ЖАН КОЛЛЕКЦИОНЕРІ| ҚАРА ФЭНТЕЗИ

КІТАПТЫҢ АННОТАЦИЯСЫ:

Мамандықтың қай түрі болмасын жұртқа бір игі пайдасы тиеді емес пе? Ал ол өз мамандығымның адамзатқа қаншалықты пайдасы тиетінін, өкінішке орай, білмейді. Өйткені, ол-жан коллекционері.

Атауы: Жан коллекционері
Жанры: Қара фэнтези
Жас шектеуі: + 16
Шығарманың тілі: қазақ тілі
Шыққан мерзімі: 21.12.2020
Жарық көрген жері: Ресей
Баспасы: Ридеро
Авторы: Алтыншаш Курманаева

 

АЛҒЫ СӨЗ

Кішкентай кезімде қолыма қалам алып ойнағанды жақсы көретінмін. Бірде дәптер бетін шимайлап отырған мені көрген анам: «Осы қыз суретші болады!» — деп менің болашағымды алдын ала жоритын. Адамның өмірі біркелкі жол емес, ойнақтап тұрған теңіздің толқыны емес пе? Менің өмірлік жолым мені мүлдем басқа арнаға әкелді. Ол — әдебиет және оның таңғажайып әлемі. Әдеби шығармаларды оқығанды жаным ерекше жақсы көреді. Әдеби кітапты көрсем болғаны, соны алуға құмартып тұрамын. Менің демалыс уақытымның басым көпшілігі кітап оқумен немесе кітап дүкенін аралаумен өтеді. Бір сөзбен айтқанда, мен кітапқұмармын.

Мектеп қабырғасынан бері мені сансыз ойлар жиі мазалайды. Аялдамада автобус күтіп тұрған сәтте мен бір оқиғаның жалғасын ойымда құрастырып тұрамын. Ол ой менің қолыма қалам алуыма түрткі болады. Кейде түсімде жаңа оқиғаның сюжетін көріп, оянып кетемін. Түсімде көрген жайттар мен күндіз басымнан кешірген оқиғалар менің кітабымның бір бөлігіне айналады. Осылайша, мен қолыма қалам тарттып, кітап жазуға кірісемін. Кітап дегенім артық болар, ойымды қағазға түсіремін дейін. Өйткені, мен әлі өз жанрымды дөп басып айта алатындай мықты жазушы емеспін. Мен бар болғаны өз ойымды дүйім көпшілікпен бөлісі білетін автормын.

1

Қойма. Тастай қараңғы бөлме ішінде Адақ атты қарт бір-бірлеп сөрелерге жан салынған құтыларды қаз қатар қылып қоюда. Оның жанында шаң басқан сөрелердің бетін сүртіп, әкесіне жан салынған құтыларды алып-беріп отырған жалғыз ұлы Қалтарыс бар. Жасы елуге тақап қалған қарттың бар ойы құтылардың амандығында. Оның ойынша, құтылар қауіпсіз жерде сақталынса, Зұлмат әлемі де қауіпсіздікте болады. Сондықтан, құтыларды барынша күтіп-баптап сақтау қажет екендігін қарт Адақ ұлына тәптіштеп түсіндіруде. Ұлы оны түсінбесе керек. Қалтарыс байқаусызда бір құтыны жерге құлатып ала жаздады. Абырой болғанда, әкесі Адақ дер кезінде сиқырлы таяқшасын қолға алып, ол құтынының өмірін аман сақтап қалды. Құтының дәл өзінің жанында сиқырлы дуа көмегімен қалқып тұрғанын көрген Қалтарыс аң-таң болып, әкесіне қарады. Адақ құтыны өз орнына апарды да, сиқырлы таяқшасын қалтасына салды. Ол құтыларды орны-орнына қоюды жалғастырды. Қалтарыстың сиқырлы таяқшаны көруі оның болашаққа деген мақсатын өзгертті. Қалтарыс әкесінің жаду әлемі мен сиқыршылар туралы әңгіме тарқатуын ұнатпайтынын білсе дағы, бәрібір, одан бұл жайында ақпарат алуға бел буды. Ол әкесіне сұрақтарды жаудырып қоя бастады. Әкесі үндемеді. Адақ сатыдан абайлап түсіп, жерге тұрды да құтылардың бар-жоғын түгендей бастады. Қалтарыс өз дегенінен қайтпады. Баяғы тұжырымын қайта қозғады. Әрине, әкесінің ашуланатынын ол жақсы білді. Бірақ не болса дағы, өз мақсатына жетудің жолын ұйымдастырды. Ол «жаду боламын!» деп өз алдына нық мақсат қойды. Адақ ұлының ішкі ойын сезді ме, кенет, ұлына жалт бұрылып қарады да:

— Сенің анаң осы жадулардың қолынан қаза тапты! Сондықтан, мен сенің жаду болуына ешқашан өз келісімімді бермеймін! Ал егер көнбесең қара батамды аласың! Қара бата қарғыс шақыратынын ұмытпағайсың! — деді нартайланып.

Қалтарыс басын төмен түсірді. Шамасы, өз ісіне ұялса керек. Қалтарыстың анасы Бағира Нарттайқызы ұлы жадулар күресінде көз жұмған. Қалтарыс анасынан айырылған кезінде небәрі үш жарым жаста еді. Содан бері ол ананың махаббаты мен қамқорлығы дегенді түсінбей келеді. Әкесі Адақ ешқашан баласын еркелеткен емес. Қайдан еркелетсін? Адақ балажан ба еді? Әлде кеңпейіл ме? Жоқ. Адақ нағыз қаталдық пен қатаңдықтың нышаны. Оның өң бойынан ешқашан жылулық сезілген емес. Әрі түрі де сұсты. Мінезі тастан қатты, қоладан тығыз болардай Адақ қандай қиындықты өткерді деулеріңіз мүмкін. Бәлкім, әйелінің ауыр қазасы әсер еткен шығар. Әйтпесе, Адаққа Бағираның көңілі тартпас еді. Балдаурен шақта Адақ қандай жомарт еді. Ол қыз балаларға қызғалдақ сыйлап, әлсіздерге демеу болатын. Оның түбегейлі өзгеруіне жадулар соғысы қатты ықпал етті. Жақынының көз алдында шаһит болуын көруден арттық ауыр жаза бар ма?! Сол күні Адақ өзінің өткен шағымен бірге мәңгі сөңді. Оның сұлу да сымбатты бейнесі мәңгіге өшті. Адақ зұлым жан коллекционеріне айналды.

2

Жаны қатыгез жадудың түр келбеті де сұрықсыз болады екен. Адақтың түр-сипаты жауыздық атаулы образдардан асып та тасып та түсті. Қанішер Адақты бүкіл жалмауыз атаулы елді-мекен мадақтады. Әр жексенбі сайын Адақтың үйінде: Жезтырнақ, Кеңаяқ, Сөрел, Жалмауыз кемпір, Жын, Мыстан, Ағайынды дәулер мен басқа да зұлымдар жиналды. Осылайша, Адақ өз үйін жалмауыздарға арнап мейрамханаға айналдырды. Күллі жер жиһандағы жалмауыздар Адақтың қонақүйінде қоныстанды. Адақ тек атақты жан колекционері ғана емес, «Жалмауыздар қонақүйінің» (Зұлмат әлеміндегі әйгілі қонақүй. Аталмыш үйге тек қанішерлер мен зұлымдар келуге құқылы) мықты бастығы атанды. Жыл сайын жүз мыңдап қонақүйге зұлымдар келді. Тіпті кейбір жалмауыздар өздерінің «Зұлматтық курстарын» (Жауыздардың кәсіби зұлым болуды үйрететін курстары) өткізіп, зұлым-бизенесмендер атанды. Адақ тұрған қонақүй — нағыз зұлматтардың құрылтайына айналды.

Міне, бұл оқиғалардың бәрі ертегілер елінен жалмауыздардың бөлініп шығуына әкелді. Қазіргі таңда зұлымдар өздерінің жеке «Зұлмат» атты елді-мекенінде тұрады. Зұлмат әлемі таза жауыздар тұратын аймақ. Аталмыш елдің экономикасы біз ойлағандай төмен емес. Жауыздар жомарттардан асып түсті. Ертегілер әлемінің патшасы Қаңбақ шал «Зұлмат» әлемінің басшысымен дипломатикалық қарым-қатынас орнатты. Зұлмат елінің экономикалық табысына тіпті жаду әлемі (сиқыршылар әлемі деген сөз) қызықты. Алайда зұлматтар Жаду әлемімен одақ болуға келіспеді.

Жауыздардың айтарлықтай табысқа жетуі Адақтың арқасы еді. Сондықтан, Адақ өз елінде аса құрметті тұлға. Ол бір емес, екі бірдей бизнес-компанияның бастығы. Оның «Жан коллеционері» галериясы (Құтыға сақталған жандардың арнайы көрмесі өтетін жері) мен «Жалмауыздар қонақүйі» бар. Адақ екі мәрте «Зұлмат» орденімен марапатталған (Жауыздарға берілетін ең үлкен атақ). Адақтың мықты кәсіпкер екенін мұқым әлем біледі. Табысты кәсіпкерге тұрмысқа шығу барша жалмауыз-мыстандардың арманы. Көбіне қонақүйге мыстандардың қоныстанатыны рас. Әсіресе, Аңқылдақ тәтей өзінің алып баласымен жиі келеді. Қалтарыс үшін бұл қалыпты жағдайға айналды. Қалтарыс мыстан тәтейді ұнатпаса дағы, оған «Апа» деуге мәжбүр. Себебі, жақында жалмауыздар қонақүйінде Адақ пен Аңқылдақ тәтейдің тойы болады. Адақтың пысықай ассистенті болған Аңқылдақ тәтей болашақта оның жары атанады деп кім ойлаған. Қалтарыс жастай анасынан айырылса, Аңқылдақтың жар дегенде жалғыз ұлы — Дабыл әке тәрбиесін көрмей өскен. Дабыл жасыл өңді (терісі жап-жасыл), кең жауырынды, бойы адамдардікіндей, көмір қара шашты, қалың қасты, қой көзді, түрі сүп-сүйкімді келген бозбала. Тентектігі болмаса, Дабыл сымбатты-ақ. Туған әкесі қарыс-дәулер (кең жауырынды, бойлары адамдардікіндей, табандары қалың, қолдары жуан, жасыл терілі келбетті дәулер) тұқымынан шыққандықтан, Дабыл нағыз дәулер қатарына жатпайды. Шатақ мінезді Дабыл ешқашан Адақтың орнын басуды мақсат еткен емес. Алайда мыстан анасы (жалмауыз ұрпағынан деген сөз) ұлының санасын арбаумен болды. Адақтың компаниясын өз ұлының басқарғандығын қалады. Қалтарыс пен Дабыл мыстан тәтейдің осы бір қылығы үшін жиі керісіп қалатын…

Қақтығыстан еш нәтиже шықпаған соң Қалтарыстың үні өшеді. Ол қонақүйдегі өзінің даяшы қызметінен шаршап, далаға шығады. Жалмауыздар қонақүйінің биік қат-қабатында орнатылған балконда Қалтарыс айды тамашалайды. Мөлдір тұнық ай оның алдына айдыннан аппақ сұлу анасын елестеді. Кейде өз көзімен көрген бейненің сағым екендігін Қалтарыс ұмытып кетеді. Қалтарыс жұлдызды аспанды тамашалай отырып, өзінің өгей ағасының орнына кеңседе жұмыс істеген сәтін көз алдына еміс елестеді. Дабыл ағасы болмағанда, Қалтарыс әкесінің сүйікті ұлы болар ма еді? Жоқ, Адақ бәрібір оны елемес еді. «Әттең! Әкем мені елегенде ғой!» — деп Қалтарыстың көзінен маржан болып жас тамшылар жерге ақты. Қалтарыстың көз жасы биік қамалдың бетінде тасты жарып өсіп тұрған түймедақ гүліне түсті. Қалтарыс қалың тастың ортасында тіршілік еткен түймедақты байқамады. Ол сырттан: «Әй, Қалтарыс! Қонақүйге келген қонақтарды қарсы алсаңшы!» — деп шаңқ етіп айғалаған өзінің өгей мыстан апасының дауысын естіді. Қалтарыс: «Иә, апа! Қазір келемін», — деді де жұлдызды аспанға тағы да бір көз салды. Кенет ол қонақүйдің алдына тұрған арбаны байқады. Биік қамалдан алысқа көз шалған Қалтарыс бір сұлу қыздың арбадан шыққанын көрді. Белі шыбықтай, шашы бұрым, аппақ өңді қыз қамалға кіріп жатыр екен. Қалтарыс дереу ішке кірді. Ол қамалдың сатыларынан жылдам жүріп өтіп, бірінші қабатқа түсті. Әлгі қыз үлкен қара ілбіс мысығымен ішке кіргелі жатыр екен. Кенет Қалтарыс қонақтарды қабылдайтын, тіркеу бөлімінде еңбек атқаратын Дабылдың жоқтығын көрді. «Әдетте, өз орнында тапжылмай тұратын Дабыл ағам қайда кетті екен», — деп Қалтарыс оның орнына барып тұра қалды. Қалтарыс Дабылдың кішкене айнасын алып, өзінің тарақтың тісі батпайтын шашын дұрыстады. Көзді ашып жұмғанша дәл жанына әлгі қыз да келіп үлгерді. Қыздың жанында өзі алыстан көрген үлкен қара ілбіс бар екен. Қара мысықтың мойнына ешнәрсе тағылмағанын көріп, Қалтарыс біраз жұтынап қойды. Қыз Қалтарысты байқап, оған: «Қорықпа! Мысығым ешкімге тиіспейді! Ал егер қорықсаң, ол саған атылады!» — деді. Қалтарыс қалтырай түсті. Ол біресе қызға, біресе, мысыққа қарады. Қара мысық: «Мяу», — деп ауызын аңқита ашты. Дәу мысықтың ақ тістері ақсиып көрінді. Қалтарыс дірілдеп-қалшылдап тіркеу компьютерінен қыздың тегі мен аты-жөнін іздеді. Ол қыздың ныспысын сұрады. Қыз оған: «Мен Алтынмын. Қара ниеттілер еліндегі (Зұлмат әлемінен бөлек елді-мекен) атақты Қарабай байдың қызымын», — деді. Қалтарыс компьютер экранына шыққан қыздың тегін көріп, ондағы мәліметтерді оқыды да: «Олай болса қош келдіңіз! Сіздің бөлмеңіздің кілті!» — деп оған мың бірінші бөлменің кілтін ұсынды. Алтын кілті қолға алды да, жеделсаты тұрған жерге қарай аяңдады. Оның артынан қара ілбіс мысық ерді. Қалтарыс қыздың жеделсатыға кіріп бара жатқандығын сәтін соңғы минутына дейін тамашалады. Бір кезде оның арқасынан біреу қағып жіберді. Қалтарыс өз иығын ұстап, селк етті. Ол артына жалт бұрылып қарады. Дабыл тұр екен. Дабыл Қалтарыстың жауабын күтіп тұрған сияқты. «Әәә. Енді мен», — деді Қалтарыс оған жымия қарап. Дабыл бәрін түсінгендей, өзінің жұмысын істеуді жалғастырды. Қалтарыс ағасының жұмыс орнынан шығып, оған қарады да: «Мен жалықтым! Күнде бір құбыжық, не болмаса, ханшайым өзінің жануарын ертіп келеді! Әне бүгін қара ілбіспен келді! Ал кеше бір ханшайым арыстанмен келген! Менің жанымнан жан қалмайтын шығар», — деді. Дабыл бәрін мұқият тыңдап тұрды. Ол компьютерге бір нәрселерді тіркеп жатыр. Қалтарыс әңгімесін аяқтап, қонақүйдің есігіне қарады. Дабыл оның сөзін тыңдап болып: «Ал саған сонда қыздар ұнамайды ма?» — деді. Қалтарыс елең ете қалып, оған: «Жоқ! Бәрі қызғалдақтай әдемі! (Әрине, Жезтырнақ апайдың пері қызынан басқа деді ішінен) Бірақ олардың аңдарды ертіп келетіні ұнамайды. Мен олардан өлердей қорқамын! Әсіресе, ілбіс пен арыстаннан. Ақ тістері қанжардай жарқырайды», — деді екі қолын азудың ишарасына келтіргендей болып. Дабыл басын шайқады да оған:

— Одан да ержігіт болуды үйрен! Қорқамын деген не сөз?! Бүгін жауыз-мыстандардың конференциясы болады. Кеште айлакер әрі сері жігіт Каспий Шамшырақ сөз сөйлейді. Сенің барғанын жөн болар! — деді.

— Айтпақшы, сен қайда болдың? — деп Қалтарыс Дабылдың кенеттен жоғалып кеткендігін пайдаланып, әңгімені басқа жаққа бұрды.

— Қонақүйге келген қонақтарды қарсы алдым, — деді де сәл үнсіздіктен кейін Адақ жайлы сөз қозғады — Бауырым, Адақ мырзаның саған деген көзқарасының өзгергенін қаласаң, менің қолқамды қабыл ал. Конференцияға міндетті түрде қатыс, — деді Дабыл.

Қалтарыс сәл ойланып қалды. Дабылдың сөзінің жаны бар еді. Каспий Шамшырақ Қара ниеттілер еліндегі ең мықты сарбаз болатын. Жыл сайын садақ атудан өтетін жарыста Каспий жеңіске жететін. Екі қоянды бір садақтың оғына сыйдыра білетін жалғыз сері Каспий еді. Айтпақшы, егер, сіздің садақ атудың, яки, аттың үстінде түрлі акробаттық өнер көрсетіп ойнайтын сері жігіт, я болмаса, өнерлі адам болғыңыз келсе, Каспийдің сабағына қатысқаныңыз жөн болар. Қалтарыс қонақүйдің бұрышында ілініп тұрған теледидардан дәл осындай жарнаманы көрді. Ол Каспийдің семинар-тренингіне барамын деп шешті.

3

Қонақүй. Салтанат залы. Залдың іші у-шу. Шетте тұрған үлкен теледидардан Каспий жайлы бейне-баян көрсетіліп жатыр. Барлығы тапжылмастан бейне-баянды тамашалауда. Жалмауыздар әр бейне-баянның соңында қол соғып, Каспийдің атын атап шыңғыруда. Жоғары қабатта отырған Каспий: «Иә, бұл мен», — дегендей орнынан тұрып, басын июде. Залда болған көріністер тек Қалтарысқа іш пыстырарлықтай әсер етіп жатқан сияқты. Қалтарыс семинардың басталғанын асыға күтіп отыр. Бір кезде жарық өшіп, қайта жағылды. Ортада Каспий жебе ұстап тұр. Жалмауыздар қауымы қолдарын барынша қатты соғып, оның есімін атады. Каспий қолына микрофон алып, өзінің кезекті сөзін бастады. Ол:

— Армысыздар! Менің ардақты да аяулы жалмауыз достарым! Өзімнің мың бірінші конференцияма қош келіпсіздер! Бүгінгі конференция өткен мыңыншы конференцияларға қарағанда аса ерекше болмақ! Біз садақ атудың жаңа жолдарымен, қылышты қолдану, шоқпарда ойнау, арқанды лақтыру, атпен шаба алу жолдарын игеретін боламыз. Олай болса, біз бастаймыз! Ортаға ең қорқақ деген жауыз келсін! — деді (Барлығы қолын көтерді. Тек Қалтарыс үндемеді).

Каспийдің көзіне жалғыздықтан күңіреп отырған Қалтарыс түсті. Ол оның есімін атады. Мыстандар мен жауыздардың балалары оған телміріп қарап қалды. Қалтарыс орнынан тұрды. Ол есеңгіреп қалса керек. Алғашында залдан қашу ойында болды. Бірақ мыстан қыздардың жанында отырған әлгі Алтын атты бойжеткенді көргеннен кейін, өзін қолға алып, ортаға нық қадам басты. Қалтарыс шашын түзеп, Каспийдің жанына келді. Каспий одан не себептен конференцияға келгенін сұрады. Қалтарыс: «Мммм… Енді… Енді», — деді. Каспий оны демеп жіберіп: «Иә, сіз мен сияқты сері болуды армандайсыз», — деді де жебені оған ұстатты. Қалтарыс садақты қолға алысымен, артқа қадам басты. Жан-жағында тұрған жалмауыздарға назар салды. Құдды, олар оның әр қадамын санап, мұқият бақылап тұрғандай. Қалтарыстың садақты қолға алуы бірінші рет еді. Бұрын садақ түгілі, таяқты да ұстамаған он бесер жасар бала бүгінде дүйім жұрттың алдында өнер көрсетеді деп кім ойлаған. Қалтарыс көзін жұмып, қайта ашты да садақты атты. Міне, садақ зымыранның жылдамдығындай ұшып барады. Жоқ, ол таяқ тастам жерге барып құлады. Залда отырған жауыздар ішек-сілері қатып қарқ күлді. Қалтарыс бетін орамалмен жапқан Алтынға қарады. Каспий залды тыныштандырды да, Қалтарыстың жанына келіп: «Бұлай болмайды! Зұлмат елінде туып-өскен соң, сол елдің атына лайық жігіт болу керексің! Ертең жаду әлемі мен ертегілер елі шабуыл жасап қалса, жауыздардың балаларын қорғайтын мына сендей жастар ғана!» — деді де оған өзінің визиткасын ұсынды. Онда: «Сері болуды армаңдайсың ба? Армаңдамай, Каспий бол мұндайда!» — деген жазуды оқыды.

4

Өзінің ғана емес, әкесінің есімін қара еткен Қалтарыс жертөлеге қуылды. Оның қонақүйдің жоғары қабатында орналасқан бөлмесін енді үш дәу ағалары иеленді. Қалтарыс бір жағынан жертөледе тұрғанына қуанды. Өйткені, бұл жер жандар сақталатын жерқойма бар еді. Қойманың іші бұрынғыдай таза күйінде. Сөрелердің үстінде түрлі жандар салынған құтылар сақтаулы. Тас қараңғы қойманы сәулелендіретін де осы құтылар. Қалтарыс бұрын жан салынған құтылардың барлығын тексере алмайтын. Енді соның сәті туды. Ол анасының жаны салынған құтыны іздей бастады. Құтыларды аралай келе Бағира Нарттайқызы деген жазуға көзі шалды. Бұл — анасының жаны салынған құты. Атап кетер жағдай, жаду тұқымынан шыққан сиқыршылар өмірден озғаннан кейін, жандары құтыға сақталады. Не себептен дейсіздер ғой? Өйткені, отбасысын асырауға қаражаты жетпеген жадулар өз жандарын жындар мен перілерге сатып, одан түскен қаржыны отбасыларына беріп кетеді. Бірақ бұл өте қауіпті. Жынға сатылған жан оның құлына айналады. Алайда жан коллеционерлері жауыз жандарды аулап, әлемдерді алпауыт дауылдардан аман сақтап қалады. Әрине, жауыз жандарды зұлмат сиқыршыларға сататынын мойындау керек. Бірақ жауыз бойында мекен еткен қара жандардың әлемге еш зияны келмейді. Қайта, сол жерде күн кешкендері әлдеқайда жақсы. Қалтарыс құтыны қолына алып, оның ішіне көз тастады. Қараса, ішінде перінің бойымен келетін бір жан ұйықтап жатыр екен. Шашы албастыдай жалбыраған, үстінде ақ көйлегі бар әйел қорқынышты-ақ. Қара жан оянып кетті ме, ол — Қалтарысқа атылды. Қалтарыс қорыққаннан жерге құтыны құлатып алды. Осылайша, сөрелердегі жандар оянып кетіп, барлығы өздерінің құтыларынан босап шықты. Қалтарыс қонақүйге қарай ұшып бара жатқан жандарды көрді. Ол дереу әкесінің жан аулауға арналған үлкен қармағын алып, жандардың артынан жүгірді. Жандар зымыраннан да жылдам екен. Қонақүйге келіп жеткен жандар мыстандар мен басқа да жауыздарды үркітті. Барлығы ду етіп, жан-жаққа жүгірді. Жандар оларды қуды. Қалтарыс жүгіріп келе жатып, қонақүйдегі бір жынның ұшатын кілеміне отырды. Ол кілемнің үстінен Қарабураланың садақпен жандарды атып жатқандығын байқады. Ал басқа жауыздар (мыстандар, дәулер, жындар, перілер, жалмауыздар және т.б) қолдарынан келгенше жандармен күресіп жатыр екен. Мыстандар сиқырлы дуаларымен жандарды улап жоқ қылса, дәулер шоқпарларын лақтырып жатыр. Қалтарыс өзіне және басқаға атылған жандарды барынша ұстап алып, құтыға салуда. Оның ойын әкесінің жазалайтындығы қарып барады. Бір кезде жан Алтынға атылды. Алтынның жанында тұрған қара ілбіс мысық тісін ақситып, әлгі жанға ақырды. Жан қара ілбістің айғайынан қашып кетті. Қалтарыс жандарды бұлай жеңе алмасын білген соң, әкесінің бөлмесінде тұрған жадуланған таяқшаны алуға бекінді. Ол сиқырлы таяқшаның көмегімен барлық жандардың көзін құртамын деп шешті. Қалтарыс ұшатын кілеммен бірге әкесінің жеке кабинетіне келді. Суырмада тұрған сиқырлы таяқшаны алып, кітап сөресінен дуа жазылған кітаптарды іздестіре бастады. Міне, қолына «Жаду сиқыры» атты кітап түсті. Ол мазмұнын ашып, тиісті бетін оқыды. Жандарды жоюдың амалын білген соң, Қалтарыс жадулар қолданатын сиқырлы сыпыртқыны іздей бастады. Абырой болғанда, жақын жерде орналасқан екен. Сиқырлы сыпыртқы шыны картинаның ішінде. Сыпыртқыны алу үшін шыныны сындыру керек. Бірақ бұл босқа әлек болумен тең. Себебі, шыны қатты әйнектен жасалған. Қалтарыстың есіне кітаптан шыныны сындырып өтетін сиқырды іздеп табу түсті. Кітап бетін парақтай келе, Қалтарыс: «Затты балқытудың жолдары» — деген сөйлемді оқыды да есіне Каспийдің визиткасындағы сөйлемді түсірді. Ол: «Сері болуды армандайсың ба? Армандамай, Каспий бол мұндайда!» — деп дауыстап айтты да жандармен күреске ашық дайындалды.

5

Қонақүйдің іші. Жанды сақтау жолындағы күрес. Барлық жалмауыздар мен қара ниеттілер жандармен күресуде. Бір кезде олардың төбесінен сыпыртқыда отырған Қалтарыс ұшып өтті. Оның қолында сиқырлы таяқша мен көне кітап бар. Қалтарыс сиқырлы таяқшасын жандарға нұсқап: «Мүрдем!» — деді. Барлық жандар сол кезде жоқ болды. Қалтарыс сыпыртқысымен бірге жерге қонды. Жалмауыздар мен мыстандар оған қол соқты. Бәледен құтылғандарына қуанған қара ниеттілер әлемінің тұрғындары қуаншылық орнағандай осы бір шағын сәтте бақытты болып, жүздерінен күлкінің нышаны байқалды. Бірақ күлкі көпке ұзамады. Моншақ болып жерге төгілген күлкі лезде сандыққа жиналды. Себебі, қонақүйдің бастығы Адақ келді. Адақтың түрі сұсты. Жолында кезіккен әр жанды талап, жұтатын сияқты. Оған қараудың өзі қорқынышты. Жанында оны тыныштандырып тұрған Аңқылдақ тәте мен Дабыл бар. Аңқылдақ тәтей жезтырнағымен Адақтың арқасынан қағып, сабырға шақыруда. Адақ ұлына қарады. Қалтарыс басын төмен түсірді. Адақ ашуын тыймастан, адуынды қалпымен көпшілікке қарап: «Тез қонақүйді ретке келтіріңдер», — деді де өзінің жеке жұмыс бөлмесіне кетті. Артынан Аңқылдақ пен Дабыл еріп кетті. Қалтарыс басқа қонақүйдің қызметкерлеріне айналаны тазартуға көмектеспекші болып, олардың жандарына келді. Бірақ қонақүйдің қызметкері одан жалтарды. Қалтарыс сиқырлы таяқшасы мен сыпыртқысын алып, жертөлеге қайта түсті. Ол жертөленің терезесінен күлімсіреп тұрған күнге қарады. Күн шуағын оған шашуда. Қалтарыстың бетін күннің нұры қыдықтап барады. Қалтарыстың көзінен тамшылап жас ақты.

6

Қалтарыстан жан коллекцияшы шықпайтынын сезген Адақ оны жүктерімен бірге Жаду әлеміне жіберді. Жаду әлеміне сапарға аттанбас бұрын Қалтарыс биік қамалдың көлденен бетінде өсіп тұрған түймедақ гүліне назар аударды. «Гүлдің өзі тасты жарып шығып, қайсарлығын дәлелдегенде мен де жетістікке жетемін! Мен әлемге аты әйгілі жан коллекционері боламын!» — деді іштей. Адақ жұмыс бөлмесінің терезесінен ұлының арбаға отырған сәтін тамашалап, онымен қоштасқандай болды. Аңқылдақ тәтей ұлымен бірге Адақтың бұйрығымен Қалтарысты шығарып салды. Дабыл Қалтарысқа қарап:

— Мен сенен ұлы жан коллекционері шығатынына шексіз сенемін! — деді.

— Рақмет, бауырым, — деп Қалтарыс арбаға отырды.

Жаду әлемі — тек жадулар тұратын мекен. Жаду — бойы 155 (149—155) см аспайтын (160 см жадулар бар), түрі ақсары, яки, аққұба келетін, өздері жада (арық), құлақтары эльфтердікіндей қалқан, көздері ботадай тұнық (моншақ пішінді келеді), шаштары әрқилы болатын (Бұйра, тікшіл, және т.б), тіршілік иелері. Жадулар тұратын елді-мекеніне орай төрт топқа (тек) жіктеледі: Аққұба жадулар (аппақ өңді, құлақтары қалқан, аңсағай бойлы, жадулардың өлшемі бойынша ең ұзын жадулар осылар. Олардың бойы 160 см дейін барады), Сары жадулар (сары өңді, құлақтары онша қалқан емес, бойы 149—155 см жадулар), ұлтандықтар (жасыл өңді, қалқан құлақты, бойы 155 см жадулар). Жадулар бойларының арқасында өз жастарынан әлдеқайда жастау көрінеді.

Бұл — әлемде күн кешетін жадулар сыпыртқы мен жадуланған таяқшаларды күнделікті тұрмыста да қолданады. Жадулардың балалары басқа адам балалар іспетті мектепке барады. Жадулар білім алудың маңыздылығын жақсы түсінеді. Сондықтан, білім саласына қатты назар аударады. Білімі жоқ жаду жұмысқа қабылданбайды. Себебі, жадулардың ойынша, білімсіз жаду кәсіби маман бола алмайды. Жадулар елінде жаду балаларға арналған түрлі оқу орындары бар. Мәселен, Қалтарыс білім алатын оқу орнының атауы — Меридиан атындағы ұлы жадулар мектебі.

Меридиан атындағы ұлы жадулар мектебі — космологиялық-қоғамдық бағытта білім беретін жаду әлеміндегі бірден бір іргелі оқу орны. Мектеп балалардың қабілеті мен дарына қарай емес, қызығушылығына байланысты факультетке бөле оқытады. Балаларды факультетке бөлу — Ұлы жадудың қолтаңбасы (тасқа ойылып салынған алақан) арқылы өтеді. Аталмыш оқу ордасында төрт факультет бар: «Темірқазық» факультеті, «Үркер» факультеті, «Шолпан» факультеті және «Жетіқарақшы» факультеті. Факультет атауларын жаду еліне ерен еңбек еткен ұлы ғалым жадулар қойған. Әр факультеттің өзіндік таңбасы мен жалауабы бар. Мәселен, «Темірқазық» факультетінің түсі ашық көгілдір араласқан сары, таңбасы темірқазық жұлдызының сызбасы болып табылады. «Темірқазық» факультетіне түскісі келетін жас талапкерлердің космология мен астрономияға деген ынта-жігері орасан зор болуы қажет. Өйткені, факультеттің негізін қалаған Ақбоз бен Көкбоз атты (иллюзиялық-утопия арқылы дүниеге келген) кентавр-ағайындар ұзақ жыл бойы факультеттің нақты бағытын анықтай алмай, ақыры қос жолды ұсыныпты. Міне, сол себептен, факультет кәсіби шыңдалған астроном әрі космолог жадуларды дайындайды.

Келесі факультет — Үркер. Факультеттің түсі — қою күлгін, нышаны — Үркер жұлдызының таңбасы. Негізін қалаған — Үлпілдек Шайыр. Үлпілдек Шайыр жаду әлеміне аты мәшһүр бірегей тұлға Үркер Шайыр ханымның туған қызы. Ол анасының құрметіне факультеттің атауын Үркер деп қойған. Үлпілдек Шайыр ханым философияны жанындай жақсы көрген. Оның философ болуына анасы Үркер оң ықпал еткен. Кешке жатарда анасы Үлпілдекке ертегіні емес, философиялық кітаптардағы лекциялардың үзіндісін оқып берген. Осылайша, кішкентай кезінен философияны тақпақтай тәптіштеп жаттап алған Үлпілдек бойжете келе философия ғылымдарының докторы атанады. Бүгінде «Үркер» факультеті философ жадуларды даярлайды.

Келесі факультет — Шолпан. Факультеттің түсі — ашық күлгін, нышаны — Шолпан жұлдызының таңбасы. Негізін қалаған — Таңшолпан Құсжолы. Әжесінің құрметіне байланысты факультетті «Шолпан» деп атаған. Таңшолпан жас жеткіншек кезінен психологияға ерекше қызыққан. Таңшолпанның психологияға деген ықыласын әжесі Шолпан байқаған. Шолпан немересінің психолог-жаду болуы үшін барлық мүмкіндікті пайдаланған. Таңшолпан он үш жасқа келгенде әжесі оны психолог-жадуларға табыстайды. Сөйтіп, он үш жасынан Таңшолпан психологиямен сусындап, есейген соң психологиялық бағыттағы факультетті ашуды армандайды. «Армандар әрқашан да орындалады, егер, антқа айналса» деп жадулар бекер айтпағандай, Таңшолпан өзінің арманын антқа айналдырып үлгерді. Және өз антында тұрды. Шолпан факультеті ұзақ жылдар бойы психолог-жадуларды тәрбиелеп келеді.

Келесі факультет — Жетіқарақшы. Факультеттің түсі — қою көк. Нышаны — Жетіқарақшы жұлдызының таңбасы. Негізін қалаған — Қыранқара Бек. Қыранқара Бек мырзаның ата-анасы ғана емес, арғы бабалары да саясаткерлер болған. «Қанмен дарығанды қылышпен кесіп ала алмайсың», — деп дана жадулар айтқандай, Қыранқара бойына сіңген саяси шеберлікті қалың ұрыста да көрсете білді. Оның саяси жоспарлары лекция болып жаду оқу орындарында зор мақтан сезіммен оқылды. Қыранқара мырзаның өзі де жаду мектептерінде саясат пәнінен дәріс беріп, жаңа факультеттің қалануына игі ықпал жасады. Қазіргі таңда «Жетіқарақшы» факультеті саясаткерлер мен әлеуметтанушы жадулардың білікті қатарын көбейтіп келеді.

Әңгіменің  жалғасын https://ridero.ru/books/zhan_kollekcioneri/  сайтынан оқи аласыздар!

Ескерту! Материалды көшіруге тыйым салынады! Авторлық құқықты сақтаңыз! Материалды тек автор келісімімен жариялауға болады! 

                           Білім саласына арналған

Республикалық Ulagat.com порталының колумнисті,

Курманаева Алтыншаш Жанарбековна.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *