бұл үйге керек заттардың сыр-сипатын білу сияқты нәрсе. Керек заттарын сайлап алып, үй салуға кірісу – дыбыстың, сөздің, сөйлемнің жайын біліп, солардың әрқайсысын дұрыстап орнына жұмсап, пікірлі әңгіме шығаруға кіріскен сияқты болады.
Айтушы ойын өзі үшін айтпайды. өзге үші айтады. Сондықтан ол ойын өзгелер қиналмай түсінетін қылып айту керек. Оның үшін айтушы сөйлейтін тілін жақсы қолдана білуі тиіс. Яғни, әр сөздің мағынасын жақсы біліп, дұрыстап сөйлемді тізе білу тиіс. Адам ана тілін жасынан естуінше үлкендерден үйренеді. Сонан соң тіл танытқыш кітаптардан таниды. Онан әрі үлгілі жазушылардың шығарған сөздерін оқып, өзі іс жүзінде я ауызша айтып, я жазып қолданумен біледі. Біз қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп – айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз. Қазақ тілі қазақ ортасындағы бәріне бірдей ортақ мүлік болғанмен, бәрі бірдей пайдаланбайды… әркім сөзді өз қалауынша алып, өзі оңтайлы көруінше тұтынады. Әркім өз қалауынша алып, өз оңтайынша алып тұтынған сөз сол адамның тілі болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *