ШОР ТІЛІНІҢ ЛЕКСИКАСЫ
(Туыстық атаулар бойынша)
Якупова Бахтинур Зулмуратқызы
Абай атындағы ҚазҰПУ-ның Жаратылыстану және география институтының 6В01516- География және тарих мамандығының 2-курс студенті
Шор тілі- шор халқының тілі. Ресейдің Кемеров облысында таралған. Шор тілінде сөйлейтіндер саны 6000 адамнан астам. Түркі тілдерінің Хақас тобына жатады. Шор тілінде 14 мыңдай адам сөйлейді (2001). Шор тілі – кенже жазулы тіл. Қазан төңкерісіне дейін жазуы болмаған. Шор тілінде кириллица әліпбиіне негізделген алғашқы әліппе 1927 жылы жарық көрген. Шор тілінде 16 дауысты, 25 дауыссыз дыбыс бар. Әдеби тілі мрасса диалектісіне негізделген. Сөздік құрамы жағынан хакас пен алтай тілдеріне жақын. Тілдік қорында моңғол тілі мен орыс тілінен енген сөздер көп кездеседі. Шор тілі — Алтай тауының солтүстік еңірін мекендейтін аз санды халықтың ауызекі сөйлеу тілі. Шорлардың жалпы саны- 16 572. Шор тілі марасс және кондам диалектісіне ажыратылады. Әдеби тілі қалыптаспаған. Шорлар туралы жазбалар XVII ғасырдағы Кузнец татарларының куәліктері арқылы белгілі.
Туыстық – тарихи-этникалық ұғым. Оның қалыптасуы мен дамуы белгілі бір этностың өмірімен, тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен, әдет-ғұрып, салт-санасымен байланысты. Академик Ә.Қайдардың айтуынша «Адам ата, Һауа анадан тараған адамзат баласының арасындағы қоғамдық, қауымдық, туыстық, жақын-алыстық қарым-қатынастар әрбір этностың (ұлыс, халық, ұлттың) барлыққа келіп, басып өткен даму барысында пайда болған өте көне, байырғы құбылыстың көрінісі [1, 310 б.].
Туыстық атаулар өзіндік стилистикалық боямасы бар, қалыптасқан әдеби мен сөйленістегі құрылымды көрсету және туыстықтың екі түрін атау үшін жұмсалады: нақты қандық (когнациялық) туыстық және нақты некелік (матримониалдық) туыстық. Осыдан келіп, туыстықты атаудың екі түрі айқындалады:
а) нақты қандық туыстық атаулар (әке, бала);
ә) нақты некелік туыстық атаулар (әйел, әйкеш).
Шор халқының туыстық атауларына келер болсақ, шор халқының туыстық атаулары «Қарындаш кижи» деп аталады. Бұл халықтың негізінен туыстық атаулар дүниетанымы маңызды 3 арнадан тұрады:
1. Әке жағынан қандастық туыстық – «қарындаш» деп аталады. Яғни қазақ тіліндегі «қарындас» сөзі. Бұл сөз шор тілінде бауыр деген мағынаны білдіреді. Әке жақтан болған қандас туысқан барлық іні, ағаларды «ача» деп, әпке, қарындастарын «пече» немесе «абиче», атаны «аққа», әжені – «ӱӱче» (улуғ иче) деп атайды;
2. Шеше жағынан қандастық туыстық — «туғаннар» деп аталады. Шеше жағынан қандас туысқан іні, ағаларды – «тайы», әпке, сіңілдері – «ағалы», ал атаны – «тайдақ», әжені – «нанек» деп атайды;
3. Құдалыққа байланысты туыстық атаулар – яғни «құдалар» деп аталады. Жаңадан құдаласып туысқан болуды айтады. Енді осы үш арнаның әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ:
Алдымен әке жағынан қандастық туыстық атауларына тоқталсақ:
Аба \\ ада – әке. Бір шаңырақтың басты адамы, иесі. Байқап тұрғанымыздай, шор халқында атасын да, әкесін де «аба» деп атайды. Тілдердің көбісінде ата – «әке» мағынасында, ал баба – «ата, ұлы ата» мағынасында ұшырасады.
Иче \\ эне – ана, шеше. Салиқалы әйел, ошақ иесі. Қазақ халқында келін күйеуінің анасын ене деп атайды. Соған байланысты сөздіктерде «ене» сөзіне бірнеше анықтамалар берілген.
1. Ене. Екі жағы да ене деп айтатын ерлі-зайыптылардың анасы, шешесі; 2. Ене. Ана, шеше. Ал шорлар жалпы ана атауын «ене» деп атайды. Қазақ тіліндегі ана немесе ене сөздері ана мағынасымен ұштасып жатқанымен, айырмашылығы бар. Шор тілінде ана немесе ене сөздері ортақ мағынада қолданылса, қазақ тіліндегі ене сөзі қандық туыстықты емес, неке арқылы болған туыстықты білдіреді [14, 77б.].
Қыс қарындаш – әпке, сіңлі; эр қарындаш – аға, іні. Қарындас сөзі бүгінге дейін екі мағынада қолданылып келді. Осы күнгі әдеби нормадағы актив мағынасы «ер адамның жасы кіші әйел жынысты туысқаны» және жалпы ер адамға байланысты айтылғандағы жасы кіші әйелдің атауы. Бұл сөздің түпкі мағынасы, орта ғасырлардағы түркі ескерткіштері тілінде айқын көрінеді: қарундаш (қарындаш) сөзі бір құрсақтан шыққан аға–іні дегенді білдірген. Бұл дәйектемелерге қарағанда, қарындас сөзінің о баста «бір құрсақтан шыққан аға-іні, қарындас, сіңлі» деген нақты мағынаны бергені, оның «жалпы туыс, рулас, елдес, жұрттас» мағынасы ауыспалы екендігінен байқалады. Қадырғалы бидің шежіресінде қарындас сөзін руластар, туыстар мағынасында қолданады да, жасы кіші әйел бала ұғымын қыз қарындаш деп береді: Қутуқут найан(ның) бір ападан екі қыз қарындашы бар еді [3, 175б.]. Қарындас сөзі жалпы «туысқандар, руластар» деген мағынамен қатар, одан да гөрі жақындау туыстықты – аға-інілікті білдіру үшін де қолданылған. Бұл, әсіресе, көне түркі жазба нұсқаларында «туысқан адам, бір жұрттың адамы, бір қарыннан шыққан адамдар» деп көрсетілген. Қазақ тілінде де бұл сөз бұрын жалпы «туысқандар, руластар, аға–іні» деген ұғымда жиірек қолданылған.
Оол (оғыл), оғлу –ұл; Қазақ тілінде ұл сөзі еркек бала, ер бала, халық қамын ойлайтын ер азамат, ал ұлан сөзі жасөспірім, жеткіншек, өрен мағыналарында қолданылады. Қазақ тіліндегі ұл сөзі көне түркі жəне көптеген түркі тілдерінде оғул сипатында, шор тілінде оол түрінде кездеседі.
Қыс – қыз; Қазақ тілінде қыз сөзі «əйел бала, сəби, күйеуге тимеген бойжеткен, жігіттің көңіл қосқан, жүріп жүрген адамы, қалыңдық» мағыналарында қолданылады. М.Қашқари сөздігінде қыз сөзіне «менің қызым, ев қызы (үй қызы, үйде отырған қыз), иінішке қыз (бойжеткен қыз)» сөздерін мысалға алып, «бұл сөз басы азат қыздарға қолданылған секілді, сатып алынған күң қыздарға да қолданылады. Əсілінде, бойжеткен, əйтсе де тұрмысқа шықпаған, жат жұрттық болмаған қыз дегенді білдіреді», — деп түсіндіреді. Туыстық атауларға қатысты сөздерді салыстыру барысында ортақтық басым екендігі көрінді. Бұл жерде негізгі ерекшелік ретінде фонетикалық алмасулар мен жеке тілдерге қатысты сөздің мағынасының өзгеруін айтуға болады.
Абиче – әпке. Бірге туған жасы үлкен бауыры, әпкесі. Қазақ, шор тілдерін зерттей келе тілдерінде өте көп ұқсастықты байқадым. Соның бірі осы әпке сөзі. Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде әпке сөзін «әпше» деп атау бар. Соған байланысты қазақ, шор тілдеріндегі абиче – әпше сөзінде дыбыстық алмасуларында ғана өзгешелік болмаса өте ұқсас сөздер.
– (Шеше жақтан туысқандық атаулар):
Туңма – жиен, ағаның балалары; чеени – жиен, әпкенің балалары. «Жиен» сөзі қазақ тілінде бір-ақ атауы бар. Ал, шор тілінде байқап қарасақ, аға мен әпкенің балаларын екі жақты айту бар.
Пӧле – (ер адамға да, әйел адамға да қатысты) шешесінің әпкесінен немесе сіңлісінен туған бала. Әдетте, бірге туған апалы-сіңлілі адамдардың балалары бір-біріне қарын бөле болса, немерелес, шөберелес апалы-сіңлілі адамдардың балалары бір-біріне немере бөле, шөбере бөле болады. Қазақта осыған байланысты мақал-мәтелдер бар: Бөлем, бөлем үшін өлем; Қазақ сұраса келе қарын бөле болып шығады; Бөлемісің, бөлені көре тұра өлемісің, т.б.
– (Некелік туысқандық атаулар):
Эр, апшый – еркек, күйеу, жолдасы; Ер. Ер термині түркі тілдерінің барлығында дерлік бар. Ер сөзінің семантикасы бұл тілдердің барлығында да сараланып, жіктелмеген. Ол туыстық термині ретінде барлық жерде де «күйеу», «жолдасы» мағынасын білдіреді. Дегенмен оның жалпы мағынасы кеңірек: ер сөзі аты аталған тілдердің барлығында да тек қана «күйеу» емес, сонымен қатар «ер адам» дегенді де білдіреді. Көрсетілген екінші мағынасында ер жыныстық көрсеткіш қана емес, «батыл, қайратты ер адам», «батыр» деген анық реңкте көрініс табады. Қазіргі тілде ер сөзінің семантикалы реңкінің әрі қарайғы күшеюі түрік тіліндегі «қатардағы жауынгер» деген мағынасы болып табылады. Шор тілінде эр сөзі жеке дара қолданысында «еркек» деген негізгі мағынасында, ал «күйеу» деген ұғымдағы туыстық термин ретінде апшый сөзі қолданылады.
Қат – әйел, қатын. Бұл термин қазіргі көптеген түркі тілдеріне таныс. Ол көптеген көне ескерткіштерде кездеседі: qatun «ханым» (дама, княгиня); ҳatun «маңызды адамның әйелі». Сөйтіп көне түркі ескерткіштерінде бұл сөздің бастапқы дауыссыз дыбыстарында айырмашылығы бар екі фонетикалық варианты кездесті: qatun және ҳatun. Бұл бастапқы дауыссыз дыбыстардағы айырмашылық қазіргі түркі тілдерінде де байқалады. Бірқатар тілдерде бастапқы дыбыс к (варианттарымен) болып келеді: қаз. қатын, шор кат. Көне ескерткіштердегі варианттармен салыстырғанда (qatun, ҳatun) қазіргі түркі тілдерінде а – ы дауыстыларының үйлесімі сақталып, бірақ ұяң және қатаң дауыссыздар үндесімінің бұзылған жағдайы байқалады (мысалы, түр. kadin). Екінші топтағы варианттар – бастапқы х дыбысымен: тат. хатын, түркім. хатын, өзб. хотин, ұйғ. һotun, хақ. хат, якут хотун (моңғ. хатан сөзімен салыстыр). В.В.Радлов куман тіліндегі кат сөзінің «әйел» деген мағынасын көрсетеді: Солтүстік-шығыс түркі тілдеріндегі кат//хат сөзі өзінің сематикасы жағынан басқа түркі тілдеріндегі кадын//хатун сөздерімен ұқсастығы бойынша кадын//хатун сөздері тарихи тұрғыдан біртұтас, бөлінбейтін дыбыстық жүйе емес екендігі байқалады, бұған дәлел кат//хат түбіріне + -ын формантының жалғануы туыстық терминдерінде әлденеше рет кездесткенін айтады. . [3, 210 б.].
Кӱза – күйеу, күйеу бала; Күйеу. Күйеу термині әртүрлі фонетикалық варианттарымен барлық түркі тілдерінде кездеседі. Күйеу терминін көне ескерткіштердегі варианттарын оның қазіргі түркі тілдеріндегі варианттарымен салыстырғанда ең алдымен көзге түсетіні көне екерткіштерде бұл сөз үш, ал қазіргі тілдерде екі буыннан тұрады. Үшінші буынның түсіп қалуын г интервокалды позицияға біртіндеп жоғалуы және кейіннен оны қоршап тұрған дауыстылардың жиырылуынан алғашқысына екпіннің түсуі нәтижесінде пайда болғанын аңғару қиын емес. Г дыбысын қоршап тұрған дауыстылардың қысқаруы қазіргі түркі тілдеріндегі күйеу сөзінің варианттарынан айқын аңғарылады. Әрбір түркі тілдеріндегі фонетикалық ерекшеліктерінің сәйкесімділігіне байланысты г дыбысының түсіп қалу нәтижесінде пайда болған екі дауыстының тоғысуы түркі тілдерінде әртүрлі көрініс тапқан. Мәселен башқ., қаз., қ.-қалп., тат., түр. тілдерінде бұл дауыстылардың тоғысуынан алдыңғы буында созылыңқы дыбысқа айналуы болмаған; күйеу сөзі төменгі дифтонгпен аяқталып отырады: қазақ тілінде –еу. Шор тілінде қысқару нәтижесінде және дауыстылар үндесімінің ерекшелігіне сәйкес соңғы дауысты дыбыс созылыңқылығын жоғалтқан.
Честе – жезде, үлкен әпкенің күйеуі; Жезде. Термин негізінен қыпшақ тобындағы тілдерде таралған, бірақ сонымен қатар басқа да түркі тілдерінде қолданылады. Көне ескерткіштерде кездеспейді. Бұл сөздің фонетикалық сипатына, ең алдымен, бастапқы дауыссыздың й//җ//ж//ч//дь сәйкесімділігін айтуға болады. Түркі тілдерінің барлығында да жезде сөзі бір мағынаны білдіреді: ‘үлкен әпкенің күйеуі’, яғни ‘кіші күйеу бала’ мағынасындағы күйеу терминіне кереғар болып келеді.
Негечи – үлкен жеңге, жеңге. Жеңге. Жезде терминімен сәйкес келетін әйелге қатысты жеңге термині онымен салыстырғанда түркі тілдерінің көбіне тараған. Жеңге терминінің семантикасында үш негізгі бағыт байқалады. Неке бойынша туыстық термині ретінде ‘үлкен келін’, ‘келін’, ‘ағаның әйелі’, яғни келин ‘кіші келін’ терминінің мағынасына қарама-қарсы келеді. Бұл мағынасын жоғарыда аты аталған түркі тілдерінің бәріне ортақ мағына деуге болады. Ислам дінінің қатты әсері болған бұл түркі халықтарының тілінде йеңге сөзі ‘үлкен келін’ деген негізгі мағынасынан басқа мұсылмандық үйлену салтымен байланысты келіп, қалыңдықты болашақ күйеуінің үйіне апаратын әйел, ол әйел үйлену салтының маңызды мүшесі болып саналады. Бұл рөл үлкен келінге жүктелгендіктен жеңге сөзі кейбір тілдерде көрсетілген екі мағынасында жұмсалады.
Жеңге сөзі бірқатар түркі тілдерінде тек туысқанға емес, құрметтеу мәнінде жалпы жасы үлкен әйелдерге қарата айтылады.
1) «үлкен ағаның әйелі немесе әкенің ағасының әйелі», «келін», 2) «жасы үлкен әйелдерге құрметтеп қарата айтылатын сөз».
Пача – бажа. Апалы-сіңлілі қыздардың күйеулері. Бажа лексемасына қатысты қазақ дүниетанымында «Екі аяқтыда бажа тату, төрт аяқтыда бота тату», «Құс жаманы — шажа, ілік жаманы — бажа» — деген сияқты мақал-мәтелдерді кездестіруге болады.
Қазнаға – қайынаға, әйелдің үлкен ағасы; ағалы – қайын әпке, қазне – қайын ене, ене; қасты – қайын ата. Қазіргі тілімізде қайын ана, қайын ата, қайын ене, қайын аға, қайын іні, қайын бике, қайын сіңлі сияқты тіркестерде қолданылатын қайын сөзі әуел баста тек әйелдің туыстарына ғана қолданылған болуы керек. Кейін қайын сөзі екі жаққа бірдей ортақ болып кеткен сияқты. Олай болу себебі, қайын сөзі о баста қатін (қатын) деген сөзден шыққан. М. Қашғаридің сөздігінде коаһпадип (қайынаға) деп тек күйеу жігіт әйелінің туыстарына ғана айтылатындығы. Сөйтіп, «қайын» сөзін «қатын» сөзінің фонетикалық өзгерген формасы деп топшылауға болады. Түркі тілдеріндегі туыстық атауларды зерттеуші Л.А. Покровская да қайын сөзін қидан (қатын) сөзімен жақындастырып, бұл атаудың кейбір түркі тілдерінде тек әйел жағынан болған туыстарға ғана айтылатындығын көрсетеді [4, 83б.].
Қуда – құда. Құда/қаза, құдағи/қазағый сөздері көптеген түркі тілдерінде үйленген жігіт пен күйеуге шыққан қыздың туыстарының бір-біріне туыстық қатынасын білдіретін атау. Сол секілді бұл атау шор тілінде де кездеседі.
Туыстық атаулардың түрлері бұл айтқандармен бітпейді әрине. Мақала көлеміне қарай осындай шағын түрлерін алдық.Туыстық атаулар тәрізді әдет – ғұрыпқа байланысты сөздердің мағынасындағы мәдени компонентті ашу арқылы халықтың мінез-құлқын, менталитетін білуге болады. Бұл мәселелерді келешекте арнайы зерттеу керек деп ойлаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде. Этнолингвистикалық сөздік. 1-том. Алматы, 2010.
2. Дыренкова Н.П., Грамматика шорского языка, М.–Л., 1941. 308 с.;
3. Радлов В.В. Опыт словаря., Т.1. СПб, 1889 г.