Атқа мінгізу тойы

Атқа мінгізу тойы. Бала 4,5-5-толғанша әке-шешесі ұл балаға арнайы ат, ертоқым даярлайды. Ерді қайыңның безінен шаптырып жасатады. Мұны ашамай ер деп атайды. Ердің тебінгі, құйысқан, үзеңгі бауларын киіз бен былғарыдан, қайыстан күмістетіп жасатады.
Атқа мінгізу тойы жаз айларында болады. Бәленшенің баласы (немересі) азамат болыпты, атқа мінгізу тойына шақырып жатыр десіп, ағайын-туыс, жекжат, нағашылары келеді. Баланың нағашысы жиенге арнайы ат әкеп мінгізетін болған. Тойға келушілер балаға арнап қамшы, садақ, шідер, т.б. заттар жасап әкеп сыйға тартады. Бұл – баланы азамат болуға жарадың деген ырымдар.
Ел жиналғаннан кейін баланың өзіне арнаған құнанына ер салып, баланы отырғызып байлап қояды да, ағасы немесе нағашы атасы атты жетектеп, ауылды айналдыра әуелі аяңдатып, кейін ақырын желгізіп жүргізеді. Бұдан кейін балаға ауыл ортасында (қотанда) жиналып тұрған қарияларға атпен келіп сәлем бергізеді. Қариялар:
Ал ақ тілек, ақ тілек,
Атқа тоқым сал білек.
Жасыңнан малды баға біл,
Атқа да жақсы шаба біл.
Өнеге, өнер таба біл,
Аймағыңа жаға біл.
Тең құрбыңның алды бол.
Мінеки, атқа міндің, ашылды жол, —
деп бата береді. Әйелдер баланың азамат болу қуанышына шашу шашады.
Қазақ баласы қаршадайынан атқа мініп шабуды, 5-6 жасынан бастап қозы-лақ қайыруды, мал бағуды үйренген. Атқа міну тойы баланың әжетке жарап, еңбекке араласуы, азаматтықтың басы деп ұққан. Ол балаға да үлкен ой туғызып, тез есеюіне әсер еткен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *