Спандияр Көбеев
Кейбір педагогикалық мәселелер туралы
Оқытушының беделді болуының маңызы
Ең әуелі оқытушы әр жақты білімі бар, өз дәрісін толық меңгерген адам болуға тиіс.
Тіпті, оқытушының жазуы әдемі болуы, сурет сала білуі, шығарманы жақсы мәнерлей білуі, мүмкін болған жағдайда сызу жұмысын да, ән салып, музыка аспаптарын ойнап, тарта да білуі оқушылардың алдында оның беделін арттыратын керек істер болып табылады.
Қысқартып айтқанда, оқытушы әр жақты білімі бар адам болуы керек. Оның беделді болуының негізгі бір шарты осы. Қазіргі заманда білімі таяз, өз дәрісінен басқаны білмейтін тұйық оқытушы тек оқушылардың алдында ғана емес, жалпы еңбекшілердің аддында да беделді бола алмайды. Өйткені біздің еддің адамдарының мәдениеті кең және терең өсіп барады.
Оқытушы беделді болғысы келсе, ол өзінің оқушыларын жақсы көре отырып, ешбір көңілшектікке жол бермей, мектеп тәртібі бойынша, жалпы педагогикалық ереже бойынша, өзінің оқушыларына тиісті талаптар қойып, оны орындатып отыруы керек.
Демек, оқытушы өз оқушыларын қадағалап, әрқайсысының ерекшелігін біліп, тілін таба білуі керек. Сондықтан да дәріске жақсылап дайындалу – оқытушының беделді болуының негізгі бір шарты болып табылмақ.
Осы сияқты, оқьггушы ұқыпты болуы керек. Ұқыптылық жоқ жерде бедел де жоқ. Айталық, оқытушы балалардың дәптерлерін жинап алып, оларды ұқыпсызұстағандықтан, сол дәптерлердің не біреуін жымырып, не сия төгіп алып, оқушыға қайтарса, онда оқытушының беделден айырылғаны. Егер оқытушының киімі алқам-салқам болса, өзі ұстамсыз болса, сөйте тұра, ол балалардан ұқыпты және тәртіпті болуды талап етсе, балалар оның сөзін тыңамас еді. Сайып келгенде, оқытушының беделді болуы, өз оқушыларына үлгі болуы, оның мәдениеттілік дәрежесіне, саналылығына, ұқыптылығына байланысты.
Қорыта айтқанда, мұғалім қандай болулары керек? Менің ойымша, біріншіден, ол теорияны жақсы меңгерген, ұдайы оқып, өзінің идеялық-саяси білім, мәдениет дәрежесін жоғары көтеруші адам болуы керек. Екіншіден, оқытушы қоғамшыл, қоғам жұмысына белсене қатысып отыратын адам болуы керек. Үшіншіден, оқытушы өзінің педагогикалық мамандығын жақсы көретін, осы мамандықтың жетіле беру жолында арымай-талмай еңбек етіп, ұдайы ізденіп, педагогика ғылымын тереңдей зерттеп отыратын адам болуы қажет. Төртіншіден, оқытушы өзі сабақ беретін пәнді толық меңгерген, сонымен бірге, ғылымның әр саласынан көп хабары бар, жан-жақты білімі бар, мәдениетті болуы қажет. Бесіншіден, ол өзінің әрбір оқушысының ерекшелігі мен зейінін жақсы білетін, балаларды, өз оқушыларын жақсы көретін, оқыту әдісін жетік білетін болуы кажет. Алтыншыдан, оқытушы өз оқушыларымен тығыз байланысты, олармен дос, олардың қойған тілектеріне көңіл қойғыш, сұрауларына түсінікті жауап бере алатын, мұң-мұқтажына ұдайы көңіл қойып отыратын қамқор болуға тиіс. Жетіншіден, оқытушысы өз оқушыларына қатаң талап қоя отырып, сол талаптарын орындатқанда, оқушыларды жақсылап ұғындыру арқылы, барлық істегі саналылықпен ұқыптылығы, мәдениеттілігі мен үлгілігі арқылы орындатып отыратын адам болуы керек. Сегізіншіден, оқытушы керек болған жағдайда, жаза тарттыра отырып, бұл шараны балалардың, оқушының тәртіпті болуын жақсы тәлім-тәрбиелі және саналы болуын көздеп жүргізетін адам болуы қажет.