МЕҢСЕБАЙ БАҚСЫНЫҢ САРЫНЫ
—Жер үстіндегі әулие,
Көк үстіндегі әулие,
Мағриптағы әулие,
Машрыптағы әулие,
Хабар бер өзің қадыр Ие! Ай не болар күннен соң, Күн не болар айдан соң. Құбылып тұрған бәйшешек Қурай болар солған соң.
Бәйбіше киген қамқа тон Шүберек болар тозған соң. Қатынның сәні келмейді, Қойныңда жатқан байдан соң. Келіншек сәні келмейді, Емізулі ұлдан соң.
Қыздың сәні келмейді, Қызыл киім, малдан соң. Жігіттің сәні келмейді, Ақсақалды шалдан соң.
Өзеннің сәні келмейді, Сайда біткен талдан соң. Көлдің сәні келмейді, Ішіне қонған елден соң.
Елдің бір сәні келмейді,
Айдап жүрген малдан соң, Үкі тағар қолдан соң. Қобыздың сәні келмейді, Екі тағым қылдан соң.
Қылдың сәні келмейді, Кіші жаман жыннан соң.
Жын шіркінді аңыраттым, Жынның бәрін шақырттым. Қарт бөрідей бақырттым, Аруағым деп шақырдым. Арғындағы Қазекем,
Қысылған жерде қолда деп,
Аруақтың бірі деп,
Қара да болса төредей,
Әулиенің біріндей,
Қысылғанда қолдайтын, Арғы атасын сұрасаң, Қара палуан Жанайкем.
Есілде отыр, елде отыр Қысылған жерде бір көтер!
Мен қысылдым жындардан, Жын қаққан, шіркін, мұндардан.
Арыстанда алты бап,
Самарқанда сансыз бап, Түркістанда түгел бап, Қожа баурын қолдап бақ!
Қайып ерен қырық шілтен, Қысылған жерде қолдап жат!
Және бірден сыйынсам,
Сексен сегіз машайық,
Жүз жиырма төрт пайғамбар, Осындайда қолдап бақ!
Және бірден сыйынсам,
Тобылдың қасында, Сартөбенің басында, Мыңбай ата, қолдай гөр! Және бірден сыйынсам,
Сазанбайдың қасында, Сексеуілі басында Тілеу ата, қолдай гөр!
Және бірден сыйынсам,
Тегененің қасында,
Жыңғылдының басында,
Қостөбенің үстінде, Рақбан ата, қолдай гөр!
Және бірден сыйынсам,
Ақмешіттің басында, Сары обаның үстінде, Сәркем ата, қолдай гөр!
Және бірден сыйынсам,
Жыланшықтың басында,
Шығырлының қасында,
Мыңбұлақтың төсінде,
Төртқұдықтың ылдиында,
Қара бір судың бойында, Қолдыбай ата, қолдай гөр! Және бір сыйынсам,
Наурызымның қасында,
Қоғалы көлдің басында, Жәңгір ата, қолдай гөр!
Және бірден сыйынсам,
Бағаналы Барлыбай,
Алашада Исатай,
«…» бар Қойлыбай,
Қызылтазда Сандыбай, Ол да болса Терібай.
Тері бір күнің сұрасаң,
Жын қаққанды қоймайды. Сонан келген Балабай Көрмегенің, кәнеки!
Буырқанды, бұрсанды, Мұздай темір құрсанды. Құрсанып ерлер келгенде, Ақылымнан адастым. Қобызыма қосылды, Дауысым енді ашылды.
Қырық бір жынды көргенім, Мәндібайдан келген жындай. Сол жолы көрдім жындарды, Толып бір жатқан мұндарды.
Істік мұрын сары екен, Шегірлігін сұрасаң, Нұржабайдай бар екен.
Қабырға, Торғай қайран жер, Арғын, Қыпшақ қайран ел. Жол мінгеспей сұрасаң, Жын айдаған саудагер.
Ішсем бір суға тоймаймын,
Жын қаққанды қоймаймын.
Елу бесте жасым бар,
Бұрынғыдай болмаймын, Жиырма бестің күніндей. Су менен шөпті шайнатты Алып келіп қазақтар. Жын қаққанға ойнатты Он екі қарыс қазанды.
Қызартып мен аламын
Алып келіп жын ұрғанды Сол қазанға саламын. Екі қылыш қолға алып, Екі бүйірден саламын. Сол қазанның ішіне Сағат жарым болғанша, Жатқызып соған аламын.
Буырқанған, бұрсанған,
Мұздай темір құрсанған
Қара бір марту жындарым, Қаптап келді мұңдарым. Сөткесіне жеткізбей,
Жын ұрғанды жазып алдым. Қары бір жынның мықтысын, Сол жолы көрдім баршасын.
Елу беске келгенде, Мілісбайдың кетті нешесі. Тоқсан түрлі жындардың Бәрі келді сол шақта.
Жиырма бес жасымда
Тал түсте келіп жабысты Айдалада бір лақ, Бір елі екен мүйізі. Лаққа таман бардым мен, Алдымызға алдым мен. Оң бұтын ұстасам, Маған айтты сол лақ:
«Ақаң Доқаңдай бар ма екен?» Айғай салып жоқ болды, Бір сағатқа жетпей-ақ.
Астында бар боз аты, Басындағы ақ сәлдесі.
«Әй, балам, сен қорықпа!» деп,
Өте шықты қасымнан, «Залалы жоқ дәуіт» деп. Астындағы сары ала ат Көрінбей кетті көзіме.
«Бүгін түнде келет,—деп,—
Аты-жөнімді айтар» деп, Батасын беріп жөнелді.
Келер түнде ұйықтасам, Астында бар боз аты, Басында бар сәлдесі.
Аузы толған иман-ай, Қойны толған құран-ай!
«Қорықпа, ұлым, қорықпа,—деп,—
Нағашы атаңның аруағы,—деп,— Қарның ашқан жерлерде Тамақ болар аруаққа». «Кел, балам, сен, қолың жай!» Оған қолым жайдым-ай.
«Өле-өлгенше қарның ашпас, Жетпіс жеті жасыңда Өзіңе келер бір қатер.
Менің жөнім сұрасаң, Сыйынып жүрген атаңмын. Өзің қорқып зарыққан соң, Күн өтемен көріндім.
Айғай салып ақырсаң,
Аруақты енді шақырсаң, Жан жаратқан Құдайым
Алдымен жад айт, балам-ай!
Жер үстіндегі әулие
Баршасына сыйынып болған соң,
Менің де атымды сұрасаң, Қарадан туған төредей, Әулиелер көп еді-ай!
Қобызыңды қойғанда,
Дұға қылып қойғайсың
Жәнібек атты бабаңа-ай!»
Ғайып болып жоқ болды. Басымды көтеріп қарасам, Түндегі жатқан орным-ай! Тал түс болып қалыпты,
Көтеріп алсам басымды. Жылап отыр қасымда, Әжем байғұс басымда.
Дәуіт келді қасыма,
Ақсарбас қойды алып-ай! Шалып тағы жіберді Ер Жәнекем аруағына-ай!
Ұйықтадым десем, талыппын, Ертең түсте тұрыппын, Бір күн талыппын, жатыппын. Баршасын көрдім сол жолы, Іздейін деп едім сол жолы. Әулиенің жөнін білмедім, Шыбын жаннан қорыққан соң.
Келіп қондым молаға, Бір моланы білмедім.
Қараңғы түннің ішінде
Жаяу бастым, шаршадым, Көрінген елге бармадым.
«Тек емессің» деп түнедім Үлкен салған қызыл тамға.
Жастана келіп жатып ем,
Үстінде бар ақ киімі, Бидай өңді ақ кісі Жетіп келді қасыма. «Балам, неге қысылдың?» деп, Сөз айтты енді өзіме. Көргендерім баршасын Баян еттім сол жерде.
«Қорықпа, балам, қорықпа!» деп, Елу алты жасында
Өзі қайтар сол күнде. «Қорықпа, балам, менен» деп, Күбірлеп айтты өзіме. «Қорықпайын, атеке, Есіміңді сұраймын Ғайып етпе, атеке! «Менің есімімді сұрасаң, Қонақ болсаң бұл түнде. Менің әсілім—сұрасаң, Баймырқа атаң мен деймін.
Намазыңның артынан
Дұға қылып жүр деймін.
Балам, енді таң атты»,— Сырт қарап енді жөнелді.
Таң көтеріліп қалыпты, Түрегеліп жөнелдім, Дұға қылып мен кеттім.
Онан тұрып елге келдім, Елге келіп тұрсам-ай,
Бақсының шықты дауысы.
Жүгіріп жетіп мен келсем,
Қарадағы Сүйіндік
Ағыбайдың қарындасын Кержібек атты сұлу қыз Оны қарап жатыр екен.
Мен барған соң ол бақсы Жығылып қалды ол үйде. Айғай салып ақырдым, Қобызын алып шақырдым.
Жолбарыс атты жындарым Келіп бір қалды кәпірің. Енейін дейді сол үйге, Сыймады енді денесі. Үш күн қараған қыздары Кәлимаға тілін келтірді. Қобызымнан тәуеп қылып, Қасыма келіп отырды.
Айғай салып ақырдым, Аруақ жынды шақырдым. Талып қалған бақсыны Түрекеліп тұрғызды. Бақсы келіп түре келіп, Шапан жапты арқама. Бұрынғыдан қалған мирас жол, Батамды беріп жөнелттім.
Маған келген жын емес, Ондағы көрген атаның Қолдайтұғын аруағы. Толып жатқан жын ұрған Қарадым мен сол күні.
Елу бес жасымда
Қайбіреуін айтайын,
Қатын менен баланың Зияндастай ауруын Көп қарадым сол күнде.
Аруақтар болды тамағым, Жын жолынан бұрылып, Ұста болған бұл шағым. Қиын болып барады Енді қобыз шалғаным.