
100 тағылым
Жақсыдан жадыңа алған бір ауыз сөз,
Асықпа түспейді деп қолыма тез.
Дамылсыз іздеуге ерінбесең,
Керегің өміріңде болады кез.
1. Дүниеде нені арман етсең де, іздемей қолыңа түспейді. Керегіңді іздеу жолында жалықпа да, торықпа.
2. Халықтың қасиетін кетіретін үш нәрсе бар және ол үш нәрсені жоқ қылады:
1) Ғалымдар мен қарттарды сыйламаушылық кісінің келешегін жояды.
2) Елді басқарған өкіметті сыйламау − ел ішінің бірлігін жояды.
3) Асты күтпей ысырап ету − берекені кетіріп , ашығуға апарып соғады.
3. 1) Удан ащы не бар?
2) Қайтып оралмайтын сүйкімді сағат қай мезгіл?
3) Күннің жақсысы қайсы?
4) Бір жетілік қуаныш қай кезде болады?
5) Адамның жасыра алмайтыны не?
6) Тірі адамның өлетін уақыты қайсы?
7) Жүдемейтін көңіл қандай адамда болмақ ?
8) Тәртіптің зынданы не?
Жауаптары:
1) Удан ащы − әдепсіз адамның аузынан шыққан сөз.
2) Сүйіскен ер мен әйелдің алдыңғы кездескен сағаты.
3) Патшалар үшін таққа мінген күн, ғалымдар үшін еңбегін аяқтаған күн.
4) Саудагердің қуанышы бір жетіден артпайды.
5) Өлім
6) Өтірік.
7) Жүдемейтін көңіл− әйелі сыйлаған адам.
8) Ата-ананың тілін алмаған бала.
4. Әр адам өз қуатын білуі керек, бұл оның дүниеден өз үлесін алуына себеп болады. Қуатына қарай іс істеп, қуатына қарай ас ішпеген адам ауруға шалдықпай тұрмайды.
5.Кімнің қызысың?
− Ауыл кісісі үйір үйдің қызымын, төбесі биік үйдің қызымын.
− Онда даланың ұлығының қызы екенсің ғой.
− Өзіңіз кімісз?
− Биік ағаштың қаттысымын, үлкен жемістің тәттісімін.
− Сіз бүкіл елдің әкімі екенсіз ғой, − депті қыз.
6. Жақсы адамның өз мойнына алған борышы темір шынжырдан да, аттың кісенінен де мықты.
7. Не жаман ? Жақсы әйелдің есалаң ері болса, рақымды, жомарт жандардың ақшасы жоқ болса, сол жаман.
Қайғыда не қайғы? Жаңбырда жолға шыққан қайғы, сүйікті адамыңмен тез ажырасқан қайғы.
Не ұнамсыз? Сөз білместің сөйлегені ұнамсыз, даусы жоқтың ән салғаны ұнамсыз, жақтырмайтын әйелдің сүйіспеншілік көрсеткені ұнамсыз.
8. Ғалымдар − қоғамның шамшырағы. (Құран кәрім).
9. Кім үлкенді құрметтеп, сәлем берсе, оған төрт қасиет: ұзақ ғұмыр, көп білу, даңқ пен саулық рухының нұры жауады.
(Үндінің мәну заңынан).
10.Өнерден жақсы нәрсе, білімнен үлкен, ұяттан сұлу нәрсе, қызғаншақтықтан асқан дұшпан жоқ . (Сократ) .
11. Еліңнің ауыр жүгін көтеріп, аз қуанып, көп қиналғың келсе, ақын бол.
( Бердақ).
12. Борышқа батқан, ауру қысқан, көкдолы әйелге душар болған, жауы жағасынан алған адамда ұйқы болмайды.
13. Бес түрлі адам тірі болса да өлікпен тең, олар: кедей, ауру, есалаң, қуғындалушы, малай.
14. Жақсы адамдарды өзінің адамгершілгі үшін, орташа адамдарды әкелері үшін, төмен адамдарды балалары үшін, нашар (жаман) адамдарды қайын атасы үшін қадірлейді.
15. Өміріңе қауіп-қатер төніп тұрса да, ел-жұртың ұялатын, руыңа кір келтіретін нәрсеге аяқ баспа.
16. Солдат өлсе, орнын толтыруға болар, ал ақын өлсе, оның орнын толтыру мүмкін емес. (Наполеон).
17. Еркекте сегіз түрлі қасиет болсын, олар: игі мінез; ізгі қасиет; әйелмен сөйлескенде әдепті, сыпайы болсын; жұрт сыйлайтын адамды жақсы көріп, құрмет тұтсын; жауының алдында жүректі болсын; үлкендерге кішпейілдік; халық салтын қадірлей білсін; осал жерін білетіндерге жұмсақ, сұмырайларға қулық жасасын.
18. Егер ұлың епті, сыпайы, көнгіш, байсалды, көркемөнерде білгір, рақымды болса, ондай ұлдың жалғызы да жақсы. Кейітіп, қынжылтатын, азап шектіретін көп ұлдан не пайда?
19. Ерекше ауыр азап, мехнат көрумен, заң тәртібін бұзумен, жау алдында құрдай жорғалаумен табыс табуға ұмтылма.
20. Тасқын болып, сел қаптаса, тау шайқалады, теңіз суы толқып, тасып, кемерінен шығады. Бірақ құрыштай берік, мықты адамдар не пәлеге ұшыраса да уәдесін бұзбайды.
21. Байлық, құрмет, бақыт іздеген адамға, ең алдымен ақыл керек.
22. Әркімнің ішкі нұр сәулесінің үш аты бар, ол: еңбекқорлық, жақсылық, кішіпейілдік.
23. Таза адамдар әрқашан тыныш, алаңсыз, олар өздерінің тамаша істерін мақтан етеді. Ал, зұлымдық жасайтындар әрқашан қорқақ .
24. Көпке қызмет ететін адамның бес қасиеті болсын :
1) Бір көзің жүз көзден артық көре біліп, екінші көзің көрсоқырдан бетер көрмейтін болсын.
2) Бір құлағың сақ болса, екіншісі керең болсын.
3) Көңілің керуен сарайдай кең болсын, естіген, көргеніңнің бәрін көңіліңе сыйғыза біл әрі сақтай біл.
4) Естігеніңнің бәрін қайталаушы болмасын, жақсы да, ақылды сөзді ғана айтсын.
5) Әрі бал, әрі зәр төгетін тілі болсын.
25. −Дүниедегі ащы не?
−Тіл.
− Дүниедегі тәтті не?
−Тіл.
26. Мен патшадан әлдеқайда артықпын, − депті, кедей, себебі мен қолымдағыны қанағат тұтамын да, керегіме жаратамын. Ал патша жер үстін түгел билесе де, шүкіршілік етпейді, тоюды білмейді .
27.Дүниедегі ең әдемі не? Ең семіз не? Ең қырағы не?
Жауабы:
1) Көктемнен асқан сұлу жоқ.
2) Күзден асқан семіз жоқ.
3) Көзден асқан қырағы жоқ.
28. Бес өсиет:
1) Топасқа сенбе.
2) Тасыр адамның алдында осалдық жасама.
3) Қайда болсаң да, тіпті өз үйіңде де сақ жүргейсің .
4) Өзі аш отырған үйге қонаққа барма .
5) Өзі жарлының қолынан сыйлық алма.
29. Қолыңда жарық болса, қараңғылық қашады, даналық көзіңді ашса, бақытсыздық қашады.
30. Он түрлі адам заңды мойындамайды, олар: мас, ұқыпсыз, қомағай, жынды, шаршаған әрі ашуланған, ашыққан, асыққан, үрейленген және ғашық болған адамдар.
31. Жолдас деген − еңсесі биік пана, мызғымайтын тас қамал, нәр суы сарқылмас берік қорған. Жолдас деген таусылмайтын рахат, қызық, еселей түсетін шаттығың, той-думанның көркі. Жолдас деген − жүректің шам-шырағы, көздің қарашығы, әулетті қолдың қуаты, медеткер тірегің. Жолдас деген қас дұшпанға қаһарлы айбының, достарыңның үміт-сүйеніші, жат алдында мақтанышың, жолдас деген басыңа ауыр күн түскендегі таянышың, ауырып-сырқасаң, еліңнің басына қатер төнсе, жанын қияр серігің.
32. Адам ісімен танылады.
33. Жақсы атақ алғаннан басқа жақсы іс жоқ.
34.Осыншама әдептілікті қайдан үйрендің? − дегенде Лұхпан хакім: «әдепсіздерден үйрендім «, − депті .
35. Келіннің үш күйеуі болады депті: алғашқысы − алтын елі, екіншісі − ар-намысы, үшіншісі – алған жары .
36. Егер қадірлі болғың келсе, халықтың қадірін біл.
37. Жарқанат сүймесе, күннің көзіне нұқсан келмейді .
38. Бар пәледен ұят сақтайды, барлық істің байламы да ұятта .
39. Ердің артында көп алтын қалғанша, жақсы аты қалғаны игі.
40. Ақыл көркі − тіл , тілдің көркі − сөз .
41. Сараң − пайғамбардың жиені болса да, пейішке бармайды, жомарт − құлдың баласы болса да, тозаққа бармайды.
42. Кім өзін жұрттан артық санаса, сол ақымақ.
43. Көз − жіті, құлақ − сақ, көңіл − кең болу керек.
44. Рахат пен қайғы жолдас. Рахат іздесең, бейнетінен қорықпа, қуаныш іздесең, қайғысынан қорықпа.
45. Жүрек кімді қаласа, сол сұлу. Сүйген адамға жаның жол табады.
46. Сәлем берген − саулық береді.
47. Атып әкелген аң сыйлыққа жатпайды.
48. Өш алғаннан гөрі кешірген жақсы.
49. Билік, байлық, даналық − бір өзіңе байланысты.
50. Қолыңда Сүлеймендей қуат болса да, қылдырықтай құмырсқаға қиянат қылма.
51. Ізгіліктен басқа таусылмайтын, бұзылмайтын байлық жоқ.
52. Жамандық қылсаң − пәле күт, бәріне де зауал бар.
53. Адамды екі нәрсе қартайтпайды: бірі − жақсы мінез, енді бірі − жақсы сөз.
54. Жайсаң жан қартаймайды.
55. Жамандарға рахым қылу − жақсыларға жәбір берумен бірдей.
56. Жазасын тартпайтын жамандық болмайды .
57. Ең жақсы әдет − халқыңның әдеті.
58.Әділдік − әкімдіктен де күшті.
59.Өзіңнен қорқатын адамнан күндіз-түні сақтанып жүр.
60. Құт келсе, қосақтап келеді.
61. Бақ келсе, бәрі келеді.
62. Асқан сұлулықтан аз ғана бақыт артық.
63. Сұлу әйелдің үш түрі болады: беті сұлу, қолы сұлу және жаны сұлу. Бұлардың ең сұлуы − жаны сұлу әйел.
64. Биіктеп кетсең, құлау бар.
Қуанып кетсең, жылау бар.
У ішсең, тәтті ұнау бар.
65. Бақыт пен дәулет көшпелі.
66. Ең жақсы киім − халқыңның киімі.
67. Бар байлықты жинауға тырысқан адам − бақытсыз.
68. Көп жинаған дүниеден көрікті түс жақсы.
69. Байлық − нағыз дұшпан.
70. Ақыл − алланың сыйлығы.
71. Ақыл, ой, білім − әр адамның сәулеті.
72. Жазбас мерген болмас, жаңылмас дана болмас.
73. Ұлы адамдар есігі − бақыт көзі, мейірімі − бақыт кілті.
74. Білікті адамның сөзі − таза гүл.
75. Өзіңді біліктінің қасында ұста.
76. Патшалар ғалымдардың кеңесіне мұқтаж. Ғалымдар патшалардың кеңесіне мұқтаж емес.
77. Ақыл мен білмнің тілмашы – тіл. Өнер алды − қызыл тіл, тіл− қылыштан да өткір.
78. Жүз адам мақтаған кісі − жүз адамға татиды.
79. Ақылды − ақшасыз-ақ дәулетті .
80. Бақаның бағынан − сұңқардың соры артық. (Б.Момышұлы).
81. Әкең − асыл қазынаң, ағаң, інің − асқар тауың, ал досың − әрі асқар тауың әрі асыл қазынаң .
82. Ханға жексұрын атансаң да, халыққа жексұрын атанба .
83. Ақылмен алтын табылар, алтынмен ақыл табылмас .
84. Адамның сөзі−ақылының таразысы .
85. Мұқтаждық − мың өнердің анасы.
86. Қанағат − әрі қазына , әрі қасиет .
87. Ақылды адам − ажарлы. Адамды адам ететін − ақылы .
88. Досың мың болса−аз , дұшпаның біреу болса да көп .
89. Батырдың көңілін қалдырма , жүйріктің арқасын алдырма .
90. Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішінде қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.(Абай).
91. Досыңа достық − қарыз іс.
Дұшпаныңа әділ бол.
Асығыс түбі – өкініш.
Ойланып алмақ– сабыр бол. (Абай).
92. Шапағатты ойға беріл, шапағатты сөзге беріл, шапағатты іске беріл.
(Заратуштра пайғамбар).
93. Ілім үйреніп, одан соң оны басқаларға үйретпеу − мол дүние жиып, оны керегіне жаратпай , көміп қойғанмен бірдей . (Мұхаммед пайғамбар).
94. Сыпайылық − даналықтың белгісі . (Мұхаммед пайғамбар).
95. Адамға адал досты табу қиын.
Көбіне дос етеді мал мен бұйым.
Қасыңнан, досыңнан да бірдей сақтан,
Егерде болса Ахмет , баста миың . (А.Байтұрсынов).
96. Егер әркім өз пиғылымен арамдық ойдан тазаратын болса, бүкіл ел ұры-қарыдан , зиянды әдеттен пәк болар еді . (Шыңғысхан).
97. Арақ-шараптан ақыл да, пайда да, абырой да, қайырымды мінез- құлық та, адамгершілік те күтпе! Мүлде ішпейтін адам − нағыз қадірлі адам. (Шыңғысхан).
98.»…….Сейттерді, ғұлама-машайықтар мен ақылман даналарды, мұхадистер мен тарихшыларды жаратылсынан бөлек, дара адамдар есебінде сыйлап, құрметтей білдім. Батыл адамдармен дос болдым, себебі, Алла тағаланың өзі де ер жүректерді ұнатқан ғой. Адамдармен дидарласып, сұхбаттасып, таза ниет, ақ кісілерді жаныма жақын тұттым. Бұлардың пәк ниетімен берген ақ батасын алдым. (Ақсақ Темір).
99. Тәрбие басы− тіл. М.Қашқари.
100. Әдептің басы − тіл . А.Иүгінеки.