Қорқыт атаның нақыл сөздері

Қорқыт атаның нақыл сөздері

Адам баласы керуен сияқты: тоқтады, көшті де кетті.
Өлгендер қайтып келмейді, шыққан жан қайтып енбейді.
Ажал жетпей – өлмек жоқ.
Алыс жолды көзбен көр, көкейге түй.
Қанша тасып — тулағанмен, су теңізді толтыра алмайды.

Қанша қалың жауғанмен,
Қар көктемде қалмайды.
Гүл жайнаған шалғын да,
Қара күзге қалмайды.

Құстың қонар жерін су білер, малдың барар жерін ну білер.
Топырақ тау болмайды.
Айтар сөзді ойлап айт.
Ат аяғы – ақсауық, ақын тілі – қақсауық.
Ескі киімнің биті ащы, жетім баланың тілі ащы.
Көк шүйгінін киік білер.
Жайылымның жақсысын жылқы менен құлан білер.
Сүрлеу сырын түйе білер.
Іннің аузын түлкі білер.
Керуеннің түнгі жүрісін торғай білер.
Ердің батқанын ат білер.
Ауыр жүктің михнатын тұғыр емес, тұлпар білер.
Саз орайын бөкен білер.
Қапелімде бас ауырғанын ми білер.
Ер жомартын, кісі ақылын жырау білер.
Бас аман болса, бөрік табылады.
Ауырған жерін ауру біледі.

Дәулетті ұл – ошақтың қоры,
Дәулетсіз ұл – атаның қоры.

Ұлдың күні күн емес – атадан мал қалмаса,
Ата малы пұл емес – баста ақыл болмаса.
Қанша байлық жисаң да, бұйырғаннан артық жей алмайсың.
Тебегеннің таңын – сүзеген айырады.
Ат арытпай, жол бітпейді.
Пасыққа дәулет бітпес.

Ат жемейтін ащы шөптің – шыққанынан шықпағаны игі,
Адам ішпес ащы судың – аққанынан ақпағаны игі.

Атасының атын шығармаған жігерсіз ұлдың – туғанынан тумағаны игі.
Жалған сөздің – болғанынан болмағаны игі.

Сауыттың қасиеті – қылышпен ұрғанда, аттың қасиеті – жаудан алып шыққанда көрінер.

Шіріген мақтадан – мата шықпайды, ежелгі дұшпаннан – дос шықпайды.
Көп — қорқытады, терең – батырады.
Жалғыз жігіт қол болмас.
Бос ыдыстың түбі мықты болмас.

Қыз анадан үйренбей өнеге алмас,
Ұл атадан үйренбей сапар шекпес.

Әдепті сөйлеп, тыныш отыр.

Ұл ақылды хош көрмес – ата үлгісін көрмесе,
Қыз жарылқап ас бермес –ана үлгісін көрмесе.

Ұл – атаның сыры, екі көзінің нұры.
Түбі жат бала туғандай болмас: ішер, жер, киер де кетер, бірақ «көрдім» демес.

Ананың хақы – құдайдың қақы.
Тәкәппарлықты тәңірі сүймес.

Дүние-мал шашылмай, «мырза» деген атақ жоқ.

Алла, Алла демейінше, іс түзелмес,
Тәңірі бермейінше, ер байымас.
Әзелде жазылмаса, құл басына қаза келмес,
Ажал уақыты жетпейінше, ешкім де өлмес.

Ер жігітке қара құрым мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес.
Қара есек – басына жүген кигізсең де тұлпар болмас.
Мінген атың қиналмайынша, жол алынбас.
Қара болат өз қылышыңды шалмайынша, жаудың тауаны қайтпас.
Ер малын қимайынша, аты шықпас.
Ауыр жүктің салмағын тұлпар білер.

Қарсы алдыңызда жолдан адастырмай, қобыз тартып жырлайтын жырау болсын, ей ханым!

Ауызымды ашып, тілге келетін көктегі Тәңірі көрікті.
Тәңір досымның тұтқасы Мұхаммед көрікті.
Мұхаммедтің оң жағында намаз оқыған Әбубәкір – Сыдық көрікті.
Неше жүз рет оқыса да «Ясын» атты аяты көрікті.
Қылышпен дінге көндірген ерлердің шаһы Әли көрікті.
Әлидің ұлдары, пайғамбардың жиендері, Кербала шөлінде йазидтер қолынан шейіт болған ағайынды Қасен мен Құсайын көрікті.
Жазылып -түзіліп, көктен түскен Тәңірі ілімі –»Құран» көрікті.
Ол «Құранды» хатқа түсірткен ғалымдар сұлтаны Осман Аффан ұлы көрікті.
Ойпат жерге салынған Тәңір үйі – Мекке көрікті.
Ол Меккеге сау барып, аман — есен еліне қайтқан қажылар көрікті.
Күндердің жақсысы – жұма күні көрікті.
Жұма күні оқыған құтба намазы көрікті.
Құлақ қойып тыңдаған үмметі көрікті.
Мұнарада азан шақырған мәзін көрікті.
Тізесін бүгіп отырған инабатты әйел көрікті.
Самай шашы ағарған баба көрікті.
Ақ сүтіне тойғыза- тойғыза емізген ана көрікті.
Жанашыр ағайын — туған көрікті.
Үлкен шаңырақ үйдің қасына тігілген келіннің отау үйі көрікті.
Жібек шатыр үйдің нәзік жібі көрікті.
Өнегелі бала көрікті.
Ешбіреуге ұқсамайтын, бүкіл әлемді жаратушы Алла Тағала көрікті.
Уа, Тәңірім дос — жар болып, медет берсін, ей, хан ием!

Мықты, жүйрік бедеуге қорқақ жігіт міне білмес, ол мінгенше, мінбесе игі.
Шалып кесер өз қылышыңды мұқалтып шалғанша, шалмаса игі.
Шала білген жігітке оқ пен қылыштан гөрі – бір шоқпардың өзі артық.
Баба атын шығармаған жігерсіз ұл баба белін бүгілткенше, бүгілтпегені игі.
Шынында сіздей асыл жанға үш отыз жасты беріп, үстіне он жас қосса да артық емес.Үш отыз он жасқа толып, ұзақ өмір сүріңіз!
Жаратқан ием сізге жаманшылық келтірмесін, дәулетіңіз баянды болсын, ей, хан ием!
Жеті бұлақтың хош иісін түлкі білер.
Ұлдың кімнен туғанын анасы білер.
Қай жерде сулы саз барын жөкен білер.
Қыл қобызын арқалап, елден – елге, бектен – бекке жырау кезер.
Ер жомартын, ер бақылын жырау білер.
Азып- тозып келген пақырға Тәңірім сауабын берсін, ей Ханым!

Ақиқат пен шындық туралы

Өтірік сөз өрге баспайды.
Өтірікші болғаннан өмір сүрмеген көп артық.

(Бір) Туған және жақын туралы

Біреудің баласын бағып бала қыла алмайсың.
Ұлың өсіп жетілсе, от басының мерейі, бас — көзі.
Анадан өнеге алмаған қыз жаман, атадан тағлым алмаған ұл жаман.
Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді.

Қабырғасы бүтін көтеріледі,
Сүйегі бүтін өседі.

Дін туралы

Тәңіріне сыйынбаған адамдардың тілегі қабыл болмайды. Менмен, тәкәппар адамды Тәңірі сүймейді. Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға Тәңірі бақ бермейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *