Шоқан Уәлиханов
Жоңғар очерктері
Орта Азияның үстін күні бүгінге дейін бұлыңғыр тылсым бір мұнар тұмшалап тұрғандай. Ресей мен Англия еуропалық қуатты екі мемлекеттің жақын көршілігіне қарамастан, оның басым бөігі еуропа ғылымы үшін көп жағдайда әлі де адам аяғы баспаған қалың ну. Біздің қоғам жөніндегі оқымысты серігіміз П.П.Семенов Риттердің «Азия жерін тану» кітабының екінші томын аударып бастыра отырып, Кіндік Азия әлі күнге шейін Ішкі Африкадан арттық зерттелген жоқ деген байламға келді. Шынында да, Орта Азия жөніндегі жағрапиялық әдебиетімізде әлі де бар шатастырарлық қарама-қайшы деректер, егер ат ізін салмаса, бұл ел бізге бері қойғандашешімі қиын ғылыми жұмбақ боп қала беретінін аңғартады. Ал Орта Азия адамы жайында жалпы ештеңе біліп жарытқамыз жоқ.
Өзінің қазіргі қоғамдық құрылымы жөнінен Орта Азия дамудың ауытқымалы дағдарысы тәріздіс аса бір қайғылы құбылыс. Артық-кемі жоқ асырып айтпағанның өзінде, бүкіл ел су құбырлары, арықтары мен құдықтары қаңырап күтімсіз қалған, қираған жұрттан аяқ алып жүргісіз айтақыр алып бір шөл сияқты. Бұйрат-бұйрат құм басып, тікенді сексеуіл бұталары ғана өсіп, жабайы есектер мен үркек киіктердің мекені болған кәдімгі шөл дала десе де артық емес. Осынау сахараның ортасында өзен жағаларын бойлап көк терек пен тұт ағаштары және шегіршінмен әдіптелген жасыл жазиралары шашырап жатады. Әр-әр жерден көзіңе күрш алқаптары шалынады. Піспей жатып қоза күйінде жинап алатын шөптесін мақталық, жүзім және жеміс баулары жалқау адамға алланың ықыласы түсіп бере салған сыйлық сияқты. Осынау алқаптарда көк қақпалы қалалардың қираған жұртындағы көзге күйкі жатаған жер тамдары тұратын, ислам діні аздырып-тоздырып жіберген жартылай жабайы надан тайпалар діни және монархиялық өктемдікпен, бір жағы жергілікті әкімдердің, екінші жағы, қытайдың полицейлік билігінің талап-жаншуынан әбден мәңгіріп, мәңгүрттікке дейін жеткен.
Ежелгі Шығыстың ХІV және ХV ғасырлардағы ең мәдениетті, ең дәулетті елі – Мәуреннахрда (қазіргі Бұқар, Хиуа және Қоқан) басқа жерге қарағанда надандық пен кедейлік әлдеқайда үстем әрі күшті. Самарқанда пен Тәшкенттің, Хиуа мен Ферғананың (Қоқан хандығы), Бұқардың кітапханалары, Самарқандтың обсерваториясы қаныпезер татар тағылығының және діннен басқаның барлығына қарғыс таңба басқан бұқар жауыздығының рақымсыз қолынан құрып кетті. Өткен мәдениеттің іргелі ескерткіштерінің өзі молдалардың қырына алынып, Немброд мұнарасына табынып еліктеудің, адамның жаратқан ие алланың құдіретіне қарсы күресінің әсері деп, күл-талқан етті. Тек мешіттер мен медреселер, мұхаммед әулиелерінің зираттары, кенехана зындандар мен күмбезді мұнаралар ғана сақталып қалды. Бұлар қылмыскерлерді қамау үшін қажет, біздің дәуірге дейін сақталып келуінің сыры да осында жатыр.
