Грамматикалық мағына берудің тәсілдері: қосымша, көмекші сөз, сөздердің орын тәртібі, қосарлану, интонация

Грамматикалық мағына берудің тәсілдері: қосымша, көмекші сөз, сөздердің орын тәртібі, қосарлану, интонация

1. Грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның арақатынасы.
2. Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары.
3. Грамматикалық мағынаның түрлері:
а) жалпы грамматикалық мағына;
ә) категориялық грамматикалық мағына;
б) қатыстық грамматикалық мағына.
4. Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі
Сабақтың мақсаты
Грамматикалық мағынаның мәнін, берілу жолдарын, соның негізінде түрлерін игере отырып, әрқайсысының сипатын анықтап, шегін ажырату. Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың арасындағы диалектикалық байланысты білу арқылы олардың сәйкестігін ғылыми түрде меңгерту.

Грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның арақатынасы
Тілдегі әрбір сөздің (белгілі ұғымды білдіре алатын мәнді сөздің) нақты лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы – нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына — сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлмей, керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады.
Грамматикалық мағына, айналып келгенде, сөздің лексикалық мағынасымен тікелей байланысты болады. Бірақ грамматикалық мағыналардың өзі біркелкі емес. Тікелей лексикалық мағынадан туатын да, сөздің түрлену жүйесі негізінде тұлғалануынан пайда болатын грамматикалық мағыналар бар. Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең (Абай)деген сөйлемді талдап көрейік. Сөйлемде қолданылған әрбір сөз бір-бір лексикалық мағынаны және бірнеше грамматикалық мағынаны білдіріп тұр: І. туғанда, лексикалық мағынасы – нақты туу қимылы; грамматикалық мағыналары — І) жалпы қимылды білдіру; 2) салттылық мән; 3) өткен шақтық мән; 4) бір қимылдың (ашудың) мезгілін білдіру; 2. дүние, лексикалық мағынасы — әлем мағынасындағы дерексіз зат; грамматикалық мағыналары: І) жалпы абстракт зат атауы; 2) қатыстық-меншіктілік мән; 3. есігін, лексикалық мағынасы – үйдің бір бөлігі болып табылатын (есік) нақты заттың ауыспалы мағынада қолданылуы; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы болуы; 2) екінші бір затқа дүние тәуелді, соның бөлшегі болуы; 3) ол тәуелділік 3-жаққа қатысты, 4) тура обьектіні білдіру; 4. ашады, лексикалық мағынасы – ауыс мағынадағы ашу қимылы; грамматикалық мағыналары: І) жалпы қимылды білдіру, 2) ол қимылдың сабақты болуы, 3)ауыспалы осы шақ мәнін білдіру, 4) 3-жақтағы субьектінің қимылы; 5. өлең, лексикалық мағынасы — нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы болуы; 2) ашу қимылының грамматикалық субьектісі болуы; 6. өлеңмен, лексикалық мағынасы – нақты өлең деген зат атауы; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы; 2) кіру қимылын білдіру; 7. жер, лексикалық мағынасы – нақты жер деген зат; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы болуы, 2) қатыстық-меншіктік мән; 8. қойнына, лексикалық мағынасы – нақты қойын деген зат; грамматикалық мағыналары: І)жалпы зат атауы болуы; 2) екінші бір затқа жер тәуелді болуы, 3) тәуелділік 3-жақта болуы, 4) қимылдың (кірер) бағытын білдіруі; 9. кірер, лексикалық мағынасы – нақты кіру деген қимыл; грамматикалық мағыналары: І) жалпы қимылды білдіруі, 2) ол қимыл салтты, 3) келер шақ мәні, 4) 3-жақ субъект арқылы ол қимылдың іске асуы; 10. денең, лексикалық мағынасы – дене деген зат; грамматикалық мағыналары: І) жалпы зат атауы болуы, 2) тәуелділік мағына, 3) 2-жақ, жекеше, анайы, 4) кіру қимылының грамматикалық субьектісі. Бұлар осы сөйлемдегі сөздердің білдіретін бөлек-бөлек мағыналары.
Осы шағын талдаудан көрінетіндей, сөйлемдегі әрбір мәнді сөз бір лексикалық мағына және бір я бірнеше грамматикалық мағынаны білдіреді. Және грамматикалық мағыналар біркелкі емес, олардың берілу тәсілдері де әр түрлі.
Осымен байланысты мынадай сұрақ туады: нақты заттың аты немесе нақты қимыл болса, ол лексикалық мағына да, жалпы заттың аты немесе жалпы қимыл болса, ол грамматикалық мағына бола ма?
Бұл сұраққа нақты да толық жауап беру үшін жоғарыдағы сөйлемдегі сөздерді талдап көрейік.
Берілген сөйлемдегі дүние, есік, жер сөздерінің әрқайсысы жеке-жеке ұғымды білдіретін заттың аты, туғанда, ашады, кірер нақты қимыл ұғымын білдіретін сөздер, сондай-ақ төрт, жеті нақты санды білідіретін сөздер, ақ, көк, сары – заттың нақты түсін білдіретін сандар, т.б. Атап айтқанда, дүние — өмір, тіршілік (ҚТТС, ІІІ, 204),есік — ауыс, өмірге, іс пен еңбекке алғаш аттап, қадам басып кіру, араласу (ҚТТС, ІІІ, 453),жер — жер планетасының үстіңгі қабаты, сыртқы қыртысы, құрылық (ҚТТС, 14, 90)дегендердің осы көрсетілген лексикалық мағыналарында ешбір ортақтық, жақындық жоқ, әрқайсысы — бөлек-бөлек заттардың атауы; туғанда — ана құрсағынан шығу, дүниеге келу (ҚТТС, ІX, 254),ашады — ауыс, жабық тұрған нәрсенің есігін, бетін шалқайту, аңқайту (ҚТТС, І, 507),кірер — ену, келу (ҚТТС, V, 411)дегендердің осы көрсетілген лексикалық мағыналарында ортақтық, ұқсастық жоқ, бір-бірінен осы мағыналары арқылы ажыратылады; төрт-үштен кейінгі есептік сан (ҚТТС, ІX, 243),жеті – алтыдан кейінгі сан (ҚТТС, ІV, 113)дегендердің де лексикалық мағыналары бөлек-бөлек; ақ — қардың, сүттің, бордың түсіндей қараға қарама-қарсы (ҚТТС, І, 126),көк – ашық аспан тәрізді түс (ҚТТС, V, 118),сары, — піскен егіннің немесе апельсиннің түріндей түс (ҚТТС, VІІІ, 187)дегендердің де лексикалық мағыналары бөлек-бөлек, өйткені бұлар әр түрлі түстерді білдіреді. Сонымен бірге бұл нақты (лексикалық) мағыналары жалпылануы да мүмкін. Атап айтқанда, дүние, есік, жер жалпы зат атауларын білдіреді, туғанда, ашады, кірер жалпы қимылды, іс-әрекетті білдіреді, төрт, жеті – жалпы бір санды білдіреді, ақ, көк, сары – жалпы түсті білдіреді яғни сапалық сынның белгілері. Міне бұл соңғы көрсетілгендер – нақты лексикалық мағыналардың жалпылануы арқылы пайда болған жалпы грамматикалық мағыналар яғни бұлар белгілі бір сөздің ғана мағыналық сипаты емес, белгілі бір топтағы (айталық, заттың атын білдіру немесе қимыл, іс-әрекетті білдіру т.б.) сөздердің ортақ жалпы мағынасы. Осы жалпы мағыналарының ортақтығы арқылы сөздер топтасып, белгілі бір грамматикалық топ құрайды: дүние, есік, жер – заттың атын білдіретін сөздер – зат есім, туғанда, ашады, кірер — қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздер – етістік, төрт, жеті – заттың санын білдіретін сөздер – сан есім, ақ көқ сары, жақсы, үлкен, биік заттың сынын білдіретін сөздер – сын есім т.б.

Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары
Ең алдымен грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері деген ұғым мен жолдары деген ұғым бір ме, бөлек-бөлек пе? Осыны нақтылап түсініп алу қажет.
Грамматикалық мағынаның берілутәсілдерідеген ұғым белгілі бір мағына типтерінің (түрлерінің) не арқылы және қалай берілуінің тілдік қабат негіздері жиынтығы, тобыболып табылады да, ол өз ішінде жекелеген түрлерден тұрады. Грамматикалық мағынаның белгілі бір берілу тәсілінің бірнеше түрлері болуы мүмкін. Сол түрлер ол тәсілдің немесе мағына берілудің жолдарыдеп аталады.
Грамматикалық мағынаны білдірудің ең бірінші тәсілі – семантикалық тәсіл. Ол — сөздің лексикалық мағынасының абстракцияланып жалпылануы арқылы іске асады. Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына пайда болады. Екінші – синтетикалық тәсіл. Грамматикалық мағынаның синтетикалық тәсіл арқылы берілуінің тіл білімінде бірнеше жолы бар. Олар: қосымша қосылу жолы, яғни грамматикалық тұлғалардың (формалардың) үстелуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, префикс қосылу жолы, яғни сөзге префикс — приставка қосылу арқылы грамматикалық мағынаның берілуі; ішкі флексия жолы, яғни сөздің ішкі кейбір дыбыстарының өзгеруі, алмасуы, қосылуы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі; екпін арқылы, яғни екпіннің өзгеруімен грамматикалық мағынаның берілуі; супплетивті жол, яғни грамматикалық мағынаның жеке-жеке сөздер арқылы берілуі. Үшінші – аналитикалық тәсіл. Аналитикалық тәсілдің бірнеше түрі, жолы бар. Олар: негізгі сөздердің тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі (мысалы, алтын сағат, темір күрек, ағаш үй, шәкірт бала сияқты тіркестерде алғашқы зат атаулары алтын, темір, ағаш, шәкірт, екінші зат атауын білдіретін сөздермен тіркесу арқылы заттық мағынада емес, қатыстық-сындық мәнде қолданылған) негізгі сөз бен көмекші сөздің (көмекші етістік, шылау, т.б.) тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің қосарлануы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің орын тәртібі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, дауыс ырғағы, интонация арқылы грамматикалық мағынаның берілуі. Сондай-ақ, аралас тәсілдер де болуы мүмкін яғни грамматикалық мағынаның берілуінде бір емес бірнеше тәсілдің элементі болуы мүмкін.
Ал грамматикалық мағынаны білдірудің осы көрсетілген тәсілдері мен жолдары барлық тілдерге де тән бе? Бұл жағынан қазақ тілінің ерекшелігі бар ма?
Грамматикалық мағынаны білдірудің көрсетілген тәсілдері мен жолдары бір тілде толық кездесе бермеуі, кейбіреулері ғана қолданылуы мүмкін. Қазақ тілінде бұл тәсілдердің кездесетіндері мыналар.
І. Семантикалық тәсіл. Лексикалық мағынаның жалпыланып, абстракциялануы арқылы жалпы грамматикалық мағынаның пайда болуы. Мысалы, белгілі бір топ сөздердің жалпы зат атауын немесе заттың сынын я санын, немесе жалпы қимыл, іс-әрекетті білдіруі, сөйтіп, белгілі бір топтарға (сөз таптарына) жіктелуі.
Әрине, бұл жерде әңгіме лексикалық мағынасы бар сөздер жайында болып отыр. Лексикалық мағынасынан айырылып қалған көмекші сөздердің жалпылануы туралы әңгіме қозғаудың қисыны жоқ. Лексикалық мағынасынан айырылып қалған көмекші және А.Ысқақовтыңкөрсетуінше одағай сөздердің де бұл салада жағдайы мүлде бөлек. Ондай көмекші сөздер сөйлем ішінде белгілі бір сөздердің жетегінде, шылауында жұмсалып, оған әр түрлі қосымша мән береді не үстейді, қосады. Бұдан байқалатыны – бұл сияқты көмекші сөздерде семантикалық процесс бұрын болып, енді олар сөйлемде дайын қосымша тілдік элемент ретінде пайдаланылады. Ал толық мағыналы (лексикалық мағынасы бар) сөздерде бұл процесті сөйлемнің өзінен-ақ көруге болады.
Лай суға май бітпес қой өткенде, күлеміз қасқыр жалап, дәме еткенде (Абай). Жасамаймын еңбектің жемісін көзбен көрем деп, жасаймын бір қолқабыс кейінгіге берем деп (С.Торайғыров).Берілген сөйлемдегі сөздерді жалпы грамматикалық мағыналарының ортақтығы жағынан мынадай топтарға бөлуге болар еді: І) Су, лай, қой, қасқыр, дәме, еңбек, жеміс, көз, қолқабыс, бір топ, 2)(май) бітпес (қой) өткенге, күлеміз, жылап, (дәме) еткенге, жасамаймын, көрем (ін) деп жасаймын, берем (ін) деп екінші үлкен топ; 3) лай, кейінгіге т.б. үшінші топ. Бірінші топтағы әр сөздің нақты лексикалық мағынасын айқындай отырып, ол сөздердің бір-бірімен жақындығы жоқ екендігін анықтап, абстракциялану, жалпылану барысындағы мәніне назар аударсақ, яғни нақты су мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні нақты лай мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні, нақты түлік, малдың бір түрі қой мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні, дәл нақты қасқыр мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні, дәл сол сияқты дәме, еңбек, жеміс, көз, қолқабыс нақты ұғымдық атаулардың жалпы зат атауы мәні, екінші топтағы әр сөздің (май) бітпес — біту, (қой) өткенге — өту, күлеміз — күлу, жылап — жылау, (дәме) еткенге — ету, жасамаймын – жасамау, көремін деп — көру, беремін деп — беру өздері ғана білдіре алатын нақты іс-әрекет, қимыл, процесс болып, одан жалпы іс-әрекет, қимылды білдіруге және үшінші топтағы лай дегеннің су зат ұғымының сапалық бір белгісі (таза емес, тұнық емес т.б.) болу негізінен жалпы заттың сапалық белгісі болу, кейінгі сөзінің нақты ұрпақ, жастар сияқты болашақ қауымның қатыстық белгісінен жалпы қатыстық (одан субстантивтену) белгіге көшуі көрініп тұр.
Сөйтіп, сөздер лексикалық мағынасы арқылы дараланып, сараланып, ерекшеленіп, тілдің жеке-жеке лексикалық көрінісі болып тұрса, ол лексикалық мағыналарының абстракцияланып, жалпылануы арқылы ортақ грамматикалық қасиеттерге ие болып, грамматикалық әр түрлі топ (сөз топтары) құрауға мүмкіндік туады. Яғни тілдегі бір топ сөздер зат атауы ұғымымен байланысты болып, заттық ұғымды білдіретін сөздер (зат есім), екінші тобы әр түрлі қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздер (етістік) үшінші тобы заттың әр түрлі белгісін, сапасын, түсін, қатысын т.б. мәнді білдіретін сөздер (сын есім), сандық ұғымды білдіретін сөздер (сан есім), қимыл, іс-әрекеттің әр түрлі амал, сын-қимылын, мекен-мезгілін, себеп-мақсатын т.б. білдіретін сөздер (үстеу), орынбасар сөздер яғни осы көрсетілген сияқты сөздердің орнына жүретін сөздер (есімдік) деп саралауға болады. Осыдан анық көрінетіндей, сөздің жалпы грамматикалық мағынасы яғни лексикалық мағынаның негізінде пайда болатын грамматикалық мағына (семантикалық тәсіл) сөздерді семантикалық сипаты жағынан грамматикалық топтарға бөлуге негіз де болып саналады.
2. Синтетикалық тәсілдің қазақ тілінде ең жиі кездесетіні қосымша арқылы грамматикалық мағынаның берілуі. Әсіресе форма тудыратын қосымшалар арқылы неше алуан грамматикалық мағына беріледі: көптік, тәуелдік, жақтық мағыналар, жіктік жалғау арқылы жақтық, жекешелік-көптік мағыналар, септік жалғаулары арқылы қимыл, іс-әрекеттің иесі, меншіктілік, тура және жанама объектілік, мезгілдік, мекендік-бағыттық, құралдық-амалдық сияқты мағыналар, шырай жұрнақтары арқылы бір тектес сынның салыстырмалы я күшейтпелі сипаты, етіс жұрнақтары арқылы қимыл, іс-әрекеттің субъекті мен объекті арасындағы әр түрлі қатынастарды білдіру, болымсыз етістік жұрнағы арқылы сол қимылдың болмауы, шақ жұрнақтары арқылы сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың болып кеткенін, я болып жатқанын, я әлі болмағанын (шақтық мағыналарды) білдіруі рай тұлғалары арқылы қимылдың болу-болмау шартын, тілек-ниетін, біреуге бұйыруын т.б. білдіруін көрсетуге болады.
Мысалы, жоғарыда берілген екі мысалдағы су-ға, біт-пе-с, өт-кен-ге, күл-е-міз, жыла-п, дәме ет-кен-ге, және жаса-ма-й-мын, еңбек-тің, жеміс-і-н, көз-бен, көр-е-м(ін), жаса-й-мын, кейінгі-ге, бер-е-м(ін) сөздерді алып қарай-ық. Су (жалпы зат атауы, деректі т.б.) түбірге -ге қосылу арқылы жалпы объект, қимылдың бағыты, орны мағына-сы үстелген. Сондай-ақ біт қимылының -пе болмайты-нын, орындалмайтынын -с шақтық мағына, өт қи- мылы-на -кенөткен шақтық мағына -ге септік – мақсаттық мағына, күліс-әрекет -е ауыспалы осы шақ мағынасын, -мізқимылдың 1-жақ және көпше (көп субъект арқылы) орындалатынын, жылақимылына -п қимылдық амалын, (дәме) ет қимылына -кенөткен шақтық -ге себептік – мақсаттық мағына, күліс-әрекетке -сауыспалы осы шақ мағынасын,-мізқимылдың І-жақ және көпше (көп субъект арқылы) орындалатынын, жылақимылына -п қимылдық амалын, (дәме) ет қимылына -кенөткен шақтық -ге себептік-мақсаттық мағына, жасаіс-әрекетке -маболымсыздық мағынаны –й ауыспалы осы шақ мағына, -мынқимылдық 1-жақ арқылы жалғыз (жекеше) орындалатынын, еңбекжалпы зат ұғымының -ніңменшіктілік-иелік (жемісін) мәнін, жемісжалпы зат ұғымының -і 3-жаққа (еңбек) тәуелді екенін -н белгілі қимылдың (көру) тура объектісі екенін білдіру, көзжалпы зат ұғымының -бенқұралдық, амалдық мәнін, көріс-әрекетке -е ауыспалы осы шақ мәнін -м -міносы қимылдың 1-жақ арқылы жалғыз (жекеше) орындалатынын, жасаіс-әрекетке -й ауыспалы осы шақ, -мыносы қимылдың 1-жақ арқылы жалғыз (жекеше) орындалатынын кейінгі қатыстық мәнге -ге жанама объектілік (және субъективтік) мән, бірқимылға -е ауыспалы осы шақ мәнін, -м ( -мін)осы қимылдың 1-жақ арқылы жалғыз (жекеше) орындалатынын білдіреді. Ал қазақ тілінде грамматикалық мағынаны префикс арқылы білдіру жолы жоқ. Мысалы, орыс тілінде при-шел (келді), у-чил (оқытты, үйретті), за-шел (келіп-кетті), про-читал (оқып шықты), пере-шел (өтіп кетті) т.б. сөздердегі при, у, за, про, пере приставкалары белгілі грамматикалық мағына тудырып тұр. Қазақ тіліндегі бірді-екілі сөздің құрамындағы бей (би) -бейшара, бейма-за, бейуақыт, на — наразы, т.б. префикс емес, олар кірме түбірдің құрамына еніп кетеді.
Сондай-ақ ішкі флексия жолы да қазақ тілінде жоқ. Мысалы, араб тілінде сөздің құрамындағы ішкі дыбыстардың өзгеруі арқылы жаңа грамматикалық мағына туады: катаба — жазу, жазды етістігі болса, китаабун – кітап та, кутбун – кітаптар деген көптік мәнді білдіреді. Ішкі флексияның элементтері орыс тілінде де кездесіп отырады: собирать (жинау) – собрать (жинап алу), бегать — (жүгіру) – бежать (жүгіріп кету) т.б. сияқты етістіктің түрлік мағыналары, сөздің құрамындағы дыбыс өзгерістері (ішкі флексия) арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаның екпін арқылы да берілуі қазақ тілінде жоқ деуге болады. Қазақ тіліндегі болымсыз етістік пен етістік түбірден зат есім тудыратын — ма, — ме, — ба, — бе, — па, — пе қосымшалары арқылы жасалған сөздердегі екпіннің әр түрлілігі (мысалы, кеспе — кеспе, мінбе — мінбе, көрме — көрме, қоспа – қоспа т.б.), екпіннің сөз мағынасын айыру сипаты бола алмайды. Орыс тілінде екпін сөз мағынасын лексикалық айырумен бірге (мысалы, замок — қорған, замок — құлып, кілт, мука — азап, мука – ұн , т.б.) грамматикалық мағына тудыруға да негіз болады: окна – терезенің (жекеше ілік септік), окна – терезелер (көпше атау септік), руки — қолдың, руки – қолдар, воды – суды, воды — сулар, т.б. Сондай-ақ қазақ тілінде грамматикалық мағынаны берудің супплетивті жолы да жоқ. Мысалы, орыс тілінде адам деген ұғым человек сөзі арқылы берілсе, оның көпше түрі бүтіндей басқа сөзбен (люди – адамдар) беріледі. Сондай-ақ хорошо – жақсы және лучше — өте жақсы, сказал — айтты, говорил – айтты параллельдері де супплетивті жол арқылы грамматикалық мағына білдіруге жатады.
3. Қазақ тілінде аналитикалық тәсілдің барлық түрлері дерлік кездесіп отырады. Негізгі сөздердің тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі дегенде, әдетте ол сөздердің сол тұлғаларында бір-бірімен тіркесуі арқылы жеке тұрғандағысынан өзгеше, жаңа грамматикалық мағынаны білдіруін айтамыз. Бұл — әсіресе түбір тұлғадағы зат есімдердің бір-бірімен тіркесіп қолданылуынан анық көрінеді. Әдетте зат есім заттың атын білдіру мағынасымен байланысты қолданылса, енді бір зат есім екінші зат есіммен түбір тұлғада тіркессе, зат атауын білдіруге жат мағынада, қатыстық-сындық мағынада жұмсалады. Мысалы, Мықшима аяғымда былғары етік, Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп (Абай). Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кірер (Мақал). Бір-бір киіз үй әкелгенде, бәрінен Итбайдың үйі ұнамды боп шыққан (С.Мұқанов).Бұл сөйлемдердегі былғары, киіз сөздері заттық мағынада емес, етіктің, байпақтың, қазықтың, үйдің қатыстық-сындық сипаты мәнінде яғни осы соңғы заттардың неден жасалғанын білдіру мәнінде қолданылған. Зат атауын білдіретін сөздердің бұндай әдеттен тыс ерекше грамматикалық мағыналары ол сөздердің заттық мағынаны білдіретін екінші сөзбен тікелей тіркесінен пайда болған. Сол сияқты қол сағат, қалта сағат, қабырға сағат, алтын сағат, жібек орамал, тас үй, тас жол, киіз үй, кірпіш үй, ағаш үй, оқушы бала, т.б. тәрізді тіркестердің бірінші зат есім сыңары зат есімге тән емес қатыстық-сындық мәнді білдіріп, қандай? деген сұраққа жауап береді. Сөз жоқ, бұл жерде сөздердің орын тәртібі де белгілі дәрежеде рөл атқарып тұрғанын естен шығаруға болмайды.
Негізгі (толық мағыналы) сөз бен көмекші сөздің тіркесуі арқылы да грамматикалық мағынаның берілуі қазақ тілінен үлкен орын алады. Негізгі сөздерге септеулік шылаулар тіркесу арқылы мақсат, себеп, арнау, мекендік, мезгілдік, саралау, ұқсату, жәрдемдік, көмектік, мөлшерлік сияқты мағыналар үстеледі. Мысалы, Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ – барды, ертегіні термек үшін деген сөйлемдегі үшін шылауы өзі тіркескен ермек, термек сөздеріне мақсат мәнін үстеген. Ал демеулік шылаулар өзі тіркескен сөзге я түгел сөйлемге әр түрлі күшейткіш, сұрау, болжам, шектілік тәрізді мән үстейді. Ашаршылық жоқ па? Ақ жағы қалай? Сауыны тәуір ер бар ма? Осының бәрін қадағалап сұрайды. (М.Әуезов). – Шұғаның белгісін сіз білмейтін шығарсыз-ау! – деді. (Б.Майлин).Сондай-ақ көмекші етістіктердің өздері қатысты негізгі сөздерге (етістікке не есім сөздерге) үстейтін грамматикалық мағыналары сан алуан. Мысалы, тек қана оқып сөзіне тіркескен мына көмекші етістіктердің үстейтін грамматикалық мағыналары қаншама: оқып отырды, оқып жүрді, оқып тұрды, оқып болды, оқып шықты, оқып қалды, оқып қойды, оқып көрді, т.б. немесе сапалық сын есімдерге күшейткіш үстеулердің препозитивтік тұрғыда тіркесіп қолданылуы да жаңа грамматикалық мағына үстеудің бір жолы.
Сөздердің қосарлануы арқылы жалпылық, көптік, сөздердің қайталануы арқылы көптік, дүркінділік, сындық мәндегі сөздерге үстеме буын арқылы күшейткіш мағыналар үстеу де грамматикалық мағына білдірудің белгілі бір жолы болып табылады. Мысалы, аяқ-табақ, үлкен-кіші, кәрі-жас дегендер жаңа туынды (сөз) болумен қатар, жалпылық мән сияқты грамматикалық мағына да білдіріп тұр, ал қора-қора қой, тау-тау ас-тық, көре-көре, сөйлей-сөйлей дегендегі қайталама қос сөздер көптік, дүркінділік ұғымды білдіреді, қып-қызыл, жап-жақсы, үп-үлкен, дегендегі үстеме буындар (қып, жап, уп) күшейткіш мәнді білдіреді.

Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі әр тілде әр түрлі қызмет атқарады. Қазақ тілінде ол сөздердің орын тәртібі – грамматикалық мағына білдірудің негізгі бір жолы болып табылады. Сондықтан да сөйлемде сөздердің (сөйлем мүшелерінің) белгілі тұрақты орын тәртібі бар. Ол орын тәртібінің өзгеруі белгілі бір мән үстелуімен байланысты болады. Мысалы, Тарт қолыңды Вьетнамнан! (Әдеттегі орын тәртібі – Вьетнамнан қолыңды тарт) деген сөйлем үлкен бір жігермен айтылады да, орын тәртібінің өзгеруі (инверсия) белгілі бір стильдік жүк көтеріп тұр. Сөздердің орын тәртібінің өзгеруі олардың грамматикалық мағыналары мен сөздер арасындағы синтаксистік қатынастардың мүлдем өзгеріп кетуіне де себеп болады. Мысалы, қалта сағат
(сағаттың қалтаға салып жүретін бір түрі), көз әйнек (көзілдірік яғни көзге салатын әйнек), біз өкше (үшкір өкше), мосы ағаш (мосы жасайтын ағаш) тәрізді тіркестер бір түрлі мәнде қолданылса, олардың орнын ауыстырып жұмсағанда, басқа мағынада және басқа синтаксистік қатынаста айтылады: сағат қалта (сағат салуға арналып тігілген қалта), әйнек көз (шыныдан салынған жасанды көз), өкше біз жуан біз яғни ағаш шегені өкшеге қағу үшін пайдаланылатын ең жуан біз, ағаш мосы ағаштан жасалған мосының түрі, темір мосы да болуы мүмкін, т.б.
Әрине, бүл тіркестер сөйлем ішінде талдануы қажет. Соның өзінде де қатар тұрған екі зат есімнің мәні де, қызметі де бірдей емес екенін көру оңай. Қосалқы айқындауыш деп жүрген единицаларды олардың орнын ауыстырғанымен, мағынасы да, қызметі де өзгермейді деген топшылаудың тіпті де дұрыс емес екендігін көрсетілген тіркестер айқындап отыр. Алдыңғы зат атауы екінші орындағы заттың белгілі бір белгісі, атрибуты болуы, ал негізгі зат, ұғым екінші сөз екенін айыру қиын емес: қандай (қай)? сағат – қалта сағат яғни негізгі мағына сағат та, қалта сол сағаттың анықтауышы (сағаттың бір түрі, өйткені қабырға я қол сағат та бар), қандай, (қай?) қалта – сағат қалта яғни негізгі мағына қалта да, сағат сол қалтаның анықтауышы (сағат салатын қалта, қаламсап салатын да қалта болуы мүмкін) т.б. Әрине, қатар келген екі зат есім бұлар сияқты әр уақытта орын ауыса да бермейді: тас жол (жол тас емес), жібек орамал (орамал жібек емес), ағаш үй (үй ағаш емес) т.б. Бұдан да осы тәріздес зат есімдердің мағыналық, қызметтік сипатын аңғаруға болады.

Грамматикалық мағынаның түрлері
Сөйтіп, сөз лексикалық мағынасы арқылы басқа сөздерден дараланып, жекеленіп, бөлініп отырса, жалпы грамматикалық мағьнасы арқылы керісінше басқа сөздермен ортақ сипат алып, жақындап, жалпы грамматикалық топ құрауға бейімделеді.Сонда сөзде жалпы заттың атын, немесе жалпы қимылды, немесе жалпы санды, т.б. білдіретін бір ғана жалпы грамматикалық мағына бола ма немесе жоғарыда сөзде бір я бірнеше грамматикалық мағына болады дегеніміздей олардың қарым-қатынасы, ара қатынасы, сипаты қандай болмақ?
Сөзде лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын жалпы грамматикалық мағына (жалпы заттың аты, жалпы қимыл.т.б.) басқа да жалпы грамматикалық мағыналарды білдіруге негіз болады. Яғни, мысалы, жалпы заттың атауы болуы мағынасымен бірге ол жалпы грамматикалық мағына жекелеген (жалпы) заттың атауы болуы мүмкін немесе алуан түрлі заттың жалпы ортақ атауы болуы мүмкін (жалпы есім); деректі немесе дерексіз зат атауы болуы мүмкін; адамға байланысты (кімдікі) немесе адамнан басқа затқа байланысты атау болуы мүмкін т.б. Сондай-ақ заттың сынын білдіретін сөздер сапалық сынға немесе қатыстық сынға байланысты болуы мүмкін, қимылды білдіретін сөздер салттық немесе сабақтылық сипатпен қатысты болуы мүмкін немесе қимылдың неше түрлі семантикалық сипаты болуы мүмкін (қалып, қозғалыс, амал — әрекет, ойлау қабілетіне, көңіл күйіне байланысты, т.б.) Бұлардың барлығы да сөздің жалпы семантикасынан туындайтын жалпы грамматикалық мағыналары. Сөйтіп, сөзде жалпы грамматикалық мағына біреу ғана емес, бірнеше де болуы мумкін.
Жалпы грамматикалық мағынаның осы сияқты сипатына ерекше назар аударуға негіз болып отырған бұл мәселелердің бұрын біржақты, қате түсіндіріліп келуінде.
Оқулықтарда грамматикалық мағына деп лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін немесе грамматикалық тұлғалар арқылы және басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу арқылы пайда болатын (туатын) жалпы мағына деп көрсетіледі. Бұл дұрыс ереже ме және оны қалай түсінеміз?
Ең алдымен, грамматикалық мағына-лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағына одан кейін пайда болады. Атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болып, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақсатына қарай оған әр түрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек, осының нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады. Сондай-ақ лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөздерге (формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болатындықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан, жоғарыда көрсетілгендей, топтауға негіз болады. Оның үстіне сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде әдетте бірнешеу болады. Екіншіден, грамматикалық мағына, дұрыс көрсетіліп жүргендей, сөйлеу процесінде сөздің әр түрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, көрінеді. Үшіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасынан да пайда болады. Бұлардың барлығы да грамматикалық мағына деп танылғанымен, олардың әрқайсысының мәні, сипаты, грамматикалық категория үғымына қатысы, сөздің белгілі топтарға бөлініп, олардың грамматикалық сипатын айқындаудағы рөлі бірдей емес. Сондықтан да грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөлуге болады.
Жалпы тіл білімінде, сондай-ақ түркологияда грамматикалық мағынаны бұндай бөлу тәжірибесі бар ма? Грамматикалық мағынаны осындай үш түрге бөлудің қандай теориялық және практикалық негізі бар?
Жалпы тіл білімінде грамматикалық мағынаны дәл осындай үш түрге бөлу тәжірибесі жоқ. Қазіргі қырғыз тілінде грамматикалық мағынаның типтері ретінде оны екіге бөліп қарау тәжірибесі бар; бірі – жалпы категориялық мағына және екіншісі – жеке грамматикалық мағына. Жалпы категориялық мағынаға, мысалы, зат есімнің заттық, сын есімнің сындық, етістіктің қимыл-әрекеттік мағыналары яғни сөздің әр түрлі формада түрленіп өзгеруінен емес, түбір білдіретін және сөздің барлық грамматикалық формаларында бола беретін мағыналары жатады да, жеке грамматикалық мағынаға сөздің түрленіп тұлғалануы арқылы пайда болатын мағыналары жатады, сондықтан бір сөзде бір жалпы грамматикалық мағына және бірнеше жеке грамматикалық мағына болады. (Д. Қ. — АҚТ,7-8).
Грамматикалық мағына жоғарыда көрсетілгендей, ең алдымен, сөйлеу процесінде лексикалық мағынадан туындайтын, яғни лексикалық мағынаның жалпылану арқылы, сөздік ұғымның жалпылық-абстрактылық сипатқа ие болуы арқылы пайда болады. Жалпы сөйлеу процесінен (сөйлемнен яғни контекстен) тыс грамматикалық мағына болмайды. Үй, тас, жасыл немесе кел дегендердің заттық және иелік, жалпылық немесе сандық, түсті білдіру немесе қимылдық т.б. грамматикалық мағыналары сөйлеу процесінде әбден қалыптасқан, сондықтан ондай тиесілі мағына сөйлемсіз-ақ ойымызда тұрақталып қалған. Одан әрмен сол сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсуі арқылы да, түрлі грамматикалық формалардың үстелуі арқылы да, дауыс ырғағы, орын тәртібі, ішкі флексия т.б. арқылы да грамматикалық мағына үстеледі.
Грамматикалық мағынаның түрлері оның берілу жолдарына байланысты және соған сай олардың грамматикалық немесе лексика-грамматикалық, семантикалық, қызметтік-функциялық т.б. сипаттары айқындалады.
Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына грамматикалық формасыз-ақішкі семантиканың абстракциялануы, жалпылана түсуі арқылы қалыптасады да, сол арқылы 1) сөздердің семантикалық жақындығы, 2) ортақтығы пайда болып, 3) грамматикалық топтар құралады. Жалпы грамматикалық мағынаның әрі қарай шектеле, үсақтай түсуі нәтижесінде үлкен грамматикалық шынында лексика-грамматикалық, топтарынан өз ішінде кіші топтар да бөлініп шығып отырады. Мысалы, үй, бала, Алматы немесе жақсы, көк, тасты, құмсыз немесе кел, тұр, ойла т.б. сөздердің лексикалық мағыналарының жалпылануы нәтижесінде жалпы заттық немесе жалпы сындық немесе жалпы сындық немесе жалпы қимыл, іс-әрекеттік сияқты жалпы грамматикалық мағына туған. Ал солардың әрқайсысының өзінен тағы да кішірек жалпы грамматикалық мағына байқалып кішірек топтарды көрсетуге болады. Жалпы заттық мағынадағы сөздерді адамға байланысты (кімдік) заттар (бала, кісі, жолдас, т.б.), адамнан басқа затқа байланысты (нелік) заттар (үй, тас, ағаш, т.б.), жалпылық немесе жалқылық ерекшелігіне байланысты (Алматы, Қүлагер, Ертіс, т.б.), сондай-ақ деректі-дерексіз т.б. топтарға бөлуге болады. Жалпы сындық мағынадағы сөздерді сапалық сын-белгі (жақсы, жаман, үлкен, биік т.б.) түске байланысты сын (көк, қызыл, ақ т.б.) қатыстық сын (тасты, құмсыз, аудандық т.б.) деп, жалпы қимылды білдіретін сөздерді қимылдық мәнді (кел, кет, шап т.б.) қалыпты білдіру (тұр, отыр, жатыр т.б.) абстракты іс-әрекет (ойла, қиялда) т.б. толып жатқан мәнді білдіруіне қарай топтарға бөлуге болар еді.
Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына сөз топтарының семантикалық сипаты болып табылады. Сөздерді топтастырудың семантикалық деп аталатын принципі сөздердің осы жалпы грамматикалық мағынасына негізделеді. Ескерте кету керек: жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы нәтижесінде пайда болса да, ол енді лексикалық мағына болып саналмайды.
Грамматикалық мағына арнайы грамматикалық формалар арқылы да беріледі. Грамматикалық форма деген ұғымға, ең алдымен, сөзге түбірге үстелетін қосымшалар, сондай-ақ префикстер мен жүйелі түрдегі ішкі флексия, супплетивтік тәсіл жатады. Ал қазақ тілінде префикстік те, флексиялық та, супплетивтік те тәсіл жоқ. Бірлі-жарым кірме сөздің қурамындағы бей, би (бишара, беймаза), на (наразы) сияқтылардың жеке басында ешбір грамматикалық, семантикалық сипат жоқ, олар тілімізде сөз құрамынан бөлінбей, тұтасып кеткен.
Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атау қажет. Жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы беріліп, сөздің сыртқы тұлғасына, түріне қатысты болмай, демек, түрлену жүйесіне қатысты болмай, таза грамматикалық семантика ретінде болса, категориялық грамматикалық мағына, ең алдымен, белгілі грамматикалық формалар арқылы беріледі де екіншіден, сол арқылы белгілі грам-матикалық топтағы сөздердің (сөз таптарының) түрлену жүйесі болып табылады, үшіншіден, соның нәтижесінде сол топтағы сөздердің грамматикалық немесе лексика-грамматикалық категориясын құрауға негіз болады. Мысалы, шақтық мағына белгілі шақ тұлғалары есімше, көсемше немесе қалып етістіктері т.б. арқылы беріліп, етістіктің шақ категориясын жасауға негіз болады. Сөйтіп, категориялық грамматикалық мағына белгілі грамматикалық сөздер тобының түрлену жүйесін, парадигмалық сипатын, соның нәтижесінде ол топтардың грамматикалық, лексика-грамматикалық категориялар шеңберін, мәнін айқындайды.
Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация т.б. аналитикалық, қатыстық тәсілдер арқылы да беріле береді. Оны қатыстық грамматикалық мағынадеп атау қажет. Түсінікті болу үшін бірнеше мысалды талдап көрелік. Талдан таяқ жас бала таянбайды. Бала бүркіт түлкіден аянбайды дегендегі екі бала сөзін салыстырып көрейік. Бірінші бала зат атауы (адам), атау септік арқылы субстанттық, иелік (таянбау қимылының иесі) 3-жақ мағынасын білдіріп тұрса, екінші бала заттық мағынада емес, сындық қатыстық мағынаны білдіріп тұр. Бұл грамматикалық (сындық-қатыстық) мағына бала сөзінің бүркіт сөзімен тікелей тіркесуінен пайда болып, соның арқасында объективтену процесіне ие болған. Менде ақыл тұра ма? (Шәкәрім)дегенде сұраулық мағына -ма шылауы арқылы беріліп тұр. Бұл – кітапты көп оқиды және бұл кітап дүкенде сатылып жатыр деген сөйлемдегі бұл сөздерінің интонациясына назар аударсақ та жеткілікті. Әрине, бірінші бұл дегеннің атау септік тұлғасында тұрғаны — бөлек әңгіме. Немесе мына диалогта үйде сөзінің мағынасына назар аударайық:
– Қайда болдың?
– Үйде.
– Үйде? Қай кезде?
Басқа грамматикалық мағыналарды ескермегеннің өзінде екінші үйде дегенде сұрау мағынасы тек интонация арқылы берілген.
Сөйтіп, қатыстық грамматикалық мағына сөздердің сөйлемде атқаратын қызметтерімен байланысты және көбіне контекстік болып келеді де, сөздерді топтастыруда сөздердің синтаксистік қызметі принципіне негіз болады. Сонымен бірге грамматикалық мағынаның бұл үш түрі, бір жағынан, грамматикалық мағынаның грамматикалық форма деген ұғыммен байланыстылығын және грамматикалық категория деген ұғымның мәнін, шеңберін айқындауға негіз болатынын (категориялық мағына) көрсетсе, екінші жағынан, кейде тек ол морфология саласымен шектеліп қоймай, синтаксиске де еніп кететінін (қатыстық грамматикалық мағына) көрсетіп, морфология мен синтаксистің арасын жымдастыра түсуге себін тигізеді. Үшінші жағынан, жалпы грамматикалық мағына жекелеген сөз топтарының семантикалық сипатын айқындайды.
Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі
Тілімізде белгілі бір грамматикалық мағына, белгілі бір грамматикалық форма – тұлға арқылы берілетіні белгілі. Яғни грамматикалық мағына мен грамматикалық форма (тұлға) бір-бірімен тығыз байланысты.
Грамматикалық мағынаның грамматикалық формамен сәйкестігі дегенде әңгіме грамматикалық мағына атаулының бәрі туралы бола ма, әлде оның бір түрі жайында бола ма? – осы жағын айқындап алған жөн.
Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі сөз болғанда, әдетте категориялық грамматикалық мағынанегізге алынады, өйткені жоғарыда көрсетілгендей, грамматикалық мағынаның осы түрі ғана арнайы грамматикалық форма арқылы беріледі.
Әрине, грамматикалық мағына мен грамматикалық форма бір-біріне сай келеді дегенде, сөздің құрамында ол екеуінің саны да әрдайым бірдей болады деген қорытынды тумайды. Кейде бір тұлғаның өзі бірнеше грамматикалық мағынаны және керісінше бірнеше грамматикалық форма бір мағынаны білдіріп те тұрады. Мысалы, кітабым стол үстінде жатыр дегендегі кітабым сөзі кітап деген түбір -ым деген тәуелдік жалғауынан тұрады.
Бұл жерде түбір білдіретін жалпы грамматикалық мағына мен атау септік тұлғасының нөлдік формасы мен мағынасы сөз болып тұрған жоқ. Оларға әдейі назар аударылмай отыр. Ал осы -ым деген бір тұлға үш мағынаны білдіреді: 1) тәуелдік мағына, яғни кітап деген зат екінші затқа тәуелді, осының меншігі екенін білдіреді, бұл – негізгі мағынасы. Бұл жағынан қарағанда кітабың, кітабы, кітабымыз, кітабыңыз т.б. сөздер құрамындағы -ың, -ы, -ымыз, -ыңыз деген тұлғалардың бір-бірінен мағынасы жағынан ешбір айырмасы жоқ, бәрі де тәуелділік, екінші затқа меншіктілік мағынаны білдіреді. Міне осыдан бір грамматикалық мағына бірнеше грамматикалық тұлға арқылы берілетіні анық көрінеді. Бірақ -ым қосымшасы тек тәуелділік мағынаны білдіріп қоймайды, сонымен бірге 2) жақтық мағынаны да білдіреді. Яғни зат кітап қай жаққа тәуелді екенін көрсетіп тұр. Ол – айтушы жақ тілімізде үш жақ бар екені белгілі: айтушы жақ, тыңдаушы жақ және бөгде жақ немесе бірінші, екінші, үшінші жақ. Әрбір жақтың өзі де бірнешеге бөлінеді: көпше, жекеше және ІІ тыңдаушы жақ – анайы, сыпайы. Міне, сондықтан 3) -ым тұлғасы бірінші, айтушы жақты білдірумен бірге сол затқа (кітапқа) ие бір-ақ адам (жекеше), мен екендігін көрсетіп тұр.
Сөйтіп, сөз таптарының әрбір грамматикалық форма – тұлғасы сөзге арнайы форма тудырушы қосымша (жұрнақ, жалғау) қосылу арқылы грамматикалық (категориялық грамматикалық) мағынаны білдіреді. Ол грамматикалық мағына сөйлеу процесінде, контекст ішінде айқындалады. Сондықтан да грамматикалық мағына мен грамматикалық форма сәйкес болады дейміз.
Осы тұста мына бір мәселеге назар аудармауға болмайды. Ол грамматикалық мағынасыз грамматикалық форма болмайды және грамматикалық формасыз грамматикалық мағына берілмейді деген түсінік.
Грамматикалық мағына білдірмейтін грамматикалық форма болмайды және грамматикалық формасыз грамматикалық мағына да болмайды дегенді бұлардың жаңағы қасиетінің негізінде ғана тек шартты түрде айтамыз. Өйткені, кейбір жағдайларда қазіргі тілімізде ешбір арнайы грамматикалық тұлғасыз-ақ белгілі бір грамматикалық мағына білдіріліп тұрады. Сондай-ақ кейде сөз құрамында белгілі бір грамматикалық форма болғанмен, (2 – 1086)ол өз бетінше грамматикалық мағына білдіре алмай, факультативті түрде қолданылады, яғни сөз ол формасыз жұмсалмайтын болғанмен, сол сөз тұлғалары білдіретін мағынаға ол форма бейтарап болып тұрады.
Мысалы, Онымен үйінде сөйлесетін. Ауылына менімен қайтатын тәрізді сөйлемдердегі әрбір сөзге, олардың тұлғаларына және сол тұлға беріліп тұрған мағыналарға назар аударайықшы. Морфологиялық жағынан бұл сөздерді мынадай бөлшектерге бөлуге болады: он ол, л дыбысына біткен жіктеу, сілтеу есімдіктері септелгенде, л не түсіп қалады, не н дыбысына айналып кетеді, үй, сөйле, ауыл, мен, қайт дегендер сөздің түбірі, -мен, -де, -а көмектес, жатыс, барыс септік жалғаулары, -с ортақ етіс, -тын, -тін есімше журнақтары. Үйінде, аулына сөздеріндегі -і, -ы тәуелдік жалғауы (3-жақ), одан кейінгі -н тұлғасы қазіргі грамматикаларымызда септік жалғауларының құрамында қаралып жүр: -нде – жатыс септік, -на – барыс септік болып, шындығында -н – септік жалғауының көрсеткіші емес, түркологияда бұл тәуелдік жалғаудың 3-жағының қалдық формасы деген пікір бар, яғни тәуелдік жалғауы 3-жақта қазіргідей -ы, -і, -сы, -сі болмай, -сын, -сін, болған да, кейін соңғы -н түсіп қалған. Бұл арасы тіл білімінде әлі шешілген жоқ. Қайткен күнде де 3-жақ тәуелдік тұлғада тұрған сөзге барыс, жатыс септік жалғаулары жалғанғанда, бұлардың арасында пайда болатын -н септік жалғау құрамында қаралғанмен, белгілі бір грамматикалық категорияның көне көрсеткіші я оның бір бөлшегі болған. Бертін келе өзі білдіретін грамматикалық мағынадан айырылып қалған да, сөз құрамында факультативтік элемент ретінде сақталып қалған. Бұл -н тұлғасы тек септік жалғауларының ғана алдынан емес, тәуелдік жалғаудың 3-жағынан кейін жалғанған -шы, -ше, -дай, -дей жұрнақтарының алдынан да -нша, -нше, -ндай, -ндей болып шыға келді: біреудің көз-і-нше, айту-ы-нша, бала-сы-ндай, үн-і-ндей т.б. Осының өзінен көрінетіндей, -н тұлғасының белгілі қосымша құрамында болуы, септіктен гөрі тәуелдік жалғау құрамында келуі тұрақты болып көрінеді. Яғни құрамында қаралып жүрген барыс -на, -не және жатыс септік (-нда, -нде) құрамынан гөрі 3-жақ тәуелдік жалғаудың құрамына енуі лайықты сияқты, өйткені -ша, -ше мен -дай, -дей жұрнақтарының құрамында келіп қалуы -н тұлғасының септіктік тұлғасы құрамынан гөрі басқа бір жүйенің, тәуелдік жалғау жүйесінің және тек 3-жақ тұлғасының құрамына жатқызу жөн сияқты.
Сөйлемдегі онымен, менімен деген сөздердің құрамында да түбір ол – он мен көмектес септік жалғаудың (мен) арасында қазір ешбір грамматикалық мағына білдірмейтін -ы, -і – тұлғасы жасалады. Тарихи тұрғыдан қарасақ, бұл тұлға (дұрысы -ы, -і емес, -ны, -ні болуы керек) – ілік септік жалғауының қалдық көрсеткіші. Өйткені көмектес септік жалғауы -мен, -бен, -пен (және осы тұлғалас жалғаулық шылау да бірлен, білән, илян) септеулік шылаудан қалыптасқаны күмән тудырмайды және бұл шылау (білән) көне кезде өзі қатысты негізгі сөздің ілік септік тұлғасымен байланысқан. Бұны әр дәуірге жататын көне жазбалар тілінің материалдары дәлелдейді. Көне жазбаларға білән (бірлән) септеулігі мен, сен, ол есімдіктерімен ілік септік тұлғасында тіркескендігін көреміз, тақи ант етад қылур анық, бірлә (Тәфсир) және онымен ант етеді. Сонда менімен деген сөз тұлғасының қалыптасуы былай болған: менің бірлән -менің білән – мені(ң) менен – меніменен — менімен. Ал енді қазіргі кезде менімен деген сөздегі -(н)і ~(ы) тұлғасы ілік септік мағынасынан айырылып қалған, басы артық реликт форма ретінде ғана сөз құрамында жасалады.
Ілік септік тұлғасының үстіне басқа септік жалғауларының үстеліп қолданылуы – тілдің дамуындағы әр кезеңінде болып отырған құбылыс. Мысалы, ұйғыр тілінде 1-жақ жіктеу есімдігіне барыс септік жалғауы ілік септік формасына да жалғанып менинге болып жұмсалады, ілік септік формасына „Құтадғу білікте» (XІ ғасыр) жатыс, шығыс септік жалғаулары да жалғанған: сәниңдин, аның-да, сениң -дә т.б. Бұның өзі септік жалғауларының қалыптасу кезеңі мен жолы әр түрлі екенін көрсетеді. Және бұлардың барлығы бір грамматикалық категорияның ішіне еніп, соның бір көрсеткіші болып қалыптасуының өзі шартты екенін және бүгінгі күн тұрғысынан танылатынын көрсеткен жөн. Септік жүйесіндегі ішкі қайшылықтардың, айталық, кейбір жағдайда бір септік тұлғасының үстіне екінші септік тұлғасының жалғануы және бұл тұрақты заңдылық болмаса да, мысалы, қазақ тілінде кейбір есімдіктерге көмектес септік тұлғасы көне ілік септік тұлғасының үстіне қосылуы, немесе кейбір ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінде, болмаса қазіргі түркі тілдерінің кейбірінде барыс септік тұлғасы я шығыс немесе жатыс септік жалғауы ілік септік тұлғасының үстіне жалғануы, олардың тумысында біркелкі және бірқалыпты, бір мезгілде дүниеге келмегенін, біртіндеп барып қалыптасып, жақындасып бірден емес, бірте-бірте бір грамматикалық (кейде тіпті белгілі шарттылықпен болса да) категория болып қалыптасқанын көрсетеді. Осындай ерекшеліктері айқын көрінетін септік категориясының түрлері түгел тәуелдік және жіктік жалғау немесе тәуелдену және жіктелу я жақ категориясының, бір жағынан, 1-және 2-жақтары, екінші жағынан, 3-жағы біркелкі жүйелі бірлік деуге келмейді, 3-жақтың мәні де, грамматикалық тұлғасы да, синтаксистік қызметі де бір мезгілде, бірдей қалыптасқан болу керек. Оған бірінші жақтың, яғни айтушы жақтың біреу немесе бірнеше болса да нақты (мен және біз), екінші жақтың яғни тікелей тыңдаушы жақтың да біреу (мейлі сыпайы, мейлі анайы, дұрыс болса да) немесе бірнеше болса да нақты сен, сіз және сендер, сіздер болып, ал үшінші жақ тек ол я олар ғана кез келген зат атауы болуы және соның арқасында нақты жақ мәнінің шекарасы кеңейіп кеткендігі байқалады. Сондай-ақ осыған да байланысты болса керек, 1-2-жақ жалғаулары түптеп келгенде 1-2-жақ жіктеу есімдіктерінен туып қалыптасса, 3-жақта оның жөні мүлде бөлек екендігі де әсер еткен. Яғни бұл жақтың 1-2 жақтармен бір тектестігі де сондықтан шартты, тілдің қазіргі деңгейімен ғана айқындалады.


Сондай-ақ сөйлесетін, қайтатын деген сөздердің құрамындағы -а, -е көсемше тұлғалары да өз мағыналарынан айрылып қалған, бұл жерде көсемше көрсеткіші бола алмай тұр. Тарихи жағынан келгенде, есімшенің -тын, -тін жұрнағы тұрған көмекші етістіктен қалыптасқаны белгілі. Сөйлесетін, қайтатын деген сөздер былай қалыптасқан: сөйлесе тұрған – сөйлесе – тұғын — сөйлесетін, қайта – тұрған – қайта – тұғын – қайтатын. Көсемше жұрнағы -а, -е алғашқы негізгі етістіктің құрамында өзінің грамматикалық мағынасында жұмсалып, көмекші етістікпен (тұрған) тіркесіп, күрделі етістік құраған, кейін көмекші етістік тұлғасын өзгертіп, бірте-бірте ықшамдалып, жұрнаққа айналып кеткен кезде, көсемше жұрнағы мағынасынан айырылып қалған, бірақ түсіп қалмай, реликт тұлға ретінде сақталып қалып қойған. Сондықтан да қазіргі кезде оқулықтарда -а, -е, -й көсемше тұлғасы -тын, -тін есімше жұрнағынан бөліп алынып қаралмай, тұтас тұлға ретінде беріледі.
Сөйтіп, тілімізде қазіргі кезде ешбір грамматикалық мағына білдіре алмайтын қалдық формалар да бар екен. Осындай қасиетінің арқасында (грамматикалық мағынадан айырылып қалуының нәтижесінде) әдетте оларды жеке бөліп алмай, басқа формалардың құрамында қараймыз. Сонда грамматикалық мағынасыз грамматикалық форма болмайды десек те, ондай құбылыс тілдің грамматикалық құрылысынан кездесіп отырады дейміз бе?
Грамматикалық мағына білдірмейтін грамматикалық форма болмайды десек, оны диалектикалық мәнде түсіну керек. Тілдің грамматикалық құрылысында кездесіп отыратын ондай тұлғалар, біріншіден, бір кезде грамматикалық мағынаны білдірген. Ал кейін, екіншіден, ол білдірген грамматикалық мағына жоғалып кеткенде, ол форма сөз құрамында факультатив тұлға ретінде сақталып қалған (мысалы, есімдіктің көмектес септігінде ілік септігінің қалдығы -ы, -і, дұрысында -ны, -ні) немесе басқа тұлғаның құрамына еніп кеткен (мысалы, 3-жақ тәуелдік жалғауынан кейін барыс, жатыс септіктерінің құрамындағы -н, -на, -не, -нда, -нде т.б.)
Ал енді грамматикалық формасыз да грамматикалық мағына беріле ме?
Кейбір жағдайларда ешбір грамматикалық тұлғасыз-ақ белгілі бір грамматикалық мағына білдіріліп тұрады. Ол грамматикалық мағына сөз түбірі білдіретін грамматикалық мағынадан бөлек болады. Яғни әңгіме (категориялық грамматикалық) мағына жайында. Міне, сондай арнайы қосымша көрсеткіші болмай, тұлғасы көрінбей тұрып-ақ белгілі грамматикалық категориялық грамматикалық мағына білдіруді нөлдік тұлға (форма) деп атауға болады, өйткені арнайы көрсеткіш, формалық тұлғасы болмағанмен, онда түбір білдіретін мәннен бөлек арнайы гамматикалық мағына болады. Әр уақытта нөлдік форманы түбір формамен салыстырып отырудың басты себебі, біріншіден, екеуінің сырт тұлғасы, формасы сәйкес болуында, екіншіден, түбір — әр түрлі грамматикалық тұлға жасауға негіз болатын тұлға. Осы айтылғандар түсініктірек болу үшін мына сөйлемге назар аударып, талдап көрейікші. Жартасқа бардым, күнде айғай салдым. Одан да шықты жаңғырық (Абай)Тыңда, дала, Жамбылды (Жамбыл).Мысалдағы етістік баяндауыштың әрқайсысы бірнеше морфема бөлшектен тұрып, сөздің әрбір тұлғасы ойға лайық жеке-жеке грамматикалық мағына беріп түр: бар-ды-м, (айғай) сал-ды-м, шық-ты, тың-да. Осындағы түбір тұлғалар қимылды білдіріп, одан кейінгі -ды, -ты морфемалары сол қимылдың айтып тұрған сәтке байланысты болу мезгілін, шақтық мағынаны, яғни осы қимылдың айтып тұрған кезден бұрын болғандығын білдіріп тұр. Алғашқы екі сөздегі -м тұлғасы қимылдың иесін, яғни сол қимылды орындаушы кім субъект екенін және қимыл иесі кез келген біреу емес, бірінші яғни айтушы жақтың өзі (мен) екенін көрсетіп тұр. Ал үшінші сөзде ондай грамматикалық тұлға жоқ, соған қарап бұл сөз қимыл иесін (субъектіні) білдірмейді екен деп ойлауға болмайды. Осы сөздің формасы арқылы қимылды шығуды іске асырушы субъектіні біле аламыз, ол (субъект) үшінші, бөгде жақ, ол (жаңғырық). Сонда қимыл иесін меңзеп, үшінші жақты білдіріп тұрған қандай форма? Сөздің соңғы формасы -ты ондай мағынаны білдіре алмайды, оның мағынасы – тек өткен шақтық мағына. Міне, осы сөздің құрамында формальды түрде арнайы тұлға болмағанмен, ерекше грамматикалық мағына, жақтық мағына бар. Ол мағына контекс арқылы айқын сезіледі. Осындағы 3-жақтық мағына нөлдік тұлға арқылы берілген. Сондай-ақ тыңда сөзі жалпы іс-әрекетті және қимылдың сабақты мәнін білдірумен бірге бұл мағыналар түбір арқылы яғни лексикалық мағынаның абстракцияланып, жалпылануы арқылы беріліп тұр бұйрықтық мағынаны және ол 2-жаққа қаратылып, онымен бірге анайылық және жекешелік мағыналарды білдіреді. Бұл соңғы грамматикалық мағыналар, біріншіден, категориялық грамматикалық мағыналар болып табылады, екіншіден, тұлғасы бар арнайы грамматикалық форма арқылы берілмеген. Соған қарамастан мұнда грамматикалық форма бар, ол – тұлғасыз форма, яғни сол жүйедегі басқа парадигмалық түрлену көрінісінде бұл мағынаға қарама-қайшы, оппозиция болатын, бірақ бір грамматикалық категорияның (түрлену жүйесінің) шеңберінде бірлікте тұратын форма бар: 2-жақ сыпайы түрі -ңыз (тыңда -ңыз), 2-жақ көпше түрі -ңдар (тыңда -ңдар) т.б. Сондай-ақ бірінші мысалдағы шықты сөзіндегі 3-жақтық мағына жіктік жалғаудың тұлғасыз формасы нөлдік форма арқылы берілген. Оны да осы сөйлемдегі 1-жақ жекеше мағынада қолданылған бардым, (айғай) салдым сөздеріндегі -м формасымен салыстыру арқылы тануға болады.
Тілімізде осындай арнайы белгілі грамматикалық мағынасы бар, бірақ арнайы көрсеткішсіз тұлғада жұмсалатын, кейде сөйлемде түсіп қалатын ерекше форма 3-жақ жіктік жалғауы ғана емес, басқа да грамматикалық түрлену жүйесінен кездеседі. Мына мысалға назар аударайық. Мәскеу бардым, не көрдім (Жамбыл).Кел, бала-лар, оқылық! (Алтынсарин).Ғылым таппай мақтанба (Абай).Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы (Абай).Иығымда сіздің шаш, айқайласып тайталас (Абай).Осы сөйлемдердегі бөлініп көрсетілген сөздердің формасы мен грамматикалық мағыналарына көз жіберейік: Мәскеу осы сөйлемде ешбір грамматикалық формасыз қолданылған, бірақ соған қарамастан қимылдың (барудың) бағытын білдіріп, барыс септіктің мағынасын беріп түр: Мәскеуге бардым. Ғылым сөзі ешбір көрсеткішсіз тура объект болып, табыс септік мағынасын білдіріп тұр: ғылымды таппай, кел, мақтанба етістіктері негізгі түбір күйде және өздік етіс пен болымсыз тұлғада 2-жаққа қаратылып, бұйрықты мағынада қолданылған, бірақ соңғы мағынаны білдіретін арнайы грамматикалық форма жоқ. Қазақ сөзі иелік, меншіктілік мағынада жұмсалған, бірақ оны білдіретін ілік септік жалғауы жоқ. Шаш сөзі керісінше тәуелділік мағынаны білдіріп тұр: сіздің шашыңыз. Ол мағынаны білдіретін тәуелдік жалғауы түсіп қалған. Міне осы көрсетілген сөздердің бәрі де берілген сөйлемдерде ешбір тұлғасыз-ақ (нөлдік формада) белгілі грамматикалық мағына білдіреді, ол грамматикалық мағына сөздің түбірі білдіретін мағынадан бөлек. Сондай-ақ бұл құбылыс қазақ тілінде анда-санда ғана кездесетін кездейсоқ жәйт емес. Әйтпесе бұл жайында сөз қозғаудың қажеті де болмас еді…
Пысықтау үшін сұрақтар
1.Грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның байланысы неден көрінеді?
2.Грамматикалық мағынаны білдірудің қандай тәсілдері мен жолдары бар?
3. Жалпы грамматикалық мағына қалай пайда болады?
4.Категориялық грамматикалық мағына неден көрінеді? Оның грамматикалық категориямен байланысы бар ма?
5.Қатыстық грамматикалық мағына неден көрінеді?
6.Грамматикалық формасыз грамматикалық мағына беріле ме?
7. Грамматикалық мағынасы жоқ грамматикалық формалар бар ма, қандай?
Әдебиеттер:
1. К. Аханов. Грамматика теориясының негіздері. А.,1972. 8- 16-беттер.
2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А.,1974. 7-
10, 13-18 -беттер.
3. С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. А.,1992. 28-40-беттер.
4. С.М. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А.,1998. 32-45-беттер.
5. А. Ысқақов. Грамматикалық мағына мен грамматикалық форма. // Қазақстан мектебі. 1961. N4 60-66-б
6. С.Исаев. Грамматикалық мағына мен форманың сәйкестігі және нольдік тұлға// Қазақстан мектебі. 1976. N 8 92-96-б.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *