Бесікке салу

Бесікке салу. «Әлди-әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем» (Бесік жыры). Бесік – қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі. Бала қырқынан шыққан соң, атасы мен әжесі немесе әке-шешесі ауыл-аймақты жинап, баланың қарын шашын алып, бесікке салу тойын жасайды. Бесікке салу жолы үлкен, елдегі тәрбиелі, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, тыштырма жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі қадірлі зат қойылады немесе жеті түрлі нәрсе жабады. Мәселен, ең бірінші етіп бесік көрпе, одан кейін шапан, кебенек, тон, жабу, жүген және қамшы сияқты бұйымдар жабылады. Тон, шапан, жабу – ер жеткенде бала халыққа қадірлі болсын деген тілекпен; жүген жабу – ат ұстайтын азамат болуын тілеу; кебенек, қамшы жабу – ел қорғайтын батыр болсын деген тілек. Бесікке салған адамға бесікке салар, яғни кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде бесік жыры айтылады:
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырын жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?
Бесіктің бала тәрбиесіне ыңғайлылығы: біріншіден, көшіп-қонғанда түйеге артып жүруге қолайлы, екіншіден, баланы емізгенге өте ыңғайлы. Баланы жөргектен шешіп жатпай-ақ ана бесікке асылып отырып та емізе береді. Тіпті анасы емізе отырып, мызғып та алады. Үшіншіден, бесік баланың денесінің тазалығына, ұйықтауына қолайлы. Баланың нәжісі (зәрі) денеге жайылмай шүмек, түбек арқылы кетеді. Денесі құрғақ болса, бала жайлы жатып, тыныш ұйықтайды. Ал бала денесінің өсуі үшін ұйқы аса қажет. Бала 40 күнге дейін 22-23 сағат, 6 айға дейін 20-21 сағат, ал 1 жасқа дейін 18-20 сағат ұйықтайды. Ұйқысы тыныш баланың денесі тез өсіп жетіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *