ҚҰЛАШАНЫҢ ШОТЫ ЕДІ
Баяғыда… ертеректе Қатынқарағай ауданы бойынша Құлаша деген ортақ шал өмір сүрді. Ол кісіні жұрттың бəрі жатқа білетін. Ағайын-туғанынан ерте айырылған, панасыз жетім еді. Жетімдіктің ең қиыны – қартайғанда екен. Ел аралап, дəруіш боп күн көру пайғамбар жасынан асқан адамға лажсыздық еді. Лажсыздық емей немене, жетпіске жеткен шалдың қара жолды шаңдатып, жаяу-жалпылы ел кезіп, керзі етігін тоздырып тірлік кешуі қайбір жетіскендік. Бұл кісінің əбден қартайған шағында не себептен панасыз, малсыз-жансыз тұл қалу сырын мен білмеймін. Менің білетінім – Құлашаның былғары қапшығы, тобылғы асасы болушы еді. Ал былғары қапшығының ішінде əсте де ішім-жем жол азық емес, көненің көзі іспетті: мүйіз сапты жезмойын пышақ, мүйізден жасалған насыбай шақша, ұлтан, тебен ине, біз, тарамыс, сонсоң соншалықты əдемі қаз мойын шот жүретін. Қапшасын күніне бір рет ақтарып, бар-жоғын түгендеп қою əдетіне айналған. Осы сүйекке сіңді ғадет Құлашаның құйрық-жалсыз қалуының салдары сықылданатын. Бірақ жығылып жатып, аяғының басын қайқайтар мекерлік пен жалған паң мінез, табиғи қалпын сақтамай үнемі жасанды шығар еді. Ол жалғыздығын, пайғамбар жасынан асып төрінен көрі жуық қалған жылдарда өз тағдырының қайраңға айналған болымсыздау сəтін мойындап, ұнжырғасы түскен емес. Əлі есімде, сонау бір жылы сол Құлаша шал Тоқамен қатты кетісіп ұрысты. Сонда Тоқа шал өз мінін байқамай:
– Құлағын кескен шұнақсың, құйрығын кескен шолақсың, – деп қу бас жалғыздығы мен кем-кетігін санай бастап еді, асасымен қара жерді сабалап, тұлан тұтып ашуланды, қолы дір-дір етеді, көзі қанталаған.
– Ей, Тоқа, мен жалғыздықты құдайдан сұрап алғам жоқ, көрпеңе қарай көсіл, тегінде. Көкек өз атын өзі шақырады деп, қатыныңмен төбелескенде қыршып алған шұнақ құлағыңды Гитлерден көресің. Ал мен құлағым жоқ шұнақ болсам – сұңқарлығым; құйрығым жоқ шолақ болсам – тұлпарлығым. О, несі-ей, ол қай басынғаны-ей… Түске дейін есі бар, түстен кейін есі жоқ, боқ мұрын, салпық ерін жаман ұлыңа мақтанамысың-ей… Төбеңді көкке жеткізгенін көрермін…
Əншейінде сыңар езулеп бой бермейтін Тоқа шал қашып құтылған.
Алтай күзінің енді-енді басталып, сары ала, қызыл ала, жасыл ала бояу жағынып, жасанып тұрған маужыраңқы мезгілі еді. Огородтағы картопты қазып, подвалға төгіп алғанша, қас қарайған. Біз жақта пісіргенде үгіліп тұрар үлкен-үлкен, қойдың басындай картошка мол шығады. Оны күзде жиып алып, үй астынан қазып жасалған шұңқырға төгіп тастаса, қыстан бұзылмастан сақталатын. Ал жертөленің қақпағы үйге кіреберіс табалдырыққа жақын. Ол шақта электр жарығы жоқ, тапқан үйдің керосин шамы бар, ал таппағаны май шаммен отыратын. Оның өзінде тамақ ішерде ғана болар-болмас жылтыратып, ыдыс-аяқ жиналған соң, тым-тырыс жатып қалуға мəжбүр болатынсың. Апақ-сапақ уақытта апам екеуіміз қара көлеңке үйде жаңа ғана асылған қара картошканың қабығын аршып қарбыта асап отыр едік, ашық тұрған есіктен əлдене қараң еткендей болды да, «Ассалау…» деген дыбыс шығарды. Сосын жым-жырт құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Мен кəперіме алғаным жоқ, есіл-дертім картошка, мұрнымды қорс еткізіп тартып қойып, етпеттей жатып, қомпаң-қомпаң етемін. Апам елегізе құлағын түріп, əрі-бері отырды да:
– Балам, шам жақшы, біреу «ас…салау…» дегендей болып еді, қайда жоғалып кетті, – деді.
– Жоқ, апа, «ассалау»… деген жоқ, «ас»… – деді.
– Тілің мен жағыңа сүйенбей шам жақ. Атып тұрып май шамды тұтаттым.
– Жертөленің қақпағы ашық қалыпты ғой, жаба сал, – деді апам бұдан соң. Май шамды пеш иығына қойып, подвалдың қақпағын жабайын деп еңкейе бергенімде, зəрем зəр түбіне кетті.
– Ойбай, апа! – шоршып түсіп артына тығылдым. – Шұңқырда бірдеңе жатыр, ешкінің басы ғой деймін, сақалы бар.
– Өтірігіңе береке берсін, – деп апам сене қоймады.
– Оллай-биллай, апа, мен сізді алдамаймын ғой. Текенің басы…
Апам қолын таяна орнынан тұрды да, май шамды алып подвалға жақындады. Мен де етегіне орала баспалай ердім. Жаңадан ғана төгілген картошканың үстінде сақалы шошайып, көзі бақырайған ешкібас шалдың серейіп жатқаны рас еді.
– Құдай-ау, мынау Құлаша ғой! – деді апам сасқалақтап. Бірақ қорқыныштың нышаны да білінбеді. – Өліп жатпасын пəле болғанда, қалай құлап қалып жүр?
– Өлгем жоқ, – деді сұлық жатқан шал қимылдап. – Демеп жібер қолтығымнан. Ауырсынып қалған секілдімін.
Апам подвалға қарғып түсіп, Құлашаны сүйрелеп шұңқырдан шығарды. Содан соң өзі подвалдың қақпағын мықтап жауып тастады. Еңкеңдеп барып төрге отыра берген Құлаша:
– …мағалайкүм, – деп бағана бастаған сəлемінің соңын айтты. Апам мырс етіп күліп жіберді. Сөйтсем оқиға былай болыпты. Көз байлана біздің үйге келіп, əдетінше есіктен кіре сəлем бермек болып: «Ассалау…» деп созақтата аяғын табалдырықтан аттай бергенде, күмп етіп қақпағы жабылмаған подвалға түсіп-ақ кеткен. Бұдан соң біз елеп-ескергенше, бұлданып жатып алған. Қираған, бүлінген еш жері жоқ, қырсық шалдың алдында мінді болып қалыппыз. Төрде апам əкеліп берген жастыққа бір шынтақтай ыңқылдап жатып алды. Ыңқылға ыңқыл қосылды, өйткені төргі бөлмеде əкемнің қарындасы – Күлəми ұшынып ауырып жатыр еді. Кеше фермадағы шешем беріп жіберген ешкінің бірер жілік етін апам ырықсыздау жуып қазанға салды. Құлаша көзінің астымен апамның қимылына ақырын қарап қойып, ыңырана түсті. Майшамның жарығы қайбір мардымды. Өлеусірей жанып, апам əрі-бері өткен сайын, шалқып жалп-жалп етеді. Төргі бөлмеден əпкемнің үні шығады. Сол жаққа құлақ түріп елеңдеген Құлаша:
– Шұңқырға менен басқа тағы біреу құлап кетіп пе еді? – деп, монтанси сұрады апамнан.
– Жоқ-а, құдай! Күлəми ғой ұшынып, екі күн болды, ауырып жатыр.
– Үй-бай-ау, онда ұшықтап жібермейміз бе?
– Сіз жақсы келдіңіз, – деп кəутектеді апам. – Ораза-намазыңыз бұзылмаған Қыдыр адамсыз ғой, дем салып беріңіз.
– Күн таласып батып бара жатқанда, ұшық жақсы дарушы еді, түк етпес, тұрғызыңыздар баланы.
Апам кесеге су құйып, оған аздап сүт тамызып, пештен алып үш шымшым күл салды. Сонан соң Құлашаның қолына ұстатты. Безгегі келгендей тісі-тісіне тимей отырған əпкемнің аппақ жүзіне шамның нəзік сəулесі түсіп, боталаған мөлдір жанары шипа дəметкендей шалға жасаурай қарады. Ұртын толтыра ұрттаған суды əлгі əп-əдемі бетке бүркіп-бүркіп жібергенде, əпкем қатты тітіркене сескеніп қалды да, жүзін тайдырып əкетті. Құлаша шатты-бұтты бірдемесін айтып, зікір сала тағы ұшықтады. Бұдан соң ойқастап əрі-бері жүрді де, апама айғай салды:
– Баланы жылы жауып төсегіне жатқыз!
Қазандықтағы еттің бүлкілдеп қайнағанын естігіміз келгендей, сəл үнсіздік билеген. Құлаша сақалын саумалап отырды да, орнынан лып етіп тұрып, басын тас бүркеніп, бүк түсіп жатқан əпкемнің бетін ашты.
– Қалай, тəуірсің бе, қалқам?
Ұшықтағалы бес минут өтпей жатып, көңілін сұрағанға əпкем шындап ашуланды білем: «Тəуір емеспін!» деп, көрпесін қайта қымтанып алды.
– Сырқаттың беті бері қарапты, үні қатты шықты, – деді ол саспай.
Апам дастарқан жайып, ет түсірді. Буы бұрқырап, ағаш табаққа салынған ешкінің еті алдына келген соң, қынынан пышағын алып:
– Мə, шайып əкелші, балам, – деп маған берді. Жүзін бас бармағыммен байқап көріп едім, ұстарадай лыпып тұрған өткір екен. Құлаша қолын жайып бата берді:
Əумин десең, міне, бата,
Дарысын Қыдыр ата.
Қыдырың қиялап,
Періштең ұялап.
Дерт иесі Лұқпан,
Денге саулық,
Басқа байлық беріп,
Құдайың жарылқасын,
Уызың арылмасын, əумин!
Бəріміз «əумин!» – деп, жарыса бет сипадық. Апам əпкеме сорпа апарып беріп, кершеулеп ет турап отырған Құлашаның (біз жақта етті қонақ кеседі) табаққа тастағаннан аузына «бісміллə» деп салғаны көбейіп бара жатқан соң, маған қабырға ұстата берді. Ағаш табақтың түбінде желінбей қалған ең соңғы етті шеңгелдеп алған шал апама қарап:
«Құдайдың құдіреті, осы сіздің үйге келсем, тəбетім ашылып, сарайым сайрап шыға келеді. Байқайсыз ба, осыменен екі жапырақ ет жеп жібердім», – деп қолындағы тұздығы сорғалаған етті қарбыта асай салды. Апам жымиды да қойды. Төргі бөлмеде ауырып жатқан əпкемнің де күлгені естілді.
– Баяғыда, – деді Құлаша сүзбе қосқан ақ сорпаны сораптай ұрттап. – Қаңғып жүріп Жұлдыз ауылындағы бір қараша үйге тап болдым. Ұп-ұзын сидиған арық қара қатыны, қатынының омырауынан ғана келетін шоқша сақалды мəстек шалы бар екен. Ол кезде, немене, соғыс жаңа аяқталған, елдің ерні енді-енді қимылдай бастаған шақ. Дастарқанда он шақты бауырсақ, екі-үш шақпақ қант шашылып жатқан. Кеседегі ыстық шайды аузыма енді апара бергенімде, есік сықырлап ашылды да, босағадан үй иесінен де аласа қысық көз шал кірді. – Ассалаумағалейкүм! – Мұрнынан сөйлейді екен, өзі пұшық.
– Е, үйде қонақтар бар екен ғой, – деп менің оң жағыма малдас құрып отыра қалды да, он шақты бауырсақтың бес-алтауын іліп алды. Қантқа да қайрат көрсетті. Суыңқырап қалған шайды жəне ұрттай бергенімде, есік тағы сыңси ашылды.
– Ассалаумағалейкүм! – деп күркіреген үн естілді де, үйге үш бүктетіліп сырықтай сіріңке қара жігіт кірді.
– Е, үйде қонақтар бар екен ғой, – деп менің сол жағыма жамбастай жантайып еді, ащы ішектей шуатылған аяғы табалдырықтағы легенге тиіп жатты. Оның да алайған бадырақ көзі дастарқанда. Айырылып қалмай тұрғанда қамтып қалмақ ниетпен қолымды соза беріп едім, менің қолымды, анау бес-алты бауырсақ пен қалған қантты алып қара құс қанатымен жапты-ай… Шошына қарасам, əлгі дəудің алақаны екен, өз қолымды астынан зорға суырып алғаным. Дастарқан əп-сəтте таз-тақыр қалды.
– Кішкене дəм бар еді, қолдарыңызды жуыңыздар, – деді арық əйел. Пұшық шал қойнынан қандауырдай ғана бəкісін, ал əлгі дəу қара етігінің қонышынан орақтай бəкісін жалт еткізіп шапшаң суырып, құлаштай ашып, жағаласа жуып, ағаш табақтың шетіне сүйеп қойды. Содан соң екеуі де бажырайып маған қарап қолдарын жайды. Мен ойда-жоқта олжама ортақ болған қонақтарға ықылассыздау бата жасадым. Батаның аяғын тоспай, тағы да екеуі тайталаса ет турауға кірісті. Табаққа түскенінен ауызға ыршытқандары көбейіп бара жатқан соң, бір асасам да – май асайын деген жымысқы оймен ортасындағы ағараңдаған майды іліп алып ауызға тастап жіберіп, бүркітше қылғытып жұтып жібергенім сол-ақ екен, аздап қиыс тұрған ағаш табақтың астынан жып-жылы сорпа ағып қоя бергені. Тұздықтың аға жөнелгенін көргенде, арық қара қатынның көзі атыздай боп желкесіне шығып-ақ кеткені.
– Ойбу, бетім-ай, енді қайтейін-ай, ағаш табақтың түбі тесіліп қалған соң, мақта тығып қойып едім, қайсысың асап қойдың? – деп, біздің бетімізге жалтақ-жалтақ қарағаны. Май деп жегенім мақта екенін сонда ғана білдім…
Құлаша өзі мəз болып күлді-ай. Апам жай жымиды да қойды. «Былтыр да айтып едіңіз» деген сыңай бар өңінде.
Сол Құлаша шал өткен жазда аудан орталығынан ауыл-ауылға барар қара жолмен асасы мен дорбасын арқалап келе жатып, əлдекімнен түсіп қалған бір қапшық ақша тауып алыпты-мыс, деседі. Жан-жағына қараса, ешкім көрінбейді. Шариғаттың заңы бойынша, олжа тауып алған адам үш рет айқайлауы тиіс. Егер иесі шықпаса, иемденуге құқы бар. Құлекең сол ақшалы сөмкені қолына ұстап тұрып:
– Құдай-о-у, – деп, бар даусымен азандап айғай салып, ал:
«ақша тауып алдым» дегенін ақырын сыбырлап қана айтқан екен деседі.
«Құдай-оу, ақша тауып алдым – мұндай-оу», – деген Құлекеңнің үнін, міне, жиырма жылдай естіген жоқпыз. Енді ол ешкімнің есігін тоқылдатып, мазасын алмайды, ауырып жатқандарды ұшықтамайды. Енді ол бір ауылдың хабарын бір ауылға жеткізіп, ел-жұрттың амандығын тасып ортамызда əсте де жүрмейді. Енді біз дорбасын арқалап, асасын сермей адымдап қара жолда қараң қағып əлдеқайда, алысқа қаңғып бара жатқан жетім шалды мың жылда да көрмейміз. Соңғы рет біздің үйге келгенде, дорбасындағы шотын əкеме беріп кетіп еді. Содан қайтып оралған жоқ. Біреулер айтады: «Көп ақша тауып алған Құлаша Сталинград түбінде қайтыс болған жалғыз ұлын іздеп кетіпті», деседі. Енді біреулер: «Ой, ол шал Бұқтырмаға ағып өлген» деседі. Ал апам айтады:
– Құлашаның шотына тиіспеңдер. Əйтеуір, бір күні іздеп келсе ұят қой.
Ал ауыл адамдары айтады:
– Құдайдың құдіреті, Құлашаны да сағынатын күн болады екен-ау…
Құлашаның шоты адалбақанда əлі ілулі тұр…
Оралхан Бөкей