Қожа Ахмет Йассауи
35-хикмет
Шарабын махаббаттың аса құнттай,
Аумағын дуана боп алды, достар.
Аш пен тоқ, пайда-зиян – бас ауыртпай,
Қызықпен сауық-сайран салды, достар.
Шадыман осынау бір шаққа бұлар,
Пенде емес мал-мүлік пен таққа құмар,
Сыйынып таңсәріден хаққа жылар,
Содан соң сауық құрып шулар, достар.
Ұмытып өзін-өзі, ұшқындайды,
Байлықпен, ессіз жүріп, іс кылмайды.
«Тақсыр» де жүз мың адам – пысқырмайды,
Бір теуіп дүниені, дулар, достар.
Мақсатсыз ойын-тойға бұлай ынтық –
Аллалап ауызға алмас құдайын түк.
Дүниеқор дәруішпін деп мүләйімсіп,
Думан қып, дүние үшін жүрді, достар.
Дырдусыз ессіздерде маза болмас,
Ондайға жаратқаннан жаза жолдас.
Көңілі, бойсұнса да, таза болмас,
Сауықты сайтандықпен құрды, достар.
Шашыңды жүгіргенде жұлып сонша,
Құлдыққой мұндайларда құлық болса:
Нәпсіқор, дінсіз бұзық ұлық болса,
Әзәзіл ноқтасыз-ақ мінген, достар.
Болса егер айқай-шу қып шалықтасар,
Жер мөңкіп, алла да бас алып қашар.
Жаратқан, жалбарынам: тамұққа сал!
Шалқып кіл безді бұлар діннен, достар.
Думандар жеңіп шықса дуаналық,
Хақ, пірден харам жанын тұл, ада қып.
Ерте-кеш әзір тұрмақ күнә бағып,
Күлкімен күнәйім боп жүрді, достар.
Сайраңдап Шәблі ғашық іш қапалы,
Көріп қап, сауал берді, Мұстафаны.
Құйқылжып, көзін жұмып, құсша тағы,
Сондай құл ойын-сауық құрды, достар.
Шақты зар: «Шат күлсем де бағы жоқпын,
Жебей кер, жеп бітірді лағнет мұң!»
«Иншалла, — айтты расул, — қабыл еттім»,
Рұқсат алып, сауық қып тұрды, достар.
Құл Ахмет, құрмас болар сауық тегін,
Табары сайқымазақ тамұқ дегін.
Жан- дүнием бұл сұмдыққа жабық менің,
Салтанат, хақты тауып, құрды, достар.
З6-хикмет
Шарттарын ұққан ғашық шариғаттың
Тариқат жосығын да білгір, достар.
Ада қып, бар жұмысын тариқаттың,
Хақиқат дариясына сүңгір, достар.
Табынбай диуарға көз жетпек қиын,
Сағынбай сапарың оң етпек қиын.
Хақиқат дариясынан өтпек қиын,
Көз ілмей, хақ дидарын көрдім, достар.
Ей, ғашық, ырғыт көзден жасынды ырғын,
Мехнатсыз маңдай бағы ашылды кім?!
Зарланған жеріңе кеп басыңды ұрғын,
Бас тіккен мұратына жетер, достар.
Бұл жолда ат-көлігі жамалдатып,
Сор кешіп, мехнат шегер арам қатып.
Таң атпай зар жылаған табар бақыт,
Пәниден аһ ұрумен өтер, достар.
Жыласа шын көңілмен, онда асық та,
Жасаған, жар болғайсың сол ғашыққа.
Түсінбей жол мәнісін жолға шықпа,
Жөргемді жүрген аяқ ілген, достар.
Дариға, кеше ғана жаралып ем,
Өттім ғой бұл жалғанның амалымен —
Дін тұтпай, дүние қуу талабымен,
Хәлімнің не боларын білмен, достар.
Шарабын махаббаттың сезбегендер,
Базарын Баязиттей кезбегендер,
Ісінен дүниенің безбегендер
Хайуан ғой, бәлкім, одан бетер, достар.
Қайғысын ғашықтықтың қанат білсең,
Әдһамдай дүниені талақ қыл сен.
Мал қуып, ақылға ермей, ағат жүрсең,
Қинайтын қиямет күн жетер, достар.
Масайрап ішкен ғашық сыр шарабын,
Әлемнің алмайды оған мұнша бағын!
Қылп етпес жүз мың кеңес қылса да кім,
Жан сайрап, гүлгүл жайнап кетер, достар.
Ілкі күн құдай өзі хабарласып,
Аруақтар айтар: «Жаны саған ғашық!»
Қарсы ұшып хазрет рухы амандасып,
Сол ғашық хақ жамалын көрер, достар.
Қожа Ахмет, дүние-малдан тазамын де,
Еңіреп ахыреттің азабын же.
Болып бақ, аза бойың қаза күнде,
Тілекті тәңірім сонда берер, достар.
37-хикмет
Хақ танып, мүмін болсаң, табын соған,
Ұшпаққа тағат қылған шығар, достар.
Жылама жүз мың пәле жабылса да,
Тек сонда ғашық сырын ұғар, достар.
Алланың асықтары балқи жанып,
Санамен тәңірі берген сан қиналып,
Жолында өлуге әзір жан пида қып,
Сапарда зар илеп бір тұрар, достар.
Ағайын, білмедім мен қайда бағым,
Салауат іске белім байламадым.
Сансапақ өсек болды сайрағаным,
Надандық өстіп жолдан бұрар, достар.
Күндіз-түн биғам қалдым ғажабыңда –
Зікір де пікір болмай назарымда,
Өзімді сатпай ғашық базарында,
Сұм нәпсім жүз мың тағам сұрар, достар.
Елпілдеп нәпсіге еріп, күбінбе құр,
Көз ілмей, ішпей-жемей жүгін де жүр –
Жаратқан жарылқайды түбінде бір,
Көреді көз ілмеген жамал, достар.
Өмірің зікір сарнау жолына бер,
Ей, ғапыл, дүние-малдан торыға гөр!
Қашан да жақсылардың соңынан ер,
Ақ жолда ақыр мұрат табар, достар.
Дариға, арпалысып нәпсіменен,
Арманда өтті ғұмырым жақсы деген.
Жан құсы самғап, рухым қашты менен,
Наданның өмірі желмен жөнер, достар.
Ұйқы жоқ дидар талап болар құлға,
Күндіз-түн зікір айтар олар мұңда.
Толықсып іші-сырты толар нұрға,
Адалға алла нұрын төгер, достар.
Өз жанын білген ғашық жағып неге,
Өрттіге шақпақ отын шағып неге?!
Былқ етпес, қанша берсең, қарық деме
Бейғашық бейғамнан да бетер, достар.
Құл Ахмет, құрғамасын көзіңде көл,
Махаббат мәжілісінде өзің де бол.
Қайғыдан қан жұтсақ да төзім деп өл,
Қиналсаң хақтан хабар жетер, достар.