Соғыс психологиясы

Бауыржан Момышұлы

Соғыс психологиясы

Мен сіздерге психологиялық тұрғыдан түсіндірілетін кейбір ұғымдарды баяндағым келеді. Бұл ұғымдар бізге алда керегімізге жарайды деп ойлаймын.
Соғыс тәжірибесі жеңіске рухтың күштілігімен жетуге болатынын, табыс әскерлердің моральдық — адамгершілік күшіне тәуелді екеніне біздің көзімізді тағы да жеткізді. Материалдық құрал-жабдықтар мен қазіргі заманғы әскери техника күрестің материалдық базасы мен қаруы болып табылады. Бәрінің де негізі − жанды саналы адам.
Адамның моральдық-адамгершілік қасиеті рухани күш деген сөзбенен анықталады. Рухани күштің негізгі қайнары мен қозғаушысы: ақыл, сезім, ерік -жігер.
Адам қасиетінің осы үш элементін ұштауға бағытталған мақсатты жұмыс, тәрбиелеу жұмысының басты нысанасы болып табылады.
Бұл мәселе жөнінде мен өз көзқарасымды айтқым келеді. Қорқыныш дегеніміз не? Қорықпаушылық дегеніміздің өзі жалпы табиғатта жоқ нәрсе. Қорықпайтын адам жер бетінде жоқ. Қорқыныш тірі нәрселердің бәріне, тек адам мен жан-жануарға ғана емес, сонымен бірге тіпті өсімдіктерге де тән. Қалай болғанда да, жүзден аса ұрысты бастан өткізген екі жарым жылдың ішінде, әлі бірде-бір қорықпайтын адамды кездестірген емеспін. Өлім қаупін сезінген бірде-бір жан қорқынышсыз арпалысуға бармайды, бірақ бұл қорықпаушылық деген сөз емес. Қорқынышты әрбір адам өмірде талай-талай басынан өткізеді.
…Қорқыныш бар, бірақ оны жеңуге болады. Қорқынышты: біріншіден, ішкі мәжбүр ету жолымен, екіншіден, сыртқы мәжбүр ету жолымен, яғни қоғамдық ықпал ету жолымен жеңуге болады. Тәуекелсіз− жеңіс жоқ.
Жаудан қашып емес, қорғанып және шабуылға шығып құтыла аласың. Өмір сүруге деген үміт оты жүрегіңді жылытады, әрбір солдат та пенде, ол да өмір сүргісі келеді. Өмір сүруге деген тілек өзін-өзі сақтау инстинкті қалыптастырады, солдат қорғанады және шабуылға шығады.
Әңгіме мынада, бұл өзін-өзі сақтау инстинктінің екі жағы бар: біріншісі − адам өзін-өзі сақтау үшін қашады, екіншісі − осындай мақсатпен шабуыл жасап, қорғанады. Мен адамның бойындағы осы екінші жақты дамыту керек деп санаймын, өйткені ол қорғануға, шабуыл жасауға итермелейді. Сондықтан да оны барынша дамытып отыру қажет. Барлық нәрсенің көлеңкелі жағы болады, ал жалпы және тұтас алғанда бұл − адамның ғана емес, барлық жанды дүниенің асыл қасиеті. Міне, неліктен өзін-өзі сақтау инстинктінің ұрыста бастапқы қозғалтқыш күш болатыны сондықтан. Өзін-өзі сақтау инстинкті басқаны өлтіруге мәжбүр етеді, ал бұл өзіңнің өлгеніңнен гөрі әлдеқайда қиын. Мына біздердің, жай адамдардың арасында әлде біреуді өлтіретін адам табыла қояр ма екен? Оның қолдары қалтырап, жалпы ол мұны істей алмаған болар еді, ал солдат оны істейді, Ол бір адамның өмірін қорғау әрі сақтау мақсатымен, басқаның көзін жояды. Ол неліктен екінші біреудің көзін жояды? Оған бұған кім құқ береді? Соғыста бұл адам өлтірушілік әрекет немен ақталынып алынады? Неліктен бұл ұрыс даласында ерлікке, ал мұнда, сіздерде, қылмысқа саналады? Ол өзінің көзін жойғысы келгеннің көзін жояды! Дұшпанның өзін өлтірмек болған қара ниеттілігі, оған оны өлтіруге құқ береді! Бұл адам өлтірушілік ұрыс даласында жауынгерлік парызды орындаумен моральдық тұрғыдан ақ- талынады…
Кейбір операцияларды генерал емес, қорқыныш шешкен жағдайлар бар: әскердің ұзаққа созылған бей-берекетсіз шегінуі−мұның бәрі генерал қорқынышының ісі.
Қарсылық көрсетуші бір солдат, шабуылға шыққан он солдатқа елеулі әрі басып өте алмайтын тосқауыл болып табылады, ұрыс тәжірибелері көзімізді осыған жеткізді.
Қорқынышты әрбір адам көп, көптеген рет басынан өткізді: казармалық өмірдің қорқынышы, жауынгерлік жорықтың қорқынышы, ұрыс алдындағы қорқыныш және ұрыс кезіндегі қорқыныш және т.б. Бұл жерде қаэақ халқының „Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген мәтелін келтіре кеткен орынды. Бұл мәтел − біздің халқымыздың жауынгерлік ой-пікірі, сіз, сірә, басқа мұндай ой-пікірді таба алмассыз.
Қорқыныш барлық тірі нәрселерге тән болса, батылдық парыз сезімінің қорқыныш пен күресі нәтижесінде туады екен. Ал парыз сезімі дегеніміз не? Бұл − адамгершілік сезімі, намыс, ар-ұят, бұл − адам өзін кез келген опасыздықтан сақтайды, қорғайды, яғни масқара болып жүргеннен абыроймен өлген артық деген сөз. Өлімнен ұят күшті.
Ерлік дегеніміз не? Бұл − адамға туа біткен қасиет емес, дұрыс жүргізілген әскери тәрбиенің жемісі.
Ерлік − табиғат сыйы емес, ең алдымен өзіңнің ар-намысыңды және азаматтың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін азаматтық парызын орындау үшін осындай адамгершілік, теңдіқте өзіңмен сайысқа түсе отырып, тұтас коллектив өмірінің игілігін ғана емес сонымен қауіп-қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға жанмен, қанға қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарыңды қауіпсіз етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр ету.
Батылдық − қимыл әрекет есебін тәуекел етумен үйлестіре алушылық. Тәуекелді есеп сақтайды. Есепсіз тәуекел− тұл.
Көзсіз батырлық − ептілікті батылдықпен ұштастыра білушілік. Ойланбай жасалынған көзсіз батырлық − есерсоқтық. Ептілік − адамның ақыл-ойын ұшқыр ойлай білуге, дене қимылын икемділікке, бұлшық еттерінің шиыршық ата қозғалыс жасауға қатаң жүйелі түрде тәрбиелеудің (жаттықтырудың) нәтижесі…
„Ұрыста адамның барлық қасиеттері сынға түсіп, тексеріліп, бәрі де шешіледі. Ұрыс өтірікті, жалған батырлықтың бет пердесін сырып тастайды, екіжүзділік оқтың астында шыдас бермейді. Ұрыста эәре-құтыңның ұшқанын жасыра алмайсың. Батылдық мүлдем жоғалады, болмаса өзінің барлық көрінісімен тек ұрыста ғана көрінеді…»
Табандылық − батылдардың қалқаны. Құтқару қашуда емес, қорғану мен шабуылда. Кімде-кім қорғанбаса, сол өледі. Тәуекелсіз ерлік жоқ.
Шабуылға шыққан, өлімді күтпей, өлімге бетпе-бет барған адам ғана жеңіп шығады, өйткені ол өмірді өте сүйеді, өмір мен отанның азаттығы үшін ұрысқа аттанады.
Ұрыста өмір ешкімге сыйланбайды, ол жаулап алынады, өйткені ұрыс аяушылықты білмейді…
Майдан даласы мен аспаннан сәт сайын өлім қаупі төнеді. Уақыт жылжып өте береді, бір сағатта − 60 минут өтеді, бір минутта − 60 секунд, ал секуңдына мыңдаған адам қаза болады, олардың жер бауырлап жылжуына, жүруіне, қарсы жүгіруіне тура келеді…
Сен адамсың! Сен азаматсың! Сенде ұят, масқара болу, опасыздық сезімі бар − сенде жеке бастың асыл абыройы, өз отбасыңның абыройы, өз ұлтыңа деген мақтаныш − парыз сезімі бар. Сен жалғыз емессің, бұл ауыртпалық сенің жалғыз өзіңе ғана түсіп тұрған жоқ жаныңда өзіңнің отаңдастарың, сенің қарулас жолдастарың бар, олар сенен кем емес, сен сияқты, бұлар да өмір сүргісі келеді, Сенің қара басыңа бола шынымен басқалар сенің үй-ішіңді, ата-анаңды, сенің туған халқыңды қоян жүрек деп атағаны ма? Басқа жұрт бұлар Отан деген сөзді жүрегімен емес, тілінің ұшымен айтады демес үшін өз басыңа, үй-ішіңе, туған халқыңның атына кір келтіріп қорлық таңбасын түсіре көрме. Олар сенің есіміңді атауға арланып, сені мәңгі бақи қарғамайтыңдай әрекет еткін.
Ойланшы! Егер сен бұқпантайлап қаша жөнелсең, онда өз замандасыңның алдында масқара боласың, лағынет, қарғыс айтады, жұрттың бәрі сенен сырт айналады; сенен әке-шешең де сатқын ретінде безініп, беті күйіп, көршілерінің жүзіне қарай алмайтын болады. Әйелің де бір жола сенен безініп, саған өзінің жүрек сырын ашқан бақытсыз күнді шерлі көңілмен еске алатын болады. Сенің сүйікті балаларың да безініп, мына барлық бақытсыз балалардың ішінде ең бақытсызы болмақ. Олар сенің фамилияңды алып жүруге ұялып, өздерінің әкесінің кім болғанын жасыратын болады. Өзіңің қайғыңды, қиыңдығыңды қауіп-қатеріңді бөліскің келмейтін жолдастарың, жерлестерің де біржола сырт береді, Егер сені ұстап алатын болса, онда сатқын, опасыз адам ретінде атып тастайды, әділ түрде масқаралап, сенің қаныңмен коллективтің масқара болған күнәсін жуады. Атып тасталған жерде абыройың айраңдай төгілген күйде тасталған өлекседей жатасың. Ойланшы, қашу − жаудан құтылудың жолы емес, өлімнен де жаман, ауыр опасыздық.
Саған өмірді ешкім сыйға тартпайды, оны өзің күресіп жеңіп аласың. Абыройыңды жоғалтпа. Бойыңа күш-қайратыңды жи: өмір сүргің келсе, онда өзің мен жолдастарыңды өлтіргісі келгендерді өлтір, сонда ғана тірі қаласың. Жолдасыңды да құтқарып қаласың, онда даңқ та, абырой да сенікі. Сені бәрі батыр деп айтып, мақтан ететін болады…
Солдатта осынау ішкі арпалыс сәтте, таразының екі басы біресе бір, біресе екінші жағына қарай алма кезек ауытқи бастаған кезде, солдат осы екі бірдей сиқырлы сезімнің арбауына берілген сәтте бұйрық беріледі. Командирдің бұйрығы, оның әмірлі де қарсылықты басып тастайтын үні, сенімді де сабырлы дауыс ырғағы − жауынгер кеудесіне сенімділік ұялататын оның ерік-күшін, жүйкесін ширата түсетін, парызын орындауға сертін беретін, жауынгерді жүрексіздің қолынан масқара болудан аман алып қалатын жауынгерлік рух беріп, солдаттың ар-ожданын алдамшы, бірақ та жаман психологиядан қорқыныш сезімімен сақтап қалатын Отанның ұлдарына берген бұйрығы болып табылады.
Жауынгер қорқыныш сезімін жеңіп, көптеген қауіп-қатердің ішінде өзін сабырлы сезінеді. (Әрине, салыстырмалы түрде) ол өзінің қаруының күшіне сенеді және ұрыс даласында ақылмен, сабырлылықпен, есеппенен әрекет етеді, кейде тіпті өзі әбден азап шеккен жауға деген әбден қайнаған ыза-кекпен аласұрып бас амандығын да ұмытып, қауіп-қатерге көзбе-көз ұмтылып, оны жеңіп шығады.
…Кез келген шығынның орнын толтыруға болғанымен, бірақ адам шығынының орны толмайды. Армияның басты күші мен негізгі байлығы − солдаттар. Сондықтан да басты назар өнерді, солдат кәсібін үйретуге, жауынгерді ұрыста аман сақтап қалуға аударылуға тиіс. Солдатқа, адамға менсінбей қараушылық түбінде жақсылыққа әкеліп соқтырмайды. Барлық кезде де солдаттың мұң-мұқтажына үн қатып отыру қажет, жазушылар қанша дегенмен рухани қару-жарақтарды негізгі жеткізіп берушілер болғандықтан, олар барлық уақытта өз шығармаларына сергек қарауға және бұл мәселеде халықтың алдында бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс…
Армиядағы бұл байлықты жоғалтып алмас үшін − солдатты рухани да дене тәрбнесі жағынан да үйрету, оны жақсы жауынгер етіп тәрбиелеу керек, өзі мерт болмай, жауын жоятын солдат кәсібіне үйрету қажет. Жеңіске жету үшін бізге рухани жағынан мықты, жоғары саналы… адам керек. Әскери қызметшілердің міндеті − әскерге шақырылған азаматтарға әскери өнерді, техниканы, ұрыс жүргізу айла-тәсілдерін, солдат кәсібін үйрету, сонымен қатар жалпы тәрбие беру жұмысын да жүргізу.
Бойындағы адамға тілерлік барлық абзал қасиеттері бар парасатты азаматты тәрбиелеу − оңай іс емес. Бұл іс жақсы тәрбиешілерді ғана емес, сонымен қатар ондаған жылдар бойы тер төге еңбек етуді де талап етеді. Тәрбиелеу жұмысы көп сатылы, алуан қырлы әрі көп еңбек сіңіруді қажет етеді.
Әскери тәрбие проблемасы − бүл жөргекте жатқан кезден бастап, найзаласқан қоян-қолтық айқасқа дейінгі аралықта жүргізіле беретін тәрбие проблемасы болып табылады.
Ата-ана тәрбиесі − мектеп жасына дейінгі тәрбиенің ең басты сатысына, кезеңіне саяды. Мектеп тәрбиесі, қоғамдық жастар тәрбиесі − адамның қалыптасуындағы ең басты кезең. Адам қоғамдық тәрбиеге ақтық демі біткенше мұқтаж болады, қажет етеді. Ересек адамға тәрбие беруді жалғастырудың қажеті жоқ деушілік − мүлдем қате. Солдат ересек адам, бірақ оның қоғамдық жағдайы солдатты төменгі рангіде болуға міндеттейді, ал армияда бұл ранг жас өспірімдерден кем емес қамқорлық қарым-қатынасты жасауды, қорғаншы болуды қажет етеді. Солдат жанының құнарсыз жерден нәр алуына жол беруге мүлдем болмайды. Майдандағы қазақ жауынгерлері өзінің туған тілінің, туған әдебиетінің, төл музыкасының сарқылмас қазынасынан тіпті болмашы, мардымсыз нәрсе болса да ала алмай отыруын мен қылмыс деп есептеймін…
Бұқара көпшілікті тәрбиелеу жүмысында суреттшлердің, жазу-шылардың, композиторлардың және басқа да өнер қайраткерлерінің алатын орны үлкен.
Әскерге дейін жақсы азаматты тәрбиелеп өсруіміз қажет. Бұл − өте терең мәселе. Міне, менің солдат туралы арнайы жазуға мәжбүр болуым да сондықтан.
…Егер халық әскери тұрғыдан алғанда мәдениетсіз болса, онда мұны жөргекте жатқан кезден бастап тәрбиелеу мәселесіне жатқызу керек, егер адамды жауынгерлік қасиетке тарбиелемесе, онда бұл халық жауынгер халық болмағаны. Мұны өткен тарихымызға қатысты, біздің халқымыз жауынгер халық болмаған деп айта аламыз ба? Жоқ, біз бұлай айта алмаймыз, өксікті өкінішке орай, біздің жауынгерлік, ержүректік қасиеттерімізге соңғы уақыттарда өткенге жаппай тас лақтыру, қаралауға байланысты жатсына тосырқана қарай бастаған сияқты…
Қатарымызға толықтырар жаңа күш келіп қосылып жатады, олардың кейбіреулеріне қарасақ бет- әлпеті біздікі, ал кеудесіне үңілсек, аяғы аспаннан салбырап түскендей. Бұл қалай деп ойлай сың? Оған орысша айтсаң, ұқпайды, қазақша айтсаң да түсінбейді. Оның бойында не қазаққа, не орысқа тән ешнәрсе жоқ. Бұл жағдай менің зығырданымды қайнатты, неге бұлай болды деп мұның себебін іздеуге мәжбүр болдым, сөйтсем, бұл сорлы бейбақ өзінің халқының игі дәстүрлерінен мүлдем бейхабар мақұрым екен. Егер бұл саналы түрде істелінсе − онда зиянкестік болғаны, ал егер саналы түрде істелінбесе — онда халқымыздың игі дәстүрлерін аяққа басып таптағандық − нағыз ақымақтық әрекет болғаны. Дәстүр тәрбиенің басты қайнарларының бірі болып табылады әрі оның өте үлкен мәні бар.
Ерлік дегеніміз не? Ерліктің анасы − мақтаныш. Кәне мақтаныштың қандай қайнар көздері бар екеніне талдау жасап көрейікші. Тазалық, ұқыптылық, тән мен жан жүйесінің кіршіксіздігі жеке мақтаныш сезімін тудырады, өзін-өзі ұстай білушілікке үйретеді, өзі мен айналасындағыларға талап қоя білушілікке дағдыландырады. Сыртқы тәртіпсіздік − адамның ішкі кемістігінің белгісі. Кір -қоқыс адамды аздырып тоздырады.
Жеке мақтаныш сезімі дегеніміз не нәрсе − бұл ең алдымен жеке бастың гигиенасы, Адам өзін көйлегі көк, қайғысы жоқ, қарны тоқ кезде лайықты ұстап жүре адады. Егер де сіз үстіңізге алба-жұлба киім киген болсаңыз, онда қоғамдық орында өзіңізді лайықты ұстай алмайсыз. Тұрмыста салақ ұқыпсыз адам − әскери қызметте де, жұмыста да салақ ұқыпсыз келеді. Егер адам сырттай тәртіпсіз болса, онда ол жұмыста да ұқыпсыз болғаны, Кір-қоқыс адамды бүлдіріп, оның бойында жеке мақтаныш сезімін біртіңдеп көмескілеңдіре бастайды. Сыртқы ұқыптылық − ішкі жинақылықтың өзін-өзі ұстай білушіліктің, өзіне және айналасындағыларға талап қоя білушіліктің белгісі болып табылады.
Ұлттық мақтаныш сезімі дегеніміз не? Ұлттық мақтаныш сезімі, дегеніміз белгілі бір немесе басқа бір ұлт адамының көптеген жеке мақтаныш сезімінің жиынтығы болып табылады, ұлттық мақтаныш сезімі − әрбір ұлт адамдары үшін бұзылмас заң. Кімде-кім өз ұлтын сыйламаса және оны мақтан тұтпаса, ол сөзсіз барып тұрған арамза, отансыз қаңғыбас. Өзін сыйлай алған адам өзгені де сыйлай алады, белгілі бір ұлттың толық азаматы болып, әрі өз ұлтыңды мақтан ете отырып, сен басқа халыққа да лайықты қарай аласың. Мысалы үшін: нағыл интернационалист болуы үшін орыстар шын мәнінде бар болмысымен орыс болуға тиіс. Екі түрлі ұғым бар: ұлттық рух − бұл асыл қасиет, ұлтшылдық − бұл ұлт ішіндегі жеке адам бойындағы көркеуделік. Бұл мәселені дұрыс түсіне білу керек…
Барлық халықтар барлық ұлы әрі тамаша нәрселер жасауға қабілетті. Айбарлы адам, жасық жанға дос бола алмайды. Егер сен жасық жан екенсің, онда достықты талап етуге қандай құқың бар деу әбден заңды, сені тек жек көруге болады. Халықтардың бауырмалдылық ұлы сезімі мына қырғын соғыста үлкен сынға түсіп, бұл сынақтан сүрінбей өтті, әрі көптеген адамдардың көзін ашты… Айталық, бір халық нашар соғысты дейік, оңда бұл халықты құрметтеуге қандай негіз болмақ, ал жақсы соғысып жүрген халық әрқашан ізгі құрмет көрсетуге лайық. Халықтардың достығы мен бауырмалдығының осы айтылған негіздеріне сүйеніп, ұлттық мақтаныш сезімі дегеніміз ұлттар достығының кепілдігі деуге болады…
Мен: «Біз мал едік, қараңғы едік», − деп соғатын кейбір шешенсымақтарға қатты ашу-ызам келеді. Бұл бізде ғана бар көркеуделік емес, басқа ұлттарда да бар, тіпті орыстардың арасында да соғысқа дейін өздерінің ата-бабалары жөнінде ұнамсыз нәрселерді айтудан ұялмайтындар табылатын. Суворовтың өзін де жақында ғана көпшілікке насихаттай бастаған жоқ па, яғни өткен ғасырда өмір сүрген кейбір хандарымыз бен билерімізге, мемлекет қайраткерлерімізге байланысты да осындай көзқараста болдық, бізде хан екен демек, антұрған деп қарайтын ұғым-түсінік болды. Мұның өзін парасаттылық еді деп кім айта алады − сөз жоқ, ешкім де айта алмақ емес. Өйткені Кенесарыдан онын көзқарасының Маркс көзқарасымен сәйкес келуін талап етуге болмайды! Олар өз заманының мемлекет қайраткерлері әрі жақсы адамдар болған, сірә, мұны теріске шығара қоюға болмас және оларды мақтаныш етуіміз керек олар халықтың абыройы ғой. Мұндай сұраққа немере-шөберелері өзінің ата-бабаларын, өзі өмір сүрген қоғамдық формацияда көшке ілескен елеусіз адам емес, жұртқа пайдалы өз заманының прогрессивті, өнегелі адамы болғанына мақтанатындай етіп айта білуі қажет. Өткен тарихымызды аяққа баспай, қиянат жасамай, мұны дұрыс ажырата білгеніміз жөн…
Қазақтар: «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Адам бақытты болған кезде шексіз беріледі, ал ол өзіне қай жерде сенім білдіріп, өзін қай жерде жақсы көрсе, сол жерде ғана бақытты. Енді кейбір психологиялық ұғымдарға тоқталып өтейін:
Ақыл, сезім, ерік.
Ақыл − бұл заттар мен қүбылыстарды танитын күш. Ақыл оларды өте сезімталдылықпен ажыратып анықтайды, яғни адам өзінің сезім мүшелері арқылы әсер алып, оны нерв жүйелеріне беріп мида тез арада қорытып, пайда болған нәрсе түсінік пе немесе образ ба, анық жауабын береді. Ақылдың жұмысы адамның ішкі сезім күйін бейнелейді. Мұны біз көбінесе жекелеген ұғымда жіктеп жатамыз.
Ойлау − алған әсерлерді біртіндеп өңдей отырып, объективті шындықты бейнелейтін танымның жоғары сатысы.
Сенімділік − бұл заттар мен құбылыстар туралы, болып жатқан нәрсе туралы нақты ұғым мен оның зардабы туралы айқын түсінік. Сенімділік табысқа жетуге деген құлшынысты арттырады, бойға қуат береді, әбден айқындалған әмір беруге немесе жеке іс-қимылға шақырады – яғни, дереу әрекет жасауға итермелейді.
Күдік − алған әсерді шала әрі айқын сезіне алмаудың, түсіне және өңдей алмаудың салдарынан ақылдың арса болуы, ойдың толқуы…
Ес − бұл ақыл-ойдың бастан өткен әсерлерді өз қалауынша қабылдау, сақтау және қайта жаңғырту қабілеті. Әскери істе іс- тәжірибені негіздеуге қызмет етеді. Ес алдағы пайдалы іс-әрекеттер үшін сәтті және сәтсіз әрекеттерден тағылым ала отырып, құбылыстарды сұрыптап, жинақтайды. Бізге бұл әділ түрде тәжірибеден үйрену, басқалардың тәжірибелерін жинақтап, зерттеу ұсынылады. Әрине, жеке тәжірибе − ұлы іс, ол санада терең із кдлдырады, дегенмен де оның да аясы тар, сондықтан да басқалардың тәжірибесі мен зердесіне, оларды үйрену мен жинақтауға ерекше көңіл бөлінгені жөн, бұл кез келген ойлы офицердің парызы әрі оның жеке басының іштей өсуінің құралы болуға тиіс…
Армандаушылық − жүзеге аспайтын нәрселерді ойлану, дегенмен де бұл адам бойындағы күшті құштарлық. Соғыста армандаушылық − көбінесе нақты міндеттерді шешуде творчестволық жолға итермелейтін қозғаушы күш.
Қулық — алған әсерлерді жалған, жасанды түрде көрсету соғыста ең сорақы бақытсыздық, қауіпті өтірік.
Екіжүзділік − жалған жаны ашушылық, түсінушілік, ұғынушылық, пікірлестік өтірік нәрсені шындеп, шынды жасырып көрсетушілік.
Мұның бәрі көбіне «Құмырсқа жолыңды біл. Аязби әліңді білдің» салдарынан. Екіжүзділікті жоюдың ең сенімді тәсілі, ең дұрысы − бөлімді жасақтау кезінде немесе қызмет орнына офицер жолдастарды тағайындаған кезде мұндай жағдайларды тудыратын себептерге жол бермеу. Мүмкіндік болмаған жағдайда мәжбүр ету әдісімен үйрету керек.
Сезім − тән мен жанның белгілі бір жағдайдағы күйі, яғни біздің сыртқы дүниені қабылдау және оған жауап беру, реакция жасау қабілетіміз, Сезім, тән (физикалық) немесе оны кейде төменгі сезім деп атайды, яғни оны организмнің (ауырсыну, шөліркеу, суықтық және т.б.) физикалық күйі анықтайды. Рухани немесе кейде жоғарғы деп те аталынатын – яғни, адамның көңілін аударып жан-дүниесін астаң-кестең ететін сезім − оған махаббат, жек көрушілік ашу-кек, ыза сезімі және мынадай: ақиқат, әділдік сезімі, шындық, өтірік және т.б. сияқты ұғымдар жатады.
Әсер − адамның психикасын қоздыратын немесе басатын жағымды немесе жағымсыз түйсік сезім. Әсер сезімі физикалық та, сондай-ақ бүл сөздің рухани мағынасыңда да адамның қызметіне тікелей ықпал ете отырып, адамды қайраттандыра түсуге, оның бойындағы күш-қуаттың артып, болмаса әлсіреуіне себепші болады. Бізге бәрінен гөрі әскери тәрбиеде жауынгерлік қасиеттерді дамытудың моральдық және адамгершілік негіздері ретіндегі сезімдердің ең жоғарғы көрінісін білу, зерттеу және түсіну маңыздырақ.
Парыз − бұл орындалуға тиіс міндет пен әрекет. Парыз алға қойылған міндеттен туады, яғни міндет адамға парызды жүктейді, сондықтан да парыз бен міндет адам қызмет әрекетінде әр түрлі. Халық: «Билік кімде болса, сұрау да содан» дейді. «Міндет адамға жауапкершілікті жүктейді». Егер бізді қоршаған табиғат пен жануарлар әлеміне тіл біткен болса, онда олар мүлдем әділ түрде бір дауыспен: «Адамның қолына қыруар билік берілген, көбірек сұрағын, жаратушым!» деген болар еді.
Әскери қызмет. Әскери қызметшілерге біз әскери парыз деп айтатын ерекше спецификалық міндет жүктейді. Мемлекетті қолына қару алып, сыртқы және ішкі жаулардан қорғау−армияның басты міндеті мен мақсаты…
Ар − жақсылық пен зұлымдықты, шындық пен жалғандықты, әділдік пен әділетсіздікті және басқаларды анықтайтын адамгершілік ұғым. Бүл адамның қызметін оның ақиқат, шындық пен әділдік жөніндегі ұғым түсінігіне байланысты, реттейтін парыздың қаншалықты орындалған немесе орындалмағанын (осыдан келіп бірде сергектік, бірде жасушылық) анықтайтын, нені істеп неден бас тартуға тура келетінін көрсететін, көңіл-күйдің жайбарақаттығын білдіретін сезім.
Қысқасын айтқанда, ар − парыздың бақылаушысы, адам қызметін реттеуші.
Абырой − жеке адамның ар-намысын ұғыну деген сөз. Абыройды, жоғарғы моральдық рухты сақтау жолында өз өмірін қиюға дейін баруға ниет ету намыс деп аталады.
Ұят − жасаған әрекетінің жөнсіздігін түсінушілік. Намысқа кір келтірушілік, моральдық рухтың асқақтығын қорлау − масқара болушылық.
Сенімділік, соғыс пен ұрыстағы сенімділік − дұшпаннан басым түсу сезімі, өзінің жеке басының ар-намысын сезіну. Сенімділікке істі білу мен жауынгерлік рухты көтеру арқылы қол жетеді.
Жігерлендіру − рухани күш беру, күш-қуаттың тасуы, сергектік күй. Әскерді жігерлендірудің құралдары мыналар: инабаттылықпен, кішіпейілділікпен ықпал ету, адамның адамгершілігін құрметтеу, бастықтың жеке өнегесі, ақыл-кеңес беру, айтқанын түсінікті етіп ұғындыру, көңілден шыққан қарапайым сөз, тапқырлық, шешендік, орынды айтылған әзіл-қалжың, ойын-күлкі, ән-күй, жауынгерлік және басқа да әндерді айту, би билеу мен бөлімшелердегі басқа да көркемөнерпаздық жатады…
Патриотизм − Отанға (мемлекетке) деген сүйіспеншілік, жеке, адамның аман-саулығы қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оны жеке адаммен барлық жағынан өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын біріктіреді.
Патриотизмнің маңызды элементтерінің бірі, онымен етене байланысып жатқан ұлттық рух пен ұлттық патриотизм жөнінде айтып өту қажет. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм − бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның белгісі мен қасиеті − өз халқына деген сүйіспеншілігі, жеке адам өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, территориясы, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этнографиялық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дәстүрлері жағынан да әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері және ерекшеліктерімен де байланысты. Мұның бәрін міндетті түрде есепке алу үшін әрі бұл сезімді әскерлерге күш-жігер беретін мықты құрал ретінде пайдалана отырып, патриотизм, отанға, ұлтқа сүйіспеншілік ұғымының жалпы арнасына бағыттап жіберу үшін білу қажет.
Барлық халық барлық ұлы да тамаша нәрселер жасауға қабілетті. Біз үнемі лайықты бауырмалдылық қарым-қатынас жасауға әрі кез-келген ұлт пен халықты құрметтеуге тәрбиелеуіміз керек.
Орыс ұлтының орта тобынан шыққан кейбір өкілдері басқа шағын халықтарға „екінші сортты» адам деп ойлап қараушылығына мүлдем жол бермеу керек, мұндай қате, мәдениетсіздік көзқарас өте зиянды. Өкінішке орай, олар мұндай көзқарастарымен ұлттық тудағы асқақ озық жоғарғы идеяны шовинизмнің жиіркенішті ұсақ-түйегіне айырбастай отырып, бірінші кезекте, ең алдымен өз ұлтының ұлы абыройына кір келтіреді. Орыс жолдастарға қатысты бұл кесірлілікті Калинин „орыс берекесіздігі» деп атаған…
Дәстүр − әскердің өткен тарихы туралы документті, ауызша аңыз-әңгіме (аңыз) түрінде айтылатын бүгінде белгілі бір бөлімде қолданылатын аңыз.
Әскерге жаңадан алынғандар өте тез қабылдағыш әрі әсершіл келеді, оларға бұрыннан әскери қызмет атқарып келе жатқандардың үлгісі, сөйлеген сөздері, айтқан әңгімелері, бейнелері және нандыруы өте қатты әсер етеді. Кез келген адамға батырдай болсам деген ниет, еліктеу тән. Өткен тарихымыздағы және қазіргі кездегі батырлардың ерлік істеріне еліктеу, соларға ұқсап бағу принципінде тәрбиелеу әскерге жаңадан алынған жауынгерлердің бойында әскери айбындылық туралы дәстүрлі түсінік пен ұғымды және ризашылықпен еске алып ерлік істерін аңыз ғып айтып, жырға қосып асқақтатып жүрген өзінің алдындағы жауынгерлерден кем болмауға, әскери қызметті олардан нашар атқармауға ұмтылушылық қасиет қалыптастырады.
Дәстүрді сақтау, нығайтып отыру және дамыту − командирдің жауынгерлік туды қан төгіп, өмірін қиып, құлатпай жоғары қадап қаза болған қарулас жолдастарының рухының алдындағы қасиетті парызы мен міндеті.
Әскери айбындылық − ешнәрсемен де есептеспей, жан аямай батылдықпен жеңіп шығу. Әскери айбындылық тәртіп пен ерліктен (күш-қуат, өзін-өзі ұстау, табандылық және қаһармандық) ептілік, денсаулық, күш-қуат, сергектіктен тұрады.

Б.Момышұлы тағылымы

Азамат жолы — ар жолы.

Опасыздық — ойсыздық.

Намысты нанға сатпа.

Өтріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық.

Ата-ана қадірін біле алмаған, халық қадірін біле алмас. Халық қадірін білмеген, ата-ана қадірін біле алмас.

Жақсы сөз жанға жақын, құлаққа жағымды, ойға қонымды келеді.

Сөз жылата да, жұбата да алады.

Әрбір адам баласы өз ұлтын сүюге тиіс: өз ұлтына деген терең сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды терең тану, құрметтеу мен сүю биігіне көтеріледі.

Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды.

Адамның харекетінен оның жан дүниесінің лебі аңқып тұрады.

Тәртіп кейде тәртіпсіздік те тудырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *