Бөлтірік шешен

Бөлтірік шешен

Бірде Бөлтірікке нағашысы:
− Балам, өрістегі атты алып келші? − дейді. Бөлтірік қолына 11 жүген ұстап, үйден шықты. Өрісті шарлап, атты кешке дейін іздеп таппады. Шөлдеп-шөліркеп, ымырт үйіріле Күзербай деген байдың үйіне жетті.
«Сорпа-су ішеміз бе» деп байдың үйін торуылдайтындар да аз емес екен. Бөлтірік келгенде жалаң аяқ, жалаң бас, еріндері тобарсып жарылған екі кедей отырады. Біреуі түйе қараған, біреуі ат қараған болып екі жаяу, бір сылтаумен тамақтарын тойғызбақ қой баяғы.
Келімсектерге көже құйып беретін бай үйінің әдеті екен. Күбіде бидай көже ашып тұр. Байдың тоқалы пісіп-пісіп жібереді де дәу табақка құйып, үшеуінің ортасына қоя салады. Үш кісіге бір қасық. Үшеуі кезектесіп ішуге кіріседі.
Көженің суы көптеу, қоюы аздау екен. Қарны ашқан бейшаралар қоюын ішкісі келеді. Бірақ қоюдың қолға түсуі қиын, қасыққа ілінбейді. Қасындағы екеуінің жасы үлкен әрі әккі қу екен. Көжені қасықпен қозғап жіберіп, қоюы көрініп қалғанда, лып етіп іліп әкетеді.
Кенет Бөлтірік орнынан атып түрегеліп, басындағы тымағын былай лақтырып тастады, қолындағы жүгенін алып жерге бір-ақ ұрды. Үстіндегі шекпенді, аяғындағы етікті шешті. Енді болмаса, одан әрі шешіне бермек түрін көрген бай:
− Әй, балам, мұнша неге мазаң кетті тыпырлап, неге шешіндің? − дейді.
− Ата, мына көженің қоюы маған ұстатпайды. Соны сүңгіп алып шығайын деп едім. Шешінгенім сол. Тоқта, балам! − деп Күзербай қарт оң қолын көтерді.
− Балам, кімнің баласы едің?
− Әлменнің баласымын.
− Атың кім, балам?
− Атым Бөлтірік.
Бай бір жігітіне әмір етті.
− Өрістен тездетіп бір қой әкел. Бай дереу ауыл ақсақалдарын шақырып алады. Мал да әкелінді.
− Балам, ана қойдың мойнынан ұста, батамды беремін:
Айтқаның әділ болсын,
Тілегің қабыл болсын.
Жортқанда жолың болсын,
Кфізыр әликсалам шылауыңда болсын.
Дұшпаныңа киелі бол,
Халқыңа иелі бол.
Өзіңе өмір берсін,
Айтқан сөзің әрдайым,
Осылай жүйелі болсын, әумин! − деп батасын берген екен.

* * *
Бөлтіріктің шешендігімен аты жаңа шыға бастаған кезі болса керек. Бірде Арқаның атақты шешені Бердіқұл бимен сұхбаттасуға ниеті ауады. Бірақ ауыздыға сөз бермеген Орта жүздің шешенінен жас Бөлтірік сырттай сескене беріпті. Бір күні өзін-өзі қайрап:
Бердіқұлдан мен неменеге сескенем. Жеңілсем, мені бала дейді ғой, жеңсем, дана дейді ғой, тәуекел барайын, – деп атақты шешеннің алдына барған екен.
Батаңызды алғалы, ақылыңызды тыңдағалы келдім, – дегенде Бердіқұл Бөлтірікке:
–Шырағым, жасың кіші болғанмен, жолың үлкен ғой. Батаны сен қайта маған бер. Мен саған бір ғана сауал қояйын. Сөз мәнісін білмеген қалай болады? –депті. Бөлтірік жұлып алғандай:
Сөз мәнісін білмеген,
Ел мәнісін білмейді.
Ел мәнісін білмеген,
Жер мәнісін білмейді.
Жер мәнісін білмеген,
Ер мәнісін білмейді.
Ер мәнісін білмеген,
Бар мәнісін білмейді.
Бар мәнісін білмеген,
Мал мәнісін білмейді.
Мал мәнісін білмеген,
Ел мәнісін білмейді.
Ел мәнісін білмеген,
Бар мәнісін білмейді.
Бар мәнісін білмеген,
Не мәнісін біледі? –депті. Сонда Бердіқұл:
Болды, әкем, болды, – деп, ризалығын танытыпты. Сонан соң Бөлтірікті «Төле би атаңдай үш жүздің шешені болар ма екенсің?» – деп жоғары бағалап, батасын беріпті.

* * *
Бөлтіріктің нағашысы атақты Қараменде деген кісі екен. Бөлтірік он сегіз жасында біраз күн аунап-қунап қайтуға нағашысының ауылына келеді. Амандасып, жай сұрасып болған соң, Қараменде жиеніне:
−Балам, қырық жігітпен келіп, неге қырық ат мініп қайтпадың? Жалғыз келгенің қалай? – деп сұрапты.
Жалғыз аттың пайдасы көп, жалғыз жігіттің айласы көп, – деген емес пе ілгерілер. Жалғыз келсем, өзіме өзімнің сенгенімдағы, алмасам да осы айтқан сөзің бергеніңдағы, – деп жауап береді Бөлтірік. Нағашысы Бөлтірікті жас демей, үлкен сый-құрмет көрсетіп, қалағанын беріп, көңілін тауып қайтарады. Жиені аттанып кеткен соң, Қараменде «Жақсы сөйлесе, аузынан гүл төгілер. Бұл бір аузынан гүл төгіліп тұрған, көзінен от төгіліп тұрған ерен екен. Келешекте үш жүзде мұнан озар адам болмас, баланы шығарып салайын» деп, сәскелік жерден оны қуып жетеді. Жиенін сөйтіп, түстік жерге дейін шығарып салған қарт би:
−Қош, жалғыз! Малға кенде болсаң да, басқа кенде болмассың! –деп қош айтысады. Соңда Бөлтірік:
− Нағашы неге жалғыз дедіңіз, бірге туғандарым бар ғой, – дегенде, Қараменде:
Е, қарағым, хан Бөлтірік,
Үш жүзде тендесі жоқ жан Бөлтірік.
Сондықтан да атадым жалғызым деп,
Сендей бегі туа бермес сан Бөлтірік, – деген екен.

* * *
Бөлтірік кедейліктен үйлене алмай жүреді. Балқаш жақтағы нағашысына барғанда, әуелі қозы, қой, бірер жылдан соң жылқы бағады. Ол ат үстінде ойнайтын мықты жігіт боп ержетеді. Бұл өңірдегі палуан деген одан жығылады. Додапаз деген оған ілесе алмайды. Ақын біткен онымен айтысып жеңе алмайтын болады. Өзі көрікті, келбетті, үнемі тауып сөйлепті. Бөлтірікке бозбала, әсіресе, қыз-келіншектер үйірсек болады.
Бірде бие сауын кезінде құлын ағытып, салып тұрған Бөлтірік жеңгесімен сырласады.
− Шырайлым, еліңді сағындың ба?
− Иә, сағындым.
− Неге еліңе қайтпай жүрсің?
− Жалғыз келіп ем, екеу болып қайтсам деймін.
− Е, е, бәсе ішім сезеді-ау, біздің Еркежанға көңілің ауған екен ғой.
− Иә, жеңеше, өзің ептестірерсің деймін.
− Нағашыңнан таяқ жеп жүрмейік.
− Оның есебін өзім табамын.Әуелі Еркежанды көндір, екеумізді кездестір, уәде байласайын. Біз аттанатын түні нағашым ауылда болмасын. Өзің сылтауратып оны төркініңе ертіп кет. Сонда біздің қашканымызды сенен көрмейді. Жеңгесі оның ақылын бұлжытпай орындайды. Сонымен Бөлтірік өзінің сүйген қызын бір түнде алып қашады. Екеуі екі атпен түнделетіп жүріп отырып, Қосащыдағы ауылдың тұсына жетеді. Бұл Мәнеке байдың ауылы еді. Жылқы қарап жүрген байдың екі жігіті олардың ізін кесіп, соңына түседі. Ауыл сыртындағы өзеннен өте бергенде, әлгі екі жылқышы оларды ұстап алып, Мәнеке байға алып барады:
− Мына бір екі жігітті ұстап алдық, жылқыны ұрлап жүрген осылар. Бізге жөнін айтпайды. Мына біреуінің қолы темірдей екен, әліміз келмеді.
− Өзіңіз сөйлесіп көріңізші?
Мәнеке бай бұл екеуінің тегін емес екенін сезеді де:
− Аттан түсіп, сусын ішіндер, − дейді. Екеуі аттарынан түсіп, үйге кіреді. Бөлтірік қасындағы сусар бөрікті, кемер белдікті сұлу «жігітке» қарап:
− Бұл да өз ауылымыз. Енді жігіт боп шіренбей-ақ қой, шешініп отыр, – дейді. Қыз үстіңдегі еркек киімдерін шешіп тастап, сырлы тегенедегі сары қымызды өзі сапырып, отырғандарға кесе жағалатады. Сонда барып Бөлтіріктің қалындығын еркекше киіндіріп алып қашқанын біледі олар. Бөлтірік әңгіме дүкенін қыздырады. Бірде термелеп, бірде пернелеп талай әңгіме басын қайырады. Таныса келе Мәнеке бай:
− Ыстыда Бөлтірік деген шешен бала бар деуші еді. Сен сол екенсің ғой, – деп мал сойып күтіп, ертеңіне аттандырыпты. Міне, Бөлтірік осылай үйленген екен дейді ел.

* * *
Бөлтірік шешен бір жазда Тезек төреге барады. Бөлтіріктің шешен, ділмар әрі батыр екенін сыртынан естіп жүрген Тезек оны бар ықыласымен сыйлап, әңгіме жырын тыңдайды. Бір жағынан әрқилы сөзге салып сынайды. Дәм, тағамды тартына алып отырған Бөлтірікке Тезектөре:
− Алып отырыңыз, Бөлтеке, қазы-қартаға мәнісіңіз жоқ қой, – дейді.
Сонда Бөлтірік:
− Төрем, сіздің үйдің қай дәмін татып қарасам да, бәрінен елдің көз жасының соры шығады. Мұндай ас бізге жақпайды, –депті.
Тезек төре әңгіменің бетін басқа жаққа бұрмақ болып:
− Бөлтеке, Ысты елі қанша түтін болады? – десе, ол кідірместен:
− Алты аталы алты мың ауыл Ысты, ат төбеліндей алпыс үйлі төреден аз емес шығар, – депті. Тезек төре үндемей отырыпты да, тағы бірде:
− Бөлтірігім, анау көрмеде тұрған атымды сынап көрші?–дейді. Бөлтірік барып, атты ары-бері қарайды да:
−Бұл ат өз жылқыңыздың тұқымынан емес қой. Қайдан келген жануар өзі? Жаманбай – Таздар ауылының жылқылары ылғи осындай құлан мойын, қара көк болушы еді, деп қояды. Бөлтіріктің мұнысы ана бір жылы Тезек төренің сол елден бір үйір жылқы айдатып алғанын еске салу болатын. Шыдамы таусылған төре:
−Оны қозғамаңыз, ол әлдеқашан бітісіп, сіңісіп кеткен жылқы,−деп сипақтапты.
Тезек төре тағы да:
− Енді анау босағада жатқан тазыма не айтасыз? − дейді. Бөлтірік:
−Тазыңыз құмайы, жүйрік-ақ екен, дегенмен бір жаман әдеті бар екен. Ит иесіне тартады деген емес пе, әр үйден ет ұрлап жей ме қалай, көз қарасы соны айтып тұр дегенде, уәжден ұтыла берген Тезек:
− Апыр-ай, басымның ауырып тұрғаны, − деп сылтауратады. Соңда Бөлтірік:
−Алла, сақтай гөр, төре баласы мен түйе ботасы басы қисайса, мал болмаушы еді, − дегенде, Тезек төре Бөлтіріктің төтеннен сөз тапқырлығына тәнті болып:
−Шіркін-ай, қазақтан сендей уәж тапқыш шешен туа береді екен-ау!−депті.

***
Малы ұрланғандар әуелі Бөлтірікке барады екен. Бөлтірік олардың сөзін, дәлелін тыңдап отырып: «түйеңді пәленшенің аулындағы түгенше ұры алыпты», «жылқыңды ана ауылдың жылқышысы қосып айдап кетіпті» деп айтса, олар сол ауылға барып, жоғалған малын тауып ала беріпті. Содан Бөлтірік: » Көріпкел әулие», «Тапқыр ата» аталып кетеді. Адамдар оны сол үшін құрметтеп, сыйлап жақсы көрсе, ұрылар «Осы көріпкел Бәледен құтылмадық-ау» деп, іштей жек көріп жүреді екен.
Жаздың бір күнінде Ақши ауылындағы Арсалан дейтін ұры оған бар шынын ақтара айтыпты:
− Малды білдірмей ұрлауын ұрлаймын-ау, бірақ сенің сілтеуіңмен иесі келіп тауып ала береді. «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» мен ұрламасам да, ұрласам да, мал жоғалтқандар маған келе береді. Менде еш нәрсе қалмады ғой! Арсалан, сеңде әлі де екі нәрсе қалыпты, − дейді. Арсалан аң-таң болып:
− Ол не нәрсе, менде ешкімнің малы қалған жоқ еді ғой, − дейді.
Сенде «ұры-қары» деген екі атақ қалыпты. Енді содан құтылсаң болады.
− Бұған ашуланған Арсалан:
− Міне, серт, міне, сөз, − деп оның алдына келіп кетіпті. Содан былай Бөлтірік жүрген жеріңде «Арсалан ұрлығын қойды, енді оны «ұры» деп айтпаңдар» деп айта жүріпті. Арсалан ұрлығын қойып, ел қатарлы адал еңбек ететін болыпты.

***
Төренің қасында жақсы деген белгілі төрт адамы болған. Ел оларды «Төренің төрт жақсысы» деп атап кеткен екен. Ел ішіндегі үлкенді-кішілі мәслихаттан төре осы төрт жақсысын қалдырмайды екен.
Бірде Тезек төре Бөлтірікті көпшіліктің алдында сөзден сүріндіруді көздеп, оны өзінің төрт жақсысы қатысқан бір мәслихатқа шақырады.
Бөлтірік оларға арнап, жиналған көпшіліктің ортасында былай деген екен:
Біріншіден не жаман?
Қатынсыз адам бақытсыз.
Бақытсыз болсаң, сол жаман.
Екіншіден не жаман?
Баласыз адам бағасыз,
Бағасыз болсаң, сол жаман.
Үшіншіден не жаман?
Малы жоқтың жайы жоқ,
Жайсыз болсаң, сол жаман.
Төртіншіден не жаман?
Жұрты жоқтың құты жоқ,
Құтсыз болсаң, сол жаман.
Бәрін айт та, бірін айт,
Құдайсыз адам имансыз,
Имансыз болсаң, сол жаман.
Тыңдаған жұрт сілтей тынады. Төре де, оның төрт жақсысы да ә дегенде не айтарын білмей, үнсіз қалады. Бөлтірік төре мен оның төрт жақсысының әрқайсысының бойындағы кемшіліктерді теріп айткан соң, осы сөз ел ішінде «Бес жаман» деген атпен таралып кетіпті. «Төренің төрт жақсысы» деген сөз айтылмай, онын, орнына ел ішінде «Бес жаман» деген сөз қалыпты.

