«ҚОРҚЫТ». Бірінші аңыз

«ҚОРҚЫТ». Бірінші аңыз.

Қорқыттың кіндік қаны тамған ата мекені Қараспан тауы еді дейді. Ол дүниеге келерде анасы құлан етіне жерік болып, құрсақтағы баласын үш жыл тоғыз күн көтерген екен. Сол үш жылдың әр жылында толғақ қысып, дүниеге нәресте келетіндей қамданып, Қорқыттың анасы бебеу қаға қиналатын болған. Бірақ бірінші жылы да, екінші жылы да бала тумайды. Содан үш жыл тоғыз күн дегенде Қорқыттың анасын шын толғақ қысады. Бүл жай толғақ болмайды, дәл осы күні Қорқыттың анасымен бірге бүкіл дүние қоса толғатып қиналғандай көк жүзін түнерген қара бұлт торлайды. Күн күркіреп, найзағай ойнап, дауыл соғып, дүниенің астан-кестеңі шығады. Мұның бәрін дүниеге келер нәрестенің киесіне жорыған жұртты үрей билейді. Бұл жөнінде ел есінде сақталған мынадай сөз бар:
Қорқыт туған кезінде Қараспанды су алған, Қара жерді құм алған Ол туарда ел қорқып ,туғаннан соң қуанған!
Шынында да, Қорқыт туысымен жел тынып, бұлт ыдырап, күн шығып, дүние тіршілік маужыр күйге түседі. Жұртшылық мұны да жақсы ырымға балап: «Бүл бізді қорқытып дүниеге келген бала болды, есімі Қорқыт болсын!» − деп, құлағына үш рет айқайлап, атын Қорқыт қояды. Қорқыттың дүниеге келуі қандай бөлек болса, оның өмірі де сондай ерекше болады. Жастайынан ұшқан құс, жүгірген аңға, соққан жел, жауған жауынға ден қойып, табиғатпен тілдес болып өседі.Күндердің бір күнінде, бойы өсіп, бұғанасы қатқан Қорқыт түс көреді. Түсінде ақ, сақалы беліне түскен, ақ таяғы көк тіреген әулие қарт аян береді: «Уа, Қорқыт, тұр!− дейді әулие. Сен бір аспап жаса. Аспабың алты жасар нар атанның жілігіндей болсын, шанағы қара бақырдай болсын, көні аруананың бауыр терісінен болсын, тиегі ор текенің мүйізінен болсын, ішегі бесті айғырдың құйрығынан болсын. Аспабыңның аты қобыз болсын. Сол қобыз қиялыңа қанат, жолыңа шырақ, жаныңа араша болар!»
Қорқыт осы сөзді өңінде естігендей болып оянса, көкірегі күйге толып, көмейінен саз саулағандай халде екен дейді. Сол бетінде қобыз жасауға кірісіп, әулиенің қойған барлық шарттарын орындайды. Сонан соң қобызды қолына алып, құлағын бұрап, қияғын шалып көрсе, сарнап қоя береді. Әлгі көкірегін кернеген күй қобызына көшіп, аспан асты сазды сарынға бөленеді. Үшкан құс, жүгірген аң, ескен жел−бәрі сүттей ұйып, қобыз күйін тындайды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *