«МƏШƏБИНƏ»


«МƏШƏБИНƏ»

Мен биыл елге ертелетіп бардым. Жыл сайын қаладағы қапырықтан қашып, бас сауғалап үйреніп қалғандікі ме, қардың шеті cөгілсе болды, Алтайға қарап танауды көтеріп тұрар ғадет таптым. Əсіресе, бұл жақтың жазы – шуақ, қоңырлап соғар желі бар аса жұмсақ келуші еді.
Ауыл деген немене, əсіресе, мен үшін, жүз жылда да өзгермейтіндей, баз қалпы, – əлденеге асығыс, əлденеге ашулы, торсаң-торсаң желісте мəз қалпы. Алыста жүрсең сағынасың, ал ағайынмен аралас-құралас жүрсең, кетуге асығасың. Келгеніме екі-үш күн болған. Біздің шал биыл былтырғыдан ары қартайыңқырап, көбірек сүрініп, қойғанын қойған жерінен таба алмайтын ұмытшақ, əрі жаңғалақ болып барады екен. Көктем ерте шықса да, үйінің маңайын тазалап үлгермеген; екі сиыр, бір тайыншаның қыстайғы тезегі қораның іргесінде тау болып үйіліп қалған, міне, үшінші күн, трактордың телешкасына тиеп əуремін. Сырты қарайып, көңдене қопсып жатқанымен, ішінің тоңы əлі жібімеген, сүймелеген сайын, бетіңе саржағал мұздақ шашырайды. Ары-бері өткен ауылдастарым қаланың қара таяғы қалай қимылдайды екен дегендей, байқамаған боп қызықтап, мал қараған боп қырындап өтеді жанымнан. Менікі намысқа шабу ғой, алақанымның қолдырап ойылғанына қарамастан, тыртыңдап екі сиыр, бір тайыншаның қыстайғы тезегіне шабуыл жасаймын. Қас қылғандай, қарасан тигірлер, осыншама мол ластар ма? «Қарасан» деген сөзді ішімнен ғана айтамын.
Өйткені аузын аққа тигізіп, бірсыпыра елден беделін асырып отырған екі сиырдың амандығы – шешем үшін жалғыз ұлынан кейінгі тілеулі дүниесі. Ал екі сиыр керіскедей болып туып тұр еді, айналайындар.
Тіпті пұшпақ-пұшпағымнан тер сорғалап, дымым құри берген соң, қағынып-сілкініп үйге кірдім. Мəншүк пен Ғалия сабағына, əкем почтасына кеткен. Бірақ шешем жалғыз емес екен, көрші Зейнеп кемпір екеуі бір-біріне шақша ұсынып, насыбай атып, ұзақ сонар əңгімеге кеткен. Тіпті менің кіргенімді де, «Сəлеметсіз бе, апа» дегенімді де естіп, байқаған жоқ.
– …Уызынан жарып тумаған соң, несін айтасың, – деді шешем.
– Əншейін сөздің сыралғысы ғой. Еңбегіміз бір кісідей-ақ сіңіп еді, енді, міне, сəлемге сараңдық жасап отыр. Ана жылы үлкен ұлы қатын алғанда, ту қойымыз бен жүз сом ақшамызды сақалды басымызбен…
– Бөлек шыққандарына, сырмалап тіккен сырмағыңды қолтығыңа қысып, тағы барғаныңды білем. Қайран көз майың.
– Е-е, соны айтсаңшы. Былтыр арғы беттен…
– Құдалары келгенде бір малыңды сойып, бас-басына жағалы киім-киіт кигіздің.
– Е-е, соны айтамын да. Осыдан үш ай бұрын соғым басына шақырдым… – Шешем тағы іліп əкетті. Шешемнің өзінен де көп біліп, алдын орай бергені Зейнептің қытығына тиді ме:
– Сөзге қонақ бер, Күлиə, – деп қабағын тыржитты.
– Шақырғаның бар болсын, ішіп-ішіп жаман шалыңның сақалына жармасыпты ғой.
– Е-е, сонысы ұят болды, сорың құрғырлардың. Одан алдыңғы күні келіп, «ата, апа» деп…
– Алдап-сулап бір жарты арағыңды ішіп кетіпті ғой. Бұдан соң екеуі арбалғандай сол үнсіз қалды. Шешем астарындағы сырмақтың оюын сұқ саусағымен қуалай ермек қылып, ал Зейнеп көзінің астымен «құрбысының» əр қимылын бағып отырды. Орталарында жайрап екеуінің де насыбай сауыттары жатыр еді, ендігі сəтте уəделесіп қойғандай, бір-бірінің шақшасына бірдей қол созды. Сол бір-бірін аңдыған қалпы, алақандарын толтыра күрең насыбайды аямай салды-ау, қай-қайсысы да есе жіберген жоқ.
– Ей, Күлиə… Ей, Зейнеп… «Сөзді мен бұрын бастаймын» деп келісіп алған емес, дауыстары қатар шыққанға, екеуі де сасқалақтап қалды да:
– Ей, тұра тұршы… Ей, тұра тұршы… – десіп, тағы да бір-бірін қайталап алды.
Оларды осы тығырықтан мен шығарғандай болдым. Екеуі бірдей аузын енді аша берген кезде:
– Тəте, үйдің маңайын тазалап қойдым, – деп едім.
– Құлыным менің, үсті-басыңды былғап нең бар еді. Жаман əкең өзі-ақ тазалап тастар еді ғой, – деп, жік-жапар болды.
– Біздің ұлға айта салсаңдар етті. Дүр еткізіп əп-сəтте жылан жалағандай қылсын. Бірақ ол арғы бетке – пəсепке кеткен, – деді Зейнеп.
Есік ашылды сықырлай. Бəріміз жалт қарастық. Келген – Зейнеп кемпірдің мектеп жасына толмаған кішкентай немере қызы екен.
– Үйбай-ау, саған не жоқ. Əкең келді ме, қойдан, – деп еді, анау: «Жоқ», – деді.
– Е-е, айналайын-ай, ағасы Алматыдан əкелген кəмпитті көксей келген екен-ау, – деп өз немересін өзі айналып-толғанып, сау-тамтығын қалдырмай сүйіп тастады.
– Бергем. Жеген. Ораш Алматыдан келсе, əйтеуір, осы маңайдың тамам балалары сілекейлері шұбырып, қарқ болып қалады.
Мен шыдай алмадым. Таңертеңгі шайдан қалған кəмпитті уыстап əпере беріп едім:
– Ораш-ау, жартысын-ақ бер, əрі-беріден соң бəрібір қайта айналып соғады. Келген сайын кептесең, сенің зарплатың жете ме, – деді шешем. Кəмпитті жан қалтасына сықай толтырып алған бала далаға тұра безді.
– Күлиə-ау, сен не білдің? – деді Зейнеп кемпір. – Бұл ауылда үлкен жаңалық бар.
– Қойшы əрі.
– Рас айтамын.
– Е, қандай, шақшаңды бері таста. Насыбайың тəуір екен, Өскеменнің темекісі ме?..
– Жоқ, құдай. Ол жақтан əкеп берер кімім бар, əдейі күйдірейін деп айтасың-ау, Күлиə. Сенің балаларың секілді оқып-жетіп кеткен жоқ. Бірі қара темірмен алысып, бірі жаман торысын «шу-шулеп» қой соңында жүр. Өзіміздің Қатонның сасық темекісі, оның өзінде де жапырағын тонап алған ірік. Өз шақшаңды бері тасташы, күлі аршанікі ме?
– Зейнеп-ай, біздің шал таудан арша əкеп берер деген… талдың күлі…
Екеуі шүйіркелесіп отырып бір-бірінің насыбайын (біз жақта мұрынға атады) құшырлана иіскеді. Алақандағы жұғынды қаққылап отырған Зейнеп айтты маған:
– Балам… аспанға тағы да адамдар ұшқан ба?
– Ұшыпты.
– Е-е, ұшсын, – деді шешем, – ұша берсін. Аман-есен түсе алса, ұша берсін.
– Шіркін-ай, – деді Зейнеп кемпір, – айға барды деп еді, темекісі қандай екен?
– Айда темекі өсуші ме еді, сен кемпір де қайдағыны айтасың, – деп білгішсінді шешем. – Одан да əлгі ауылды ала тайдай бүлдірген жаңалығыңды айт.
– Бетім-ау, Күлиə-ау, ұмытып барад екем-ау сөзге айналып. Бұл ауылда бір «мəшəбинə» деген пəле шығыпты. Жемге қосып қойға беретін дəрі екен. Оны жеген қойдың ішіндегі құрты өлсе, жақсы семіреді екен. Аз-аздап, шым-шымдап бермесе, қой түгіл ірі қара, тіпті адамның өзі сеспей қатады екен. Тоқа шал Балтабаймен кеше ұрсысып қалған екен, таңертең бүкіл қаздың балапаны серейіп-серейіп қырылып жатыр дейді. Қаскүнем Тоқа қайдан алғанын кім білсін, балапанға «мəшəбинə» себе қойыпты.
– Обал-ай, обал-ай, – деді шешем.
– Түк те обал-сұбабы жоқ, Балтабайдың өзі оңбаған, қышынып тыныш жүрмейді.
– Балапандардың жазығы не? – деді шешем.
– Енді Балтабайдың балаларына себе ме? – деді Зейнеп кемпір. Бұдан соң жаңа келген газеттерді қарап отырған мен жаққа бірер рет жалтақтап қарап алды да, шешеме: – Құлағыңды жақындатшы, Күлиə, – деді. – Сенің қайның бетврач қой. «Мəшəбинəнің» бəрі соның қолында көрінеді. Көрші-қолаң, ауыл-аймақпен ұрыспай, ырылдаспай отыра аламыз ба, бəтірекеш. Сақтықта – қорлық жоқ деген… Қайныңнан кішкене «мəшəбинə» сұрап ал, бөліп алайық. Кетіспей, шəй деспей отыра аламыз ба, ауыл-үй болған соң… Қазақпыз ғой…
– Əй, ол жынды берер деймісің…
– Үйбай-ау, бір жарты берсең – бір қабын əкеп тастар.
– Күні ертең насыбай аттырмай қойсам…
– Қойшы əрі, қайдағыны айтпай, саған қас қылғанша, өзім езіп іше салмаймын ба…
Екі кемпір бір-бірінің насыбайын рақаттана атып, ұзақ сырласты.
* * *
Келесі жылы демалыс алып, ауылға тағы бардым. Тебен ине іздеп, шешемнің ағаш сандығын ақтарып едім, түбінде шүберекке түйген «мəшəбинə» жатыр екен… кішкене ұрлап алғым келді… Сақтықта – қорлық жоқ, Алматыда да шəй деспей жүре аламыз ба?..

Оралхан Бөкей

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *