Әрбір іске мінсіздік тән
Ф.Гүлен
Адамның ар-ожданын ихсан санасы баурап алған кезде, іс-әрекеттерінен мінсіздік көріне бастайды. Негізінде, Аллаһ істің мінсіз, мүлтіксіз істелуін қалап, қалтқысыз орындағандарды ұнатады.
Ол тұрғысында Құранда:
– «(Расулым) оларға: «Еңбек етіңдер. Істеріңді Аллаһ пен Пайғамбар, мұсылмандар көреді. Сондай-ақ көрінбеген, көрінген барлық нәрсені білуші Аллаһқа қайтарыласыңдар, сендерге істегендеріңнің қарымы беріледі» – де», (Тәубе, 9/105) – деп келтірген. Барлық істер Аллаһ пен Елшісінің ар-ождан мен көкірек көзі ояу мұсылмандардың тексеруінен өтеді. Сол үшін де иесін ұятқа қалдырмауы үшін, істің мүлтіксіз орындалғаны абзал. Мұндай іске ие болу іштей «ихсанға» жету арқылы жүзеге асады. Адам ішкі дүниесін осылай өзгерткенде ғана жеңілтектікке жол бермейді. Осылайша Исламның көркемдігіне қол жеткізе отырып, оның ғажайып кеңістігінде өмір сүріп, Исламның әсемдігіне сай асар шыңына тағын орнатады.
«Мәла-йани» – адамға ешқандай игілігі жоқ, оның бүгіні емес ертеңіне пайдалы емес, қажетсіз нәрселермен айналысу. Сондықтан да мұндай іс не өзіне, не отбасына, не еліне ешқандай жақсылық келтірмейді. Исламның әсемдіктерін иеленген адам осы секілді бос, мағынасыз нәрселерден де аулақ болуы тиіс. Хадис адамға ғұмырлық дұрыс бағыт көрсетуде. Адам үнемі ұлы да асқақ істермен айналысуы керек. Айналысқан ісі не тікелей, не басқа жолдар арқылы өзіне, әрі отбасына, әрі қоғамға да пайдалы болуы тиіс. Байсалды да салмақты адамның анықтамасы – осы.