Ыстықкөл сапарының күнделігі
Ш. Уалиханов
Сәуірдің 18-жаңасында Семейден біз Аягөзге аттандық. Жол сусыз сортаң далада анда-санда бір кезігетін казак бекеттері арқылы өтеді екен. Алғашқы көкті де біз сол станицалардан ұшыраттық. Жолға шыққан күніміз жайма-шуақ болып, бозторғайлар шырылдап, әдеттегі әніне басып тұрды. Саздауыт шабындықтардан, көлшімектерден үйректің талай тұқымын кездестірдік, әсіресе Атырау теңізінде кең тараған тұрпаң аталатын үйректер кпө-ақ. Бұлардың өзі кермек суды жақсы көреді. Ал қырда ондай су аз кездеспейді ғой. Оның үстіне бұлар үйірлесіп жүрмей, еркек-ұрғашысы жұптасып бөлек өреді. Өсімдік дегеннен пішендік шөптер баршылық, сәбіз жапырақ пен бақбақ жиі. Тобылғы мен қараған әжептәуір екен, бірақ әлі жапырақ жайып үлгермепті.
Аягөз қасқа жолының бойындағы бекеттердің барлығы құдық суын пайдаланады. Аягөздің өзіне дейін ғана алты құдық бар.
Осынау сортаң дала Аягөзге қарай жоталанып Арқат тауына ұласады да, одан әрі тағы еңіске қарай құлдилайды. Қалай айтқанмен де, Аягөз жотасы Ертіс қырқаларынан биігірек. Арқат тауларының тік шаншылған шыңдары мұнартып алыстан көз тартады. Сонысымен біркелкі сүреңсіз жолға тың серпін береді. Арқат тауларының мал отының молдығымен аты шыққан. Сондықтан Аягөз дуанына қарасты найман мен уақ болыстарының қыстақтары соның баурайына шоғырланған. Мен келген кезде бұл маңда сарттардың жүзден астам отбасы көшіп-қонып жүрді. Олардың өз айтуына қарағанда, бұл араны жетпіс жылдан астам қоныс етеді екен. Бұларды алғаш қаңғып-көшіп жүруге мұқтаждық етіпті. Семей арқылы Азиябұйымдарымен сауда жасаған олардың керуен жасақтауы үшін өз аттары мен ьүйелері болуы қажет еді. Ал ол малды бағу керек қой. Оның үстіне бұлар қымызды жақсы көреді. Сол себепті де қазақтардан жалға жер алып, бірнеше отбасы киіз үйге көшкен. Жалпы дүйім Азияға тән көшпелі еркін тұрмыс оларға да қатты ұнаған. Ұзамай-ақ келуші кірмелер мен олардың түндігі жүзе елу үйге жеткен. Генерал-губернатор қашқан-пысқандар келіп бой тасалауына байланысты қылмыстан қауіптеніп, оларға Арқаттан кет деп бұйырған. Сондықтан олар Ресей бодандығына кірген бетте мещандыққа өтуі шарт, әйтпесе өз жөнін өзі табуы керек. Амал не, олар соңғысыны қалап, өз бетімен еркін жүргісі келді.
Енді Аягөз дуанының найман рулары жөнінде бірер сөз.
Кешкісін біз Аягөзден шығыпы Аягөз өзеніне құятын Тумырзаның ағысын боойлай отырып, өзеннің оң жағалауымен құз-жартасты қырқаларды басып, Қапал жолының бойындағы бірінші бекет – Көне Аягөзге келдік.
