Мейірімді бала
Ы.Алтынсарин
Қытай жұртында ескі заң бар: біреуді алдағандығы мойнына түскен кісінің қолын кесетұғын. Бір төре осындай іспен кінәлі болып, әлгі айтылған жазаны берерге тұрғанда, кінәлі төренің жас қыз баласы әкем үшін жауап беремін деп, мәлім болды. Қызды патшаға алып келісті:
−Тақсыр патшам, − деді қыз, −менің әкем жазаға лайық болғаны рас, соның үшін қолынан айырылуы керек болды, мінеки, тақсыр, әкемнің қолы деп, өзінің қолын көтерді. Бұл қол да менің жазықты болған атамның қолы, бірақ, мұнымен бала-шағаларын асырауға шамасы келмейді. Бұйырыңыз, тақсыр, осы нашар қолын атама қалдыруға.
Патша баланың мұнша атасына мейірімділігіне рахымы келіп, төренің күнәсін кешті дейді.