***

Бөлтірік ауылының бір тұрғыны қартайғанша ұрлығын қоймапты. Ұрлық болғанда біреудің ұсақ-түйек бұйымын жымқырып кете береді екен. Бір күні түнделетіп көрші ауылдағы тойдан келе жатса, әлгі шал ұшырай кетеді. Оны танып қалған Бөлтірік:
−Түнделетіп неғып жүрсің? −десе, анау:
−Жай, әншейін Ботеке, −деп қипақтайды.
−Арқалап алғаның не?
−Қауын-қарбыз еді.
−Оны қайдан алдың?
−Мына ауылдың қауыны пісіп жатыр екен, содан ала салдым.
−Ұрлап алғаныңыз жарамайды ғой, ақсақал.
−Қараңғы түнде кім көреді дейсің.
−Аппақ сақал қараңғы түнде айдай көрінеді емес пе?
Қап, мына сөзің өңменімнен өтті-ау, енді қойдым, қойдым!−депті шымбайына батқан шал. Сол-сол екен, әлгі ақсақал ұрлық қылуын пышақ кескеңдей қойып кетіпті деседі ел.

***

Ертеде осы өңірді Әлі деген төре билеп-төстеп тұрыпты. Төре бір жиында отырып, көпшілікке сауал қойса, оған Бөлтірік шешен былай жауап берілті.
− О, Төре, тақсыр, «Хан − қайық, халық − теңіз» деген мынау қарамағыңыздағы халық үдере көтеріліп, сізге келіп тұр. Халық көп, сіз жалғыз, теңіз толқыса қайық кетеді, ел толқыса, ханның басы кетеді емес пе! Өткен бір жиында сіз: «Халық қара тобыр, мен қалай ысқырсам, солай жапырылады, қазақтар нәжіске таласқан иттей, бір-бірімен ырылдасып жатады» деп, олардың ар-намысына тиетін сөз айттыңыз. Енді, міне, келіп тұрған халықтың сыңайын қараңыз! «Бізді итке, нәжіске теңеді, бұл төрені құртамыз, басқа төре іздейміз», − деп келіп тұр.
Сонда Төре сасқанынан Бөлтірікке жата-жабысып жалыныпты.
− Бөлтірігім, халық сені тыңдайды ғой. Бетін қайтарсайшы, мен олардың алдында айыптымын, айтқан сөзімді қайтып алдым, − депті.
Бөлтірік:
−Олай болса, Төрем, былай болсын:
−Жабыңыз қалы кілем қара нарға,
Қасына арғымақты тірке парға,
Жетелеп, көп алдына әкеліңіз,
Басыңа ораңыз да жібек шалма .
Бастаңыз жақсы сөзден тілің жеткен,
Бір ауыз сөзің үшін қате кеткен.
«Айыбым алып келген мінекей» деп, кешірім өтінерсіз жалпы көптен дейді Бөлтірік. Төре оның бұл талабын орындап, халықтың алдына шығады. «Айыбымды кешір», деп көпке басын иіп тұрады. Сөйтіп, Бөлтірік дандайсыған төрені халық алдында тәубесіне келтіріпті.

***

Қаратаудың күнгей бетіндегі Ыстылар аулында Тәттібай деген беделді кісінің кіші баласы Төребек өзіне ат қойған Бөлтірік шешенге бір кездессем деп жүреді. Бір күзде Бөген өзенінің бойында үлкен той болады. Төребек өзі мерген, өзі аңшы, үнемі соңына құмай тазысын ертіп жүреді. Тау бөктерлей аң қағып жүріп, ол да сол той үстінен шығып қалады. Төребек «анау ақбоз үйде Бөлтірік шешен әңгіме айтып отыр» дегенді естіп, «мен де барып, сөзін тыңдайыншы» деп әлгі үйге барады. Бұл кезде Бөлтіріктің жасы сексенге таяп қалған кезі екен. Төребек алдымен «Ассалаумағалейкум» деп Бөлтіріктің қолын алады.
− Бөлтірік аға, осы үйде сіз бар деген соң әдейі сәлем берейін деп келдім, − дейді ол. Қарт Бөлтірік:
− Е, е, сәлем берсең, қарағым сәлемет бол. Сен әлгі Төре байдың кенжесімісің? Сен туғанда сенің атыңды мен қойғанымды білемісің, әкең оны айтты ма? − дейді.
− Иә, айтқан, − дейді Төребек. − Бірақ сіз айтқан Төребек батырдай батыр бола алмадым, мылтық асынып, ит ерткен аңшы болып кеттім.
Ол да жаман өнер емес, − дейді Бөлтірік.
− Итке көлеңке бермейтін, үйкүшік жалқау Сағымбай мел Әлгейден, ен далада мергеншілік жасап, аң қағып жүрген артық емес пе? Кел, қасыма отыр.
Аңшы жігіт атасының қасына отырып, сол жолы оның қою әңгімесін, ақыл сөзін тындайды. Әңгіме соңында Төребек:
− Ардақты ата, мынау сізге байлағаным болсын, аз болса да көптей көріп алыңыз, − деп алтайы түлкіні тартады. Бөлтірік оған риза болып мынаны айтыпты:
− Балам, жаңа бір сөзде байлық деген не, бақыт деген не, бала деген не? − деп қалдың. Оның мәнісін айтайын, бұл саған бата болсын:
− Байлық − қолға ұстаған мұз. Ериді де кетеді. Бақыт − басқа қонған құс. Күте алмасаң, жериді де кетеді. Ал, бала − артта қалған із. Атыңды өшірмейді, жақсы ісіңді жария етеді, Әумин! − депті.

***
Бөлтірік қасына ауылдың екі-үш жігітін ертіп, Шу бойын өрлеп келе жатады. Кенет алдынан ыс еткен дыбыс естіледі. Жолбарыс екен. Жолбарыс бар түгін сыртына теуіп, айбат шегеді. Көзі тайса, атылмаққа әзір. Бәкеңнің жаныңдағы жігіттердің қорыққанынан даусы шықпай қалады. Бір-біріне «Қашайық» деген белгі беріп, ат басын бұра береді. Мысықтан қорқып, жер басып жүре алмаспыз! − дейді де Бөлтірік беліндегі кішкене айбалтасын қолына алып, атын тебініп, жолбарысқа қарсы тұра ұмтылады. Жолбарыс «ар-р» етіп, ат үстіндегі Бөлтірікке шапшиды. Сөйтіп, ұмар-жұмар алыса кетеді. Мұны көрген жігіттер аттарын сабалап тұра қашады, қашып бара жатып артына қараса, Бөлтіріктің аты ойнап шыға келгенде, Бөлтірік пен жолбарыс әлі алысып жатыр екен. Олар сол күймен ауылға келіп жетіп, «Бөлтірікті жолбарыс талап жеп қойды», − деп хабарлайды. Өлсе, өлігін, шашылса, сүйегін жинап алайық, − деп жиырма шақты адам атқа қонады. Түс ауып бара жатқан шақ болса керек. Көз ұшынан қараңдаған біреу көрінеді. Адам! Жүрісі Бөлтіріктің жүрісіне ұқсайды. О, тоба! Бөкеңнің өзі. Киімінің дода-додасы шыққан. Үсті-басы қан-қан, бет-аузы айғыз-айғыз. Иығына сала салған жолбарыс терісінің бір аяғы жерге сүйретіліп келеді.
− Бөке-ay, шынымен тірімісің? −дейді аң-таң болған жігітгер.
−Тірісі несі. Тірі адам мендей бола ма екен?
−Апырым-ай, Бөке-ay, тірісіз ғой! Қалай аман қалдыңыз мынандай дүлей пәледен?!
−Мен екі сойылдым, жолбарыс бір сойылды, − дейді Бөкең.
Қасыма ерген қоянжүректер мені тастап қашып кетіп, бір сойылдым. Олардан соң дала тағысы жолбарыс тағы сойды. Ақыр соңында, жолбарысты мен сойдым! −депті Бөлтірік батыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *