Шал ақын
Кімнің жақсы, жаманын,
Бір жаратқан хақ білер.
Адамзаттың белгілі,
Бұл дүниеден өтері.
Өлгеннен соң белгілі,
Тірлік бір жауап бітері.
Бұл айтқан сөз, құрбылар,
Бір күні болар керегі.
Басты бір аяқ қылады,
Бір алланың шебері.
Бақытты жігіт қол бастар,
Шешен жігіт дау бастар,
Әлемнен озған алаяқ
Озып бір кетсе ойқастар.
Күнінде артықша туған жігіттер,
Жарысқа салмай кім тастар.
Елінде жақсы жігіттің
Алыста даңқы зор болар,
Мен сөйлейін мырзалар,
Сөйлемесем бұл жерде
Қадірлі сөзім қор болар.
***
Саясы жоқ бәйтерек,
Саздауға біткен талмен тең.
Жақсы ағаңыз бар болса,
Алдыңда сары белмен тең.
Ағайының көп болса,
Ұлық бір шеру қолмен тең,
Ақылсызға сөз айтсаң,
Алды бір тұйық жармен тең.
Молдадан сабақ алсаңыз,
Алуа, шекер,балмен тең.
Пайдасы жоққа жалынсаң,
Семіз бір жемқор малмен тең.
Жақсы қатын алсаңыз,
Алланың жауған нұрмен тең.
Жаман қатын алсаңыз,
Маңдайға біткен сормен тең,
Уайымшыл жігіттің
Кең дүниесі тармен тең,
Уайымсыз жігіттер
Қара бұлан нармен тең,
Жетесі жаман жігіттер
Тоқсандағы шалмен тең,
Жаманнан көрген қорлығың
Көкірекке біткен шермен тең,
Бір қалған соң көңілің
Қаңтарда қатқан мұзбен тең.
***
Бақ көшсе ақылыңа қарамайды,
Жақсыны жаман адам табалайды.
«Адам басы Алланың добы» деген,
Қайда айдаса, сол жаққа домалайды.
Жігіттер, ат атану тым ақ- қиын,
Ат атанбай болмайды құрмет сыйың.
Топтағы бай, таптағы би болсаң да,
Қолыңнан мал кеткен соң келмес күйің.
***
Ашу – дұшпан болғанда, нәпсі жауың,
Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың,
Жүрекке ашу келіп толған шақта,
Денеңнің біле алмассың, ауру- сауын.
Ойласаң, мың бір пәле тілден туған,
Шешендер топ ішінде тілді буған.
Бір адам қателікпен сөз сөйлесе,
Жабылып мың бір пәле соны қуған.
***
Екі қатын алғанның дауы үйінде,
Жаман қатын алғанның жауы үйінде,
Жақсы қатын алғанның тойы үйінде,
Жаман қатын алғанның соры үйінде.
Салақ әйел ауы да болар тесік,
Қолын тығып қасуға оңай десіп,
Тағдырда маңдайыңа жазған болса,
Табиғаттың ісіне амал нешік.
Кез болса ер жігітке жақсы қатын,
Жақсы қатын шығарар ердің атын.
Жаман болса өзі қылған істермен
Еріне қалдырады жаман атын.
Жақсы сол ерін күліп шаттандырса,
Атқарып тапсырмасын мойнына алса.
Ері жоқта күйзелтпей шаруасын
Ағайын, көршілерін жадына алса.
Сапардан ері келсе, үйге кіріп,
Жылы жүзбен қарсы шығып, қолын алса.