Дхаммапада

Дхаммапада

 

І тарау
Қос жолдар
6
Біздің осы жерде өміріміз аяқталатынын кез келген адам біле бермейді- ау. Егер де осыны білер болсақ, біздің басқа біреулермен айтысып, дауласа беруіміз мүлдем тоқталар еді ғой.
11
Істің мәнісіне жетпей жалтақтап тұратын, мәнсіз нәрседен өзінше мән шығарып жүретін адамдар ешқашан істің шын мәнісіне жете алмайды, өйткені ондайлардың үлесіне жалған ниет қана тиесілі.
12
Мәндіні мәнді деп, мәнсізді мәнсіз деп, істің мәнісін шынайы түсінетін адамға шынайы ниет тиесілі.
13
Төбесі жаман жабылған үйге жаңбыр өтіп кететіні сияқты, нашар дамыған ақылды да тыйымсыз көрсеқызар құмарлық билеп алады.
14
Төбесі жақсы жабылған үйден жаңбыр өтпейтіні сияқты, жақсы дамыған ақылды көрсеқызар құмарлық билей алмайды.
16
Бұл өмірде жайнап жүрген адам ол дүниеде де жайнап жүреді. Істегені тек жақсылық болған адам екі дүниеде де жайнап жүреді. Ол өзінің жасаған жақсылық істерін көріп қуанады да, жайнап жүреді.

ІІ тарау
Парасаттылық туралы
21
Салмақтылық – мәңгі жасаушылыққа апарар жол. Жеңіл ойлылық – өлімге апарар жол. Салмақты адам өлмейді. Жеңіл ойлылар өлілерге ұқсас.
22
Осыны ұққан ақылдылар – салмақтылар. Салмақтылықтан олар өз қуанышын табады. Мейірімділік мәресінде масайрайды олар.
25
Шіркін, данышпан жан күш-қайратымен, парасаттылығымен, ұстамдылығымен һәм өзін-өзі шектей білуімен ешқандай зор ағын талқандап кете алмайтын өзіне бөлек бір арал жасап алсашы.
26
Надандар мен әумесерлер жеңілтектікке жақын тұрады. Ал, данышпандар салмақтылық пен парасаттылықты ең қымбат қазынасындай сақтай біледі.
27
Жеңілтектіктен аулақ болыңдар, нәпсі мен құштарлықтан сақтаныңдар, өйткені тек салмақты және ойлы жан ғана ұлы бақытқа жете алады.
28
Мұңсыз данышпан жеңілтектікті жанына жолатпаса, даналықтың шыңына шығады да, тау басынан жазыққа жанар қадап, мұңды адамзатқа данышпанның наданға көз тастағанындай тебірене қарайды.
29
Жеңілтектердің арасындағы салмақты жан қалғып отырғандардың жанында ояу адам тұрғанындай, жүзден жалғыз қара озып келе жатқан шын жүйріктей жеке дара тұрады.

ІІІ тарау
Ой туралы
33
Бейне-бір садақшы мерген тәрізді, данышпан адам да өз ойын тебіренген, қапаланған, жеңіл жәбірленген, өзін-өзі зорға ұстап тұрған азапты ойға қарай арнайды.
35
Көп сүрініп, мың сан жаққа бұрылып, буырқанған бұла ойды асқан сабырлылықпен ауыздықтау – игі іс. Ауыздықталған асау ой бақытқа жеткізеді.
36
Бірден түсінуге қиын, жүз сырланып, мың қырланған, жең түрініп, көп сүрінген күрделі ойын данышпан тұңғиық тереңде сақтасын. Тереңдегі тебіреністі ой бақытқа жеткізеді.
39
Кем-кетігі жоқ, абыржуды білмейтін, жақсылықтан да, жамандықтан да бас тартатын ой еш нәрседен жасқанбайды.
41
Амал қанша! Осынау сезімсіз, пайдасыз, қураған дөңбектей дөңкиген тұл дененің жер бетінде қамшының сабындай -ақ, қысқа ғұмыры қалды — ау.
42
Жауына жауы не істесе де, күншіл күншілге не істесе де, оларға ара түсетін арам ой бұлардың жайын одан ары нашарлата түспек.
43
Шешесі не істесе де, әкесі немесе басқа бір туысқаны не істесе де, әйтеуір шын пейілді адал ой жас жанның жағдайын жақсарта түсері хақ.

ІҮ тарау
Гүл туралы
50
Ол істеген не істемеген басқалардың қатесіне қарамасын, бірақ әлі істемеген не істеген өзінің қатесіне қарасын.
51
Ешқашан да іске асыруға болмайтын, кейбір адамның жақсылап айтқан сылдыр сөзі сыртқы түрі тамаша, жайнап тұрған, бірақ жемісі де, жұпар иісі де жоқ гүл сияқты.
52
Іске асыруға болатын, кейбір адамның байсалды түрде айтқан сөзі жемісті әрі көздің жауын алатын сан түсті және жұпар иісті гүл сияқты.
53
Бір бума гүлден көптеген гүл шеңберін жасауға болатыны сияқты, қарапайым пенде дүниеге келгеннен кейін көптеген игі істер істей алады.
54
Гүлдің жұпар иісі желге қарсы жақтан білінбейтіні сияқты, сандал ағашы мен тагар, жасмин бұталарынан да желге қарсы жақтан жұпар иісі сезілмейді. Ал, рақымшылдықтың жұпар иісі желге қарсы жақтан да білініп тұрады. Жақсы адамға жүз кісілік орын бар.

Ү тарау
Ақымақтар туралы
61
Ұзақ жолда сапар шеккен жан өзіне тең, не өзінен артық адам кезіктіре алмаса, ол жалғыздықты жасқанбай қарсы алғаны жөн. Ал, ақымақпен достық шынайы достық бола алмайды ғой.
62
«Ұлым менің, байлығым менің», – деп бәйек болады ақымақ адам. Ол егер түсіне білсе өзі де өзінікі емес қой. Сонда қалайша ұл оныкі болады? Байлық оныкі болады.
63
Өзінің ақымақтығын білген ақымақ данышпанға тең. Ал, өзін данышпанға теңеген ақымақ шын мәніндегі ақымақ.
66
Ақылдан жұрдай, ақымақ адам теріс іс істеп, өзіне-өзі жау болғанын білмейді де сезбейді. Ал, арам адам ісінің ащы дәмін өзі татады.
67
Артынан ащы дәмін татқызып, көзді жасқа толтыратын, зар еңірететін қате іс қатерінен аулақ жүрген жөн.

69
Зұлымдық пісіп-жетілгенге дейін ақымақ оны балға балайды. Кейін зұлымдық пісіп-жетілгенінде ақымақ зар еңіреп, өкініш көкірегін қарс айырады.

ҮІ тарау
Дана адам туралы
76
Кімде-кім өзінің кемшілігін көрсетіп айтқан дана адамды көрсе, қазынаның қайнар басын көрсеткен сол дананың соңынан ерсін. Осындайлардың соңынан еру жамандыққа емес, жақсылыққа жеткізеді.
78
Жалған достың жанына ешкім де жоламасын, арам жанды ешкім де жақсыға баламасын. Жақсымен сырлас бол, жомартпен сыйлас бол.
81
Биік құз жартас желге мұжылмайды, дана адам мақтасаң да, даттасаң да бұзылмайды.
84
Шын данышпан өзіне де, өзгеге де не мәнсап, не байлық, не ұл бала тілемейді. Заңсыз жолмен табысқа жетуді көздемейді. Сондай саңлақтар рақымды болсын, даналықтан, даралықтан аумасын.
85
Адамдардың ішінен біразы ғана арғы жағаға өте алады. Ал, қалғандары өз жағасын таптаумен ғұмыр кешер болар.

ҮІІІ тарау
Мың туралы
100
Керексіз сылдыр судан құралған мың сөзден гөрі жүрекке жетіп жататын бір сөз әлдеқайда артық.
102
Ешқандай мағынасыз, пайдасыз жүз ауыз өлеңді жатқа айтып тұрғаннан гөрі, естісең көңілің жай болатын жарты ауыз өлең артық.
104
Шынында да адамның өзін-өзі жеңуі, өзіне-өзі тұрақты түрде тыйым сала білуі, өзін — өзіне көндіре білуі басқа біреуді жеңуден әлдеқайда артық.
108
Бұл дүниеде кейбір адам жыл бойы қайырымдылық көрсетіп, шапағатын төксе де, кейде мұның өзі көк тиынға тұрмауы да мүмкін. Өмірдің әділ жолына бастаған адам бәрінен де артық.

ІХ тарау
Жамандық туралы
120
Тіпті ізгіліктің өзі де ізгілігі пісіп-жетілгенше зұлымдықты көруі мүмкін. Ізгілігі пісіп-жетілген соң оның көретіні – ізгілік.
121
Зұлымдық жөнінде: «Зұлымдық маған келмейді», – деп жеңіл ойлама. Қолыңдағы ыдысыңның өзі де тамшыдан су болып толады ғой. Надандар өзінің зұлымдығы қалай көбейіп кеткенін аңғармай қалады.
122
Жақсылық жөнінде: «Жақсылық маған келмейді», – деп жеңіл ойлама. Қолыңдағы ыдысыңның өзі де тамған тамшыдан су болып толады ғой. Ақылды адам өзінің жақсылығы аздап жақсылық жасағанынан көбейгенін аңғармай қалады.

Х тарау
Жаза туралы
131
Кейбіреулер өзіне бақыт іздеу үшін біреуді жазалағысы келеді. Мұнымен бақыт табылмайды. Мұндай адам өлімнен кейін де бақытқа ие бола алмайды.

133
Ешкіммен де дөрекі түрде сөйлеспе, дөрекі сөйлессең, одан өзің де дөрекі жауап аласың. Ашулы сөз – өте ыңғайсыз. Ондай сөз өзіңе де жақсылық әкелмейді.
136
Надан зұлым іс істей отырып, мұны өзі білмейді де. Ақылсыз адам өзінің ісі үшін опық жейді. Мұнысы алдындағының бәрін құртқан жанған өрт тәрізді.
ХІІ тарау
Әр адамдағы «Мен» туралы
157
Әркімнің өзінің «мені», әрине жақсы нәрсе. Әркім оны қырағылықпен сақтағаны дұрыс. Данышпан адам өзінің үш қорғанының бірі ретінде оған риза болуы керек.
158
Ол ең алдымен өзін тиісті жағдайға келтірсін. Содан соң басқаны үйренуіне болады. Дана адам алған жолынан аумайды.
159
Басқаны қалай үйретсе, өзі де солай үйренсін. Өзін бәріне толық көндірген адам басқаны да соған көндіре алады. Шын мәнінде өзін-өзі бәріне көндіру– қиын іс.
163
Адамға зиянды әрі жаман іс – істің жеңіліне әуес болу. Ал жақсы да пайдалы іс – қашан да ең қиын нәрсе ғой.
166
Өзінің ізгілікті ісі бола тұрып, басқаның да ізгілікті ісін жоққа шығармауы жөн. Өзінің ізгі ісін тани отырып, жоғары деңгейдегі ұлы істерге ұмтыла бергені дұрыс болмақ.
ХҮІ тарау
Жағымды іс туралы
210
Жағымды іске де, жағымсыз іске де ешқашан түгелдей берілме. Жағымды істі ғана көріп, жағымсыз істі көрмеу – жамандыққа ұрындырады.
217
Адамгершілігі мол, зерделі, дхаммаға берік, тек шындықты ғана айтатын, өзінің парызын орындайтын адамды халық парасатты кісі деп санайды.
220
Туыстары алыс сапардан келген адамды қуанышпен қарсы алатыны сияқты, бұл дүниеден кеткен жақсы жанды өзінің жақсы істері қарсы алады.

ХҮІІ тарау
Ашу, ыза туралы
221
Ол ашуынан бас тартсын, ол өзіне — өзі мәз болғанын қойсын, ол өзінің әр нәрсеге құштар болу қылығын жеңсін. Кімде — кім сыртқы түр мен атқа тым үйір болмаса, тым құштар болмаса, соған ешқандай бақытсыздық жоламайды.
222
Жолынан тайған арба сияқты, кімде-кім оянған ашуын тежей білсе, қалғаны тек делбені ұстап отырған адам сияқты ғана болмақ.
223
Әр адам кекшілді кек сақтамаумен, жамандықты жақсылықпен, сараңдықты жомарттықпен, жалған сөзді шындықпен жеңгені жөн.
224
Ашуға тізгін берме, шындықты айт, егер сенен біреу бірдеме сұраса, тіпті аз болса да бере біл. Осы үш жағдай арқылы сен құдайдың өзіне жақындайсың.
225
Денесі көнбіс, ешкімді ренжітпейтін дана адам бір жерде тұрақтап тұрса, ондайлар азаптан ада болмақ.
228
Тек даттауға немесе тек мақтауға лайық адам бұрын да болмаған, қазір де болмайды, болашақта да болмақ емес.
229
Ақылды адам өзі күн сайын көзімен көріп, байқап жүрген, мінезінде артық қылығы жоқ, білімді, рақымды, мархабатты адамды ғана мадақтайды.
231
Тәніңді күнәдан сақта, әр нәрсеге ұстамды бол, ал тәнге келер болсақ, тәніңді күнәсіз, пәк ұстай біл.
232
Сөзді күнәдан сақта, әр нәрсеге ұстамды бол, ал сөзге келетін болсақ, сөзіңді күнәсіз сөйлей біл.
233
Ақылыңды кінәдан сақта, әр нәрсеге ұстамды бол, ал ақылға келетін болсақ, ақылыңды күнәсіз сақтай біл.
234
Дана адамдар тәніне де ұстамды, сөзіне де ұстамды, олар шын мәнінде өмірдегі барлық жағдайда да ұстамды.

ХҮІІІ тарау
Зұлымдық туралы
236
Өзіңе-өзің арал жасап ал, талмай күрес, ақылды бол. Зұлымдықтан тазарған, мінсіз сен енді қайырымдылықтың аспандағы патшалығына жетесің.
238
Өзіңе арал жасап ал, қайраттан да күреске шық, ақылды бол! Зұлымдықтан өзіңді таза сақта, ешкімге қиянат жасама, кінәдан сақ бол, жастық та, қарттық та саған қайта айналып келмейді.
239
Ақылды адам күн сайын, біртіндеп өзінің үстіндегі былғанышын сілкіп, кірінен арылуы керек. Іші де, сырты да күмістей жарқырап, көз тартып тұрсын.
241
Егер қайталап оқып тұрмасаң, кітаптағы жазуды кір басады, тазалап тұрмасаң, үйдің іші былғанады, сұлулық еріншектіктен былғанады, өңі кетеді, сақ адам жеңілтектікке берілсе, ол да былғанады.
244
Кімде — кім бейпіл мінезді болса, қарғадай қағып кетуді аңдып тұрса, ақылсыз, бұзылған, жылмағай, жылпос, жағымпаз болса, сол жеңіл өмір сүреді.
245
Кімде-кім қарапайым, биязы мінезді болса, әрқашан таза жүріп, салмақты, көрегенді, кінәсіз болса, оның өмір жолы ауыр болады.


249
Адамдар өзінің сенімі қанша керек етсе, соншаға келісімін береді ғой. Біреудің басқадан алған ішіп-жемін көре алмаған адам күндіз-түні өзіне-өзі келе алмай, бостан — босқа дал болады.
250
Ал, кімде — кім өзінің көре алмаушылық мінезін жоя білсе, оны түп – тамырымен жұлып тастай алса, сол адам күндіз-түні өзіне-өзі келіп, көңілі жай табады.
251
Нәпсіден артық от жоқ, ашудан артық кесел жоқ, алдаудан артық тор жоқ, арманнан артық өзен жоқ.
252
Басқаның кінәсін көру оп-оңай, ал өзіңнің кінәңді көру қиын. Өйткені, басқаның кінәсін бір нәрсенің қауызы сияқты аршып алып тастауға болады. Ал өзіңнің кінәң сүйекке біткен дерт тәрізді, оны жұлып тастай алмайсың.
253
Біреудің кінәсін ғана көре алған адам өзін-өзі мазалайды, оның арман — тілегі де өсе түседі, ондай адам арман-тілегінің өсе түсуін тізгіндей алмайды.

ХХ тарау
Жол жайында
280
Кімде — кім уақытында ұйқысынан тұрмаса, кімде — кім жастығына және қайраттылығына қарамастан еріншек болса, кімде-кімнің ойы бұлыңғыр, босбелбеу болса, мұндай жалқау да сылбыр адам ақылдылыққа жол таба алмайды.
281
Айтқан сөзге көңіл қоятын, өз ойын өзі бағындыра алатын, тәнін кінәсіз ұстайтын – осы үш жолда өзінің іс — әрекетінде дұрыс сақтайтын адам даналықтың салиқалы соқпағына түсе алады.
282
Шындығында: ойдан даналық туады, ойсыздық даналықты жояды. Өмірге апаратын һәм өмірді жоятын осы екі жолды біле отырып, даналықты дамытатын жолды ойлау жөн.
286
Мен осы жерде жаңбыр кезінде де, жазда да, қыста да тұра беремін деп ойлайды надан адам. Ол қауіп — қатерді есіне де алмайды.
287
Осындай тек өзінің қамын ғана ойлайтын, ессіз жас балаға немесе малға ұқсас, тілегі орындалған адамды ұйқыдағы ауылды тасқын су басып кететіні сияқты, ажал алады да кетеді.

288
Әкең де, балаң да, туған-туысқандарың да, ешкім де сені ажалдан арашалап алып қала алмайды. Ешкімнен қорғаныс таба алмассың.

ХХІ тарау
Әр түрлі жайлар жайында
290
Егер кішкене ғана бақыт үлкен бақытқа жетуге жағдай жасаса, онда ақылды адам кішкене бақытты ойлаудан бас тартып, үлкен бақыт туралы ойлайтын болсын.
291
Кімде-кім біреуге қиянат жасау арқылы өзіне бақыт іздесе, ол көре алмаушылықтың құрсауынан босай алмайды.
292
Қазір істеуге болатын істі аяқтамай қоя тұрып, басқа бір істі бастап кететін адамдар болады. Мұндай бейпіл және дандайсып кеткен жандардың нәпсісі ырық бермей өсе түседі.
293
Бір мақсатқа жұмылдырылған ақыл, басқа істі қоя тұрып, сол бастаған ісін аяқтауға қарай бет бұрса, онда сол істі тиянақты тындырып шығуға әбден болады. Мұндай ақылды адамдардың әрнені көксеген нәпсісі тыйылады.
303
Өз сеніміңе берік әрі рахымды болсаң, байлыққа, даңққа кенелесің, қай жерде жүрсең де сені құрмет тұтады.

ХХІІ тарау
Тозақ туралы
306
Кімде — кім өтірік айтса және кімде — кім бір істі бүлдіріп алып, «жоқ, мұны мен бүлдірген жоқпын », – деп жалтарса, сол тозаққа түседі. Өлген адамдардың барлығы, мейлі ол патша болсын, мейлі ол жай адам болсын, бірдей тең саналады.
308
Елінің рақымдылық мархабатына бөленген, бірақ өзі арам пиғылды және қанағатсыз кейбіреулердің жұрттың жалған сүйіктісі болып жүргенше, отқа қыздырылған қызыл жалын шарды жұтып жібергенінің өзі артық.
311
Байқап ұстамасаң, кейбір шөптің қолыңды кесіп кететіні сияқты, дәруіштердің өмірі де осындай болады. Өзіңді-өзің дұрыс ұстамасаң, тозақ сені төңіректеп жүреді.
312
Ұқыпсыз орындалған жұмыс, уақытында берілмеген қарыз, күдікті рахымшылдық – мұның барлығы адамға абырой әкелмейді.
313
Істеуге тиісті іс болса, оны көп созбай, дер кезінде орындап тастау керек. Босбелбеу жолаушы жолдың шаңын көтергеннен басқа не бітіреді.
314
Жұмыстың жаман орындалғанынан гөрі орындалмағаны артық. Өйткені жаман орындалған жұмыс кейін ауыр азап болады. Қолға алған ісіңді сапалы орындасаң, артынан өкініші де болмайды.
315
Сыртынан да, ішінен де күзетіліп тұратын шекарадағы қала сияқты, өзіңді-өзің берік сақта. Уақытыңды босқа өткізіп алма. Босқа өткен уақыттың арты өкініш, мұның өзі тозаққа да таяу тұрады.
316
Жалған көзқарасты ұстанатын, ұят нәрсеге тап болатын, сөйтіп, ұятқа қалатын адам теріс жолға түскен жан.
317
Жалған көзқарасты ұстанатын, қорқуға болмайтын нәрседен қауіп көретін, қорқатын нәрседен қауіп көрмейтін адам теріс жолға түскен жан.
318
Теріс көзқарасты ұстанатын, жамандық бар жерді жамандық жоқ деп санайтын, жамандық бар жерді көрмейтін адам теріс жолға түскен адам.
319
Дұрыс көзқарасты ұстанатын, жаманды — жаман, жақсыны — жақсы деп айыра білетін адам жақсы жолға түсіп, алға қарай жүре бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *