Үлкенді сыйлау немесе ізеттілік


Мәлік Ғабдуллин

Үлкенді сыйлау немесе ізеттілік

Кеңестік Шығыс елдерінде-меймандостық, қонақжайлылық күшті өріс алған, әсіресе үлкенді қабылдау, күту. Айталық, жауынгерлердің блиндажына жолдас келсе, оның жасы не дәрежесі үлкен болса, үй иесі аяғының ұшымен жүріп қызмет етеді. Мұндай жауынгерді барлығы сыйлайды, айтқан сөзін ұйып тыңдайды.
Ұлттық ерекшеліктерді нәзік түсінетін командир бауырлас ұлттардың арасында үгіт жұмысын жүргізгенде жасы үлкенін тындап алып, үгітші етеді. Ұлты қырғыз, жасы ұлғайған қатардағы Байжақовтың жұмыс тәжірибесі үлгі аларлық.
Ол былай деп әңгімелейді:
-Егер мен жауынгерлерге барсам, олар мені ұлттық дәстүр бойынша, жылы қабақ, кең пейіл көрсетіп қабылдайды. Әңгімемді байыппен, зейін қоя тыңдайды. Мен олармен қарапайым, жеңіл солдат тілімен сөйлесем. Олардың арасында ұзақ уақыт отырамын. Кейде түнеп қаламын. Олардың көңіл-күйлері маған белгілі. Нақты айтсам, бауырлас елдерден шыққан көптеген жауынгерлер көп сыр-сезімін командирлеріне ақтарып айтпайды, ұялшақ, тұйық, сыпайыгершілік басым, сондықтан олар уайымшылдыққа салынып та жүреді. Бір күні қазақ жауынгері Ибраевпен кездестім. Көңілі сынық, жабырқау екен. -«Ауырасың ба?», — деп сұрадым. «Денім сау»деп айтты. «Не қайғырып жүрсің?», — дедім. Сөйтсем үйінен хат алған, онда ең кіші сүйікті інісінің ұрыста қаза тапқаны туралы хабарланған. Халықтың әдет-ғұрпы бойынша жұмсақ, жылы, мейірімді сөздермен көңіл айттым. Ибраев ынтамен тыңдады. «Өз командиріне айтың ба?» «Жоқ». «Енді не ойлайсың?» Ибраев ештеңе деп тіс жарған жоқ.
Сонда былай деп айттым:
-Інің үшін жаудан өш алу керек.
-Мен де солай ойлаймын. Қалай істеуім қажет? Майданға жақында ғана келдім. Ұрысқа кіргенім жоқ. Әскер қатарында болған емеспін.
Мен оған соғыс өнеріне ден қоюды, үздік мерген болуды, інісінің өлімі үшін ондаған фашистерді құртуды мақсат ет деп кеңес бердім.
Ол маған осылай істеймін деп уәде берді. Бұдан соң взвод командирі лейтенант Костенкомен әңгімелескенде ортақ пікірге келдім. Ибраевқа соғыс ісін меңгерту үшін үлгілі жауынгер Асқаровты бекіттік.
Біраз уақыттан соң Ибраев тәжірибелі жауынгер болып шықты. Бірде біз ұрысқа енгенде Ибраев бір күнде екі фашисті жер жастандырып, тағы біреуін тұтқынға алды. «Бұл» — дейді ол, «інімнің өлімі үшін».

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *