Азаматтық саясат
Әл Фараби
Бақыт дегеннің (не екенін) білуі қажет жене соны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы қажет. Сонан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуге тиіс екенін біліп алуы қажет.
Түрліше индивидтердің түрліше қасиеттері туралы айтылғандардан шығатын айқын қорытынды: бұл ретге білуіне тиісті бақытты және нәрселерді өзі танып-білу кез келген адамға бітетін қасиет емес. Бұл үшін (екінің бірінде) ұстаз, ақылгөй керек.
Кейбір адамдар азын-аулақ қана басшылықты керек етеді, басқа бір адамдар көп басшылықты керек етеді. Бірақ (басшылықтың бұл екі) түрі болғанның өзінде ол адам, егер сырттан итермелеуші немесе стимул болмаса, үйреткенің және берілген ақылдың бәрін бірдей орындай бермейді. Мұның өзі адамдардың көпшілігіне тән нәрсе. Сондықтан, ол осының бәрін үйрететін, (тиісті) әрекеттерді орындауға итермелейтін адамдарға зәру болады.
Сол сияқты басқаға басшылық ету де әр адамның қолынан келе бермейді және (тиісті әрекетті жасауға) итермелеуші болу қабілеті де әрбір адамда бола бермейді. Осы нәрселердің біріне итермелеуші болуға және осыған пайдалануға мүлдем қабілетсіз адам ешбір жағдайда басшы бола алмайды және өзі барлық жағынан тек басқа біреудің басшылығында болады. Ал, енді бір жағдайларда басшылық етуге және жетелеуші болуға және оны ретті пайдалануға қабілетті адам соны өздігімен істей алмайтындарға осы (мәселеде) басшы болады. Осыған өздігімен жете алмайтын адам, егер соның өзіне басшылық етіп, оны осыған үйретсе, онда ол осыны түсінеді және кейін басқаларды өзі танып-біліп, бір нәрсеге итермелеуге қабілеті пайда болады әрі өзі басқаның басшылығында болады. Басшы бірінші басшы болуы да, екінші басшы болуы да мүмкін.