ҚҰНДЫЛЫҚ ҰҒЫМЫНЫҢ ЖЫРАУЛАР ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ КӨРІНІСІ

ҚҰНДЫЛЫҚ ҰҒЫМЫНЫҢ ЖЫРАУЛАР ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ КӨРІНІСІ

Берілген мақалада құндылық, оның түрлері, адамзат тарихында алатын орны мен оның философиялық, психологиялық мәні туралы ғалымдардың іргелі еңбектеріне сүйене отырып, өзіндік тұжырым жасалған. Құндылықтың жыраулар поэзиясында берілуі, олардың пайымдаулары нақты мысалдармен көрініс тапқан. Жырауларды көбірек толғандырған жер, атамекен, адамгершілік туралы ойлары сол замандағы маңызды мәселе екендігі айтылған. Жалпы адамзаттық құндылықтарға да тоқталған.

Кілтті сөздер: құндылық, маңыздылық, жалпыадамзаттық, еркіндік, рух, материалдық құндылық, рухани құндылық.
КІРІСПЕ
Құндылық туралы нақты бір жазылып қалған ереже, қатып қалған қағида жоқ деуге де болады. Себебі, оның маңызы мен мазмұны түрлі жағдайға байланысты өзгеріп отыруы ықтимал. Жалпы құндылықтар — бір заттың маңыздылығы, пайдалылығы. Сырттай қарағанда құндылық дегеніміз зат не құбылыстың қасиеті болып анықталады. Алайда, оның маңыздылығы мен пайдалылығы табиғаттан, нысанның ішкі құрылымының әсерінен емес, адам болмысына енген, адам оған құштар не қажеттілік сезетін нақты қасиеттердің субъективті бағалануынан болады. Құндылықтар жүйесі адамның күнделікті қоғамдық не жеке тұрмыстық бағдарында, оның айналасындағы заттар мен құбылыстарға қарымқатынасының орнауынан орын алады.
Аксиология ілімі бойынша (грек, axios — құңды, logos — ілім) — құндылықтар негізінен:
— өмірге,
— еңбекке,
— шығармашылыққа,
— адам өмірінің мәніне баға беруден тұрады. Құндылықтар дегеніміз қоғам үшін ең маңызды деген әдет-ғұрыптар мен нормалар қызметін өзіне бағындырып, реттеу. Адам өзін қоршаған заттық және рухани әлемді құндылықтар арқылы бағалайды. Құндылықтарды қасиеттер деп ұққан жөн. Олар бізге бала кезден, ана сүтімен бірге, ана тілі арқылы, мораль негіздері ретінде, өз тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрптары мен салт-дәстүрлерін игеру нәтижесінде қалыптасады. Құндылықтарды тану жолы оңай емес. Ең қиын мәселе — нағыз құндылықтарды жалғандарынан ажырата білу. Құндылықтар әр адам үшін әрттүрлі болып келеді. Реттілігіне қарай, маңыздылығына қарай өзгеріп отырады. Себебі адам өмірі қозғалысқа, ізденістерге толы. Петракова Т. құндылықтарды үш түрге бөледі: табиғи, жүре пайда болатын және абсалюттік [1, 53] Табиғи және жүре пайда болатын құндылықтар адам бойында тәрбие үдерісінде қалыптасады. Ал, абсалюттік- уақытқа бағынбайтын, өзгермейтін құндылық — бүкіл адамзат үшін маңызы зор мәңгілік құндылықтар. Жалпыадамзаттық құндылықтар адам бойында тумысынан болады. Әр адамда рух бар. Рух болмаса, дене жоқ. Рух дегеніміз жалпыадамзаттық құндылықтардың жиынтығы. Табиғи құндылықтар мен жүре пайда болатын құндылықтар жалпыадамзаттық құндылықтарды жоя бастайды. Негізі психолог, философ ғалымдардың пайымдаулары бойынша бес жалпыадамзаттық құндылықтарды атап айтуға болады:
— ақиқат,
— сүйіспеншілік,
— дұрыс әрекет,
— ішкі тыныштық, — қиянат жасамау .
— Философтар В.П. Тугаринов, М. Вебер, У. Томас, Ф. Знанецкий құдылықты субьектінің өз идеяларымен мақсаттары арқылы елестеткен, қабылдаған және бағалаған нысана ретінде түсінеді. Олардың тұжырымы бойынша, құндылық – тарихи айқындалған қоғамның немесе топтың адамдарына ақиқат, мақсат-мұрат ретінде пайдалы, қажетті құбылыстардың түйіні. Құндылық тек өмірде бар нәрсе ғана емес, оны тұлға бойына сіңіруді жүзеге асыру. Сол үшін мақсатты түрде күресе білу. Ал, құндылық бағдар – бұл тек бағдар жүйесі емес, сонымен қатар ең алдымен құндылық ұғымының және жеке тұлғаның қандай да бір іс-әрекет саласындағы қайталайтын қажеттіліктеріне, қызығушылықтарына, бағалауына негізделетін дұрыс ойлаудың жиынтығы. Сыртқы бағдардан, мәлімдемелерден, заңдардан, дәстүрлерден, мақсаттардан өзге, құндылық бағдар адамның әртүрлі талаптарымен нормативтерді қабылдауының жеке игерулерінің ішкі көңіл-күйін білдіреді. Онда адам әлеуметтік талаптарға деген өзінің субьективті-тәжірибелік көзқарасын нығайтады және солардың негізінде мінез-құлықтың мақсаттылығы жағынан жеке қажеттіліктерді қанағаттандыруға талпынудан гөрі кеңірек амал –әрекеті қалыптасады.
— Психологтар «құндылық» ұғымымен қоғамдағы әлеуметтік-тарихи мағыналарды және шындықтың белгілі құбылыстарының жеке адамдарға қатысты мәнін сипаттайды. Құндылық бағдар психологиялық құбылыс ретінде әртүрлі психологиялық компоненттерді бір жүйеге біріктіреді. Оның психологиялық табиғатын қажеттіліктер, қызығушылықтар, түрткілер және жеке тұлғаның бағыттылығы аралығындағы байланыс пен қатынас тұрғысында қарастырған жөн[2, 18].
— «Құндылық», «Құндылық бағдар» ұғымдарына түсініктеме бере келе, құндылық бағдарды қалыптастыру мәселелерімен Г.А. Аргунова, Н.А. Асташова, С.Г. Гладнева, Э.В.
Зауторова, С.А. Куликова, Б.Т. Лихачев, Н.Д. Никандров, З.И. Равкин, Т.А. Серебрякова, И.И. Шатилова, т.б. ғалымдар айналысқан.
— Жеке тұлғаның құндылық бағдарын теориялық тұрғыда негіздеген Г.Қ. Нұрғалиеваның пайымдауынша, құндылық бағдар жүйесі қайшылықты, өзгермелі және оның құрылымы көпдеңгейлі болып келеді. Оның жоғарғы сатысы – тұлғаның өмірлік мақсаттары мен мұрағаттарына байланысты. Құндылық тұлға бағыттылығының типін анықтайтын психологиялық-педагогикалық зерттеудегі құнды ой-әрекеттің бірлігін қалыптастыруда негізге алатын теориялардың бірі ретінде қарастырылады. Бірінші жағынан, психологиялық іс-әрекетте қалыптасады және көрініс табады, ал екінші жағынан – психологиялық іс-әрекет реттеліп отырады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Құндылық туралы толғамдар мен пайымдаулар бір күннің ғана үлесінде қалып қоймайды. Ол — адамзатпен бірге жасасып отыратын тарихи категория. Құндылық туралы философиялық ойлар, толғаныстар ғасырдан ғасырға өтіп, жалғасын тауып келеді. Қазақ халқының ол туралы ой-толғамдары мен көзқарастарын әдеби-мәдени мұраларын барлау арқылы байқай аламыз. Мысалы, қазақтың төл әдебиеті қалыптасуының басында тұрған жыраулар поэзиясы арқылы еліміздің өткен тарихына үңілу, олар армандаған болашақ, келешекті болжауға болады. Жыраулар жырлаған мәселелер тақырыбы кең, ауқымы мол. Олардың халық тағдыры, тіршіліктің жалғастығы, мәңгілік қоныс туралы толғаныстарының өзі еркіндік, тәуелсіздік идеясын байқатады. Қоғамдық-саяси оқиғалар жүйесінің көрінісі, тарихи-әдеби дәйектер жыраулар поэзиясында танымдық көрініс тапқан. Оның қазақ қоғамының дамуына, рухани дүниетанымына ықпалы болғаны да мәлім. Демек, жыраулар бодандыққа қарсы дүниетаным болжап, еркіндік мәселесін аңсаған. Ал еркіндік, бостандық мәселесі бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтардың ең бастысы болып табылатыны талас тудырмаса керек.
Бейнелеп айтып, бейнелеп сөйлеу қазақтың сөз өнерінде, салт-дәстүрінде, жұмбақтарында, шешендік сөздерінде кеңінен қолданылған тәсіл екені белгілі. Бірақ жаугершілік заманға сай халық басындағы қилы-қилы хал-ахуалдар мен хандық билік аясындағы түрлі әлеуметтік-саяси жағдаяттарға куә болып, ортасында жүрген жыраулар поэзиясында астарлап айту, тұспалдап сөйлеу сөз мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Көшпенді мәдениеттің өрісіндегі қоршаған табиғаттың флорасы мен фаунасы, ландшафттың ерекшелігін өздерінің таным көкжиегіне сай теңеп, кейіптеуі тұтас көркемдік-рухани әлем кеңістігін, жүйесін қалыптастырды. Бұл айналып келгенде, өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде санайтын көшпенді мәдениеттің негізгі қағидасы [3, 120 ].
Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан,
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айрылар ата мұрадан! [4, 24].
Бұл жерде көшпенділер философы атанған Асанқайғы толғауында үлкен мән жатыр. Ол Жәнібек ханды қарадан қатын алғаны үшін сынап отырған жоқ. Жаугершілік заманда ел бірлігі, бостандығы бірінші орында тұрды. Ал қалыптасқан жүйе бойынша ел басқарып отырған ханның жары да өзіне лайық, халықтың дәстүр, салтын терең меңгерген, керек кезінде еріне ақыл да айта білетін, елді де басқара алатын жан болуы шарт. Сонымен қатар ұрпағын да осындай игі істерге баулып, ел қамын жейтін ер етіп тәрбиелеуі керек болды. Міне, сондықтан да Асан жырау ел болашағы үшін қам жеді, ханды сынады. Жаугершілік заманда халық үшін бірінші құндылық тәуелсіздік еді. Тәуелсіздік — ешқашан ескірмейтін, адамзат үшін бірінші орында тұратын құндылық
Жыраулар қазақ басынан кешірген қилы кезеңдердегі түрлі тарихи оқиғаларды, замана зарын, тәуелсіз, еркін ел болуды армандағаны олардың толғауларынан айқын көрінеді. Басқаша айтқанда жыраулар аңсаған тәуелсіздік Асанқайғы бабамыз, Бұқар жырау айтқандай ерлігіміз бен елдігімізді қорғай алатын ел болуымыз керек дегенді толғауларына арқау еткен. Олардың тереңнен толғап, келешек жөнінде болжағанын аңғарамыз. Біздің руханиятымыз бен мәдениетіміздің түп төркінінде тұрған жыраулар көксеген армандарды міне, бүгін ашып айтуға мүмкіндік туып отыр. Мысалы, Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп [4, 27]. Арғымаққа міндіп деп,
Артқы топтан адаспа [4, 28].
Осы жолдарды зерделеп қарасақ, оның мәнін ұлттық таным тұрғысынан түсіндіруге болады. Шоқан «көшпенділер философы» деп атаған өз заманының сәуегей-ойшылы Асанқайғы өзінің ел, әдет-ғұрып, мінез-құлық туралы толғауларында өз ойын жете беру үшін мәдени атауларды бейнелі түрде қолдана отырып, халықтың арман-мүддесін, олар жоғары бағалаған құндылықтарды дөп басып айтады. Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер, Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер!?
Шыбын шықса, жаз болып, таздар қайтіп күн көрер, Жалаңаяқ балапан, қаздар қайтіп күн көрер [4, 27] !?
Осы жолдардан да Асан бабаның айтпағы тура мағынасындағы құйрығы жоқ құлан, аяғы жоқ жылан, жалаңаяқ балапан емес екенін аңғару қиын емес. Адам баласының өмір сүруі үшін бірінші кезекте он екі мүшесінің саулығы керек. Міне, жырау бұл жерде осыны меңзеп отырғанға ұқсайды. Өйткені адамзат үшін ең басты құндылық- оның денінің саулығы. Дені сау адам ғана табиғаттың толыққанды төл баласы бола алады. Дені сау, ақыл есі дұрыс ұрпақ қана адамзат үшін құнды дүниені жасайды. Міне, дала философының айтпағы да осыған келіп тіреледі.
Жалпыадамзаттық құндылықтарды білім беру мен тәрбие үдерісіне енгізу арқылы адамның рухани өсуіне жағдай жасалады. Мәңгілік құндылықтар — білімнің негізгі өзегі. Жалпыадамзаттық құндылықтарды адамның бойына сіңіру, оны жарыққа шығару ізгілікке әкеледі, сөйтіп, мінезін өзгертуге болады. Адамның жақсылыққа ұмтылуы, ақиқатқа жүгінуі оның болмысынан ішкі жандүниесінде құндылықтың бар екенінің дәлелі бола алады.
Әр халықтың тарихи-әлеуметтік даму ерекшеліктері, өмір сүруіне, тіршілігіне, тұрмыссалтына, дәстүрлеріне байланысты тек өзіне ғана тән танымдық, рухани-материалдық, мәдени құндылықтары қалыптасады
Қазақ халқы ел болып іргесін бекіткен кезде жыраулар тарих сахнасында бой көрсетті.
Рухани құндылықты жасауда, идеологияны орнықтыруда ерекше қозғаушы күшке айналды. Жыраулар — қазақтың басынан өткен небір кезеңдердегі әртүрлі тарихи оқиғаларды, замана зарын, тәуелсіз, еркін ел болудағы арманын ұлттық идеологияға айналдыра білген сөз зергерлері. Ұлттан тыс тұратын әдебиет жоқ, сол әдебиетті жасаушылардың бірі-жыраулар болса ұлттың рух пен сананың негізін олар өз толғауларында анық көрсетті. Олар өз заманының өзекті мәселесіне араласып, еркіндік, азаттық, елдің тәуелсіз, бейбіт, тыныш өмір сүруі үшін күрескен. Қазақ халқының ұлттық бітім-болмысын, мәдени мұраларын, ата қонысын сақтап қалу үшін хандармен, батырлармен бірге күрескен. Осылар — бүгінгі тәуелсіз елдің де негізі мәселелері. Ұлт сабақтастығы, дәстүр жалғастығы бірімен-бірі байланысып жатады. Олар өмір, достық, адамгершілік, ерлік, тіршілік, атақоныс жайлы толғады. Жыраулар өмір диалектикасына да терең көз жіберген, дүниенің бірқалыпта тұрмайтынын («мынау жалған дүние кімдерден кейін қалмаған» – Шалкиіз), үнемі өзгерісте болатынын дұрыс пайымдаған. Жыраулар толғауларында адамгершілік әліппесі, мораль нормалары, елін, жерін сүю, құрметтеу мәселелері кеңінен орын алған. Оларда бүгінгі жастар ғибрат алар тағлымы мол ойлар молшылық.
Жырау толғауларының негізгі идеясы – жұртты ерлікке жігерлендіру, ата жауға қарсы күреске шақыру. Жалпы жыраулар поэзиясының негізгі өзегі — азатшыл сарын. Хандық дәуірі әдебиеті — қазақ тарихындағы еркін де қуатты жырды тудырған рухты кезең. Әнес Сарай да өз зерттеулерінде осыны баса көрсете келе, жыраулар поэзиясындай рухты жырдың олардан бұрын да, кейін де тумағанын айтады. Жыраулар ханға да дат айтып, артық-кем жерлерін баса көрсетіп, кем-кетігін түзетіп отырған. Хандардың өздері оларды пір тұтып, аталы сөздеріне тоқтаған. Себебі олар отты жырларымен халықты жігерлендіріп, азаттық күреске шақырып отырған. Халқымыз қашанда кең даласымен, дарқан даналығымен, бишешендерімен, жырауларымен мақтанған. Қалың ортада сөз бастап, халықты бірлікке шақырған, өзгенің боданы болмауды үндеген даналарымыздың арқасында діттеген мақсатқа жетіп, тәуелсіз, еркін ел болуға ұмтылған.
Бүкіл адамзат үшін маңызды, сондай-ақ, жердің қай қиырында жүрсе де, бәріне ортақ құндылық бар. Ондай құндылық әр адамның еркіндігі, бостандығы, тәуелсіздігі. Жыраулар міне осы құндылықты ерекше тебіреніс, зор толғаныспен өз шығармашылықтарына арқау еткен. Бір мәселе, бір тақырып, бір мұрат пен мүдде жырланса да, әр жырау оны ашуда түрлі ой түйіп, көзқарасы мен пайымдауы әрқилы болған. Біреуі ата қоныстың сұлу суреті арқылы, енді бірі белгілі оқиғаға көзқарасы бойынша, тағы басқалары адамдар арасындағы қарым-қатынас негізінде беріп отырған.
Ал жыраулар поэзиясындағы рухани құндылықтар отансүйгіштік, салт-дәстүрді мадақтау түрінде көрініс табады. Мысалы, халық эпосын жасаушылардың бірі, жорық жыршысы, жыраулар поэзиясының бастауында тұрған Қазтуған жырау артына болмыс, өмір философиясы туралы, туған ел, атамекен жайлы, әскери, жаугершілік тұрмысқа қатысты саналуан жырдан тұратын мол мұра қалдырған. Бізге жеткен аз ғана шығармаларының өзі-ақ Қазтуған жыраудың әдебиет тарихынан белгілі орын алуында маңызы үлкен. Қазтуған Сүйінішұлының поэзиясы номадтық жауынгерлердің санасын, танымын көрсетеді, оның болмыс, тіршілік, өзін қоршаған, болмысы бұзылмаған табиғат туралы түсінігінен елестетеді. Жырау киялының кеңдігі мен ұшқырлығы, суреттеу тәсілдерінің қуаттылығы мен әсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде болғандығын танытады.
Ұлттық бояуы ашық, ершіл романтикаға суарылған толғаныстары көркем тіркестерге өте бай Қазтуған Сүйінішұлы жырлары әлденеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болған. Қазтуған Сүйінішұлының «Мадақ жыры», «Алаң да алаң, алаң жұрт» сияқты шығармалары қазақтың көне поэзиясының таңдаулы нұсқаларының қатарына жатып қана қоймай, рухани әлемінен де хабар береді.
Оның «Мадақ жырындағы» мына жолдар:
Қара ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті,
Айдаса қойдың көсемі,
Сөйлесе қызыл тілдің шешені,
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы [БҒ, 28], біріншіден, жырауға дейін ешқашан қолданылмаған, одан кейін де ешкімнің жүрегі дауаламаған тың тіркестер, ойнақы суреттер. Бұндай теңеулер мен ой ұшқыны өресі биік, өрісі кең дала перзентінің ой орамдарынан хабар береді. Өзі өмір сүрген жаугершілік заман, көшпелі өмірде ерекше маңызға ие, тұрмысының мәні, рухани азығы болған дүниелердің портретін кіршіксіз пейілмен таза да шынайы көрсете алған. «Қалайылаған қасты орда» — көшпелі өмірдің бүкіл мәні, онда өмір жалғасы бар, ол – шағын Отан, алынбас қамал. Сондықтан да жырау оған ерекше мән бере толғанады.

ҚОРЫТЫНДЫ
Жалпы құндылық мәселесіне келгенде жыраулардың оған үлкен жауапкершілікпен қарағанына көз жеткіземіз. Ең бірінші кезекте жер бетіндегі бүкіл адамзатқа тән бостандық, тәуелсіздік, еркіндік сезімін алдыңғы кезекке қойғандықтарын байқаймыз. Азаттықты бүкіл өмірлерінің мәні деп санап, саналы ғұмырларын сол үшін қарумен де, қаламмен де күресуге арнағанын ұғамыз. Оны жыраулық дәстүрдің басында тұрған Қазтуған, Доспамбет, Асанқайғылардан бастап, Бұқар жырауға дейін тілге тиек етті. Ханға да, қараға да дат айтып, толғауларын арнаған жырауларымыз азаттық пен еркіндікті ту етіп көтерді. Одан айырылып қалуды ақыр заманмен тең санады.
Жыраулық поэзияда кеңінен жырланған тақырып – адамгершілік, достық пен татулық, жақынды қастерлеу, досқа деген адалдық. Осы сияқты ізгі қасиеттерді толғай отырып, ғибраты мол, афоризмге айналған жыр-толғауларын ескерткіш ретінде арттарына қалдырды. Сол өсиет-нақылдары — заман өзгеріп, тарих көші өз бағытын неше рет өзгертсе де, өзектілін жоймай келе жатқан асыл қазынамыз.
Ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылығы қашан да өзекті болған және болып қала да бермек. Өйткені қоғамды құрайтын жеке адамдар. Ал кез келген адам отбасында тәрбиеленеді, тұлға ретінде қалыптасады. Сондықтан да оған бей-жай қарау – қылмыс. Осыны жете ұғынған жыраулар ата-ананы, іні-бауырды, апа-қарындасты, ана мен жарды құрметтеуді егжейтегжейлі айтып кеткен.
Жалпы, олар замана құндылығы деп санаған мәселелер күні бүгінге дейін сол қалпынды сақталып келеді.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТ
1. Петракова Т. Гуманистические ценности образования в процессе духовнонравственного воспитания подростков.- Москва: «Руспроза», 1999.- 2019, 53
2. Нұрмұратов С. Рухани құндылықтар әлемі: әлеуметтік философиялық талдау. – Алматы: ҚР БҒМ ФсС инустуты, 2000. -180 б.
3. Манкеева Ж. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері.- Алматы: «Жібек жолы», 2008.- 356 б., 120
4. Бес ғасыр жырлайды.2-томдық./Құраст. Мағауин М., Байділдаев М.-Алматы: «Жазушы», 1989.-Т.1.-384б.

С. Симбаева,1 Ғ. Манай2
Интерпретация понятие ценности в поэзиях жырауов
1,2 Университет «Туран-Астана» г. Астана, Казахстан
В данной статье заключение основывается на научные труды ученых о ценности и ее видах, о важности, философском и психологическом значении в истории челоечества. Ценности нашли яркое выражение в поэзии жырауов, рассуждения об этом выражаются в конкретных примерах. Основные задачи, которых затрагивали поэты, это человечность, отечество, родина, земля. Ну и общие человеческие ценности также не были обделены.

S, Simbayeva1 , G. Manai2
Interpretation of the concept of value in the poetry of Zhyrau
1,2 University University «Turan-Astana»
Astana, Kazakhstan
This article is based on the fundamental research of the scholars on the value, its types, place in human history and its philosophical and psychological significance. The value which is expressed in the poetry , their arguments are expressed in concrete examples. It is said that the idea of homeland and thoughts on morality is the most important issue for the poets at that time. It also deals with human values.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *