Қоңыраттың Жетімдері туралы

Қоңыраттың Жетімдері туралы
Баласы:
—Неге бізді Таздар-Жетімдер дейді? Біздің ауылда бірде-бір таз адам жоқ қой. өткенде төмендегі игіліктен жылқы іздеп келген екі бала бізді «тазсындар» деп әбден мазақтап күлді,— деп сұрады. Соңдағы айтылған әңгімеден құлақта қалғаны мынау еді.
—Біздің ең үлкен жетінші атамыз Кенжеғұлдан басталған аңшылық, саятшылық әлі күнге дейін атадан балаға мұра болып ауысып, ата кәсібіміздей қалыптасып кетті. Сол Кенжеғұл атамыз атақты аңшы болыпты. Садағының атқан жебесі бос кетпейтін көзмерген, аңға салатын қыран құс баптап, ат суытып ұстайтын аңшы адам екен. осы саятшыл, сауықшылдығына қарамай, өте жуас кісі болған көрінеді. Қайда барса да, аяғының астыңда аң алатын, асыл текті жүйрік құмай тазылары жатады екен. Сегіз құмай тазысы сегіз жақтан орай қуғанда қашқан аң құтылып көрмепті. Екеуі тас түбіне жата қалып, өзгелері қашқан аңды қоршай, әлгі тас түбінде тығылып жатқан екі тазыға қарай қуады екен. Астындағы жарамды жүйрік қазанаты да әлгі сегіз тазысы секілді Кенжеғұл атамыздың ойын сезе қоятын өте сезімтал, есті жылқы екен, жануар. Бірде сол Кенжеғұл бабамыздың ауылы Қаратаудың төсіндегі жайлауда отырғанда өзі үйге аңнан шаршап оралыпты. Ерте сауып алған сүттерін сәске болмай қыз-келіншектер дәу қара қазанға қайнатып, пісіріп жатады. Дәл сол сәтте қазан астына от жағып жатқан үлкен шешеміз желідегі құлындарға қарай азу тістерін сақылдатып жақындап қалған бес-алты қасқырды көріп қалып, бар даусымен айғайға басады. Аңнан шаршап келіп, ұйықтап жатқан Кенжеғұл бабамыз орнынан атып тұрып, ұйқылы ояу сыртқа жүгіріп шығады. Аяғының астында жатқан сегіз құмай тазысы да өзімен бірге сыртқа қарай атылады. Әлгі жерде тазылар опыр-топыр қасқырлармен айқаса кетеді. Сегіз тазы сыртқа секіргенде есіктің алдыңдағы қайнап жатқан дәу қазан сүтті аударып төгіп кетеді. Айғай-шуға ауыл адамдары жиналып қалады. Шыға сап садағымен тартып жіберген көзмерген Кенжеғұл бабамыз дәу қасқырдың көкжалын жұлып түсіріпті. Қалғанын сегіз құмай шайнап тастапты. Тек жаралы болған екі көкжал ғана қаша жөнеліпті. Атына міне сап, тазыларының соңынан бабамыз да шауыпты. Алғашыңда ештеңеге түсін бе ген ауыл адамдарына шешеміз: «Әлгі тазылар ғой, тазылы же тімдер ше, тазылы жетімдер»,—дей беріпті сасқалақтап. ол кезде ерінің атын атамайтын ата салт бар емес пе? Солайша шешеміз де Кенжеғұл бабамыздың атын атамайды екен. «Міне, балам, біздің Таздар-Жетімдер аталып кетуіміздің қысқаша тарихи осылайша Кенжеғұл бабамыздың тазыларынан шыққан» деген атамның әңгімесі менің есімде мәңгілік қалып қойды. Біз осылай сол «тазылы жетімдер» деген сөзден жүре келе «Таздар, Жетімдер» аталып кетіппіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *