Педагогикамен жақсы таныс болудың керектігі
Мағжан Жұмабаев
Бала тәрбие қылғанда әрбір тәрбиенің алдымен қолданатын жолы — өз тәжірибесі. Яғни, бала күнде өзі қандай тәрбие алған һәм баланы бұрын өзі қалай тәрбие қылған. Міне, осы жолмен жүреді. Әрине, бұл жолды тіпті қисық жол деуге болмайды. Қисық болу былай тұрсын, тәрбие туралы әрбір тәрбиешінің өз тәрбиесі аса қымбат нәрсе. Адамның өз тәжірибесі – жүріп кеткен жолы. Ол жолдың жақсы-жаман жағы көз алдында сайрап тұр. Естігеннен көрген анық. Көргеннен бастан кешкен анық. Бірақ бұл әркімнің өз тәжірибесі қанша қымбат болғанмен, қатесіз жол деуге болмайды. Бір адамның тәжірибесі − тым тар, тым бірбеткей тәжірибе. Тәрбиешінің өзіне қолайлы болған жол тәрбие қылатын балаға қолайлы болмасқа мүмкін. Тәрбиеден мақсұт − баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес. Келешек өз заманына лайық қылып шығару ғой. «Балаңды өзімдей бол, деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет!» деген Әзірет Әлидің сөзінде көп шындық бар. Бұл −бір.
Екінші, әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы − ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылуы туралы ескіден қалып келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбисімен тәрбие қылуға міндетті. Бірақ ұлт тәрбиесін, ұлттың, тәрбие жолында ұстаған жолын түгелімен дұрыс деуге болмайды. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп болған сықылды, жамандық жағы да көп. Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр. Баяғыдан бергі ұлт тәрбиесінің ішінде ұнамсыз, зиянды әдет, жол-жоралар толып жатқан ұлттың біреуі−біздің қазақ. Қысқасы, ұлт тәрбиесі қанша қадірлі, керек жол болғанмен, адастырмайтын дұрыс жол деуге бола бермейді.
Жоғарыда айтқаннан көрінеді, балаға шын дұрыс тәрбие беру үшін тәрбиешінің өз тәжірибесі һәм ұлт тәрбиесімен таныс болуы жетпейді екен. Бұлар бірбеткей шикі тәжірибелер. Бұлар − сыннан өткізіліп, пісірілмеген күйде берік негіз бола алмайды.
Бұлардың арасынан жақсы-жаманын, алтын мен мысын тізіп ала білу үшін тәрбие майданында шынығып ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойларымен, қысқасы, тәрбие туралы дұрыс жолға түсіретін шын тәрбие дәнімен, яғни педагогикамен жақсы таныс болу керек.
Педагогикаға жәрдемші пәндер
Педагогика адамның денесін һәм жанын дұрыс тәрбие қылу жолдарын ізденетін пән болғандықтан, педагогика пәнімен дұрыс пайдалана білу үшін, екінші түрлі айтқанда, адамды дұрыс тәрбие қыла білу үшін адамның денесі һәм жанының жайын кеңес қылатын басқа пәндермен таныс болуға тиісті. Бұл пәндер төмендегілер.
Дене туралы пәндер:
Анатомия. Адам денесінің құрылысын баяндайды. (Денеде қандай мүше бар, жаралысы қандай?)
Физиология. Адам денесінде болатын көріністерді баяндайды (тұру, жүру, демалу сықылды).
Гигиена. Саулықты сақтау пәні.
Гимнастика. Саулықты бекіту үшін түрлі дене қозғалысы туралы пән.
Жан туралы пәндер:
Психология. Адамның жанының жайын, жан тұрмысын, жан көріністерін, жан күштерін, ақыл-ойдың жайын баяндайтын пән.
Логика. Дұрыс ойлау жолдарын көрсететін пән.
Этика. Құлық туралы пән. Яғни, адамшылық не? Осыны баяндайды.
Педагогикаға тағы бір керекті пән «Педагогика тарихы». Түрлі заманда түрлі тәрбиеге адамзат қалай қараған, қандай жолдармен жүрген, тәрбие дүниесінде қандай білімпаздар өткен, олар қандай жаңа жолдар тапқан? Міне, педагогика тарихы − осыларды баяндайды.
Педагогика бөлімдері
Педагогика пәні беске бөлінеді:
1. Жалпы педагогика. Адамның дене һәм жан күштерін, тәрбие жолдарын көрсетеді.
2. Дидактика.Оқытудың негізгі жолдарын көрсетеді.
3. Методика. Оқытудың негізгі жолдарына негіздеп белгілі бір пәнді қалай оқыту жолын көрсетеді. Мысалы, мектепте қазақ тілін қай жолмен оқыту керек екендігін үйрететін пән «қазақ тілінің методикасы» деп аталады.
4. Мектепті басқару. Бұл пән мектеп қалай салынуға, қалай ұсталуға тиісті, кластарға шәкірттерді қалай бөлу керек, оқу пәнін қалай белгілеу керек, міне осылар сықылды мектеп құрылысы жұмыстарын көрсетеді.
5. Педагогика тарихы. Бұл пәннің не нәрсені кеңес қылатындығы жоғарыда айтылды.
М.Жұмабаев тағылымы
Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт — ұлт болып эасай алмақ емес.
Жан көріністерінің ең қымбаты — ой.
Бір ұлттың тілінде, сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады.
Бала тілінің дұрыс өркендеуінің бірінші шарты — балаға сөзді бұзып сөйлемеу керек.
Ой тілі — сөз.
Ой деген — у.
Отсыз жүрек — бос қуыс.
Үнсіз өмір — сөнген көмір.
Қалың ой — қара жылан.