Бақытқа жету жайында
Әл Фараби
Үйрету дегеніміз – халықтар мен қалаларға теориялық ізгіліктерді дарыту деген сөз. Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз. Үйрету тек сөзбен іске асырылады, ал тәрбиелеу кезінде халықтар мен қалалықтарға білімге негізделген қасиеттерден туатын іс-әрекет жасау дағдысы сіңіріледі, олар осындай іс-әрекетке жігерлендіріледі, осы әрекетті жасау тілегі қоздырылады, сөйтіп, осы қасиеттер және бұлармен байланысты әрекеттер (адамдардың) жан-дүниесін баурап алатындай және (адамдарды) осыған жан-тәнімен құштар ететіндей болуы көзделеді. Ал бірдеңе жасау тілегі кейде сөз арқылы, кейде іс-әрекет арқылы қоздырылады.
Теориялық нәрселерді (қалың жұртшылыққа) иландыру әдістерімен үйреткен жөн, ал теориялық (білімдердің) көпшілігі қиялдау арқылы көңілге тоқылады.
Практикалық ізгіліктер мен практикалық өнерлерді алатын болсақ, бұлар (адамдардың) өздеріне тән әрекет жасау дағдысы арқылы (ұғынылады). Бұған екі түрлі әдіспен жетеді: 1) иландырғыш нақыл сөз, сезімге әсер еткіш нақыл сөз және басқа нақыл сөздер әдісі арқылы жетеді, бұл әрекеттер мен қасиеттердің көңілге толық ұялайтыны соншалық, (адамдар¬ды) осы қасиеттерге байланысты әрекеттерді өз еркімен жасауға жігерлендіреді, ал бұлардың (көңілге ұялауы) шешендік өнерін пайдалану қабілеті мен дағдысына байланысты; 2) өз еркімен, өз қалауы бойынша жөнге келмейтін және сөзге (құлақ аспайтын) бүлікшіл, көнімсіз қала жетеді; сонымен (бұл әдіс) өздері үйрене бастаған теориялық білімдерді ұғынуға қарсылық білдіруші адамдарға да қолданылады.
Демек, өмірді басқару өнерінің ізгілігі, яғни ізгіліктерге ие болып отырған адамдардың ізгіліктеріне байланысты әрекетті қолдану өнері және жеке-дара өнерлермен айналысушы адамдардың өнері бар, сондықтан халықтар мен қала тұрғындарын тәрбиелеуде қайырымды да өнерлі адамдарды пайдаланатын адамдардың да болуы қажетті шарт.
(Осындай адамдардың) екі тобы бар. Бір тобы тәрбиеге өз еркімен көнетін адамдарды тәрбиелейді, ал екінші тобы күштеп тәрбиелеуге келетіндерді ғана тәрбиелейді. Мұның өзі отбасы басшыларының, балалар мен жасөспірімдер ұстаздарының арасында болып отыратын жағдай тәрізді. Отбасы басшысының отбасы мүшелерінің тәрбиешісі де, оқытушысы, балалар мен жас өрендер ұстазының оларға тәрбиешісі де оқытушысы болатыны сияқгы, әкім де халықтардың тәрбиешісі мен оқытушысы. Міне, осылардың әрқайсысы біреулерді қайырымдылығы мен иландырғыштығы арқылы, екінші біреулерді күштеу арқылы тәрбиелейтін болса, әкім де (осылай етеді). Күштеу арқылы тәрбиелеу және ерікті түрде тәрбиелеу тәлім-тәрбие алушы адамдар болмысының мәніне байланысты, бұлар өзінің аумағы мен күшіне қарай дараланып отырады. Халықтар мен қалалардың ұстаздары және тәрбиешілері ретіндегі әкімдер күші, тәрбие үшін пайдаланылатын құралдар күші балалар мен жасөспірімдерді, соңдай-ақ отбасы мүшелерін тәрбиелеуден анағұрлым асып түседі.