Мәшһүр Жүсіп Көпеев
Бір жаманы – өзіне де, басқаға да залалды ағаш. Денесі зор, бұтағы есепсіз көп, жапырақтары қисапсыз. Әр жапырағы әр түрлі басқа-басқа у. Көзге көрінісі бек тамаша, қызықты. Көрген кісі құр көрумен өзіне құмар. Исінің ондылығы мұрын жарады. Тәттілігі бал мен қанттан тәтті десең өтірікші болмайсың. Бірақ қай-қайсысы болса да ақыры у болып, жолап кеткеннің басын жоймай тынбайды. Және ол жаман ағаштың түбінен гүрілдеп ағып жатқан өзен бар. Ағып жатқан өзен болғанына – бұтағы, жапырағы мол. Өзі қызықты болғанына қызығып, бір ел келіп сол ағаштың түбіне қонды. Ағашта у барлығын біліп, уы білінген бұтақтарын кесумен әуреленді. Бір жағынан бір бұтақты бұл кесіп жатса, ар жағынан тағы өніп-өршіп шыға береді. «Залалды болды» деп бір бұтағын бүгін кесіп тастаса, ертең және бір бұтақ шыға келеді. Ол онан да зор залалды болып шығады. Ешкімнің ойына келмеді, әуелі суды құртайық, сонан соң ағаштың түп тамыры құрып қалған соң шығып өсіп-өнуге жарамайды ғой деп. Бұл ел сол ағаштың бұтағын кесіп, тауысамыз деумен өздері таусылып бітті.
Енді бір ел келді. Бұл ел бұрынғы елдей болмады. Білді, су құрыса түп тамырынан ағаш құрып жоқ болатынын. Суды бір жаққа бұрып ағызып жіберді де, ағаштың айнала түбіндегі топырақты алып тастап, ағаштыңтүбін кемпірдің қаса сүйегіндей ақситты да тастады. Енді ағаш өзінен-өзі құрып, у жапырақ шықпақ түгіл, қу тобыр болып, дәнемеге жарамай қалды.
Текке көп бұтақ кесіп бейнеттенуден бұл ел халас болды. Қиссадан қисса, мақсұттан мақсұтты сезіп білу керек. Бұл жаман ағаш не дейсіз, бұл жаман ағаш адамның ішкі-сыртқы көрінісі. Қаншама қызықты болғанымен бір кісінің ішінде… көп бұтақ, оған шыққан жапырақтар – бәрі де у болып жатқаны… Пайда болған такаппарлық, күпірлік… күншілдік, сараңдық, қырыстық… өрлік, кекшілдік… ұшы жоқ ұзын, түбі жоқ терең жаманмінездердің неше атасының ауылы. Ол ағаштың түбінен гүрілдеп ағып жатқан өзен адамның денесіндегі қан.
Әй, жігіттер! Естеріңде болсын, шайтан… ол бір кесек нәрсе емес, бит пен бүрге сықылды бір жеріңнен денеге кіріп кететұғын. Өзіңнің денеңдегі арам қанның жүрегіңе барып құбылып, жүрегіңді толқытып, өзіңді бұзатұғын шайтан да сол… Қан бұзылса, кісі бұзылады. Шайтан деген нәрсе өзіңнің ойың. Ой иесі шайтан жүрегіне неше түрлі ой салады. Бәрін өзіңнің бұзылған қаныңның күші салады. Олай болса, көп ішіп, көп жеумен екі арам көбейеді. Бірі қарын кебежесінде, бірі қан… бірі күллі денеңді аралайтұғын қан. Бұл екеуі бойыңда толық болып тұрғанда басқан-тұрған жұмысыңның бәрі өзі де у болғаннан басқа пайдасы жоқ. Құнанбаев Ыбырай марқұм айтты ғой:
Өмір дүние дегенің ағып жатқан су екен,
Жүрген-тұрған жұмысың ойлап тұрсаң у екен, – деп. Және бір сөзі:
Адам бір боқ көтерген боқтың қабы,
Өлсең сасық боласың боқтан тағы.
Менімен сен теңбе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі ол баяғы, – дейді екен. Соңғы әулиелер адамды адам санына кіргізбей жүрген қарындағы бір қан… екенін білді де ішпек-жемекті аз қылды. Ол екеуі азайған соң, ұйқы бөлінді, сергек болды. Сонан соң күлкі кем болды. Денеде арам қан азайды. Арам қан азайған соң жүректі барып ұйытқытып бұзатын дәнеме табылмады… күш, құт алып періште сипатта болды…
Адам баласында бір табиғат бар, кәдімгі заманнан өзге өзгерсе де бұл табиғат өзгермейді. Бұл күнге шейін мәңгі-бақи.
Ол не десең? Тура сөйлеушінің жазасы нахақ өлтірілу. Күнәкәрларға кесімді түрлі жазалар бар. Бір адам турашыл болса, хақ сөйлеуші болса, оның жанына сұқтанып, қас қылушы даяр тұрады.
Бұ табиғат әр милләтте, әр жыныс адам баласында бүгінге шейін бар нәрсе. Хақиқат дұрысы осы деп қостаушы болмайды, соның көзін қалай жоғалтудың жабдығына кірмек. Сол табиғат хазірет пайғамбарымыз Мұхамед ғалайссаламның жанына ғаріптердің сұқтанып өшіккені сондай, замананың абзалы болып жаратылған пайғамбар да қашып, басын зорға құтқарды…
Тура сөз иелері өз ұлтында тұрып күн кешіре алмайды.
Батырлық жолдасқа пайда, жанға қас, Мырзалық конаққа пайда, малға қас, Өтірік сөз дауға пайда, иманға қас, Өткір пышақ қолға пайда, қынға қас.
–Басқа пәле қайдан?
–Басқа пәле тілден.
Бір менің дегенім дәнемеге тұрмайды. Құдай өзі сақтауында кылсын, я алла өзің сақтай гөр.
* * *
– Сөз өзі не нәрсе?
Сөз – адамның өнері. Өнер алды – қызыл тіл деген. Адамның ғазизлігі… сөзбен болды. Хайуан сөз өнері болмағаннан хайуан болды. Көңіл бір жатқан кеннің дәриясы. Сонан шыққан сөз жауһар. Ауыздан шыққан сөзкөмір. Тіл бір болаттан жасалған өткір қанжар. Оның
майдалап, уақтап жасап шығарып жатқанының бәрі інжу. Көп адамның бір жерге бас қосқаны – бау-бақша жасалған сиякты. Соның ішінде сөз жеміс сықылды. Бұ дүние бір қараңғылыктай нәрсе. Оны жанды қылатұғынақиқат сөз. Сөз өліп қалған көңілді тірілтеді. Сөздің ізетінен адамның жаны рақат алар. Сөз жүгінің самалыхазірет жәбірәйіл ғалайсаллам болды. Сөз осал жүк екен. Тіс тізіліп орнында тұрғанда қандай? Жерге шашылсане құн қалады. Назымнан келген сөз орнында тұрған тіс сықылды. Қара сөз соның шашылып жерде жатқаны сыкылды. Назым – әр түрлі жеміс шығып тұрған бау ағашы. Қара сөз көңілдің бау-бақшасында үлпілдеп тұрады. Жерге шашылды – қара сөз болды. Меруерт, маржан,інжу әбдіреде жатты – кім көрді? Тізілсе, жұрт көзіне
түсетұғын болды. Қара сөз солардың әбдіреде жатқаны.
Адам қалай қылғанда адам болады? Ұшқан құстан, жүгірген аңнан ғибрат алып, солардың мінезімен мінезденбесе, аш арыстан жүректі болып келсе, палуан жолбарыс білекті болып келсе, досы көп болып, дұспаны жоқ адамнан осы екеуінің жүрегі, білегі табылады. Бұл екі хайуанның мінезінен шафағат табылады. Қазақта мақал бар: «Қарға табанымен басып жейді, сұңқар шашып жейді» — деген. Оның мәнісі – қарға біреу көріп қоймасын деп жалтақтап табанымен басқаны – жасырғаны. Сұңқар өзінің жегенін мақсат қылмайды, басқаға пайдам тисін, сарқытымды кім болса, сол жесін деп, жан-жағына шашып отырады екен. Сондай болғаны үшін қазақ мақал сөзінде: «Қарғаға балшық, сұңқарға талшық» делінеді. Бұл сөзден нәсихат табылады. Бал жинайтын ара қандай ұя жасайды… Адам «мен дәнеме білмеймін» деп қарап отырмай, өнерге тырысу керек. Қазақ мақалында бар: «Өнерлі өрге жүзеді» деген.
Мысық бір тышқан алып жесе, аузы-басын сүртіп, жаланып, өзін-өзі таза ұстауға қандай тырысады. Сол үшін оның өзі арам емес, тазалықты мұнан ғибрат алуға жарайды. Кішкененің қайраттысы мысық. Өзі кіп-кішкентай болып, зор нәрседен қорықпайды. Қараңғы түнек жерге хайуаннан қорықпай жетіп баратын мысық.
Өзінің қаралдысынан үлкенді құмырсқа көтереді. Ол үмітінің зорлығынан үмітті болуды мұнан ғибрат алуға жарайды.
Жігіт адамның қырағылығы бүркіттей болсын. Зеректігі байғұздай болсын. Жүрісі маймылдай болсын. Он екі қырлы, бір сырлы, отыз аяқты болсын. Бұлай дегені – басқан ізін білдірмей, жүрген ізін кісіге сездірмейтін болсын дегені. Орнына қарай мінез қылсын. Сонда адам болып, адам қатарына кіреді. Біреуді біреу ит десе ашуланады. Өзі ит дәрежесіне жеткен жоқ. Ит суыққа, аштыққа шыдамды болады. Иесіне опалы болады. Ас құйса да, құймаса да, қадірлеп күтсе де, күтпесе де басқа біреудің есігіне телміріп бармайды. Қанша ұрып, соқса да иесіне кек сақтамайды. Түн болса, дамыл таппай үріп, иесінің маңына күзетші болады. Қараңғыдағы дыбысты аттан ит бұрын естиді. Түн болса ұйқыға да сақ болады, не үшін, иесіне көмек көрсету үшін. Жақсы кісіге, киімі әдемі кісіге үрмейді. Жаман кісіге, киімі жаманға үреді. Естілікте жаман-жұман кісіден есті болады. Қазақта мақал бар: «Киімі жаманды ит қабады, пиғылы жаманды тәңірі табады» деген. Ит иесіне болысып дұшпанға қару қылады. Сол үшін бұрынғылар айтқан: «Ит опа, қатын жапа» — деп.
Адам мінезді қайдан үйренем демесе керек. Түйе деген малдан ғибрат алу керек. Түйе сондай зор биіктігін ойына алмай, бір тышқанның құйрығына байлап қояберсе, еріп жүре береді. Өзі қырық күн шөлге шыдайды. Көзіне көрінгенді қорек қылып, еш нәрсені талғамай жеп қанағат қылып жүре береді. Күштілікте қара жердің кемесі десе болады. Көнгіш те, сондай көнгіш бола шөгерсе де шөгіп жатады. Түн болса, байлап қойған жерден қозғалмайды. Оның жалғыз-ақ құмар нәрсесі тұз болады. Тұз жалата берсе, жаны кіре береді. Қазақта мақал бар: «Түйе тұзға тоқтайды, жігіт қызға тоқтайды». Және бір мақал бар: «Тұз десе, түйе тұтпайды, төркін десе, қыз тұтпайды» — деген. Төрт аяқты хайуанда түйе малының ұрғашысы ер іздемейді. Иесі қолынан шөгерсе жатады. Әйтпесе, ғұмырында еркегін керек қылмайды десе де болады. Мұнан ғибрат алуға жарайды.
Біздің қазақ жұрты мақтаған адамын «қойдан қоңыр» деп сөйлейді. Қойда жуастық мінез бар. Сол себепті басқа хайуандардан сипатты болады. Ешкі егіз табады, ит сегіз табады, шошқа тоғыз табады. Онан да көп табатын хайуандар да бар. Қасқыр қанша күшіктейді? Түлкі, қарсақ, мысық әрқайсысы қанша бала табады. Қой жылына жалғыз-ақ қозы табады. Сонда да төрт аяқтыда қойдан көп жануар жоқ. Өзі жылына үш түлейді. Бір қабат жүнін «жабағы» деп атайды. Қазақ халқы оны қанша пайдасына жаратады. Өзіне киім, малына жабу, артығын сатып, керек-жарақ алады. Бір түлеген жүнін қозының қарын жүні дейді. Одан текемет басып, қызға жасау қылады. Үй ішіне төсеніш қылады. Ақ жүнінен аппақ киіз басып, тұскиіз жасайды. Үшінші түлегенін күзем жүні дейді. Қанша киіздер басып, онымен керек жабдықтардың бәрін бітіреді. Жазда отыратын киіз үй, ішкі-тысқы төсеніштері мен қысқы үйдің астына төсейтін төсеніш – бұлардың бәрінен артылғанын және сатып керек-жарағын алады. Қазақ жұртының тұрмысын бірсыпыра көтеріп ірілендіріп тұрған осы қой деген мал. Құрт-май. Қыс болғанда қазақ деген жұрттың отыны қойдың барлығынан табылады. «Қой дегенде қой-ақ қой» дегені – ол жарықтықты айтып не қыласың деген сөз. Қойдың жүнінен басылған киіздің бір қасиетін сөйлейік. Кеше қазақ жұртында Едіге баласы Шоң би жаз күнінде қанша игі жақсы бас қосып, бір киіз үйде отырғанда жарқ-жұрқ етіп найзағай ойнап жаңбыр жауды дейді. Сонда Шоң би отырған үйдің төбе киізіне қараса, бір саңылау-тесік жоқ екен. Қасында отырған әлеуметтен сұрады:
— Осы үйдің екі үзігін ұрлағанға қандай айып саларға керек? – деп. Жұрт дәнеме дей алмады. Сонда Шоң би өзі айтты дейді: Дәл осы үйдің екі үзігін ұрлағанға іші тола отырған жанның құнын төле деп бұйырар едім, — дейді. Отырған жұрт бұл сөзіне көнбей:Бұл екі үзікті сатса пәлен қой, мұнша құнды, мұнша пұлды болатын мұның не артықтығы бар, — дейді. Сонда Шоң би отырып айтты:Сендер құдайдың қай бергенінің қадір-қасиетін білесіңдер. Күн күркіреп жауып тұр. Найзағай ойнап,жарқ-жұрқ етіп тұр. Естігенде жанда зәре қалды ма? Аспаннан түсетұғын жайдың оғы тесігі жоқ бүтін киізден тіпті өтпейді. Дәл осы күнде осы үйдің үстінен жайдың оғы кез келсе, өтетұғын жері жоқ, киіздің жүнініңарасына бытырап-бытырап сіңіп кетеді. Осынша жандысақтап қалуға себеп болған соң бұл үзіктің құны үй толыжанның құны болуға қалай жарамайды, — дейді. Отырған жұрт жағасын ұстап, таң-тамаша қалды дейді.
Жапалақ деген құс болады. Өзі он жұмыртқа табады. Соның бәрін бірден жарып ұшырмайды. Екеу-екеуден жарып бала қылып ұшырады. Бәрін бірден жарып бала қылсам тамақ жеткізе алмаспын деп. Өзі намаздыгерден жоғары, бесіннен төмен бір-ақ мезгіл ұшады. Алса бір тышқан алады, алмаса алмай қалғаны. Сонда да құстың семізі болады. Себебі, қанағаты мол болғаннан. Адам қанағатты содан ғибрат алса керек.
Байғұз деген құс бар. Ғариплықты, бейшаралықты мойнына алып, таста жатады, қайда бұзылған жай болса, сонда жатады. Су ішпейді, бидай, тары жемейді. Өзінде көлденең тістеген қылдан да жіңішке шөп болады. Оны да жемейді. Құры тістеп жүрсе керек. Қазақта бір сөз бар: «Тұрымтай екеш, тұрымтай да тайлы биенің етін жейді деген. Бір тауыққа һәм дән керек, һәм су керек деген. Бір нәрсені қорек қылып жейтұғын болсам, соның қарғысына ұшырап бейнетке қалсам керек» — деп. Сол үшін ешкімнің көзіне түспейді, жанға көрінбейді. Сүлеймен пайғамбарға барша құстар қызметкер, құл болғанда, ол келмеген. Сонда Сүлеймен патша:
— Не үшін маған келмейсің? — дегенде, байғұз айтты:
— Менің жалған дүниеден ешбір керек қылған нәрсем жоқ. Сенен не іздеп келейін деген. Бұл сөзге ақылжіберіп, ықылас қойған адам мұны ойлап пікір қылу керек. Ұшқан құсты торға түсіретұғын, жүгірген аңды орға түсіретұғын тамақ екен. Жұтқын тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға датүспейді. Осы күнгі адаммын деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында. Ол жау не десеңіз, жұтқын тамақ жалғанда мазаққа, ақыретке, ғазапқа түсіретін тамақ. Тамағынан тартылған бәріне ықыласты болады.