Жиренше шешен жайлы аңыздар

Жиренше шешен жайлы аңыздар

Әз Жәнібек хан жігіт кезінде өзінің бір топ достарымен серуен құрып келе жатса, алдынан бір аққұбаша бала кездесе кетеді. Жеті-сегіздер шамасындағы әлгі бала жалаң аяқ, үсті-басы жұлым-жұлым екен.
− Бұл елсіз далада неғып жүрген баласың?
− Сүтін ішіп жүрген жалғыз інгенім бар еді, содан айрылып қалып, осы даладан іздеп жүрмін.
− Інгенді тұсап қойсаң етті?
− Тұсап жүруші едім, тұсауы үзіліп кетіпті.
Жәнібек те жастайынан естияр, ақылды екен. Жетім баланың өлген шешесін жұмбақтап айтқанын түсіне қойыпты.
− Е-е, сенің шешең өліп, ана сүтінен айрылған жетім бала екенсің ғой, кел, атыма мінгес. Жәнібек әлгі баланы атына мінгестіріп, үйіне әкепті. Жуындырып-шайындырып, киіндіріпті. Ауыл адамдары оны түсіне қарап «Жиренше бала» деп атап кетіпті. Болашақ екі дана жас кезінен-ақ осылайша кездесіп, өле-өлгенше бір-біріне ақыл-серік боп кетіпті, − дейді ел аңызы.

***
«Ханда қырық кісінің ақылы болады» деген қағиданы Әз-Жәнібек әрдайым есінен шығармайды екен. Ол өз төңірегіндегі би-шешен, уәзірлерін үнемі сол нақылмен сынап, тексеріп отыратын көрінеді. Бір жолы өзінің 40 уәзірінің ақыл-парасатын сынап көрмек болып, оларға «Өтірік пен шынның арасы қанша, соны айтыңдаршы» деп, 40 күн мәулет беріпті. Мұны Жиренше шешен де естіпті. Бұл сөзді біреу білетін шығар, соны іздеп табайын деп жаяу, жалғыз елден-елді кезіпті. Кезіп жүріп, бір үлкен қорғанды шаһарға жетіпті. Намаздыгер шамасында шаһар дарбазасына кіріп келе жатса, темір қоршаудың ішкі жағында астына қара көк ат мінген, басына дулыға, үстіне сауыт киген, белін буынып, найзасын жерге шаншып қойып, ер қаруы бес қаруды асынып алған біреу тұр екен. Кірген, шыққаның бәрі оған сәлем беріп өтеді. Тек Жиренше ғана амандаспай, тіпті мойын бұрмай өте беріпті. Сонда найзасын жерге тіреп, ат үстінде шіреніп отырған жігіт:
− Осы дарбазадан кірген, шыққан адам сәлем бермей өтпеуші еді, сен неге сол рәсімді жасамай, тіпті мойныңды да бұрмай өтіп барасың? − деді.
− Біріміз атты, біріміз жаяу, сәлеміміз келісе ме? − депті Жиренше. Бұл сөзге қарулы жігіт:
− Мына шаһардың жөнін білмейтін жан екенсің, кел атыма мінгес, біздікіне мейман бол! − дейді.
− Ер-тоқымды аттың алдын бізге, артын сізге бұйрық қылған ғой. «Ат иесі алдына мінеді» деген сөз тағы бар еді, жүр, үйіңе жаяу-ақ барамын,− депті Жиренше.
Екеуі атты, жаяулы болып мұның үйіне келеді. «Жігіт» өз бөлмесіне түседі де, Жиреншені мейманханасына кіргізеді. Мейманхана іші кірсе шыққысыз, жалғанның пейішіндей үй екен. Аққудай тізілген қыздар, неше түрлі дәмге толы дастарқан. Бар сый-құрметтен соң әлгі мырза келіп:
− Қонағым, әңгіме айт, − дейді.
− Біріміз бүтін, біріміз жарты, әңгімеміз жараса қояр ма екен? − дегенде, «жігіт» отыра алмай, ұялып шығып кетеді. Сөйтсе, бұл жігіт деп отырғанымыз сол шаһардың патшасының қызы екен. Еркек киімін киіп, дарбазаның алдына тұрып, «келген-кеткенді сынаймын, сыныма төзген жанға тиемін» деп әкесінен рұқсат алған екен. Ал, келіп-кетіп жатқан жолаушылар мұның әйел екенін білмей, иіліп сәлем беріп өтеді екен. Жиренше көргеннен-ақ осы «жігіттің» атқа отырысынан әйел екенін біле қойып: «біріміз атты, біріміз жаяу» дегені «біріміз еркек, біріміз ұрғашы, қалай сәлем берісеміз» дегені екен. «Біріміз бүтін, біріміз жарты» деген сөзінен «әйел екенімді біліп қойды-ау деп сезіп, қыздың ұялып тұра жөнелген себебі сол екен. Қыз: «Маған білімі асқан жігіт кез болды, мені соған берсін» деп, әкесіне кісі салдырыпты. Әкесі қош көріп, қабыл алып, жорға бие сойғызып, жоғары елді шақырып, тамаша той жасап, қызын Жиреншеге неке қиып қосыпты. Жиреншенің ақылгөй аяулы жары осы екен. Екеуі бір-біріне қосылып,мауқы басылған соң, Жиренше шешен «мен қайтамын» депті.
Қалыңдығы: «Сен қайда барасың, әкемнің менен басқа ұлы да, қызы да жоқ. Әкем өлген соң, мына дәулетке кім ие болады? − дейді.
− Жоқ, қайтатынымның мәнісі бар: «Әз-Жәнібек» дейтін ханымыз өтірік пен шынның арасын айырыңдар деп, уәзірлеріне жарлық қылды. Уәзірлер соны таба алмай қанша күнге мәулет алысып еді. Ал мен соны білуші, шешуші болар ма екем деп іздеп шыққан жан едім. Үйден шыққандағы жұмысымды аяқтамай, осында тұрып қалсам, «жоқ қарап жүріп, жасауылға тұрғанның» құдды өзі болғаным ғой! Содан соң менің адамшылығым қала ма?! − дейді Жиренше.
− Болмашы нәрсенің өзі адамға әлдеқандай қиын көрінеді екен-ау! Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі емес пе? Бұрынғылар айтпаушы ма еді «Өтіріктің түбі бір-ақ тұтам жер» деп. Оның мәнісі: көзбен көрген шындық, құлақпен естіген өтірік. Ендеше, көзбен көрген анық, кұлақпен естіген танық емес пе? − деді қыз. Жиренше қуанып:
− Бәрекелді, іздеген жоғым табылды. Енді мен мұны Әз-Жәнібек ханға тезірек жеткізе қояйын, әйтпесе, қырық уәзірін бекерден-бекер жазалап жүрер. Соларға арашашы болсам, тіршілігімнің бір мәні сонда емес пе? − деп қайтуға ынғайланады. Жиреншенің кетеріне көзі жеткен соң қыз әкесіне кісі салады.
− Жат жұртқа жаралған әйелмін ғой, мынау күйеу бала ел-жұртына қайтамын, − дейді, мені қалдырмасын, ұзатсын деп. Әкесі қызының айтқанын құп көріп, алтынмен аптап, күміспен күптеп ұзатады, қастарына қырық уәзір қосып, «Қызымды берген күйеу баламның жері қандай, суы қандай, елі қандай екен, апарып салып, соларды көріп келіңдер!» − дейді. Бұл жұрттан былай ұзап шыққан соң, Жиренше шешен: «Мен ілгері озып барып, ел-жұртымның аман есендігін білейін» деп жалғыз жүріп кетіп, еліне келсе, Әз- Жәнібек сол күні «таптыңдар ма, жоқ па» деп уәзірлерін қысып жатыр екен. Олар таба алмаған екен. Таба алмаған соң, жазаланбақ екен. Жиренше тұп-тура осы оқиғаның үстіне келіпті.
− Тақсыр! Бұларды жазаламайтын болсаңыз, керек қылған сөзіңізді мен айтып берейін, − деп қалыңдығынан естіген сөзді бастан-аяқ айтып береді. Хан Жиреншеге риза болып: «Маған бас уәзір болуға лайық екенсің» деп, өзіне бас уәзір қып сайлап, жабулы арғымақ, қалы кілем, қара нар, қамқа тон, тоғыз қылып сый беріпті. Мұнан кейін: «Тақсыр арызым бар» дейді Жиренше.
− Айт, − деді Әз Жәнібек
− Мен сондай жат жұртқа барып, бұйрық болып, бір ханның қызын айттырып қайтып едім. «Күйеуді еліне апарып салыңдар» деп қайын атам қасыма қырық уәзірін қосып берді. Олар жолда көшіп келе жатыр, мен сізге жетейін деп озып кеттім. Қандай оймен қосқанын кім біледі? Достықпен қосқан болса, жолынан қалдырмайық, дұшпандықпен қосқан болса, сыр алдырмайық, соларды орта жолда қайтарып жіберсек екен, − деді. Хан мұнысын ұнатып, қырық уәзіріне:
−Қырық ат, қырық шапан алып барып, мұның қонақтарын қайтарып жіберіңдер, − деп тапсырды. Жиренше қырық уәзірмен қонақтарының алдынан шығып, ханның берген ат-тонын, тарту-таралғыларын тапсырып, қайырып жібереді.

***
Хан өзінің нөкерлері және Жиренше бимен жол жүріп келе жатып, өзен жағасында отырған үш адамды көреді. Бірі қартаңдау, екіншісі орта жаста, үшіншісі жас жігіт екен дейді. Жанынан өтіп бара жатқан топқа үшеуі орындарынан тұрып сәлем қылады. Хан олардың бетіне аздап қарап тұрады да, ілгері жүре береді. Былай шыққан соң Жиреншеден:
− Әлгі үшеуі не ойлап қалды екен? − деп сұрапты. Сонда Жиренше шешен:
− Е, хан ием, не ойлаушы еді: шал жиырма бестегі кезін ойлап жүр. Орта жастағысы жер ортасы көктөбе, ер ортасы сұр жебе. Көктөбеге жетіп, алды-артына қарап, бір дем аласың. Сұр жебені тағы бір тартып, бел аласың! − деп тұр.
Ал, жас жігіт «анаған жетсем, мынаған жетсем, ананы алсам, мынаны алсам» деп, ойнақтаған ботадай дәрменсізденіп тұр депті. Хан атының басын бұрып:
− Қане, соларға қайта барып, енді өздерінен сұрап көрейік. Жиреншенің осы айтқаны рас па екен? − дейді. Келе бере шалдан:
− Әлгіде бізге жолыққанда не ойлап тұрдың? − десе, шал:
− Жиырма бестегі шағымды ойлап тұр едім, тақсыр! − депті. Ортаншысынан сұраса:
− Жер ортасы көктөбеге жетіп, алды-артыма бір қарадым. Ер ортасы сұр жебе деп, тағы бір толғап тартсам, сөйтіп, бел алсам деп едім депті. Жас жігіт тұрып:
− «Анаған жетсем, мынаған жетсем» деп, көңілім ойнақтаған ботадай алабұртып тұр еді, − дейді. Хан қасында тұрған Жиреншеге қарап:
− Сен білгір де данышпан екенсің, бұдан былай менің оң жағымда отыратын бас биім боласың, − деп оған ризашылық білдіріпті.

***
Жәнібек хан жолға шығар кезде Жиреншемен әрдайым: «Ананы қайтеміз, мынау қалай болады» деп ақылдасып алады екен. Содан соң Жиренше қалай мәслихат жасаса, тіл қатпай, оның дегенін істеуге әмір қылады екен. Бір күні хан асығыстау жолға шығайын деп қызметшілеріне:
− Тез күймемді дайындаңдар, күймеге қып-қызыл күрең алты нар жегіңдер, − деп әмір беріпті. Қызметшілер жылдамдатып алты қызыл күрең нар жегіп, күймені тұп-тура хан шығатын есіктің алдына әкеп қойыпты. Содан соң хан:
− Жиреншені шақырыңдар, меніменен бірге жүрсін, − дейді. Хан қызметшілерінің бірі жүгіре басып Жиреншеге жетіп келеді:
− Ау, Жиренше, хан жолға дайындалып, сізге тез келсін, меніменен бірге жүрсін деп жатыр, − дейді. Сонда Жиренше:
− Ханның жеккені не? − депті.
− Жеккені қып-қызыл алты нар әзір тұр.
Жиренше айтыпты:
− Қазір барамын, ханға сәлем айт, күн бұлт екен де, − деп. Содан шақырушы ханға:
− Тақсыр, Жиреншені шақырдым, ханға сәлем айт, қазір барамын, күн бұлт екен деп айт деді, − дейді.
Айтулы сөздің астарын түсіне қойған хан қызметшілеріне:
− Алты нарды доғарып, күймеге алты тұлпар жегіңдер! − деп бұйырады. Тұлпарлар жегіліп әзір болған кезде Жиренше де келіпті. Сөйтіп, хан екеуі жолға шығыпты. Жолда құбыладан қара бұлт көтеріліп жаңбыр құйыпты. Жер батпаққа айналыпты, соған қарамастан жануарлар сыдырта желіп отырыпты. Сонда Жиренше ханға қарап: − Жылқы малдың патшасы, түйе малдың қасқасы: түйе малының мынадай ми батпақта жүруі қиын, мен соны ойлап айтқан едім, − депті.

***
Бір адам: «Осы Жиреншені әркім мақтайды, Жиренше сөзден сүрінбейді және сұраған нәрсенің бәріне табан астында жауап айтады дейді. Мен де барып сөз сұрап көрейінші» деп Жиреншеге айтыпты:
− Әу, Жиренше, сізді әркім бір мақтайды, шешен, білгіш дейді. Қане, білгіш болсаң, Тесіктау қайда соны айтшы! − дейді.
− Тесіктау мына тұрған қызыл төбешіктің астында, − дейді Жиренше.
Сонда әлгі кісі «Төбешік, Төбешік» деп қайталап айтады да:
− Ол төбешігің алыс па, жақын ба? − деп сауалдайды. Сонда Жиренше шешен:
− Алыс емес, тиіп тұр, жүр, үйге кірелік! − депті.
Үйге кірген соң, Жиренше әйеліне:
− Мына кісіге сусын бер, − дейді. Әйелі сусын әкеліп, әуелі күйеуіне, содан соң қонағына ұсынады. Жиренше сусын құйылған тостағанды ұстап отырып:
− Міне, Тесіктау! Бес тұлпарға мінесіз, қызыл төбешіктің астындағы тесік таудан былай өтесіз, − деп тостағандағы айранды сіміріп салыпты. Сонда әлгі кісі:
− А, Тесіктау деген тесік тамақ екен ғой, енді еш нәрсе сұрамай-ақ қояйын.
Жиренше, қош-аман бол, − деп қайтып кетіпті.

***
Әз Жәнібек хан ноғайлы жұртымен бірге, қалмақ елін де қоса билеп тұрады. Ол ел тағдырын он екі бимен ақылдасып шешіп отырады екен. Бидің үлкені баяғы Жиренше.
Бұл ердің білгірлігін сынағыш хан бір күні:
− Әу, Жиренше! Адам қалай қадірлі болады? − дейді.
− Қадірлі болғысы келген адамға үш жолдас керек, − дейді Жиренше табан астында.
− Иә, қандай жолдас?
− Бақыт, дәулет, ырыс.
− Ал басқа пәле қайдан?
− Басқа пәле тілден.
− Кәріліктің белгісі не деп білесің? − дейді хан.
− Қаратауға қар жауар.
− Қарсы алдынан жел тұрар, − дейді Жиренше.
− Қыз алған қалай?
− Қыз: «өзің білесің» дер.
− Жеңге алған қалай?
− Жеңге: «өзім білем» дер.
− Жесір алған қалай?
− «Балам білер» дер.
Бас биінің білгірлігіне хан осылайша тәнті болады екен.

***
Әз Жәнібек қасында ортасында Жиренше шешені бар бір топ нөкерлерімен құс салып, тазы жүгіртіп, сайрандап келе жатса, алдарынан көл шығыпты. Көл жағасында бір топ қаз бір-бір аяқтарын көтеріп, жусап тұрады. Хан жігіттеріне: Томағаларын сыпырып, құстарыңды қоя беріңдер! − дейді. Жігіттер дабыл қағып, құстарын қоя береді. Аяқтарын көтеріп, жусап тұрған қаздар екі аяқтап жорғалап барып, аспанға көтеріліп кетеді. Осы бір сәтті пайдаланған хан, Жиреншені тағы бір сынамақ болады.
− Жиреншем, әлгіде бір аяғымен тұрған қаздар, екі аяқтап жорғалап кетті ғой, бұл қалай?
Сонда Жиренше саспапты:
− Е, е, хан ием, сіздің басыңызға әңгір таяқ ойнатып, дабыл қақса, екі аяқтап емес, төрт аяқтап қашарсыз! − депті.

***
Жәнібек хан тағы бір әңгіме үстінде: − Бұл дүниеде кімнің төрт құбыласы тең болмақ? − деп сұрайды. Сонда Жиренше шешен:
− Бұл дүниеде жүйрік аты, қыран құсы бар, өзі сұлу, мінезді қатыны, бес атар мылтығы бар жігіттің төрт құбыласы тең болады, ханым, − депті.

***
Хан өзінің нөкерлерімен серуендеп келе жатқанда алдынан сақалы ақ, шашы қара бір адам кездесіп, сәлем береді. Былай шыққан соң хан қасындағыларға қарап:
− Әлгі адамның сақалының ақ, шашының қарасы қалай?− деп сұрайды: Сонда Жиренше:
− Үйде кейінген, түзде тебінген, қатыны жаман, аты шабан бір бейбақ шығар, − депті.

***
Бір күні аң аулауға шыққанда ханның лашын құсы ұшып кетіп, Жиреншенің үйінің төбесіне келіп қонады. Жиреншенің әйелі оны ұстап алып, түлентіп-желпінтіп қояды. Соны естіп, құсын алуға ханның өзі барады. Жиренше үйде жоқ екен, зайыбы бүркеніп шығып, ханға құсты алып береді. Хан қараса, құсқа томаға тігіп кигізіп, қолғап тігіп құлпыртып, балақ бау есіп жарастырып-ақ қойған екен. Бұрын томағаны, қолғапты бұл жұртта көрген-білген жан болмапты. Жеңдерімен ұстап, «жұмсақ жүн» деп құстың аяғына уықтың бауын тағады екен. Ұшқанда сонысы бір құлаш болып шұбалып, аяғына оралып жүреді екен. Сондықтан хан не құсына қарарын білмей, не қатынға қарарын білмей, атынан ауып түсіп қала жаздайды.
− Біз бүгін осында қонамыз, − дейді хан.
−Үйде еркек жоғын көріп тұрсыз. Алда-жалда еркек жоқта қонақ боламын десеңіз, арада біраз күн салып, бір айналып келіңіз. Кіріміз болса жуынып, қонақ жабдығын хал келгенше даярлап тұрайық және жігіт-желеңмен келмеңіз: көп қонақты күтуге шамамыз келмейді, өз басыңыз ғана болсын! − дейді Жиреншенің жұбайы. Хан «жарайды» деп, «оңаша келіңіз» дегеніне дәмелі болып, көңілі өсіп, қайта береді. Сонымен бірнеше күн өткен соң, хан жалғыз өзі келеді. Хан келген соң, әйел алдынан шығып, қолтығынан демеп түсіріп, қолынан ұстап үйіне кіргізеді. Бар дүниелігін жайнатып, құлпыртып қойған екен. Көрпе жаюлы, төсек салулы, шымылдық құрулы тұр. Ханды жайғастырып, әйел тамақ жабдығына кіріседі. Жалғыз қалған хан айналасына көз салса, үйдегі нәрсенің бәрі кестелі екен. Жастықта да, көрпеде де, шымылдықта да, орамал, дастарқанда да бәрінде де кестемен тіккен бір жазу бар. Ол «Біреудің есігін қолыңмен қақсаң, өз есігіңді біреу аяғымен тебер» деген сөз еді.
Хан бұл сөзге түсінген жоқ, есіл-дерті әйелдің етегі, нәпсінің жетегінде болып отыра береді. Жиреншенің әйелі бір уақытта палау басып, әр түрлі ыдысқа салып әкеліп, ханның алдына қойыпты. Хан палау әр түсті ыдыста болған соң басқа-басқа ғой деп әр қайсысынан бір-бір алып отырады. Бәрінің де дәмі бірдей болған соң, «бұл қалай» деп қайран қалады. «Тақсыр-ау, ыдысымның басқалығы болмаса, бәрі де бір тамақ», − дейді әйел. Ханмен біраз отырып әзілі жарасқан соң: «Тақсыр, ас айныса, не түзейді?» дейді. Хан: «Мұз түзейді», − дейді. Қатын: «Май айныса не түзейді? − дейді. Хан: «Тұз түзейді»,− дейді. Қатын: «Тұз айныса не түзейді?», −дейді. Хан бәлен дей алмайды. Тағы да әйел: «Халық айныса не түзейді?» − дейді. «Халық айныса, хан түзейді», −дейді. «Хан айныса, кім түзейді?» − дейді. Сонда хан дәнеме дей алмай, ұялғанынан бетінің терін сүрте береді. Ақыры, айыбына қолындағы жүзігін сыйлап, хан қайтып кетіпті.

***
Жиреншеге бір жігіт кездесіп жолдас болыпты, өзі тұйық, көп сөйлемейтін адам екен. Бір мезгілде Жиренше жолаушы жігітке қарап: «Жол қысқартайық», − дейді. Жігіт жауап қайырмайды. Тағы бір кезде Жиренше жігітке: «Ағашқазан қайнатайық», − дейді. Жігіт жауап қайырмайды. Тағы да біраздан соң бір көшіп кеткен елдің жұртын көргенде Жиренше: «Мынау бір бейбастақ үйдің жұрты екен», − дейді. Жігіт оған да үндемейді. Сонымен екеуі бір елге жақындаған кезде, жаңбыр селдетіп құйып кетеді. Ауыл сыртында тезек теріп жүрген бір топ қыз жаңбыр жауып кеткен соң қаптарын арқалап, ауылға қарай жүгіре жөнеледі. Тек бір қыз сырт киімін шешініп, қапқа жауып, отыра қалады. «Мына қызда бір сыр болар», − деп Жиренше отырып қалған қызға келеді. Қыз асқан сұлу екен. Жиреншеге қыздың көркі ұнайды. Енді ақылы қандай деп сынау үшін: «Сен көп қыздан неге бөлініп, жалғыз отырып қалдың?»− дейді Жиренше.
− Мен басқа қыздарға еріп, ақымақ болғым жоқ, − дейді қыз.
− Олар қалай ақымақ болады? − дейді Жиренше.
− Олардың ақымақтығы мынада: келе жатқан алды бар, арты жоқ, шағын бұлт. Бұл өткінші жаңбыр, аз жауып ашылады. Ал олар үйге барғанша отындары да, барлық киімдері де су болады. Су болған отын жанбайды, киімдерін кептіре алмайды. Мен отыныма шапанымды жаптым, ығына өзім отырдым: менің су болған жалғыз-ақ шапаным. Отыным, өзге киімдерім құрғақ: үйге барғанымда отынымды жағып, шапанымды кептіріп аламын, − дейді. Қыздың көркіне ақылы сай, Қаракөздей болып көрінеді. Бұл қызға енді бір сөз айтып көрейін деп Жиренше: Бүркеніп жалғыз отырсың, бойға жеткен жас бала. Ұнатсаң айтқан сөзімді, Күлімдеп көзің бері қара! Оңаша бір сөзім бар, Ақылың болса сен ұғар. Менің атым Жиренше, Жол берген маған хан-қара, дейді. Сонда қыз бөгелместен: Сыртыңнан естіп, қанық ем, Шешен деген атыңды. Түсіңе бұрын танық ем. Жаңа көрдім затыңды. Айтар жерің осы ма, Көңілдегі датыңды? − деп күлімсіреп өң бергендей болып: Уәде қылып келіп пе ең, Сөйлесем деп осы жерге. Жалғыз атты жолаушы, Аулақ менен қош жерге. Құрбыңды іздеп тауып ал, Жас қыз сөзіңді естер ме? − дейді.
Жиренше шешен қызды әбден ұнатып ішінен: «Құдай жазса, сені алармын», − деген ойға келеді. Ауыл мен екі арада өзен бар екен.
− Мынау өзеннің өткелі қай жерде? − дейді Жиренше.
− Анау жерде бір өткел бар алыс: алыс та болса жақын. Мынау жерде бір өткел бар жақын, жақын да болса алыс, − дейді қыз.
− Сенің үйің қайсы? − дейді Жиренше қызға.
− Менің үйім анау үлкен ақ үйдің жанындағы қараша үй, − дейді қыз.
Жиренше жақын өткелге бұрылады. Қыздың «алыс, алыс та болса жақын» өткелінің суы таяз, асты құмқайыр екен. Жиреншенің аты желіп өтеді. Ал «жақын, жақын да болса алыс» деген өткелдің суы терең, асты балшық екен, жолдасының аты батпақтап зорға өтеді.
Жанындағы жігітке: «Сен қайда қонасың?» дегенде, «Мен мына ақ үйге қонамын» дейді ол. «Ендеше, мен қараша үйге қонамын»,− дейді шешен. Сөйтіп, екеуі екі бөлініп, бірі байға, бірі кедейге барып түседі. Бір уақытта отынын арқалап, манағы қыз да келеді. Жиренше төрге жайғасқан соң, үйдегі кемпір амандықтан кейін: «Шырағым, мынау байдың үйі тұрғанда, біздің қосқа қалай түстің?» − дейді. Жиренше: «Менің баспанам да осындай еді, өз үйім тәрізді болған соң өзімсініп түскенім ғой», − дейді.
Жиренше түскен үй іңір болған соң от жақты, келін сиыр сауды. Кемпір от басында, қыз үйдің іргесінде отыр. Төрде отырған Жиренше қызға қарап басын сипайды. Бұл: «Сенің қалың малың шашымнан көп-ау» дегені еді. Қыз оған түсініп, астындағы тақыр тулақты сипайды. Ол теңімді тапса, тақыр кедей болса да береді дегені еді. Жиренше мен қыз бірін-бірі ұнатқанын осылай ыммен ұғысады. Таң атқан соң жұрт тұрып жайланған кезде бай Жиреншені шақыртып алады. Жиренше келсе, кешегі жігіт мәз-мәйрам болып, сонда отыр екен. Амандасқаннан кейін бай: «Кешегі бірге келген кісі осы ма?» дейді. Жігіт: «Иә», − дейді. «Екеуің бірге келіп, екі бөлек түскендерің қалай?» − дейді бай. Жиренше: «Бұрынғының сөзі бар еді, сол есіме түсіп, бөлек түстім», − дейді. «Ол не деген сөз?» дегенде Жиренше:
Әлің білмес ісіңді. Білгендерден сұрап біл. Өліп жатсаң, наданнан, қабырғаңды жырақ қыл! − деген дейді.
Бай: «Екеуің жолда не сөйлестіңдер?», «Не айттыңдар?» дегенде жігіт түндегі жол-жөнекей айтылған сөзді баяндайды. Жиренше: «екеуден екеу жапанның сары даласында келе жаттық, әр түрлі сөз айттым, серігім біреуіне де сөз қайырмады. Сонан соң мен де үндемей отырып едім, ұйқы келді, маужырап жүре алмадық. Ұйқыдан мезі болған соң «жол қысқарталық» дедім. Оным әңгіме айт дегенім еді. Екінші «ағаш қайнатайық» дегенім, насыбай атып алайық дегенім еді. Үшінші «бейбастақ үйдің жұрты» дегенім бір жұртта екі басы бірдей күйік көсеу жатыр екен. Айтқан сөзімнің біріне жауап қайтармаған соң «мына жігіт надан екен, − деп бөлек қонған едім», − дейді. Бай бұрын Жиреншенің атын естіп, бір көруге құмар болып жүреді екен. Өзін көріп, сөзін естіген соң есі кетіп, мал сойып, қымыз құяды. Бәйбіше: «Шырағым, бүгін осында бол!» деп қондырады. Жиреншенің ақылына қызығып, бай қызын бергісі келеді. Қызы: «Мені бір жалғыз кедейге бар дегені несі, бармаймын», − деп астан-кестен бүлінеді. Қызымнан бұл сөзді естіп өтірікші болдым-ау деп ойланып отырғанда, Жиренше: «Байеке, сіздің қиналып отырғаныңыз маған да әбден батты. Көнбеген балаңызды қояйық, мынау көршіңіздің қызының қалың малын төлеп, алып берсеңіз болады», − дейді. Бай көрші жігітті шақырып алып, сұраған малын беріп, Қарашашты Жиреншеге қосқан екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *