Ілім жайлы бір ой

Ілім жайлы бір ой

Ф.Гүлен

Ғылым хақында Аллаһ Елшісінің сөздері көптеп кездеседі.
Мұның өзі – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бесаспап ілімінің бір көрінісі.
Құран адамзатты ілімге ынталандырып: «Білгендер мен білмегендер бір бола ала ма?» (Зумәр, 39/9), – деп біліммен қаруланған жандардың орнын биіктетеді.
Басқа бір аятта: «Аллаһ Тағаладан нағыз қорқатындардың Оның ғалым құлдары» (Фатыр, 35/28) екендігін ескертеді. Әбу Ханифа арқылы бізге жеткен бір «шаз» қырағатта Аллаһ сөзінің ақырғы қарекеті басқаша оқылып, былайша мағына беріледі: «Аллаһ ғалым құлдарына ғана құрмет көрсетеді». Әлбетте, бұл құрмет Оның ұлылығына лайық түрде болмақ. Қырағат – шаз. Бірақ мағынаны түрлендіру тұрғысынан, сөз қозғауға тұрарлық. Фахруддин Рази ғылымға қатысты бір мәселені талдаған кезде, осы мәселеге байланысты тамаша пікір білдіреді: «Мәлики мәзһабынан өзге үш мәзһәб итті «айн нәжіс» деп қабыл етеді». Яғни, ит тұтастай нәжіс, лас. Сондықтан да үйде ұстауға болмайды.
Бірақ ит «үйретілген ит» болса, яғни аң аулап, қой бағуға үйретілген болса, онда мәселе басқаша. Оның аузына ілінген аң мен құс желінеді. Жүрген жері мен сүйкенген жерлері таза қабыл етіліп, үйде ұсталуының ешбір ағаттығы жоқ…
Имам Фахруддин Рази осы жерде бір сәт тоқталып: «Ит екеш иттің өзі іліммен тек қана аң аулауды үйреніп және осы үйрену арқылы «айн нәжіс» болудан құтылса, тіпті адамдар арасында бейне бір отбасының бір мүшесіне айналса, ілім үйренген адамның қалай шырқау биіктерге жететінін салыстырып ойлап көріңдер»,–дейді. Міне, шариғат ұстанымының көкжиегі, міне, Хазіреті Мұхаммед Мұстафамен (с.а.у.) келген ілімнің кереметі! Аллаһ Тағаланы білмегендер – қараңғы. Ал Құдай Тағалаға мойынсұнып хикметін ұғынған әрбір адам – ғалым. Шариғат бойынша Аллаһ Тағаланы танып, пайғамбарды білмегендерге «ғалым» деп айтылмайды. Аллаһты таныған, пайғамбарды білгендер аз білсе де, ғалым саналады. Аллаһ Тағала да пайғамбарын, ақыретті, кітаптарды, қайта тірілуді, жәннат пен жәһаннамды білгендерге бізге беймәлім жолдармен құрмет көрсетеді.
Ой-пікір әлеміне «Бір сағат ойлану – бір жылдық құлшылықтан қайырлы» сөзін айтумен ғана шектелуді жөн көреміз. Еуропа әлі күнге дейін бұл биікке шыға қойған жоқ. Бір сағат жүйелі ойланып, жаңалық ашып, адамдарға ұсынасыз. Не болмаса, жүрекке терең бойлап, ақырет пен мәңгілік бақыттылықтың есебіне қарай терең ойға батып, содан соң осы ой-толғақтарыңызды ақырет пен дүниеге пайдаланасыз. Иә, міне осылай әрекет ете алсаңыз, бір жылдық құлшылық сауабын аласыз.
Көп жылдар бойы біз терең ойланып, әр нәрсенің хикметін пайымдаудан, құлшылықтан қаштық немесе аластатылдық. Бұл жерде кінә Исламда емес, мұсылмандарда. Хазіреті Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) ой түңліктері мен есіктерін айқара ашып: «Сол жерге бейбіт түрде кіріңдер» (Хижр, 15/46), – деген. Біз ғылым мен ойлауға жат болған соң салмағымыз да жоғалды. Сондықтан да еуропалықтар алдында өз деңгейімізді сақтай алмадық. Осыдан барып, сөз кезегі соларға берілді. Әлбетте, біз де оларды тыңдауымызға тура келді. Бірақ болашақта қайтадан алдыңғы қатарлы ел болатынымызға сенімім мол.
Иә, Аллаһ Елшісі (с.а.у.) көркем мінез бен тәрбие хабарымен келген еді. Алайда, Ол бұл істі адамдардың жаратылысына сай түрде іске асырды. Оның тәрбие жүйесінде адамның табиғи болмысына кереғар келетін, қайшылық туғызатын ұғым жоқ еді. Оның әрбір хабары адамның ерік-жігерін ынталандырып отырады. Һәм Ол осы іс-әрекетін көркем мінез бен тәрбиелікті сол күнге дейін білмеген қауым арасында жүзеге асырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *