Анушированның үгіт-насихаттарын еске түсіру туралы
Ей, перзентім, Ануширован мына төмендегі үгіт-насихаттарды айтқан екен:
1. Дәулет ертелі-кеш келуі де, кетуі де мүмкін, барлық жағдайдың алмасып және өзгеріп тұруына таңданба. Яғни, шаттық кетіп, қайғы келсе, қайғы кетіп шаттық келсе, оған мән берме.
2. Халық не үшін бір рет опық жеген істен қайтадан опық жейді? Егер бір істі істеп, өкінішті жағдайда болсаң, оны екінші қайталама.
3. Адам тіршілігі өмір талабына сай болмаса, не үшін ол өзін тірімін деп есептейді?
4. Халықтың қамы үшін өз рақатынан айрылған адамды дұшпан деме.
5. Өнерсіз жанмен дос болма, өйткені өнерсіз адам достыққа да, дұшпандыққа да жарамас.
6. Өзін дана санаған наданнан түңіліп, сақтанғын.
7. Ащы болса да, сөздің ақиқатын айт.
8. Сырыңды дұшпан білмесін десең, досыңа айтпа.
9. Құлды иесі базарға салып сатады, біреу сатып алады, ал құл әуелгісінен бостандық алған сияқтанады.
10. Үмітсіз кісінің еккенін жегеннен, аш жүрген жақсы.
11. Наданның өзіне істеген ісін ақылды жан дұшпанына да істемейді.
12. Әр адамның білімі болғанмен ақылы болмаса, ол білімі өзіне зиян келтіреді.
13. Егер адам баласын тұрмыс ұстазы дана қылмаса, оған ешбір дана ақыл үйретемін деп әуреленбесін, әуреленген жағдайда еңбегі зая кетеді.
14. Наданнан өз тәнінді сақтағандай, одан барлық нәрсені де аулақ сақтау оңай.
15. Сен туралы халық жақсы сөз айтсын десең, сен өзің алдымен халық туралы жақсы сөз айтқын.
16. Халық үшін істеген еңбегін босқа кетпесін десең, саған халықтың істеген еңбегі босқа кетпесін.
17. Егер дос-жарансыз қалғың келмесе, кінәмшіл болма.
18. Егер қайғысыз болғың келсе, қызғаншақ болма.
19. Өміріңді қиналмай өткізгің келсе, қол жеткен табысыңды қолдан берме.
20. Егер өзіңді азаптан құтқарғың келсе, бітпейтін іске қол ұрма.
21. Егер өзіңді қайыршы деп айтпауын тілесең, табылмайтын нәрсені іздеме.
22. Егер абыройдан айырылғың келмесе, жақсылық жасауды ұмытпа.
23. Егер масқара болғың келсе, істемеген істі істедім де.
24. Егер пердем жыртылмасын десең, біреудің пердесін жыртпа.
25. Егер сыртымнан жұрт күлмесін десең, қол астыңдағыларға рақымды бол.
26. Егер ұзақ өкінетін жағдайдан сақтанғың келсе, көңілің нені қаласа, соны істеме.
27. Егер зерек болғың келсе, жүзіңді халық көзімен көр.
28. Егер қадірлі болғың келсе, халықтың қадірін біл.
29. Халық сенің сөзіне сай іс қылсын десең, сен өз сөзіңе сай іс қыл.
30. Халыққа жақсы көрінгің келсе, өзіңнің құпия сырыңды ақылсыз жанға әшкере қылма.
31. Егер жалпы халықтан жоғары дәрежелі болғың келсе, атағыңды шығару үшін дүниеңді көбейткін.
32. Жомарттықты қаласаң, опасыз болма. Біреуден аламын деп дәмеленбе.
33. Егер айыпсыздар қатарында болғың келсе, жеке басының қамын ойлайтын нәпсінің құлы болма.
34. Әділеттілер қатарында болғың келсе, қол астыңдағыларды өз қамқорлығына алып, топтастыра біл.
35. Егер халықтың жаман сөздерінен өзіңді аулақ ұстағың келсе, олардан еш нәрсені зорлықпен тартып алма.
36. Егер халықтың сүйіктісі болғың келсе, көпшіліктің мұң-мұқтажын жақтап сөйле.
37. Егер халықтың жақсысы болғың келсе, олардан еш нәрсені аяма.
38. Егер тілім ұзын болсын десең, қолың қысқа болмасын.
Ей, перзентім, Ануширован Әділдің сөздері мен үлгі-насихаттары, міне, осылар. Бұларды оқы және ардақтай біл. Бұл сөздерден данышпандық салтанатының иісі аңқып тұр. Бұл сөз – дананың әрі патшаның сөзі. Барлық ілімді жігіттік шағында оқып білгін. Өсиет, ақылды ойында сақта, ал қартайған соң ақыл, өсиет, үгіт-насихатты тыңдаудың қажеті аз. Өйткені көпті көрген қарттардың көп жағдайдан хабары болғандықтан, ондай үгіт-насихатты қажет етпейді.