Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн

Жүсіп Хас Қажыб Баласағұн

 

«Құтты білік» дастанынан үзінділер

1 Құдіретті бір хақ озық баршадан,
Мадақ, мақтау, құрмет лайық бір соған!

40 Және елді берік ұстар кісіге,
Бұйырады ел басқару ісі де.

42 Патшаларда қалың халық қақы бар,
Ал, халықта патшалардың қақы бар.

43 Қара халық күзетсін де патшасын,
Патша елінің жан мен тәнін сақтасын.

48 Құты барға қызмет бер, жанастыр,
Бәзбіреуді қу, қақпаңнан әрі асыр.

49 Жақын ұста, сені жақын тұтқанды,
Құтсыз деп қу, жауыз шектен шыққанды…

51 Білікті, есті ерлер керек ержүрек,
Қазына керек тарататын елге ерек.

52 Таусылмаса қара халық тағаты,
Барлық істің ішіндегі – рахаты!

55 Жаралғанның бәрі мұңлық, мұңы көп,
Ием ғана, жалғыз шері, мұңы жоқ.

147 Адамды хақ жаратты да ескерді:
Оған ақыл, білім, өнер, ес береді.


148 Ділін оңдап, ерік берді тіліне,
Ұят берді қылық- құлық, тіліне!

151 Кімге хұда берсе білім, ақылды,
Қолы жетіп, алар ол мол асылды!

152 Ақылды – ұлы, біл, білімді – білікті,
Қонса екеуі, ұлы етер жігітті.

154 Ақыл қайда болса, ұлылық толады,
Білім кімде, сол білікті болады.

156 Білік мәнін біл, не дейді білген ер:
Білім білсең, бәле жүрмес іргеден.

157 Білімсіздер бар кеселді көреді,
Емдемесе, тектен текке өледі.

158 Кел, ай, надан! Дертке дауа жасағын:
Надан білім алса, құты тасады.

159 Ақыл – бұйда, ере түссе – жетелер,
Сансыз арыз- тілегіне жетер ер!

160 Ақыл болса, пайдасын ер көп көрер,
Білім білсе, әзіз тірлік өткерер!

161 Ақыл күллі ісіңді алып шығатын,
Бұл біліммен көрер бектер мұратын!

162 Ақыл, білім тілмәш – тіл, тіл – кепіл,
Жадыратар ерді шырын тілді біл!

163 Тіл қадірлі етер, ерге бақ қонар,
Қор қылар тіл, кететұғын бас болар.

164 Тіл – арыстан, есік баққан ашулы,
Үй иесі, сақтан, жұтар басыңды!

166 Тілімнен көп жафа шектім, есебім:
Бас кесілмес үшін тілді кесемін!

167 Сөзіңді бақ, басың кесіп алмасын,
Тіліңді бақ, тісің сынып қалмасын!

168 Білім берді, білікті өткір тіл берді,
Тіл иесі, басыңда бақ, біл де енді!

169 Тілесең сен есендікте жүруді,
Жаман сөзге қимылдатпа тіліңді.

171 Біліп айтқан сөз – даналық деседі,
Біліксіз сөз, қайран басты кеседі!

172 Көп сөйлеме, аз айт, бірер түйірін,
Бір сөзбен шеш, түмен сөздің түйінін.

Жақсылық мерейі туралы

Бұл дүние қып-қысқа көрген түстей,
Қадірін білген дұрыс көрге түспей.

Өмір де бір қазына, алған қарыз,
Қайырым етті қайтара салған парыз.

Түптің — түбі бұл тағдыр теңестірер,
Ажал келсе: ұлық, құл демес, білем.

Жақсылық қыл, суымай бойда қаның,
Бір өлім бар, жөн болар ойлағаның.

Қалар өлсең меншігің – есімің де,
Қатты серпкен кең дүние есігінде.

Құрметтер ел, жан болсаң затың жақсы,
Талай ғасыр жаңғырар Атың жақсы.

Білім- қазына екендігі туралы

Ары үшін Ер күреспесе, несі өмір?
Қосып берді, күншілдік пен өсегін.

Тағдыр кілті – өзімізден бәрі де,
Лайықсың ба? Биіктейсің әріге.

Жетер болсаң, бұл тірліктің мәніне,
Тағдыр, өзі-ақ айналады сәніңе!

Есті сөзді еске түйіп ал енді:
«Білген құлдан білікті жоқ әлемде!»

Надандықты құрта алмассың дәрімен,
Біліммен тек құтын қашыр әріден.

Ақыл – арқан: құз, шыңырау, құзарда
Шыбын жаның сол арқылы ұзарған.

Кім болсаң да, ғұлама бол айтарым –
Тек білімнен маңдай терің қайтады.

Билей алсаң – ақыл, білім, жүректі
Орындадым де, қасиетті тілекті!

Сөз сиқыры туралы

Естінің сөзі – хауыздың лебіндей есер,
Есердің сөзі – сүйреңдеп өз басын кесер.

Айтар болсаң, әр ойыңды қадап айт,
Бір сөзіңді мың толғамға балап айт.

Әр сауалың асыл болсын жасындай,
Ауыр тисін диірменнің тасындай.

Басың болса, даңқың қалар соңында,
Ізің қалар, хатың қалар жолыңда.

Басыңды ая. Басқа пәле тілінен,
Бірі – есірсе, ес кетеді бірінен.

У менен тең зәрлі сөзі наданның,
Күйе-жала – қаны зұлым адамның.

Ойлы сөзді, құлақ құрышын қандырар,
Білім ғана, май құйғандай жандырар.

Қорға жұртты, қорғағандай арыңды,
Тіл тигіздің – байлағаның бағыңды.

Қалар атың мынау жарық жалғанда,
Қайырымды сөз, қайырымды ісің қалғанда.

Өлсең бір күн, күлге айналар тәнің де,
Сөзің қалар – тілі бардың бәрінде.

Байлық болмас күмісің де, алтын да,
Тілге ие бол. Байлық сөздің нарқында. –

Ақыл, білім – құрметті етер халқыңа –
Көз жұмылса, айналады даңқыңа.

Ақындар туралы

Сәулелі сөз күндей шыққан шығыстан,
Шаштан нәзік, өткір алмас қылыштан.

Кір тигізбей ұста ойыңның өресін,
Мейірім етсең, мейірімділік көресің.

Ақиқатшыл дананың өсиетінің жаны бар,
Зұлымдыққа қайда да өз зауалы табылар.

Ұлықпысың, құлмысың – кім болсаң да мейлі,
Аппақ айдың астында қараймасын пейілің.

Даналық пен адалдық – табынары бұл елдің
Ұлығы көп, биі көп, көңілі жетіп білер кім?!

Даналардың тұғыры күнге жақын шың болар.
Ақымақтардың ғұмыры ұрыс-керіс, мұң болар.

Надан таққа отырса, көрген күнің сор болар,
Асыл тағың наданның бөксесінде қор болар.

Есіктегі есті ер сүйген адамшылықты,
Тақтан биік көтерер сүйем табалдырықты.

Даналықтың тақ-тәжі сатылмайды ақшаға,
Жасымайды асыл тас топыраққа батса да.

Даналық пен биліктің тегі біреу тегінде,
Екеуі де тең асыл, кемсітпеймін бірін де.

Ғалым білім береді, заң әкімнің қолында,
Ақ жол түбі деп білем, екеуінің жолын да.

Әділ әкім, үкімің – дүниенің тұғыры,
Шырын сөзің, шын ойшыл, тіршіліктің жұлыны.

Қанатты сөз құйылған данышпанның жанынан,
Күшті ол кейде, патшадан, табиғаттың заңынан.

Ұлы сөзге табынам, бір түйірі санаңның,
Еш өзгермей жететін, баласына балаңның.

Қандай өңнің шырайы – шуағы нұр көз болар,
Тіл – ақылдың ажары. Тіл қуаты сөз болар.

Көне сөздің сөздерін қайталаймын тағы да,
Даналықтың мәуесі – қайрымдылықтың бағы да!

Адамдыққа – адамдық,
Қайырымға – қайырым ету туралы

Қайырым етсе, достарың не бауырың,
Еселеп бер, көтер жүктің ауырын.

Ақымақ болма – тимесін еш кесірің,
Дәм татырған жанға, ашып есігін.

Қайырымды бол, қырық қатпар ғаламға,
Көзіңді ашып, білім берген адамға.

Досың болса, алға тартқан ақылың,
Хан көтер сен, сенсін саған жақының.

Қайда жүрсең, жасай көрме бетсіздік,
Самарқаулық, ұмытшақтық – тексіздік.

Бауырыңдай демеу болған жігітке,
Сырт айналма, адамдықтан түңілтпе!

Қызмет еткен азаматты жаныңда,
Жаудай көріп, ар жолынан жаңылма!

Үйлену туралы

Қалыңдықты алу оңай. Той да оңай,
Табу қиын, осы жағын ойлағай.

Таңдағанда – ақылына қарарсың,
Әдептісін, ісмерін қаларсың.

Көрінгенге көзін сүзіп қалмасын,
Кәрі- жасты тек алыстан арбасын.

Көрде ғана топырақ түсер көзіңе –
Шөп түсірмей, адал болса өзіңе.

Қайын алма, алсаң нағыз қатын ал,
Адамшылық сіңген асыл затынан.

Мамық болмай бөксе, мықын, білегі,
Мамық болсын – мінезі мен жүрегі.

Жан жылуы нұрландырсын ажарын,
Бірге көрсін рақат тұрмыс азабын…

Ер жігітті адастырар көп себеп:
Бірі – күндей сұлулықты көксемек…

Енді бірі даңқтысын қалайды,
Үшіншісі – байлықты жар санайды.

Төртіншісі – бірін де ойға алмайды,
Ақ ниетті, әдептісін таңдайды.

Бай келіншек пейілмен-ақ қорлайды,
Оны алғандар өле-өлгенше сорлайды.

Кедей болсаң, көрген күнің құрысын
Бай қатының жүзін бермес құрысып.

Ұрыс-керіс, еш қылығың жақпайды,
Құлдай жұмсар, одан асқан жоқ қайғы…

Еркетотай тәкаппары тектінің,
Менсіне ме бәз біреудің тексізін.

Бек жігітке бұрып пейіл, жанарын,
Өз еріне сақтар суық қабағын.

Адал жарда болмаса ізі күдіктің –
Бақыты сол, байлығы сол жігіттің.

Жаны сұлу – нұр құяды жаныңа,
Мейірім, мінез, шаттық тіле жарыңа.

Құлай сүйген, жаны таза, ақылды,
Жақсы әйел құрметті етер атыңды.

Текке өткен өмірге шер

Ұққан ұғар, көрер көзі ашықтар,
Өлмейді әлем, өлгенімен пасықтар.

Болған талай қалалар да, халықта,
Уақыт көмді бәрін жердей табытқа.

Болған талай ауылыңыз, тайпаңыз,
Енді соның ізін тауып байқаңыз.

Бұл жалғанды билеймін деп ойлаған,
Қайда қалды ханың қанға тоймаған?!

Қайда сараң, дүниенің байлығын,
Алсам деген, болса деген шайлығым.

Бай да кетті ізсіз-түзсіз, ол анық,
Екі-ақ құлаш ақыретке оранып.

Дүние жалған, әуелі осы сырды ұққын,
Ашам десең, дарбазасын шындықтың.

Қуаныш та, небір қайғың сор маңдай,
Бәрі өтеді, қолмен сылып алғандай.

Бәрі жалған, тек сорына ғаламның,
Ақыл – үнсіз, бәрі шешен наданның.

Білу қиын кімдер әділ, кімдер ақ,
Өлер болды бірін-бірі күндеп-ақ .

Ой шіркінің ұшқыр көктің құсынан,
Сөзден де ұшқыр шыққан тілдің ұшынан…

Хас шындықты алмастырып сақтықпен,
Сенім менен сыйластықты таптық тең.

Шындық десе сақтық жасап үйрендік,
Сенімді тек достан күтер күйге ендік.

Не көрінді, осы басты қатырды,
Сену сирек, сенімің де сатулы.

Өмір – қысқа. Толған қапа жер беті,
Сараң қолың – бақытыңның жендеті.

Отырғызып жоқ — жітікті қасына,
Мейірім ету – келер кімнің басына.

Өзіңе тән, таңда адал жолыңды,
Кекшіл болма, кірге малма қолыңды.

Сөзімдіайттым, құлы болмай құлқынның,
Пайдасы үшін қалған қалың жұртымның.

Аңсамадым – мадағыңды, даңқыңды,
Көзге ілмедім күміс, гауһар, алтынды.

Ұмытпа тек, оқырманым – сырласым,
Жақсы сөзім жалғызсырап тұрмасын.

Кешір мені, баршаны тең көрмедім,
Мейірімімді бәріне тең бөлмедім…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *