«Тоғыз таңбалы найман»
(ХV нұсқа)
Найман атамыз Арғын, Қоңырат, Қыпшақ, Керей, уақпен бірге туысқан алты ағайынды болып, бұларды «Алты арыс» деп атайды екен. Найманның Қытай би деген ұлы жастай дүние салады. Жаңа түскен жас келіншегі желегі желбіреген күйі жесір қалады. Жас келіншекті Арғынның балалары: «әмеңгерлікке аламыз» деп жігінеді. Келіншек Найман атасының ұрпақсыз кетпеуін ойлап, бидің алдына жүгініп, арыз айтады:
—Мен Найман атама қатын алып беріп, одан туған балаға (қайныма) өзім тиіп, атамнан ұрпақ қалдырамын!»—дейді.
Жас келіншектің бұл тілегін билер қабыл алады. Сонымен келіні Найман атасына қыз әпереді. одан туған баланың атын Сүгірші қояды. Ержеткен соң оған өзі тиіп, одан талай ұрпақ көреді. Сонда да Найманға қарағанда, Арғынның ұрпағы көп бол ған екен. Қазақта «Арғын алпыс отау болғанда, Найман әрең ал ты отау болыпты» деген сөз, міне, осыдан қалыпты. Найманның баласы Сүгіршіден Көкжал, Төлегатай, Терістаңбалы, Сарыжомарт, Ергенекті, Бура, Бағаналы, Қожамбет, Жарболды деген тоғыз ұл туған. Бұларды «Тоғыз таңбалы найман» деп атайды.