Ақтамберді жырау

Ақтамберді жырау

Ей, азаматтар, шоралар,
Атты мінсең зорды мін,
Биік біткен теректей.
Қару алсаң мылтық ал,
Қарның ашса тамағың,
Жаяу жүрсең таяғың,
Бір күніңе керектей,
Киім кисең қаттау ки,
Суық келсе панаң-ды,
Найза тисе қалаң-ды,
Тобылғының беректей.
Мекені іздеп нетесің,
Мекеге қашан жетесің,
Әзір Меке алдыңда,
Пейіліңмен сыйласаң,
Атаң менен анаңды!

***
Ағайының көп болса,
Ұлы шерік қолмен тең.
Білімді туған жақсылар,
Аз да болса көппен тең.
Жақсысы кеткен ауылдың,
Артынан жақсы шықпаса,
Өртеніп кеткен жермен тең.
Қайырлы болса баяжан,
Дария шалқар көлмен тең.
Қайырсыз болса жаман бай,
Ел қонбаған шөлмен тең,
Мінезді болса жолдасың,
Күнде сонар қызбен тең.
Жаман болса жолдасың,
Астыңнан өткен сызбен тең.

***
Мінезді болса алғаның,
Одан артық жар бар ма.
Екі жаман қосылса,
Күнде жанжал, күнде шу,
Ұяларлық ар бар ма.
Білімді туған жақсыға,
Залал қылмас мың қарға.
Жаман туған жігітке,
Рақатты күн бар ма.
Өз мінін білген жігіттің,
Тәлімінде мін бар ма.

***
Мал-басы өскен адамның,
Алды-арты бұрқар бу болар.
Көтере алмай дәулетін,
Көрінгенге бу қылар.
Не боларды білмейді,
Өзінен-өзі зор болар,
Жетім менен жесірге,
Қазары ылғи ор болар,
Онымен жолы болмайды,
Біреуден қайтып қор болар.

***
Сары аязда қата ма,
Қайнардың аққан тұнығы.
Қап түбінде жата ма,
Болаттың асыл сынығы.
Халқы тозып кем болмас,
Әділ болса ұлығы.
Рақымсыз жақыннан,
Халқы қатты түңілер.
Сырқат болсаң жат жерде,
Жаныңда кім бөгелер.
Әділ туған жақсыға,
Екі даугер жүгінсе,
Тізесін қисық бұрмаса,
Асылдығы білінер.

***
Еділ, Жайық екі өзен,
Талсыз болар деймісің,
Көкшетаудың көп көлі
Елсіз болар деймісің.
Ботакөзді бойжеткен
Жарсыз болар деймісің,
Абылай қонған кең қоныс
Елсіз болар деймісің.
Еркін жайлап қонған соң,
Малсыз болар деймісің.
Тұлпар туған құлыншақ
Ерсіз болар деймісің.
Тебінген тепкі тиген соң
Терсіз болар деймісің.
Алқынған арын баспайтын
Өрсіз болар деймісің,
Орын тапқан ер жігіт
Жерсіз болар деймісің,
Орда тігіп орнаса,
Төрсіз болар деймісің!

***
Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке.
Араз болсаң алты ауыз
Еліңе кірген әреке.
Талпынып салдым егінді,
Ішсін деп әркім тегінді.
Ақылың барың ұғарсың,
Ойың болса сезімді.
Тоқсанға жас келген соң,
Өлім жақын көрінді.
Бар арманым, айтайын,
Батырларша жорықта
Өлмедім оқтан, қайтейін!..
Ел аман болсын ылайым,
Тілегім берді бәрін де,
Разымын, құдайым!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *