Әйтеке Бәйбекұлы
Әйтеке (шын аты Айтық) Бәйбекұлы. Кіші жүзден шыққан қазақтың атақты шешен-биі. Әйтеке би үш жүзге озық, алғыр және терең ақылымен, тапқыр да ділмәр шешендігімен, әділ және түзу билігімен белгілі болған. Әйтекеге шешендік, тапқырлық өнер бала кезінен дарыса керек. Қозы бағып жүрген жас кезінде Әйтеке үш аттылы жолаушыға жолығады:
– Ассалаумағалейкүм, ағалар?
– Әликімүссалам. Кімнің баласысың?
– Бәйбек баласымын.
– Бәйбектің баласы болсаң, білетін шығарсың, Қосуақ бидің ауылы қайсы?
–Айтайын, онда не шаруаларыңыз бар еді?
– Ойнап жүрген баламызды осы елдің бір адамының аты теуіп өлтіріп, соған құн даулап Қосуақ биге жүгінгелі келеміз.
– Қосуақ бидің үйі анау тұрған боз үй. Егер балаңызды ат босағада тепсе, бүтін құн, жабықта тепсе, жарты құн, түзде тепсе, төрттің бірін аласыздар. Қосуақ би де осыны айтар, осылай демесе, осып айтар, жолдарыңыз болсын,–депті әлгі бала.
Үш жолаушы Қосуақ бидің үйіне түседі. Әңгіме, билік сөз басталады. Би айыпкерді алдырады. Бүтін құн алмақ болған баланың әкесі:
–Баламды ат босағада тепті,- десе, екінші даукес:
–Жабықта тепті, –депті. Би айыпкерге «сөйле», – дейді. Сонда айыпкер:
–Атым босағада да, жабықта да тұрған жоқ. Анадай жердегі кермеде байлаулы тұр еді. Біз үйде шай ішіп отырсақ, апыл-тапыл басып жүрген жас бала, аттың артына барып, құйрығынан ұстай бергенде, ат теуіп өлтіріпті. Бұған мен кінәлі емеспін. Баланың шешесі кінәлі.
Сонда Қосуақ би:
– Баланы ат босағада да, жабықта да емес, түзде тепкені анықталды. Айыпкер құнның төрттен бірін төлесін,- деп билік айтыпты. Сонда өлген баланың әкесі:
– Япырмай, осы билікті бізге жолда кездесіп, жөн сілтеген бір қойшы бала айтып еді. Түбінде сол бала елді аузына қаратқан би болар,– деген екен.
***
Ертеде ұлы жүздің бір жігітіне атастырып құда түсіп қойған орта жүздің бір қызы арғынның жігітімен қашып кетеді. Екі ел арасында жесір дауы басталады. Бірінің жылқысын бірі барымталап кетеді. Төбелес, жанжал шығады. Екі жақтың кісілері Төле би мен Қазыбекке жүгініседі. Қазыбек:
–Аға болып алдымен туасың,
Барымталап жылқымды қуасың, десе, –
Төле би оған:
Артымнан ерген еркемсің,
Ағаңның көзі тірісінде
Жеңгеңді неге ертесің? – деп өкпе артады. Екеуі ұзақ-ұзақ сөз жарыстырады, бір мәмілеге келе қоймайды. Сонда ортадан Әйтеке би тұрып:
– Сабыр етіңдер, ағалар! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған бәлеге жолығады.
Жол қуған олжаға жолығады.
Төле, сен жылқысын қайыр!
Қазыбек, сен жесірін қайыр! –деп, екеуін келістіріп, қол алыстырыпты. Ел Әйтекенің бұл билігіне риза болып, екі жағы бітімге келеді.
***
Айтық Бәйбекұлы әлі Әйтеке аталмаған жас кезінде Қазыбек биге жолығыпты дейді ел. Сонда ел билігіне араласып, атағы жайылып қалған аға би:
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің оңы болады.
Атадан жаман ұл туса,
Келінің соңы болады, – деген, сен сол ұлдың қайсысы боласың? – депті. Сонда оның алдына жүгініп отыра кеткен Айтық:
Ораздының кәрісі,
Қартайғанда қазына болады.
Аразданың кәрісі,
Қартайғанда қазымыр болады,–демекші, сіз өзіңіз соның қайсысы боласыз? – деп қарсы сұрақ қойыпты.
Қаз дауысты Қазыбек Қаражігіттің батылдығына риза болыпты:
– Е, е, жігітім, халық сөзімді тыңдаса, қазынасы болармын, – дейді.
– Қаражігіт: Мен де, халқым, қаласа, елімнің оң сөйлер ұлы болармын, –деп, орнынан тұрып, Қазыбек ағасына қайта сәлемдесті, – дейді.
***
Енді бір аңызда ауылына келіп отырған Төле би мен Қазыбек Әйтеке баладан «жігіттің жақсысы қандай болады?» –деп сұрапты.
Дұрыс сөзге тоқтай білген, басқаны сөзіне тоқтата білген, – дейді Әйтеке.
Жер дауына байланысты Орта жүзде Ормамбет биге айтқан бір сөзінде Әйтеке: «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болып жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін» деген.
Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Тамыры суда тұрса да,
Уақтысы жеткенде,
Қурамайтын құрақ жоқ.
Дүние деген фәни бұл,
Баласы жоқта мият жоқ.
Бәрінен қиын сол екен,
Артында жанған шырақ жоқ…», –деп Әйтеке атынан айтылған нақыл сөз де оның ойы терең, өмірден білген түйгені мол өз заманының ақылгөйі екенін аңғартады.