Аягөзді жағалай отырып, біз табиғаттың тылсымына әбден бойладық. Дала теп-тегіс жап-жасыл кілем жауып тастағандай. Қараған мен тобылғының және шіліктің жапырақтары жайылып, маужырап тұр. Шамасы түстікке тән шуақты күннің қызуы табиғатты түгел исіндірген сияқты. Тау арасындағы сай-жылғаның барлығы қаулап өскен сәбізжапырақтан көрінбейді. Жиде, итмұрын, сәмбіталмен көмкерілген өзен жағасындағы тойғайдан көктеректер андағайлап, үш күн сортаң даламен жүріп құлазыған көңілге тәтті бір сезім себездегендей. Сортаң далада анда-санда бір ұшырасқан түп-түп ши мен қараған, тобылғыдан басқа ештеңе көзге түспеп еді. Жағаның көкорай шалғыны таптырмас жемшөп, ал тоғайлар қысқы боран мен бұрқасыннан күшті қорғаныш. Қазақтың аңыз-әңгімелерінде Аягөздің ағысы жырға қосылуы тегін де емес қой.
Айнала қырдың айтақыр шөлейт екеніне қарамастан Аягөз шынында да жұмақ сияқты көрінеді. Биігірек келген сол жағалауы шалғыны атбауырынан келетін жылғалар мен шұрайлы шабындық. Сондықтан да ол орыстар келіп, бекеттері түспей тұрғанда қазақтардың тұрақты жайлауы болған. Қазақтар казак-орыстардың көршілігінен қорқады. Мұның нендей себептен туғанын қазір дөп басып айту қиын. Әйткенмен, өзін-өзі сақтау сезіміне жететін не бар! Өз басым Аягөзге таңдай қағып, таңырқап қатты құмартамын. Бәлкім, бұл айдай ару Баянның, алтын басты Қозы-Көрпешке ғашықтығы жөніндегі жыр-дастанның әсері болар. Ол оқиғаның осы өзеннңің бойында өтуінің маңызы аз болмасқа керек…
Адам ойланады да, алла оңғарады ғой әманда. Түні бойы сабалап жаңбыр жауып, тарантастың шатырын ұрғылады да тұрды. Болдырған аттар сазда тайғанақтап, аяңмен әрең ілбіп отырды. Қамшының шартылы мен шаршаған аттардың пысқыруы, жәмшіктің шу-шуі ғана жаңбырдың біркелкі тысырын аракідік бөліп қояды…
Шәйді мен Жүзағаш бекетінде іштім. Сол жақ жағалау су жайылған ащылы дала болып келеді екен. Су жайылып кеткен соң Аягөзді бойлай жолмен жүру мүмкін емес. Сондықтан орап жүруге тура келді. Қарсы алдымызда теп-тегіс сортаң саздауыт дала жатыр. Шоқ-шоқ ақши қандай көп десейші. Әр-әр жерде тікенді шеңгел, баялыш, шырғанақ, жиде және көкпек бұталары. Соларды басып біз жиырма бес шақырым жүрдік. Ақыр аяғында Арғанаты тауының төбесіне де шықтық. Бұл арада өсімдіктер дүниесі мүлдем өзгеріп кетті. Топырақ қыртысы тұрақты тау баурайы сүттіген мен сәбізжапырақтың, жалбыздың жасыл кілеміне оранып, казактар жабайы шорын атайтын өсімдіктен көрінбейді. Осы таулардың арасында таудың өзі аттас бекет тұр. Оның арғы жағы тұтасып жатқан сыбызғы мен қурай, сары түсті жабайы жауқазын. Лепсіге қарай еңісте тобылғы мен тұрын, ал одан әрі біртегіс батпақты қырда қаптаған жуа мен сарымсақ, жусан мен көкпек. Қызғалдақ дегенің көз тұндырады, алыстан қарағанда қыр қып-қызыл теңіз тәрізді. Станицаға жақындаған тұстағы адырларда жатаған тобылғы мен қараған және сары жауқазын көзге түседі. Арғанатыдан Аягөзге, одан әрі Лепсіге дейін мал тісіне ілінер шөп атымен жоқ деуге болады. Бұл өңірде көшпенділер тұрақтап тұрмаған сияқты. Оны бірде-бір секерткіштің жоқтығы да дәлелдеп тұрғандай. Аягөз бен Лепсі бойында намодтардан қалған қаптап тұратын мазарлар бұл арада атымен жоқ. Ал өзен бойлары мал үшін аса қолайлы болғаны анық.
Станицаның жарты жолында Лепсіге таяу Арғанатыдан Лепсі бекетіне дейін бірақ таулар сілемі жатады. Оның арғы жағында жер сипаты мүлдем өзгереді. Бұл тау сілемдерінің түстігінде айналасын қамыс басып кеткен көл жатыр. Жазда ол құрғап қалатын сияқты. Көктемде Лепсі суының жайылуына орай айнадай жарқырап жатады.
Оған біз күн батар алдында жеттік. Қаздардың қаңқылы құлақ құрышын қандырады. Ал бұл өңірде аса көп құрбақаның айрықша бір түрінің үні құлақты жарады. Сондықтан біз құлағымызға мақта тығып алдық. Өзеннің жағасында тауға қарай Лепсінің сағасына таман қазақ бейіттері көрінді. Оларда тіпті сан жоқ. Қыстаулардың жұртын жолда көргенбіз. Ал бұл өңірде ауылдар бар. Бейіттерге қарағанда осы өңір рулардың жиынтық қонысы болған сияқты. Дәл қазір қазақтар Балқаштың қамысын қыстап отыр. Ал жазда тауға тартады. Бұл араға көктеу мен күзеуде он шақты күн тыныс алып тынығып кету үшін ғана тоқтайтын тәрізді. Бұл көлдің арғы жағында Лепсінің дәл өзіне дейін бұйрат-бұйрат құмдар. Құмы және сусымалы. Қамыс пен ши жеткілікіті. Ара-тұра көкпек, шеңгел, ақтаспа ұшырасады. Өсімдігінің бар болғаны осы. Құмда тасбақа мен жылан өріп жүр.
Осы тұстан Лепсінің айдын ағысы ашылды. Асылы, Лепсі, Алатау жоталарынан бастау алып, Балқашқа құяды. Оның суы терең. Жағасында қалың тоғай еседі. Шынар, көктерек, қызылтал, жиде, шілік сияқты бұталы ағаштар көп. Сағасы қалың нар қамыстан көрінбейді. Қамыстың арасы бықыған құс. Ара-тұра жолбарыс та ұшырасады. Бірде жолбарыс бекеттің күзетшісін жарып кетіпті.
Бұ өңірдің ауа райы әр қалай. Ақпанның аяғына таман қар болмапты. Пасха мейрамының алдындағы аптада бекетшілер қаз жұмыртқасына лықа тойса керек. Бұл жазықта кесіртке мен бүйілер көп деп сендіреді. Бұдан бірнеше жыл бұрын осы өзен орыс иелігінің түстіктегі шекарасы болыпты. Сондықтан бұл арқылы өтуге тыйым салынған екен. Ал қазір… Қазір мәселе басқаша.
Түнде Басқаннан өтіп, ертеңгілік Ақсуға жеттік. Лепсі сияқты Ақсу арқылы өтетін де өткел бар.
Ақсу өзенінінің ағысы қатты. Жағасы қызыл талға бай, әрі бір тегіс. Тақтайдай тегіс дала Лепсіге дейін созылып, одан Қисықауыз тауларына ұласады.
Ақсудан көзімізге Алатаудың қарлы шыңдары шалынды. Одан әрі көгілдір таулар асқақтап, бұлтпен астасып кетеді екен. Әредік шыңдар бұлт арасынан жалт етіп шығып, көтеріліп келе жатқан күннің арайымен алтын қызыл реңкке боянады. Суреті көз қарықтырардай ғажайып. Ал мынау Қисықауыз болса, Аатауға қарағанда, жүз жасаған еменнің түбінде өсіп тұрған шөп сияқты. Біз жүріп келе жатқан дала теп-тегіс. Жусаннан басқа қылтанақ жоқ деуге болады. Оң жақта да, сол жақта да бекініс сияқты бейіттер көз алдырмайды. Көбі төрт құлақты зираттар. Жол-жөнекей жайылып жатқан үйір-үйір жылқылар, отар-отар қойлар, қазақ үйлері көзге шалынады.