«200 ГРАММ ЭНЕРГИЯ»


«200 ГРАММ ЭНЕРГИЯ»

Шешем бүгін көпке дейін мазасызданып жүрді. Өз-өзінен «құдайым-ай» деп күбірлеп, əлдекімге айбат қыла сөйлейді. Табиғаты байсалды, бес биенің сабасындай болып мол пішілген, мінезді ананың ашуланғаны – үлкен тайқазанның маңғаз қайнағаны секілді, бұрқ-сарқ емес екен. Əйтсе де осы шымыр-шымыр ашудың өзі ана болмысынан тым жарасымын тапқан жоқ-ты.
– Не болды, тəте? – дедім.
– Жай өзім ғой. Маған алаңдамай қағазыңды жаза бер. Күңкілдей сөйлеп, сары ала сандығын ұзақ ақтарып отырды. Отырды да артына бұрылмастан дауыстады:
– Əй, Ораш, бері келші, құлыным.
– Жай ма?
– Сенімен ақылдасар шаруа бар.
Сандығын ақтарып отырып, ақ матаға түйілген бір нəрсенің орауын шеше бастады.
– Əкең екеуміз таңертең ұрсысып қалдық, – деді.
– Неге?
– Неге дерің бар ма? Жирен биенің айы-күні жетіп тұр емес пе? Жүгенін сыпырып алып, басқа бір салып қоя берейік десек, қысыр биелер құлынын тартып алам деп жүріп, жарақаттанып қала ма деп қорқасың. Аштан-аш қораға байлап қаңтарып қоюдың да реті келмейді. Жем-шөп тақа таусылған. Совхоз маңайлатпайды… Қойшылардан жең ұшынан жалғасып, бірер астау жем алушы едік, қазір олар да кергіп алған, қойшы-қолаң құтырған қиын болады екен.
Мен, шынымды айтсам, жалығыңқырап кеттім де:
– Тəте, не айтайын деп едің? – деп едім, шешіліп айтқан əңгімесін бөлгенімді жақтырмай қалды.
– Айтып отыр емеспін бе. Əкеңмен таңертең ұрысып қалдық. Буаз биеге берер жем жоқ. Зейнептің үйіндегі қойшы келіні, қайдан естігенін қайдам, құдай біледі, сыпылдақ енесі айтты, қыз кезінде ұртына ұрлап салған бидай тоқтамаушы еді, енді тісі түсіп кемиек болғанда, сөз тоқтар дейсің бе… былтыр, əкең тоқтыға бір ту қой айырбастап əкеліп еді, сол сəтінде жеткізіпті дүзқара…
Мен тағы да қипалақтай бастадым. Шалы жұмысқа, қызы сабағына кетіп, қаңғыр-күңгір сөйлесер адам жоқ, не шошаң етер, айналып-толғанар кішкене бала жоқ, шешем ертеңді қара кеш екі көзі төрт болып, əлдекімді тосар еді, алда-жалда келе қалған кісімен аздап болса да əңгімелесіп қалу үшін, оның алдына барын тосар еді. Қаладан менің келуім бұл кісі үшін ұлы мереке, мəз-мейрам боп, жасап қалатын. Мен кеткен кездегі жым-жырттық шошыта ма, қайтар күнім жақындаған сайын, шешемнен де маза кетер еді. Енді, міне…
– Зейнептің қойшы келіні айтыпты əкеңе: кемпіріңнің ескіден қалған тайтұяқ күмісі бар екен. Соның бүтінін болмаса да жартысын берсін, білезік соқтырып аламын. Егер күмісті əкеліп берсең – үш қап жемді мотоциклге салып, өзім апарып тастаймын. Ол бетпақтың бұтын кергілеп, мотоциклмен дырылдап жүретіні рас.
– Сонымен берейін деп отырсың ба?
– Бермегенде қайтем, əкең əкіреңдеп, құлақ етімді жеп қойды. Төркінімнен келген, ендігі қалған жалғыз дүнием еді десем, «ол не керек» деп…

– Расында да, неге керек? – дедім мен тайтұяқ күмісті алақаныма салып салмақтап отырып.
– Балам, – деді. – Қазақтың «Өлгенде кеудеңді қара тас бассын» деген қарғысы неге айтылғанын білесің бе?
– Жоқ.
– Ендеше, тыңда, адам бұл дүниемен иманын айта қоштасқан соң, жүрегінің басына – кеудесіне бісміллə деп бір кесек тас қояды, əйтпесе кеудесі толып, кеуіп кетеді. Мен əкеңе аманат қылып едім, егер құдай мені сенің алдыңда ала қалса, кеудеме тас қойма, осы тайтұяқ күмісті қой деп.
Шешем тайтұяқ күміс оралған ақ матамен көзін сүртіп жылады. Менің де кеңсірігім ашыды.
– Жемді ақшаға бермей ме екен? – дедім.
– Ой, олар ақшамен от тамызып отыр, қойшы құтырған заман емес пе.
– Жирен бие аштан өлмек түгіл, сеспей қатса да, тайтұяқ күмісіңді берме, – дедім мен.
– Ендеше, осы сөзді əкеңе айт. Сенің тіліңді алады, – деді шешем.
Ымырт үйіріліп, қас қарая бастаса да, бұл ауылдың шамы жана қойған жоқ. Баяғы заман емес, жердің жарығы аспандағы жұлдыздан бетер самаладай жарқыраған уақытта, қараңғы үйде қамалып, кешкі ас-суын іше алмай отырған өзгеше қызық екен. Қаладан барған адам елу жылға шегініп, өмір сүргендей халді бастан кешері рас. Осы Шыңғыстайдың да дəл үстінен жоғары қуатты Бұқтырма ГЭС-інің арқандай шуатылған сымы, бұдан аттай алты жыл бұрын тартылған, əлдеқайда алысқа кермедей керіліп, кете барған. Аппақ күмістей бағаналары қолтық көтере, қол соза зəулімденген электр сымдарына ауыл адамдары тек қызыға қарағаны болмаса, осы бесжылдықтың аяғына дейін дəме қылып отырған жоқ. Дегенмен, көңіл шіркін көк дөнен емес пе, төбелерінде төніп тұрған темір бағандардан күдерін үзбейді. Ал ауылда дизель моторымен жанатын сықсима жарық бар. Оның өзі де бір күн бар, бір күн жоқ, көксау шалдар секілді күркілдеп-күркілдеп, жым-жырт, тас бүркеніп жатып қалатын. Міне, кергіп барып-барып… тағы да тырқылдай жөтелді. Біздің үйдегі шамның кішкене сымы болар-болмас қызарған еді, шешем керосин шамды жақты да, өз бауырын – электрик Қисаның бас терісін аузына қаптап, ұрыса жөнелді.
– Əне тағы да соқыртеке ойнайтын болдық. Құдайым-ай, осы қу жалғыздан көргенім-ай. Тартпағыр кімге тартқан, жарықтық ағайым қандай кісі еді, кісінің сұлтаны емес пе еді…
– Қисаның өзі жоқ, оны кімге айтып отырсың? – дедім мен. – Оның жазығы не?
– Жазығы не?.. Білмейтінің бар – тыныш отыр. Жазығы сол – бізге тиесілі энергияны тағы да 200 грамм араққа сатып жіберді. Жиенісің ғой Алматыдан келіп жатқан, бар, бір шөлмек экстра беріп, аударып əкел жарықты.
– Тəте, мен түк түсінбей отырмын.
– Түсінбейтін несі бар. Қай үй арақ береді, сол үйдің энергиясын көбейтіп береді нағашың. «Апам, жалғыз апам», – деп күні кеше ғана келіп кетіп еді… Дүкенге жүгіртіп жіберетін қайсыбір қолды-аяқты бала бар бұл үйде… Құр ауыз шыққан… «Орашың жылында бір-ақ рет келеді, сонда да қуанбайсың», – деп бопсалап кетіп еді… Енді, міне, 200 грамм берген Қабанның үйіне бұрған да жіберген. Сенбесең қарашы…
Терезеден тысқа үңіліп едім, шынында да, көршінің үйіндегі лампалар жарқырап тұр екен. Осы кезде əкем кірді, сөйлеп кірді.
– Бəйбіше-ау, бəйбіше, жалғыз бауырыңды тағы да құр ауыз жібергенсің-ау, жүз грамың табылмады ма, тым болмаса ұлың аттанғанша алдай тұрсаң етті, сонан соң май шаммен отырсақ та бізге бəрібір.
– Ол жүз грамға екі жүз грамның электрін жағып бермейді, – деді шешем.
Мен далаға шықтым. Бұл жақтың кеші салқын болады. Өліараның қою қараңғысы. Ауыл əлден ұйқыға кіріскендей. Түн қараңғылығының құшағында тұншығып жатқан ағаш үйлердің бəрі-бəрі өлеусіреген, қысық көз жарықты тіпті жаққанды қойып, əлдеқашан өшіріп тастағандай. «Екі жүз грамм энергияны» артық алған көрші Қабанның терезелері ғана осы ауылдың жалғыз көзіндей шақырая жарқырайды. Ал, дəл ауыл үстінен өткен жоғары вольтты бағаналар телефон сымындай емес, уілдеген мұңды үн де шығармай, серейіп тұр…

Оралхан Бөкей

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *