Шәкәрім Құдайбердіұлы өлеңдері

Шәкәрім Құдайбердіұлы

 


Анық пен танық

Ойлаңыз, ақыл, білім қайда болмақ ,
Денеде қандай орын , жайда болмақ?
Білу, нану, ұнату – ақыл ісі,
Қайтсе зиян , қайткенде пайда болмақ?

Тән – сезіп, құлақ – естіп, көзбен көрмек,
Мұрын – иіс, тіл– дәмнен хабар бермек.
Бесеуінен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр істі сол тексермек.

Ой сонда неше толғау шимай салмақ,
Қайтсе жөні келер деп өлшеуге алмақ.
Дәл солай қалайын деп, ұнағанда
Ғаділетті жүрегің бір қозғалмақ.

Бар билік сол жүректен шығарылмақ ,
Денеге ол шымырлап әсер қылмақ.
Ойыңды дұрыс деме, теріс деме,
Сол арасын анықтап байқа бірақ.

«Жарайды» деп ұнаса бас иземек,
Жек көрсе жиіркеніп дірілдемек.
Жүрегіңнің тілі жоқ , ымбалы сол,
Ұғып ал да бола гөр соған көмек.
Қазақта жоқ ақылмен ой бекітпек
Нәпсі ұнатса болғаны, бәрі бітпек.
Тәуекел деп ат қойып ықтималға,
Байлауы жоқ нәрседен пайда күтпек.

Табамын деп талпынып ойына алмақ,
Өз әлінше о-дағы сынға салмақ.
Аз ойланса қазақтың басы қатып,
Зиян істі пайда деп қойып қалмақ.

Ықтималдың есігі екеу болмақ,
Ішіне пайда, зиян – бәрі толмақ.
Нысананы сығалап, дәлдеп атпай,
Көзін жұмып оқ атқан қайтіп оңбақ.

Іс қылады таптым деп біздің қазақ,
Онан көрген пайдасы болады аз-ақ .
Аяғында ол ісі зиян шығып,
Көрінгенге күлкі мен болар мазақ.

Арам оймен ар сатып үзіп-жұлмақ,
Міне, пайда қылдым деп мақтанылмақ.
Біреу білген айланы біреу біліп,
Өзі құрған дарына о да асылмақ .

Шолақ ойлап, шолтаңдап сырттансымақ,
Аса мықты жан шығып көзге дым-ақ.
Аударысып жүргенде ауып кетіп,
Абыройың ашылар, байқа шырақ.

Шолақ ойдың аяғы осы болмақ,
Біраз күнге көңілдің хошы болмақ.
Арсыз, арам, асығыс айлакерлік,
Мұның бәрі шайтанның досы болмақ.

Құдай кешер, алла деп күнә қылмақ,
Ар кетіріп, ант ішіп, жан сатылмақ.
Не жалғанда, немесе ақыретте
Оңалмастай өкпеден бір атылмақ!

Жер жүзі жабылғанда ғылым жаққа

Қазақ жүр құмарланып құр атаққа.
Анау– қу, мынау – пысық , мен – батыр деп,
Айналды бірін — бірі құрытпаққа.

Ойда жоқ өнер – білім жол табайын,
Жалмауға жалықпайды өз маңайын.
Мұның түбі не болар деген жан жоқ,
Ұрлық, ұрыс, араздық күнде дайын.

Өтірікпен өткізіп күнін, айын,
Демейді жамандықтан жалығайын.
Анау – шыным, мынауым – сырым ғой деп,
Сонша жақсы біледі алдау жайын.

Жаз жалымен жібермей жалғыз тайын,
Тыныштықпен ішпейді тақта шайын.
Ұрысы ұрлап, қуы алдап, сұмы еліріп,
Құртады үш жақтап тамам байын.

Байдың да ойлағаны ел алайын,
Білмейді – қу шағып жүр өз бақайын.
Көзі аспанда, көңілі мақтанда боп,
Тауысқанын білмейді ішкі майын.

Демейді ғылым біліп, жанданайын,
Мақсұты мақтан іздеп паңданайын.
Қанша ұқтырып айтсаң да қалыбында,
Ойда жоқ жігерленіп қамданайын.

Мінеки, естісеңіз елдің жайын,
Көтінен кейін кетті басқан сайын,
Қайран елім, қазағым, қалың жұртым,
Көп айтып, аһ, дариға, не қылайын!…

Жас өтті тынымсыз

Жас өтті тынымсыз,
Өнерсіз, ғылымсыз.
Надандық жолымен,
Кеттім- ау білімсіз.

Оқытпай баламды,
О да өсті тиюсыз,
Ойламай шамамды,
Алды -артым жиюсыз.

Бақ қайда қиынсыз,
Бос тілек сыйымсыз.
Қазақ та қажытты,
Күнім жоқ жиынсыз.

Бір жол бар келгісіз,
Қайта өмір көргісіз.
Ізім жоқ, түзім жоқ,
Өттім-ау белгісіз.

Қағазым – жолдасым,
Қаламым – сырласым,
Өлген соң белгілі,
Қайта кеп тұрмасым.

Тіл сорлы жырласын,
Бекерге тұрмасын.
Алдымнан жарылқап,
Алла кәр қылмасын.

Ел анау, мен мынау,
Қайтейін бір басым,
Аман бол, ағайын.
Татуым, қимасым.

Надандық жаман ғой,
Оқыған – адам ғой,
Ізденіп көріңіз,
Ғылымды заман ғой.

Насихат тегін ғой.
Салулы егін ғой.
Еңбек қыл, ерінбе,
Араздық кегін қой.

Ғылым бір кенің ғой,
Ауырсаң емің ғой.
Бәріңе жетеді,
Таусылмас көлің ғой.

Мен қайғы жедім ғой,
Қапы өттім дедім ғой!
Қазағым, қам ойла,
Сен де адам едің ғой!…

Талап пен ақыл

Талап деген бір жүйрік тұлпар сынды,
Бабын таппай мінгенді қылар жынды.
Тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма,
Ал енді оған кісі қайтіп мінді.

Талап шапса ақылға мініп алып,
Жақсы, жаман бәріне бірдей салып,
Анық ақыл адымын ашырмайды,
Еш нәрсе одан құтылмас жетпей қалып.

Талап деген ындынмен ентелемек,
Ойға алып қызыққанын қылсам демек,
Ол ісі орайлы ма, орайсыз ба,
Ойланып оны ақылға салса керек.

Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы,
Тоны жүрек болады, мида басы.
Орынсызға ұмтылтпай тоқтатуға
Талаптың алты түрлі бар ноқтасы.

Ынсап, ұят, ар, рақым, сабыр, сақтық,
Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.
Алтауының ішінде ынсап әділ,
Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық.

Ынсап деген аспайды, кем қалмайды,
Орнын таппай ол, сірә, қозғалмайды.
Рақым жақсы көреді аяғанды,
Адамға қаттылықты ойға алмайды.

Ар демек − адамшылық намыс деген.
Арың кетпес жағыңа қарыс деген,
Теріс ұғып жүрмесін мұны біреу,
Сөз емес күншіл болып алыс деген.

Намыс сол – өзің қорлан кемдігіңе,
Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдігіңе.
Алмай оз алдыңғының аяғынан,
Соқтықпай өзің ізден еңбегіңе.

Ұят сол- аулақта ұял көргендей-ақ,
Ұрлаған малың шығып бергендей-ақ.
Орынсызды істеуге өлгенше ұял,
«Ұят күшті өлімнен» дегендей-ақ.

Сабыр деген – әр іске шыдамдылық,
Қатты керек адамға бұл бір қылық.
Қолы жетпей талай жан ызданады,
Осыдан көп шығады адамшылық.

Сақтық деген – әрқашан байқап жүрмек,
Пайда ма, не залал ма, – ескерілмек.
Көргенін, естігенін есепке алса,
Сонда оңай әрбір істі ойлап білмек.

Ойменен, талаппенен болды сегіз,
Айтылмай ойда қалды неменеміз.
Өзге жақсы мінездің бәрі-дағы
Шығады осылардан түгел деңіз.

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан
Анық төмен болмай ма хайуаннан?
Ынсап, рақым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *