Үйсін Төле би мен Әнет баба
Төле бала жасы жүзге келген Әнет бабаға барыпты. Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба, әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:
− Балам, мынаны сындырып көрші?
Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп, сындыра алмайды.
− Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы.
Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт, оп-оңай сындырып береді.
Әнет баба:
− Бұдан не түсіндің, балам? − дейді.
Сонда Төле бала:
− Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі бар елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, «Бірлігі, ынтымағы жоқты дау да, жау да оп-оңай алады» дегеніңіз ғой.
− Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін, алдымен елді ауыз- бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, − депті.
***
Елдің Қазықұрт тауының бөктеріне көшіп-қонып жатқан көктеу кезі екен. Бір күні Төленің әкесі Әлібек биге екі даугер жүгіне келіпті.
Біреуі:
− Қырдан қуып індеткен түлкім еді, мынау таласып, бермейді, − дейді.
Екіншісі:
− Сыртынан жүні жетілсін деп бағып жүрген түлкім еді, оның үстіне жер де, ін де менікі, демек түлкі де менікі. Екеуі осылайша біраз дауласады. Әлібек би даугерлердің сөздерін тыңдап алған соң, баласына сілтеп «мұның билігін Төле берсін» дейді. Даугерлер Төлеге келсе, ол бір шыбықты ат қылып далада «айт шулеп» ойнап жүр екен. Алдына келіп, дауларын баяндаған соң, бала:
−Түлкі арлан болса, сенікі, − дейді, «Қырдан қуып келіп індеттім» деген жігітке.
−Ұрғашы болса сенікі, −дейді, «жер менікі» деген жігітке. Баланың бұл билігіне түсінбей әлгілер әкесіне қайтып келеді.
−Балаңыздың сөзіне түсінбедік.
−Төлежан төрелігін дұрыс берген екен,−дейді Әлібек би.
−Түлкінің ұланы жүз сақтайды, ұрғашысы ін сақтайды.Түлкі еркек болса сенікі, сенің қырдан қуып келіп, індеткенің рас, түлкі саған тиеді, ал ұрғашы болса, жер иесі саған тиеді.