Орта Азия хакімдері қазір ата-бабаларындай өлең шығарып, естелік жазбайды, астрономиялық кестелер құрастырмайды. Оның есесіне бұлар құдайдың құтты күні салтанатты шеру тартып, мешітке барып, молдалармен әңгіме-дүкен құрады. Ал қайтар жолда патшағарларымен қызыққа батып, болмаса әдейі үйретілген қошқарлар сүзісетін жануарларды қызықтап, онан кейін қарсы бас көтергені үшін жазаға тартылған сардарларына қырық шыбықтан дүре салынғанын тамашалайды.
Кіндік Азияның басқа бір бөлігі – Кіші Бұқарстанның жағдайы да жетісіп тұрған жоқ. Ислам дінінің үстемдігіне қарамастан бұл елде әйел еркіндігі етек алған. Дін еркіндігі, ұлыс енжарлығы және муниципалдық бастаулар, қытай бақылауы мен әскери шенділердің қанауы елді қайыршылыққа жеткізген. Ал Болор тауларындағы өзінің түп- тегін Ескендір Зұлқарнайыннан тарататын уақ әкімдер өз құлдарын қазақтың қойы құсатып сатады. Қайда барсаң да қирап-күйреп бүлінген бірдеңелер, көрсоқыр надандық пен жүгенсіз зорлық-зомбылық. Өркениеттің мұндай деңгейінде, жалпы Орта Азияда өркениет атымен жоқ дерлік. Ресей мен Англияның өзінің жабайы көршісін жақсырақ білеміз деген ниеті өкінішті әрі сәтсіз болып шығар еді.
1859 жылы менің Қоқан саудагерінің атын жамылып қоқан керуенімен Қашқарға өтуімнің сәті түсті. Атақты Марко Поло (1272) және португалдық иезуит Гоес Бенедикттен кейін бұл елде екі-ақ еуропалық болған. Оның бірі ост-үнді қызметінің офицері, аты-жөні белгісіз, бірақ саяхаты жайында қызғылықты жазбалар мен жолсапар жобасын қалдырған неміс те, екіншісі прусс ғалымы Адольф Шлагинвейт. Бастапқысына бамбук таяғымен Қашқарда дүре салынып, соның салдарынан ол он екі күн бойы атқа міне алмай жүрген. Ал екіншісінің басы алынып, адамдардың бас сүйегінен қаланған мұнараға қойылған.
Қашқар Қытайдың Түстік желісіндегі провинциясының округтік қалаларының қатарына жатады. Былайша айтқанда, Зұлқарнайын қолбасшысы Птоломей заманынан бері үлкен керуен сарайларымен, әсіресе кең өрістеген шәй саудасымен аты шыққан шаһар. Азия үшін Қашқар, бізге Қияқты, еуропалықтарға Шанхай мен Кантон қандай болса, сондай. Оның үстіне бұл шаһар шығыста шәукендерінің яғним келімді-кетімді кез келген шетелдік қысылмай-қымтырылмай, бұл арада өзі болған мерзімге үйлене беретін жас әйелдердің сұлулығымен аты шыққан. Сондай-ақ Қашқар өзінің кернейші-күйшілерімен, бишілерімен, ең бастысы әлемдегі ең жақсы янысар нашасымен әйгілі. Осынау даңқына орай бұл Азия саудагерлері құрылықтың шалғай-шалғайынан ағылып келіп жататын орынға айналған. Мұнда парсылық пен тибеттікті, Еділ татары мен үндісті, ауғандарды, армяндарды, жөйттерді, сығандардың мультандары мен лулуларын және қашып жүрген сібір каза-орысы, өзіміздің бір отандасымызды ұшыратуға болады.
Кейінгі кезде бұл қаланың басқа жағынан да атағы жайылып кетті. Мұнда соңғы кезде адамдардың басынан мұнара-күмбез бой көтеріп, кісілерді кәдімгі қой бауыздағандай бауыздай салатын ғадет шықты. «Қашқардағы қиыны ат сақтау, он екі пұл шөптің байламы, онан да қиын бас сақтау; таусылмайды ойбай-байбайы» деп халық жырында тегін айтылып жүрген жоқ. Таусылмайтын ойбай-байбай бұндағы күнде үрейі ұшып, зәре-құты қалмаған халықтың көңіл-күйін байқатады. Бұрынғы Қашқар әміршілерінің ұрпағы, қаладағы қанды қырғын көтеріліс, солардың жыртысын жыртып жатқан қожалардың қытайлықтардан гөрі өз пендесі қашқарлықтарды бауыздап тастауы көп-ақ. Мәселен, біреуін қытай үкіметі кезінде қызметші болдың деп өлтірсе, біреуін хакімнің алдында есінедің деп, енді біреуін қаратаулықсың деп шабады да тастайды. Қытайлар қожаларды қуып шығып үлгермей жатып әскери қуатының әлсіздігіне қарамастан, бір бастан қаланы тонап, қазынаның жылқысымен егістік далаларды таптап, әйелдерді тартып әкетіп, мешіттер мен бейіттерді қиратып, көзіне түскенді ұрып-соғып, ертелі-кеш дүрелейді де жатады.
Басып өткен жерлерінің ыңғайына қарай менің саяхатымды екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңге менің Жоңғарияға барған сапарым, яғни Жетісу, Іле өлкелерін аралап, Ыстықкөлде болуым жатады. Бұл жерлердің табиғи сипаты Сібір штабының түсірген тәп-тәуір суреттері арқылы бұдан бұрын да таныс-тын. Ғылыми тұрғыдан бұны Шренк Влангали, Семенов және Голубев мырзалар әжептәуір зерттеген-ді. Әйткенмен бұл ақпарат хабарлар физикалық жағрапия деректерімен ғана шектеліп, этнографияға мүлдем соққан жоқ. Мен Жоңғарияда алғаш рет 1856 жылы болып, полковник Хоментовскийдің Ыстықкөл бағытындағы бірінші экспедициясына қатысқанмын. Сонан соңүш ай Құлжада тұрдым. Жоңғарияда мен ұзын саны бес ай болып, бұл өлкені ерсілі-қарсылы шарлап, Алакөлден Тянь-Шаньға дейін бардым. Ал Тянь-Шаньға сол жылы Жырғалаң өзенін бойлай отырып көтерілдім.
Бұл жолы мен қағас қалған немесе алдымдағы зерттеушілер байқамай кеткен жағдайлар жөнінде айтқым келеді. Ең алдымен Жоңғардың жануарлар дүниесі, осы елдің ежелгі тарихы, ақыр аяғында, қазіргі тұрғындары туралы аз-кем айта кетсем деймін.
Жоңғардың өсімдік дүниесі жөнінде азын-аулақ мағлұмат бар. Александр Шренк ғылыми құштарлықпен шұғылданып, бұл елдің өсімдік әлемі жайында жалпы очерк жазып, оны өзінің білмекке құмар елінде неміс тіліне аудартып, Гельмерсен және Бэр мырзалармен қосылып, 1840 жылы басып шығарды.
Семенов мырза да Тянь-Шанның өсімдіктеріне көп көңіл бөлген. Шамасы, оның бай гербарийі болуға керек. Ал доктор Татаринов болса, Е.П.Ковалевскиймен Құлжаға саяхат жасағанда жолай анықтаған өсімдіктерінің тізімін жасап, оны Влангали мырзаның шығармаларымен бірге бастырды. Сөйте тұрып біз жоңғардың жануарлар дүниесі туралы бірде-бір мақаланы білмейміз.
Өз басым Ыстықкөл жағасында құстар мен құрт-құмырсқаға қатысты шағын ғана коллекция жинадым.
Бұл жинағандарым өзім жоқта бір танысым арқылы Дрезденге жіберіліпті. Бірақ одан әлі ешқандай хабар алғаным жоқ.
Алакөл мен Балқаш көлдері осы бертінге дейін тұтас бір су қоймасын құраған тәрізді. Өйткені, қазақтардың айтуына қарағанда, судың көктемгі жайылуы кезінде Алакөл Балқашқа ащылы саздауыт алап арқылы тікелей жалғасып жататын көрінеді. Ал бұл алқапты Семенов мырза қазақ даласы кеп тұйықталып, Орта Азия басталатын табиғи шекара деп санайды. Екеуінің жер қыртысы да, өсімдік және жануарлар дүниесі де бөлек-бөлек.
Ал менімше, Жоңғария өсімдігінің әралуандығымен даралана алмайды. Жазықтағы өсімдіктері қазақ даласының терістік бөлігіндегі сияқты. Таудікі болса, азын-аулақ өзгешелігіне қарамастан Алтайдың өсімдігіне ұқсас. Сонда да зоологиялық тұрғыдан шын мәнінде әжептәуір ерекшеліктер байқалады.
Жануарларды жіктеп-бөлу жөнінен Жоңғарияны үш аймаққа бөліп тастауға болады. Олар таулы, ақыр аяғында жазықты аймақ. Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шанның таулы алқабында Сібір мен қазақ қырының таулы өңіріне тән сүтқоректілер: бұғы, марал, таутеке, арқар немесе тау қойы, қасқыр, бурыл және қызыл түлкі, ақтамақ сусар және басқалар бар. Қазақтардың айтуына қарағанда бұлардан басқа қызыл қасқыр мен шибөрі жүретін көрінеді. Шибөрісі итке ұқсас. Бұл сипатына қарағанда ол қорқауды еске түсіреді. Ал қазақтың шибөрісі көбіне-көп қырат-қырқаларда жүретін тәрізді. Шамасы бұл қорқау емес, иттің тауға тән тұқымы болса керек. Жыртқыш құстардан Жоңғарияда көбірек кездесетіні – күшіген. Ара-тұра бүркіт, сұңқар, қырғи көзге түседі. Лашын жалпы бұл жаққа келмейді. Түнде жортатын жыртқыштарды көре алмадым. Бірақ қазақтардың айтуына қарағанда олар сирек сияқты. Тауық тектестердің тұқымынан тауда ұлар, ақ құр, қырғауылға өте ұқсас сақау құр, шіл, кекілік және бөденелер кездеседі.
Жартылай таулы аймақтан жолбарыс, барыс, қабан, ақбөкен, қарақұйрық, дәукірпі, дуадақ, орман кептері мен қырғауылды ұшыратамыз. Бұл жануарлардың барлығы жазық аймаққа да бірдей жайылған. Жартылай таулы аймақтың тоғайларында торғай мен шымшық қаптап жүреді. олардың маған белгілі ұзақ пен ала қарғалар, жасыл қанат, кекілді кербез, ақ бүйір, сексеуіл және су шымшықтары, ақ тамақ, суық, сібір және боз торғайлар, сарторғайлардың науман, ремиз, сиыр құйыршық, ұзын құйрық, ақ кекіл, жылбысқы деген тұқымдары, шілдің, жылқышы құстың бірнеше түрлері бар.
Жоңғарияның таулы аймағыда да, шөлейт өңірінде де су құстары мен аяқты аңдар өте аз. Су құстары дегенде ұшырасатыны қарақаз бен қызыл үйрек қана.
Бір сөзбен айтқанда, Жоңғар жануарлар дүниесі басты сипаты жөнінен қазақтың түстік өңіріндегі жануарларға ұқсас. Айырмашылық дегенде, сүтқоректілерден қазақ қырындағы жануарлар тұқымынан бір өзгешелігі – бұдан киіктер мен құландарды кездестіре алмаймыз. Ал құстардың бірнеше жаңа түрін ұшыратуға болады. Олар жыртқыш құстардан да, торғай тектестерден де табылады.
Балқаш пен заңғар таулар арасындағы ұлан-ғайыр бұйрат құмдар қазақтың Борсыз және Қарақұмының жалғасы іспетті. Хан-тауының да олардан онша айырмашылығы жоқ. Онда да қазақ даласында қақ аталатын ащылы саздауыт тақырлар толып жатыр. Соған қарамастан Бетпақдалада қаптап жүрген құландар мен киіктер Шу бойындағы құмдарды еркін жайлайды да, шығысқа қарай бет алғанда Иткешу бойлығынан әрі аттап баспайды. Бұдан бірнеше жыл бұрын Бетпақдалада көк тайғақ болып, оның артына тіске басар қылтанақ табылмай, аштық аран ашқанда құландар мен киіктер Іле өлкесіне ауып, Іле алқабына дейін дендеп кіріп кетеді. Алайда көктем туа әлгі жануарлар өз жеріне қайтып оралады.
Іле алқабында Қалқан және Қату тауларының тұсында көзіме бір үйір құлан түсті. Қазақтардың сөзіне қарағанда, олар шапқыншылықтан кейін қалып қойыпты. Демек, Жоңғария дегеніміз Орта Азия құландары мен Монғол Гобиінің жегетайларын бөліп тұратын табиғи шекара іспетті. Сол сияқты бұл шекара шөлейт өңірдің ақбөкен, киіктерін тау алқабының қарақұйрықтарынан да бөліп тастайды. Мұны жергілікті халық бағзыда-ақ байқаған. Қазақтар Жоңғар Алатауының етегіндегі мен мұндалап жататын терең орлардың ізін құландарды құрту үшін Жәнібек хан қаздырған еді дейді. Шамасы, бұл жануарлар ханның кішкентай ұлы мініп жүрген атты өзімен бірге ертіп кетіп, бала опат болса керек. Сол себепті хан Тарбағатайдан Ілеге дейін ұзыннан-ұзақ ор қаздырып, күллі жоңғар құландарын қайырып соған қуып тыққан дейді. Тек құланның бір айғыры мен биесі ғана қашып құтылып, Балқаштан әрі асып, өзінің үрім-бұтағына бұл елге қайтып барма деп өсиет қалдырған көрінеді.
Орыс Жоңғариясының Орта Азия халықтарының тарихи тағдырында керемет маңызы бар. Әбілғазының айтуынша, түрік тайпаларының түп атасы Иафедтің ұлы Әбілжа хан Талас, Шу өзендері мен Ыстықкөлдің бойында көшіп жүрген. Қытай жылнамаларының жазғанынан біз жоғары Гобиден ауған тайпалардың бәрі өздерінен күшті біреу келіп қуып жібергенше осы арада тұрақтап, ірге тепкенін білеміз. Шынында да, Орыс Жоңғариясының көшпелі тұрмысқа қолайлы барлық жағдайы бар. Тау алқабы олар үшін малдың ыстықтан паналап, маса-сонадан қорғанып, емін-еркін жайылатын оты мол жазғы жайлауы болды. Күзде көшпелілер төмен жазыққа түсіп, астығын жинап алып, қыста өзендердің жағасындағы қамысты тоғайларды, Балқаш даласының бұйрат құмдарының арасын паналап, отынға сексеуіл сияқты қызуы тамаша бұталарды пайдаланды. Мұның көшпелілер үшін маңызы айрықша, өйткені Монғол Гобиінде ұлы ханның киіз үйінің өзі тезек жағылып жылытылады.
Тағы бір айта кететін жәйт, Азияның бұл бөлігінде христиан дінінің несториан және монофизит ағымының көптеген ғибадат орындары, ал Ыстықкөлде Сирия якобитінің Әулие-Матфей сопыханасы болған. Христиандықтың бұл аймақта өріс алғаны сондай, қарсыластарын көбейтіп қуғынға да ұшырады. ХVІ ғасырда Ыстықкөлде бірнеше мұсылман елді мекендері еңсе көтерді. Бұл деректер мен қатты қызықтырды, бірақ өкінішке қарай, үлкен жаңалықтар аша алмадым, өйткені қазақтан аман қалған ғимараттардың ақырғы қалдықтарының бәрін лама ғибадатханалары деп құртып үлгеріпті.
1826 жылы Ыстықкөлде болған бір қытай одан алып бір сынтас көргенін айтты. Алайда мен бұл тектес ескілік ескерткіштердің жұрнағын да таппадым. Бірақ бүкіл орыс Жоңғариясынан отырықшылықтың белгісін байқап, ол туралы ел аузындағы аңыздарды жинадым. Сондай-ақ еделгі Алмалықтың жұртынан табылған бірнеше алтын бұйымдар мен теңгелерді қолға түсірудің орайы келді.
Қытай жылнамалары Хань әулетінің билігі тұсында Орта Азияда тұрған халықтардың ішінде көзі көк, шашы сары алты тайпа болғанын айтады. Оларды Клапрот пен Абель Ремюза үнді-герман тектес халықтар деп санаған. Айтпақшы, бұл халықтардың санатына кейін қырғыздарға айналған хакастар да жатады. Қытайлар қырғыздар мен үйсіндердің өздеріне ұқсамайтын кескін-келбетіне, атжақтылығына қайран қалған.
Қазіргі кезде Жоңғарияда буруттар немесе нағыз қырғыздар және ұлы жүздің үйсін деген жиынтық атпен белгілі қазақтары тұрады. Бұлардың арасында сары үйсін деп аталатын бір руыбар. Олар өздерін бұрынғы аса күшті үлкен халықтың ұрпағымыз деп санайды.
Қазақтың ертегілері ме аңыздарын, батырлар жыры мен дастандарын жинаумен баяғыдан бері шұғылданып жүріп, мен олардың еуропа халықтарының, әсіресе славяндардың ән әуендеріне ұқсастығына қайран қалдым.
Алғаш Абель Ремюзаның ауанынан шыға алмай, мұның үнді-герман тайпаларының Орта Азияның жазығында татарлармен қоян-қолтық араласып өмір сүруінің әсері деп түсіндірмек болдым. Ал енді Ұлы жүз бен тау қырғыздарының арасынан осы мәселенің шешімін табар кілтін іздеп, жинағандарымды байыта түсетін мол материал таппақ едім, бірақ ол үмітім ақталмады. Өкінішке қарай бұл арадан бірде-бір айтулы ақын немесе жақсы күйшіні ұшыратпадым. Тіпті мұнда өлеңнің өзін сирек айтады екен. Айта қалса, ақ ешкі мен қара жорға жайында жырлап, «бойдай-талым» әуенінен әрі аспайды.
Жыр бізге жеткізбей кетті деп, мұны үйсіндердің өзі де мойындайды. Оның себебі деп бір аңызды алға тартады олар. Ән әуелеп, адамзат баласына өлең үйретіп, қалықтап жүргенде әйел сияқты кірпияз неме біреуге ұзақ тұрақтап, біреуге алыстан әуезін ғана жеткізіп, енді біреуге ұлыған қасқырдың үні болып естіліпті-міс. Орта жүзде ол қонақшылап ұзақ жүріп, бізге оның сарыны ғана жетіп, көбі есімізде қалмаған. Алайда бұл жерде өзім естімеген ертегілер мен өлеңдерге, әсіресе қырғыздардың халық жырына қарағанда, біздің қазақтар мен ноғайлардың үнді-герман әуені славян әлемінен, орыспен қарым-қатынас арқылы келген деген тұжырым жасауға тура келеді.
Қырғыздар мен үйсіндер жайындағы этнографиялық жазбаларымды тәмәмдай келіп, бір-бірінен мүлдем бөлек бұл екі халықты шатастырмау қажет екенін атап айтпақпын. Кезінде бұл жөнінде Левшин, Мейендорф мырзалар, әсіресе Иакинф сопы айрықша ашына айтып, қамқор болып еді, бірақ оларды ешкім елемеді. Олардың үні сахарадағы жалғыз адамның даусы сияқты болып естілмей қалды. Тіпті Гумбольдт пен Риттердің өзі істің мәніне жете үңіле алған жоқ. Олар қырғыздар қазақтың Ұлы жүзіне жатады деп келді. Сондықтан бұл орданы Кіші және Орта жүзден жай ғана ажырата білу қажет деді. Алайда бұл ғылымның қадірімен ғұламаларының тарапынан жіберілген үлкен қате еді. Ұлы, Орта және Кіші жүз қазақтары қырғыздан бөлек қазақ деген халықты құрайды. Ал қырғыздарды қытайлар бурут дейді де, орыстар тағытас немесе қара қырғыз атайды. Қазақ пен қырғыздың тілі мен тегі, әдет-ғұрпы жағынан да айырмашылығы бар. Тіпті қырғыздың түр-түсі, бет-пішінінде де қазақтан өзгешелігі көп. Оған көз жеткізу үшін 1856 жылы мен салған Боранбай манаптың суретіне назар аударса да болады. Ал оның Омбыда 1848 жылы түсірілген де бір суреті бар.
Жалпы бас сүйегінің құрылымы мен кескін-келбетіне қарағанда Орта Азия халықтарын парсы, моңғол және түрік тектес деп бөлуге болады. Парсылықтардың өзі таулық галча және ойпаттағы тәжік болып бөлініп, кавказ тайпаларына жатады. Тәжіктер қара шашты, қоңырлау, ал галчалар қараторы. Орта Азиядағы моңғол тектестер деп қалмақтарды санауға болады. Олар қараторы, сарысұр, көзі қысық, жүзі дөңгелек, мұрны тәмпіш, беті томпаз. Орта Азияның қалған халықтары моңғол, түрік, фин тегінен шыққандықтан кескін-келбеті мен түр-түсі, өң-реңкі мидай араласып кеткен. Олардың арасынан моңғол өңдес қараторы, қысық көздерді ұшыратумен қатар, тік түскен қыр мұрынды, атжақтыларды да жиі кездестіресің. Жалпы, бұл халықтардың түр-тұлғасында кавказ тайпалары мен моңғолдардың буданын, ортақ сипатын байқаймыз.
Менің саяхатымның екінші кезеңі Сырдарияның басты саласы Нарын өзенінің жоғары жағынан басталды, бұл Семенов мырзаның саяхатының шегі болатын. Әрі қарай алдымда бұрын ешкім ат ізін салып зерттеп көрмеген тылсым дүние жатты.
Қауіп-қатердің күштілігіне қарамай жол-жөнекей және Қашқардың өзінде де мен ұдайы күнделік жүргізіп отырдым. Жергілікті жұртпен, ғалымдармен және қызмет адамдарымен достық байланыс, төңіректі емін-еркін аралау осынау ғажайып елді толығырақ көріп-білуіме мүмкіндік туғызды.
Әр тайпаның және әр елдің саудагерлерімен таныстық, маған тың сапарлар ашып, көрші елдер жайында этнографиялық, статистикалық, сауда-саттық мағлұматтарды көбірек жинауыма мүмкіндік туғызды. Ұдайы саудагерлермен мәжілістесіп, керуен сарайда тұруымның арқасында Орта Азия саудасымен, жалпы керуен саудасының қажеттерімен, әсіресе Қашқардың жағдайымен, Орта Азия саудагерлерімен, олардың коммерциялық және экономикалық ой-пікір, түсініктерімен жете таныстым. Сөйтіп, саяхат кезінде жинаған деректерім, біріншіден, өзімнің байқауларымнан, екіншіден, сенуге болатын адамдардан алға деректер мен материалдардан тұрды. Оларды басқа айғақтарме тексеріп отырдым. Ең соңы – саудагерлер мен шенеуніктерден, жергілікті ресми құжаттар мен кітаптардан, жазба кездерден біраз мағлұмат жинадым.
Кіші Бұқарстанның тарихы бізге онша белгісі емес, одан білетініміз Ақсақ Темірге дейінгі кезеңнің қытай жылнамаларынан алынған азын-аулақ тарихы. Оған мұсылман дерек көздерін қоссақ, бұл тарихтан әйтеуір атүсті бірдеңелер білуге болар.
Айтқандай, бұл елдің ғажайып тарихын ХVІ ғасырдың орта шенінде Қашқардың ханы Абдулл-Рашидтің уәзірі Мұхаммед-Хайдар Күреқан жазған. Ханның құрметіне «Тарихи-Рашиди» деп атаған бұл еңбек күні бүгінге дейін елеусіз қалып келеді.
Ғылым академиясының мұражайында осы туындының түрікше тәржімасы бар. Ал Санкт-Петербург университетінің кітапханасында оның парсыша түпнұсқасы сақтаулы тұр. Өкінішке қарай оның академиялық данасы толық емес, ал университеттегісінде қате өріп жүр. Тегінде оны парсы тілін шала-шарпы білетін бір адам көшірсе керек.
Тарихи-Рашиди екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде Тоғлық Темірден Рашидке дейінгі, яғни хижраның 962 жылына (1554) дейінгі қашқар хандарының тарихы бар, екінші бөлімнің естелік сипаты басым. Мұнда автор өз басынан кешкендерін баяндап, Тянь-Шань, Болор, Тибет және Куэнь-Лун жайында жағрапиялық, этнографиялық төтенше мол мағлұмат береді. Автордың өзі кезіндегі атағы жер жарған дулат әулетіне жатады. Оның аталары Ұлысбек атымен Моғол-ұлысында франктердегі Меровинг тұсындағы мажордомдардай рөл атқарған.
Хайдардың тарихы 1554 жылмен тәмамдалады деп, жоғарыда ескертіп кеткенмін. Бұл еуропаға белгілі бірден-бір тарихи шығарманың әзір аты ғана мәлім (академиялық қолжазбасы толық сипатталып біткен жоқ). Бақытыма қарай Қашқарда «Тасқира-и-Ходжаған» деген тақырыппен қожалар әулетінің тарихын баяндайтын қолжазба қолыма түсті. Қожалар болса, ХVІ ғасырдың аяғында буддист ойраттардың көмегімен Шыңғыс әулетін қуып шығып, Жоңғардың вассалы ретінде Кіші Бұқарстанды басқарған. Осынау тамаша туынды 1758 жылы қытайлардың Жаркент қаласын алуымен аяқталады. Сөйтіп «Қожалар шежіресі» Тарихи-Рашидидің жалғасы болып табылады.
Қашқарда қолыма түсірген кітаптардың ішінде айрықша назар аударарлығы мыналар:
1. «Тасқира-и сұлтан Сүтік-Бұғра-хан-ғазы» / Илек әулетінен шыққан Сұлтан-Бүгіре ханның өмірбаяны. Ол бірінші болып ислам дінін қабылдап, оны Қашқарға таратқан кісі.
2. «Тасқира-и Тоғлық Темір-хан» / Шағатай әулетінен шыққан Тоғлық Темір-ханның өмірі. Ол Моғол-ұлысының моңғол хандарының ішінен бірінші болып ислам дінін қабылдаған.
3. «Ришахат» немесе Орта Азияның заң ұстаздары мен ғажайыптар жасаушылар туралы мағлұмат.
4. «Абу-Мүслім Марузи». Бұл қаһармандық романның құндылығы – оған жергілікті жердің көптеген тарихи аңыз-әңгімелері кіруінде.
Саяхат кезінде жоғарғы айтқандардан басқа Ғылым академиясының «Жаршысында» сипатталып үлгерген шағын тау-кен коллекциясын жинадым. Бұл коллекцияда жолай кездескен тау жыныстары, Жәркент жанындағы Мирджей таулары мен Қарақас өзенінің бойынан қазып алынып жатқан нефриттің бір кесегі, болор ақығы, мәрмәр, хрусталь, Кәрі өзенінен алынған алтын құм бар. Сондай-ақ мен ол жақтан жергілікті тоқыма бұйымдарының үлгісін, Қашқар базарында кездесетін кейбір ағылшын бұйымдарын әкелдім.
Орта Азияға саяхатымның ең әйдік нәтижесі қысқаша осы.